Өлең, жыр, ақындар

Эфир мәдениеті және журналист этикасы

Журналист – киелі мамандық екені рас. Сөз өнерінің түбін бойлап, өз қолтаңбасымен көзге түсетін, жеке ұстанымын қалыптастырып, қоғамда болып жатқан маңызды тақырып пен өзекті мәселеге терең зерттеу жүргізу арқылы ел үшін қызмет ететін кәсіби маман иесінің «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп жазушы Шерхан Мұртаза дөп тауып айтқан. Жұмыс барысында нақты сенуге боларлық деректер жиналып, кейіпкерлерден немесе оқиға куәгерлері, сарапшылардан сұхбат алынады, қарасы қалың қарашаға да, лауазымды қызметкерлерге де бірдей түсінікті, жылдам әрі шынайы ақпар жеткізіледі. Қоғамда пікір тудыра алатын, ел мәселесін шешіп, баршаны құлағдар ететін де осы шығармашыл және жауапкершілігі мол тау тұлғалар. Журналистің жаңалығы мен бағдарламасы санына емес, сапасына қарай бағаланады. Оны беретін қабілет пен шеберлік міндетті түрде ескеріледі. Әрине, ғасыр ағымына сай әр журналист күн сайын даму үстінде. Біліктілікті арттыру мақсатында адам үнемі ізденісте болатыны сөзсіз. Кітап оқып, шеберлік сағаттарына үзбей қатысып, өзгелердің жұмысына талдау жасап, тәжірибеден өту арқылы белестерді бағындыру қолдан келетін іс. Осы жолда журналист этикалық талаптарға сай еңбек ете келе өз мамандығының атына кір келтірмейді.

Қазіргі медиа кеңістік көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, телевидение, радио, газет пен сайт атаулы да ақпарат тасқыны толастамайтын бәсекеге толы алқапқа айналды. Бүгінгі заманда эфир мәдениеті журналистиканың маңызды өлшемдерінің бірі болып қала бермек. Эфирге шыққанда орфоэпиялық қателіктерге жол бермей, әр сөзді нық басып айтып, дұрыс тыныстап, арнайы тіл жаттықтыратын тапсырмаларды орындап, күтпеген жағдайларға барынша дайын болу маңызды. Эфир мәдениеті тек тіл тазалығы немесе сөйлеу мәнерімен шектелмейді, бұл журналистің аудитория алдындағы жауапкершілігі, ақпарат берудегі әдебі және кәсібилігі. Журналист сырт келбетіне де мән беріп, эфирге сай киім үлгісін дұрыс таңдауы керек. Журналистің басты міндеті шынайы әрі тексерілген ақпарат тарату. Дегенмен ақпаратты дұрыс жеткізу жеткіліксіз, оны қалай хабарлау тәсілі де маңызды. Сөз саптауы, дауыс ырғағы, эмоцияның берілуі эфир мәдениетінің ажырамас бөлігі саналады. Кейде рейтинг қуып, сенсация жасауға ұмтылған журналистер эмоцияға беріліп, ақпаратты субъективті түрде жеткізетіні көңіл көншітеді. Бұл көрерменнің оқиғаны бұрмаланған күйде қабылдауына әкелуі мүмкін. Сондықтан журналистің өзіндік кәсіби бақылауы, бейтараптық ұстанымы бірінші орында болуы тиіс.

Эфир мәдениетінің тағы бір маңызды қырына сөз еркіндігі мен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік жатады. Ақпарат беру еркіндігі бар, бірақ ол қоғамға зиян келтірмеуі керек. Жала жабу, жалған ақпарат тарату немесе көрерменді адастыратын тақырыптарды қозғау кәсіби журналистиканың қағидаларына қайшы келсе, кәсібиліктің көрсеткішіне өзіндік цензура, яғни журналистің материалды эфирге шығар алдында оның әлеуметтік салдарын бағамдай білуін айтсақ болады. Бұл – ақпарат таратудағы жауапкершіліктің айқын белгісі. Бүгінде эфир ұғымы тек телерадио аясымен шектелмейді. Әлеуметтік желілер, онлайн-трансляциялар, подкаст – ақпараттық кеңістікті кеңейтті. Бұл жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, ақпараттық шу мен жалған жаңалықтардың көбеюіне де себеп болды. Кез келген адам ақпарат тарата алатын заманда әрбір журналист, блогер немесе контент жасаушы эфир әдебін сақтауға ұмтылуы керек. Эфир мәдениеті – бұл тек сөйлеу мәдениеті емес, бұл журналистің өзін-өзі ұстау этикасы, аудиторияға деген құрметі, ақпаратқа деген жауапкершілігі. Журналистиканың басты қағидасы – шындық. Ал шындық эфир мәдениеті сақталған жерде ғана өз мәнін жоғалтпайды.

Журналист этикасы – маманның мінез-құлқы мен қызметін реттейтін принциптер мен ережелер жиынтығы. Ол журналистер өздерін қалай ұстауы керек, жұмысында қандай нормалар мен құндылықтарды ұстануы керек екенін анықтайды. Кәсіби журналистердің қоғамның этика кодексіне сәйкес ақиқатты іздеп, оны хабарлау, залалды азайту, дербес әрекет ету, жауапты әрі ашық болу секілді төрт негізгі міндеті бар. Қағида бойынша журналист  ешқашан  жалған ақпарат таратпауы керек және сенсация қуалау арқылы адамның жеке өміріне қол сұғуына этикалық кодекс ережелеріне сай тыйым салынады. Қазіргі күні журналистер арасында көбіне орындалмай жүрген міндет бар, ол – жауапты әрі ашық болу. Журналистің жұмысы мазмұнды жариялаған кезде аяқталмайды, аудиторияның мәліметті қабылдауы мен кері-байланысымен жалғасуы керек. Масс-медиа өкілі этика бойынша плагиат және жалған деректен аулақ болуға міндетті. Жұмысыңыз қызықты болуы үшін деректерді бұрмалаудың қажеті жоқ.  Ақпарат өкілі сурет жариялау этикасында сақтауы керек. Жасанды  фотосуреттер арқылы жасалатын манипуляцияға ерік бермеңіз. Әр материалды жариялау үшін келісім алу маңызды.

2012 жылы Қазақстан журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы басқармаларының бірлескен отырысында қабылданған ҚР журналисінің этика кодексінде  маман кәсіби қызметінде құпия ақпаратты жеке мүддесі үшін не  басқа адамдардың мүддесі үшін пайдаланбайтынын анық көрсеткен. Яғни, кодекс бойынша жеке өмірді, қадір-қасиетті және іскерлік беделді құрметтеу керек. Қазақстандағы практикалық кейстен  2024 жылы  «Хабар» телеарнасында шыға бастаған «Бірақ» ток шоуы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінен кейін жабылды. Себебі қорлық көрген әйелдің келісімінсіз күйеуінің шығуы себеп болды. Кейіпкер әуел бастан бағдарламаға қатысуға түрі мен жеке мәліметтері құпия болғандықтан, сондай-ақ  эфирге күйеуі келмейтіндіктен ғана келісім берген. Бұл кейіпкерге қысым тигізіп, сезімін құнсыздандырды. Осы тәжірбиеде бағдарлама жүргізушісінің жәбірленушіні агрессормен татуласуға көндіру әрекеті этика стандарттарын өрескел бұзу болып есептеледі. Журналистік этика негізінен киім киюден, сөйлеуден, эфир алдындағы мәдениеттіліктен бастау алады. Кәсіби маман этика аспектісі бойынша ең алдымен ғадауат тілді қолданбауы шарт. Нағыз маман болу үшін тек жазу не сөйлеу ғана жеткілікті деген қате пікір. Журналистиканың қазанына түскен кезде этика әр басқан қадамға қажет болады. Этика өзіңнің де, өзгенің де құқығын таптауға жол бермейтін аспекті.

Журналист этикасы мен эфир мәдениеті – бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Этика – ақпараттың адалдығы мен әділдігін қамтамасыз етсе, эфир мәдениеті – сол ақпараттың дұрыс әрі сыпайы жеткізілуін реттейді. Кәсіби журналистиканың басты құндылығы – қоғамға сенімді ақпарат тарату. Бұл сенім тек фактілердің дәлдігімен емес, оны қалай ұсынғанымызбен де өлшенеді. Әдептілік, бейтараптық және жауапкершілік сақталған жерде ғана журналистика өз миссиясын толық орындай алады. Ақпарат ғасырында жылдамдық маңызды болғанымен, сапа одан да жоғары тұруы тиіс. Сондықтан әрбір журналист сөзінің күшін сезініп, эфир мәдениеті мен кәсіби этиканы сақтауды өз борышы деп білуі қажет. 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар