«Таңғы сағат төрт кезі еді, түн қараңғылығы сирей бастаған-ды. Ауызғы сенек бозамық реңге енген. Тек кабинет есігі ғана көлеңке жамылған қалпында қарауытып тұрған. Мистер Бантингтің аяғы астынан солқылдаған баспалдақтың сықыры мен кабинеттегі құпия қозғалыстың сезілетіні болмаса, айнала тып-тыныш қалпында. Сәлден соң әлдене сырт етті: тартпа ашылғаны, қағаз сыбдыры білінді. Үн естілді де, шырпы жағылып, кабинет сарғыш сәулеге орана қалды. Бұл кезде мистер Бантинг ауызғы үйге кеткен-ді. Толық жабылмай қалған есіктің саңылауынан ол тартпасы ашылған жазу үстелін, оның үстінде жанып тұрған шырақты көрді. Бірақ ұры көрінбейді. Таңданған ол ауыз үйде не істерін білмей тұрып қалды. Сол сәтте зәресі ұшып, өңі қашқан миссис Бантинг баспалдақпен төмен түсіп, қасына келгенін дереу көрді ол. Әйтсе де ұры жергілікті тұрғындардың біреуі-ау деген ойды көңіліне тұтқан мистер Бантинг онша қорқып тұрған жоқ еді. Біраздан соң екеуі де күміс ақшалардың сылдырын естіді. Оны-мұны шаруалары үшін іріккен ақшаларын ұрының қымқырып жатқанын сезе қойды олар. Мистер Бантингті солқылдақ күйден селк еткізген де ақшалардың сыңғыры болды. Қолындағы көсеуін қаттырақ ұстап, ол кабинетке кіріп келді. Миссис Бантинг те қалар емес, өкшелеп жүр.
— Беріл! — деп айғайлап жіберген мистер Бантинг кенет жым бола қойды. Бөлмеде ешкім жоқ екен.
— Шырақты айтам-ау. Кім жақты оны? — деді мистер Бантинг таңғала дауыстап.
— Тартпаны ше? — деп сөз қосты миссис Бантинг. — Ақшамыз қайда кетті?
Миссис есікке беттеді. «Өмірімде мұндай кереметті көрсем!..»
Дәлізде әлдекімнің қатты түшкіргені естілді сол сәтте. Екеуі де бөлмеден жүгіріп шыққан еді, бірақ ешкімді көре алмады. Тек асүй есігінің тарс етіп жабылғанын ғана байқап қалды.
— Шырақ әкелейін, — деп мистер Бантинг алға түсе жөнелді. Бұл сәтте олар тағы да есік ілгегінің өз-өзінен ашылып жатқанын аңғарған еді…»
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі