Өлең, жыр, ақындар

Бітіруші жас түлек

Балалықпен қимай қоштасу, үлкен өмірдің жаңа есігін ашу…

Сыңғырлаған қоңыраудың үнін соңғы рет естуге небәрі екі айдан аз уақыт қалды. Бұл — мектеп бітіруші түлектердің ең бір қызықты да, тәтті кезеңдерінің бірі болар. Алтын ұя мектебің, түсінігі мол ұстаздар мен жанашыр достар… Олардың қадірін дәл осы соңғы жылы ерекше сезіне бастайсың. Он бір жыл бойы бастан кешкен небір қызықты сәттер еске түседі. Ең алғашқы, бірақ мәңгілік достық, алғашқы махаббат, бәлкім алғашқы сатқындық, мүмкін біреудің алғаш рет біреумен күш сынасқан кезі — бәрі де осы мектеп қабырғасында өткен болар. Сол сәттердің әрқайсысын естен шығармауға тырысыңдар.

Алда бір тоқсан ғана қалды. Осы тоқсанды ұмытпастай етіп өткізіңдер. Бірақ… ойын-күлкіге беріліп, алдағы емтихандар мен ҰБТ-ны естен шығарып алмаңдар. Иә, бұл кезеңде қобалжу, қорқыныш басым. ҰБТ – алынбас қамалдай көрінуі мүмкін. «Оқуға түсем бе?», «Түспей қалсам не болады?», «Ата-анамның үмітін ақтай аламын ба?», «Ел не дейді?» деген сұрақтар маза бермей қояды.

Бірақ тек қорқып отырудан пайда жоқ. Біліп қой — грант, оқу, болашақ — бәрі ең алдымен өзіңе керек. Ата-анаң, әрине, қолдан келгенше қолдайды. Бірақ әрі қарай сен өзің үшін өзің жауаптысың. Алдыңнан шығатын әр сынаққа төтеп беруге дайын бол. Одан да қазірден бастап нақты әрекет ет. «Әрекетке — берекет» деген бар емес пе?! Қаншалықты дайындалсаң, соған сай нәтиже аласың. Осы тұста дайындыққа арналған бірнеше кеңес ұсынамын:

 • Ең алдымен өзіңе сен. Оқығаныңды қобалжу мен сенімсіздікпен ұмытып қалсаң, өкінішті-ақ.

 • Дайындықты тоқтатпа. Жақсы нәтиже көрсетіп жүрмін деп өзіңе демалыс жариялап жүрме.

 • Өткен тақырыптарды қайтала. Қайталау — білімнің анасы.

 • Ұйқыны дұрыс ұйымдастыр. Біреу таңертең, біреу түнде жақсы қабылдайды. Бірақ қалай болғанда да күн сайын кемінде 6-7 сағат ұйықтауға тырыс.

Өзіңе жаның ашымасын. Бұл күні-түні тынымсыз сабақ оқы деген сөз емес. Балансты ұста. Уақытыңды тиімді пайдалан. Мектептегі сәттерден де қалып қойма. Есіңде болсын — бұйырған кетпейді! «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген сөз дәл осы сәтке айтылғандай.

Кеше ғана кішкентай бүлдіршін болып мектеп табалдырығын аттаған болсаң, енді санаулы айлардан кейін бұл орнымен біржолата қоштасасың. Бозбала мен бойжеткенге айналдыңдар. Алда өмірдің сан тарау, шытырман жолдары күтіп тұр. Қимастықпен артта қалатын балалық шақтың естеліктері жаңа белестерге жол ашпақ.

Ең бастысы — сынба, жас түлек!

“Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен білімің екі жақтап.”

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Қыдырбек Шынар


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз