Соңғы жарты жылда елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 742 дерек тіркелген. Бұл туралы Астанада өткен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ұлттық баяндаманы таныстыру барысында хабарланды. Баяндама 4 бөлімнен тұрады. Онда сауалнама нәтижелері, ресми статистика және сараптамалық талдау қамтылған.
Зерттеу бойынша халықтың 80 пайыздан астамы қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі де бар екенін мойындаған. Әрбір төртінші адам отбасындағы жанжалдың куәсі болғанын айтқан. Зорлық-зомбылық ең алдымен әйелдер мен балаларға қатысты жасалатыны атап өтілді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен қарттар да қауіп тобына жатады. Мамандар әсіресе балаларға қатысты физикалық және психологиялық қысым мәселесіне алаңдаулы. Бұл тұрғыда Алматы, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында көрсеткіш жоғары екені айтылды.
Ұлттық баяндамада профилактикалық шараларды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, мектептерде әдеп және қауіпсіз мінез-құлық дағдылары бойынша сабақтар енгізу, агрессорлармен жүйелі жұмыс жүргізу, отбасылық кеңес беру орталықтарының санын арттыру ұсынылған. Сонымен бірге отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі бірқатар бағыттар бойынша төмендеп келе жатқаны да атап өтілді.
ІІМ дерегінше, ауыр салдарға әкелетін кейбір қылмыс түрлері азайған. Орташа ауырлықтағы жарақат келтіру фактілері де төмендеу динамикасын көрсетіп отыр. Дегенмен сарапшылар қоғамда ақпараттандыру деңгейі жеткіліксіз екенін айтады. Әсіресе ауылдық жерлерде әйелдердің өз құқықтары жөнінде толық хабардар болмауы — өзекті мәселе.
Сонымен қатар мамандар цифрлық зорлық-зомбылықтың, яғни әлеуметтік желілер мен интернет арқылы қысым көрсетудің көбейіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Депутаттар дағдарыс орталықтарының санын арттыру және ондағы көмектің мерзімін ұзарту қажеттігін ұсынды.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесінде де оң өзгерістер байқалады. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, Қазақстан балаларға қатысты зорлықты азайту бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, Еуропа мен Орталық Азия елдері арасында жоғары көрсеткіштердің бірін көрсетті. Ата-аналар тарапынан күш қолдану, физикалық жазалау және психологиялық қысым деңгейі төмендеп келеді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева халықаралық алаңдарда Қазақстандағы реформалар мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларды таныстырып жүр. Сонымен бірге «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жоспарланған.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Әбубәкір Аружан
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
- Ханна Арендт
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі