Бокс мені жерде жатып қалмауға, бұқа тәрізді үсті-үстіне тез, аяусыз шабуыл жасауға үйретті.
Эрнест Хемингуэй
Хемингуэй болаттың бетіне ойып жазғандай жазады. Шығармаларында талантты суретшілердің қолтаңбасына тән қасиет бар. Қашанда сұлулыққа бой ұрып, өнерге тән сәуле іздейді. Шағын болғанына қарамастан, бұл шығармалар өнер тұрғысынан соғыс туралы жазылған бүгінгі шығармалардың қай-қайсысынан да озып тұр.
Эдмунд Уилсон
— Нағыз ержүрек адамдарға дуэльге шығудың қажеті жоқ, бірақ мұны көптеген қорқақ мінезділер өз ержүректілігіне сендіру үшін жасайды.
— Егер кімде-кім эрудициясы мен білімділігін басқалардан артық көріп, мұрын шү
йірсе, ойлау дәрежесінің төменгі деңгейде болғаны.
— Адамды құртуға болар, ал жеңуге болмайды.
— Жазушы айтқысы келген ойын айтпай, жазуы тиіс.
Бір жолы Хемингуэй бар болғаны алты сөзден тұратын, бұрын-соңды жазылмаған ең әсерлі әңгіме құрауға бәстеседі. Нәтижесінде ол бұл бәсті ұтты: «For sales: baby shoes, never worn» – «Балалардың жаңа, киілмеген аяқкиімдері сатылады».
Эрнест Миллер Хемингуэй (Ernest Miller Hemingway) 1899 жылы 21 шілде күні АҚШ-тың Иллинойс штаты Чикаго маңындағы Оук-Парк қалашығында дүниеге келген.
Эрнест Хемингуэйдің әкесі дәрігер, анасы опера әншісі, зиялы қауымға сыйлы, білімді болған. Концерттерде жиі-жиі ән салатын анасы Эрнесттің де музыкант болғанын талап еткен екен. Ал оған виолончель тарту мүлде ұнамаған.
Әкесі оны төрт жасынан бастап, балық аулауға, аңшылыққа өзімен бірге алып жүреді. Ол 12-ге толғанда атасы оған мылтық сыйлайды. Содан бастап, ол аңшылыққа қатты құмар болады.
1913–1917 жылдары жас Хэмингуэйдің бос уақыты болмады, орта мектепте оқып, бокс, жеңіл атлетика, су полосы және футбол сияқты спорт түрлерімен де айналысады. Ағылшын тілінен үздік оқушының бірі болады, сондай-ақ Марселина деген әпкесімен бірге мектеп оркестрінде ойнайды, журналистика курсына да қатысады. «Трапеция» деп аталатын мектеп газетіне әртүрлі мақала жазып тұрады. Мектепті бітіргеннен кейін, ата-анасының наразылығына қарамастан, университетке түспей, Канзас-Ситидегі газетке жұмысқа кіреді.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда Эрнест соғысқа сұранады. Бірақ көзіндегі ақауға байланысты, өтініші орындалмайды. Хемингуэй өз еркімен Қызыл Крест автокөлігінің жүргізушісі ретінде Италия жерінде болып жатқан майданға келеді. Мұнда оған басқа еріктілермен бірге бомбаланған зауыт қалдықтарын жинау міндеттеледі. Жазушы бұл туралы «Түстен кейінгі өлім» (ағылш. «Death in the Afternoon») кітабында жазады.
1918 жылы 8 шілдеде Хемингуэй жаралы италиялық снайперді құтқару барысында ауыр жарақаттанып, елге оралуға мәжбүр болады. Италия королі оны «Жауынгерлік айбыны үшін» және «Әскери крест» медальдарымен марапаттайды.
Жазушы көпшілікке 1926 жылы жазылған «The Sun Also Rises» романы арқылы танылады. Бұл кітапта 1920 жылдардағы Франция мен Испания жастарының өмірі жайлы баяндалады. 1927 жылы «Men Without Women» кітабы жазылса, «Death in the Afternoon» кітабы (1932 ж.) бестселлер болып, Хемингуэйді «бірінші нөмірлі жазушы» етті. Келесі жылы «Winner Take Nothing» атты әңгіме жинақтары шығады. 1937 жылы жазушы «To Have and Have Not» деген кітабын жазады. Бұл кітап автордың АҚШ-тағы Ұлы Тоқырау кезеңіне берген бағасы еді.
Испанияда азамат соғысы басталған кезде Эрнест генерал Франкоға қарсы күресіп жатқан республикалықтарды қолдап, оларға жәрдем жинау қорын ұйымдастырады. Осы кезде француз жазушысы әрі ұшқышы Антуан де СентЭкзюперимен танысады. 1940 жылы Хемингуэйдің соғыстан алған әсерінің нәтижесінде «For Whom the Bell Tolls» романы туған еді. Роман идеясы адам
баласының жеке басының кез келген қиындығына төтеп бере алатын қауқары бар деген ойға құрылған.
1941 жылы Эрнест Хемингуэй Балтимор қаласында кеме сатып алып, оған «Пилар» деген ат қояды. 1941–194жазушы3 жылдары кемесін техникамен жасақтап, Куба жеріндегі нацистік тыңшыларға қарсы барлау жұмыстарын жүргізеді және Кариб теңізіндегі неміс сүңгуір қайықтарына қарсы күресте қолданады.
Содан кейін Эрнест өзінің журналистік жұмысын қайта бастап, Лондон қаласына тілші ретінде жұмыс істеуге кетеді. 1944 жылы Хемингуэй Германия және оккупацияланған Франция жеріне жасалған әскери ұшу тапсырмаларына да белсене атсалысады. Кейін Нормандия жеріне одақтас елдердің әскері түсірілген кезде ол барлау жұмыстарына қатысуға рұқсат алады. Эрнест 200 кісіден тұратын француз партизандарының басшысы болып, Париж, Бельгия, Эльзас жерлерінде болған ұрыстарға қатысады.
Осы ерлік әрекеттері үшін Эрнест Хемингуэй Қола жұлдызбен марапатталады. Осылайша, Хемингуэй өмір мен өлім жағдайларымен үнемі бетпе-бет келіп, адам психологиясын терең зерттеп білген адам ретінде де, жазушы ретінде де шыңдалады.
1949 жылы жазушы Кубаға қайтып оралып, шығармашылық қызметін жалғастырады. 1952 жылы оның «The Old Man and the Sea» повесі дүниеге келеді. Мұнда сыртқы тылсым табиғат күшіне қарсы күрескен жалғыз, тек өз қайраты мен төзіміне ғана сенген өмір тәжірибесі жоғары адам жайлы баяндалады.
1953 жылы Эрнест Хемингуэй осы кітабы үшін Пулитцеров сыйлығының иегері атанады. Сонымен қатар 1954 жылы жазушының әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығымен марапатталуына да осы шығарма мұрындық болады.
1956 жылы Хемингуэй өзінің 1920 жылдары Парижде өткізген өмірі туралы «A Moveable Feast» автобиографиялық кітабын бастайды. Кітап жазушы өмірден кеткеннен кейін шығады. Қазақ тіліне аударылған кітаптары: «Бесінші Колонна», «Қош бол, майдан!», «Шал мен теңіз», «Килиманджаро – қарлы тау», «Қызығы мол сол жылдар». Қаламгердің қысқа да нұсқа жазатын стилі XX ғасыр әдебиетіне үлкен жаңалық әкелді.
Оқуға кеңес береміз:
Эрнест Хемингуэйдің қанатты сөздері
«Шал мен теңіз» повесінің ерекшелігі
Эрнест Хемингуэйдің шығармалары
Эрнест Хемингуэй туралы қызықты деректер
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі