Өлең, жыр, ақындар

Смартфонға арбалу

Қазіргі таңда смартфон – әр адамның күнделікті серігіне айналғаны рас. Алайда оның артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Әсіресе жастардың телефонға тым тәуелді болып бара жатқаны алаңдатады. Таңертең ұйқыдан ояна сала, бірінші қолға алатынымыз — телефон. Кешке дейін экранға телміріп отырып, денсаулығымызға зиян келтіріп жатқанымызды өзіміз де байқамай қаламыз.

Смартфон арқылы ақпарат алу, байланыс жасау оңай болғанымен, шектен тыс пайдалану адамның шынайы өмірмен байланысын әлсіретеді. Достарымен бетпе-бет сөйлесу азайып, әлеуметтік желілер мен ойындарға тәуелділік артады. Мұның бәрі адамның телефонға арбалғанын көрсетеді. Себебі бүгінде көпшілік адам бір жерде телефонсыз отыра алмайды. Уақыт өтпей қалғандай көрініп, мазасыздана бастайды.

Бұл тәуелділік тіпті тіл байлығымыздың төмендеуіне де әсер етіп отыр. Сонымен қатар смартфон арқылы адамдар жиі алаяқтардың құрбанына айналуда. Әсіресе букмекерлік кеңселерден келетін жалған хабарламаларға сеніп, жеңіл ақша табамын деген ниетпен миллиондаған теңгесінен айырылып жатқандар аз емес. Мұндай оқиғалар адамдарды үлкен қиындықтарға душар етуде.

Сол себепті шынайы өмірге бет бұрып, пайдалы істермен айналысу қажет. Құр телефонға үңіліп отырғанша, өзімізге, қоршаған ортаға және елге пайдасы тиетін әрекеттермен айналысқан дұрыс. Телефонды бақылаусыз пайдалану — тәуелділікке әкелетінін ескеріп, оны саналы түрде қолдануды үйренуіміз керек.

Нағыз өмір — смартфон экранының ар жағында емес, біздің жанымызда. Смартфоннан басқа да қызықты дүниелер бар. Сол қызықтарды көру үшін ең алдымен смартфоннан арылу — саған да, маған да, тұтас қоғамға да қажет.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз