Өлең, жыр, ақындар

Мен қалай асхана аштым?

Мен қалай асхана аштым?

      Басқа ұлтты білмеймін, біздің қазақ босанып келген  әйелді "дым бітірмей үйде бос отыр" - деп санайды.  Мен де бос отырған әйелдердің қатарына қосылып, балам бір айдан аса бастағанда, көрші дүкендердің бірі жалға берілетінін естідім. Бөпемді күйеуіме "қарай тұр" - деп тастай салып, орамалмен басымды орай салып, дүкеннің қожайынына сөйлесуге бардым.. 
      Содан көп ұзамай туыстардың ұстамайтын қазан-табағы, ыдыс-аяғы, олх-та "тегін берем" - деген стол, арзан тоңазтқыш, газ, үстел-орындық, барахолкадан жаңа перде, әдемі тарелка-шанышқы, кружка т.т. алып, асхана бизнесін бастап кеттім.. 
         Қырқынан шықпаған қызыма қарауға жетпістегі шешемді ауылдан аттай қалап шақыртып, шалынан прокатқа сұрап алдым.  "Айлығына болмаса да, жылдығына төлеймін" - деп, анамды қосқанда өзіммен әп-әжептеуір екі жұмысшының басын құрап алдым. 
       Хош, сонымен бизнеске кірістік.  Алғашқы кезде қамырды үйде ашытып, асханаға күйеуіме тасытатынмын. Таң атпай бір шара қамыр көтеріп күйеуім шығады,  артынан бөпемді бөбек арбаға салып, үш жасар ұлымды жетектеп мен шығам, соңымыздан таяғын тақылдатып кәрі шешем жүреді. Шұбырып таң атпай сағат тоғызда асханаға келеміз. Мен пирожки, самса пісіргенше, анашым мантының еті мен пиязын турайды.  Күйеуім жұмысына кетеді.  Арасында жылдамдатып палау басып қоямын. Келгендерге ыстық самса-пирожкимен шай беріп, түнде пісіріп қойған бәліштен десерт ұсынамын. Күн санап адам қарасы көбейген соң, келінім мен құдашамды жұмысқа алдым. Құдашам: "мынадай істесең гүштііі болады!" - деп, күніге бір тамақ жасайды. Ютуб дамымаған кезде ол тамақты тек жасап көру арқылы сынау қажет болғандықтан, үндемей жасата берем. Ол өзбек тағамдарын жасайды.  Қонақтар еуропалық тамақ сұрайды. Ақыры болмаған соң басқа ұйғыр аспаз алдым.
      Бұл жігіт: "лағманды қуырам, мантыны қатырам. Хошаң мантыны елге танытам" - деп келіп, түрі "неважный" қоңыр хошаңға өзімізді тойдырып, біраз шығынға қалдырып, ол кетті...
     Сосын тағы бір әйелді жұмысқа алдым.  Бұл келіншек өте жақсы істеді. Бірақ азық-түлік пен ақша жиі жоғала бастаған соң, бұл әйелмен де хош айтыстым. 
       Әкем айқайлап кемпірін алып кетті.. қызым жүрмей бөбекарбада қалып кетті..
       Ұлым жалғыз өзі біресе аулада, біресе асханада жүріп, жүнжіп кетті.. "Асхана ашып, байимын" - деген арманым, бір бұрышта күл боп кетті... 
      Өйткені мен адам көрмейтін, жұрт келмейтін жерден асхана ашыппын. Ақшамды болмайтын бизнеске, ауаға шашыппын. Сонымен анам - ауылға, келінім - босануға, алған аспаздарым - БАН-ға кетті.  Тапқан ақшам аренда мен нанға кетті.. 
         Ары ойлап, бері ойлап, асхананы өткіздім. Күні бойы шаршасам да, түнде қолыма бір алатын қаламымды дос қылдым. Қазір ел танитын копирайтермін.  Шикі болса да күйіп кетпейтін, "ұлттық құндылықты" қосып, ұрандатып жазсаң ешкім сөкпейтін, жалдамалы жазушымын! Тойға құттықтаудан бастап, арнау, қойылым, мақала, әңгіме, өлең, эссе, ғылыми жоба, дипломный, курсовойы бар, барлығын жазып жүрмін. Тамағымды жазумен тауып жүрмін. Қызметім қажет болса, жекеге жазыңыздар! Қыздар ғана отыратын халал тойда, асаба болуға жарайтын сөзіміз бар!
+77051494122

Гүлмекен Қасенбай 
19.12.2024 ж


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз