Қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым Қайдар Әбдуәли Туғанбайұлы – қазақ және ұйғыр тілі білімдерінің көрнекті маманы, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі (1983), Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1982), Шоқан Уәлиханов атындағы I дәрежелі сыйлықтың иегері (1971), Түркияның «Dil kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті (академик) мүшесі (1989), Башқұртстан Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі, филология ғылымдарының докторы (1970), «Түркі тілдері» мамандығы бойынша профессор (1972), әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің (1983-2000) және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (1997-2000) профессоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті (1989-2000), ҚР БжҒМ А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры (1978-1995), ал 1995 жылдан бастап құрметті директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері (1942-1945), Республикаға еңбегі сіңген өзінің саналы ғұмырының кейінгі жарты ғасырында (1951-2000) тіл білімі саласында үзбей еңбек етті.
Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар 1924 жылы 13 желтоқсанда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанды. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітірген. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР ұлттық Ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы) Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағы астында өтті.
Академик Әбдуәли Қайдар - осы жарты ғасыр бойы екі тілді – қазақ және ұйғыр тілдерін қатар зерттеп, сондай-ақ, жалпы және салыстырма түркологиялық проблемалармен де үздіксіз шұғылданып келе жатқан, нысан етіп алған ғылыми-зерттеулерінің көкжиегі кең, тақырыптық талғамы мол, есімі елімізге ғана емес, бүкіл түркология әлеміне әйгілі тіл мамандарының бірі. Ғалымның жалпы түркология ғылымына, соның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегін оның жариялаған 400-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 600-ден астам) зерттеулерінен, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық т.б. проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көруге болады. Жарты ғасыр бойы үш тілде (қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде) жазылған, («Қазіргі заман ұйғыр тілі», «Түркітануға кіріспе» т.б.) және басқа тілдерге (қытай, түрік т.б.) аударылып басылған, жеке монография, оқулық, сөздік, топтама-жинақ, мақала түрінде дүниеге келген бұл енбектер, мәні мен маңызын айтпағанның өзінде, тек олардың ауқым-аумағының өзі-ақ ғалымның көп жылдар бойы тынбай жүргізген зерттеулерінің нәтижесі екендігі белгілі.
Академик Әбдуәли Қайдардың тіл білімі бойынша, әсіресе түркітану саласындағы бұл ізденістері мен зерттеулерінің басты ерекшеліктеріне олардың кең тыныстылығын, нысана етіп алған проблемалардың әржақтылығын, тақырыптардың сан алуандығын жатқызуға болады. Ғалымның түркітану (тіл, фольклор, этнография т.б.) саласын түгел шолып, оның өзіндік сыры көп ашыла қоймаған түйінді де өзекті мәселелерін тап басып, тани білу қасиеті, солар жөнінде ғана ой жүгіртіп, пікір қозғау қабілеті, сөйтіп барып, ғылымға өз үлесін қосуы, мүмкін болғанша соны пікір айтуға ұмтылуы, жалықпай, ізденісінің нәрі мен сөлін сауып (сорып), тынбай бал жинаған бейне бір бал арасын көз алдымызға елестететін сияқты. Академик Ә.Қайдардың жалпы түркология әлеміндегі, соның ішінде қазақ және ұйғыр тіл біліміне қосқан үлесін, салған өзіндік «өрнегін» біз негізінен төмендегі: 1) лексикология, 2) диалектология, 3) этнолингвистика, 4) тіл құрылысы, 5) түркітану және алтаистика, 6) ғылым тарихы, 7) тіл саясаты, 8) ғылым жалғасы – оқулық т.б. лингвистика салаларынан және оларға тікелей қатысты: сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология т.б. осы сияқты олардың жеке тарауларынан, сондай-ақ бұл тараулардан туындайтын толып жатқан (30-ға жуық) проблемалық тақырыптардан айқын көреміз. Ол тақырыптар, мәселен, моносиллабтар құрылым-құрамы, синкретизм құбылысы, гомогенді омонимдер, плеоназмдар, қос сөздер, еліктеуіш сөздер (имитативтер), өлі түбір, сөзжасам модельдері, фонетикалық заңдылықтар, әдеби норма, стиль, т.б. проблемаларды қамтиды. Академик Ә. Қайдардың ғылыми-шығармашылық қызметін, міне, осы жүйе бойынша талдап-таратқанда ғана толық қамтып, тиісті бағасын бере алуымыз мүмкін.
Тілші ғалым ретінде көп жылдардан бері үзбей шұғылданып келе жатқан проблемалары негізінен тіл білімінің лексикология саласына жатады деп айтуға болады. Бұл салада оның: «Уйгурско-русский словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» (авторлардың бірі) (1966), «Қазақша-орысша бір буынды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: казахско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том. Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады. Қазақ этнолингвистикасының негізін салушы ғалым – академик Ә.Қайдар. Этностың инсандық болмысы мен дүнияуи табиғатын, оның даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің ғажайып мүмкіншіліктері, яғни «этностаным» мен «тілтаным» арасынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласының бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу – ғалымның осы саладағы соңғы кездегі зерттеулерінің негізгі арқауы. Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауымның сауалына және көпшіліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың менталдық ерекшелігін көрсететін «Қазақ қандай халық?» (2008) атты көлемді еңбегі жарық көрді.
Ғалымның есімі ғылымдағы үздік өнегесімен ғана белгілі емес, сонымен қатар, еліміздің рухани-мәдени, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өміріне де белсене араласып, бұл салада да азаматтықтың жоғары деңгейінен көрініп келеді. Академик Ә.Қайдардың редакторлығымен 76 еңбек (монография, жинақ, сөздік), соның ішінде 2 энциклопедия («Қазақ тілі» энциклопедиясы мен «Жетісу» энциклопедиясы) жарық көрді. Сонымен қатар, тіл білімі бойынша ғылыми кадрлар дайындауға да ерекше көңіл бөліп келе жатқан ғалым. Оның ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдары бойынша диссертация қорғаған 17 ғылым докторы мен 75 ғылым кандидаты Қазақстанның түкпір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс мемлекеттерде (Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, Нальчикте, Кемеровте, Бішкекте, МХР-да, ҚХР-да т.б.) жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ә.Т.Қайдардың ғылыми-педагогтік қызметі, ғылымды дамытудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» ордені, «Отан» ордені, «Құрмет нышаны» (Түркия ордені), «Ана тілінің айбары» алтын белгісімен және т.б. 12 медаль, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.
«Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы
музейінің кіші ғылыми қызметкері Бақберсін А.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі