Өлең, жыр, ақындар

--- «ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ: ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ, БАУЫРЛАСТЫҚТАН БОЛАШАҚ»

---

 

«ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ: ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ, БАУЫРЛАСТЫҚТАН БОЛАШАҚ»

 

«Қазақ пен қырғыз бір туған ба?» деген сұрақ қойылса, көпшілік бұл пікірге келіседі. Алайда бұл сөздің тарихи терең мағынасын бәрі бірдей түсіне бермейді. Сонда бұл ұғым қаншалықты тарихи дәлдікке сәйкес келеді? Қазақ пен қырғыз арасындағы туыстықты қалай түсінеміз?

Қырғыз халқы жайлы деректер көне түркі жазбаларынан бастау алады. Алайда олардың тарихы бұдан да әріде — б.з.б. II ғасырдағы қытай жазбаларында кездеседі. VIII ғасырдағы Орхон жазбаларында: «Қырғыз, Қарлұқ, Түргеш сияқты елдерді бағындырдық!» деген сөйлемдер бар. Бұл – сол дәуірде түркілер мен түркіленген тайпалар арасында әскери-саяси қақтығыстар болғанын дәлелдейді. Зерттеушілер қырғыздардың алғаш Сібірдегі Енисей бойын мекендегенін айтады. Кейін Орталық Азияға қоныс аударып, қазіргі Қырғыз елінің негізін қалады.

Орта ғасырларда қырғыз халқына қатысты екі тұжырым жасауға болады: біріншіден, олар ортақ жазбалар мен ескерткіштерге енген – түркі тайпаларының ұрпағы; екіншіден, тіл мен мәдениет жағынан қазақпен тығыз байланысты. Дегенмен сол замандарда әскери демократия үстем болып, тайпалар арасында билік пен жер үшін күрес болғаны жасырын емес. Ұйғыр, Қимақ, Қыпшақ секілді түркі тайпаларымен қатар, қырғыздар да тарих сахнасына шықты. Бұл жағдайда: «Түбі бір халықтар неге бір-біріне жау болды?», «Қазақ пен қырғыз – бауыр ма, әлде тарихи бәсекелес пе?» деген сұрақтар туындайды.

Тарихта қазақ-қырғыз арасындағы қайғылы беттер де бар. Абылай хан дәуірінде екі ел арасында күрделі қақтығыстар орын алған. Қырғыз манаптарының қазақ ауылдарына шабуыл жасағаны тарихи деректерде айқын көрініс табады. Бұған қоса, 1837–1847 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілісте Кенесары Қасымұлы қырғыз билеушісі Орман манаппен бірігуге тырысқанымен, нәтиже болмады. Орман манап генерал-майор Вишневскийдің ықпалына еріп, Кенесарыны жау деп таныды. 1847 жылы Кекілік-Сеңгір жеріндегі шайқаста Кенесары хан мен оның інісі Наурызбай батыр ерлікпен шайқасып, тұтқынға түсіп, жау қолында қаза тапты. Қазақтың соңғы ханы Қырғыз жерінде сатқындықпен көз жұмды.

Иә, тарих әрдайым әділ бола бермейді. Кешегі жау – бүгінгі бауыр. Бір кезеңнің ауыр оқиғасын бүкіл бір халыққа жабу — әділетсіздік. Бұл екі елдің достығына көлеңке түсірмеуі керек. Қырғыз халқы да Қоқан хандығына қарсы күресіп, кеңестік езгіге қарсы тұрған. Алаш қозғалысы кезеңінде де, Кеңес Одағы тұсында да екі ел тағдырлас болды. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ пен қырғыз бірін-бірі алғаш болып мойындаған бауырлас елдер болды.

Бүгінгі таңда екі халықтың бауырластығы мәдениетте, әдебиетте, жыраулық дәстүрде де өз жалғасын тауып отыр. Қазақ пен қырғыз тілдері – қыпшақ тобына жататын түркі тілдері. Ұлттық мейрамдар мен салт-дәстүрлер: Наурыз, тұсаукесер, беташар, құда түсу, жасау беру — бәрі де ұқсас. Қазақтың домбырасы мен қобызындай, қырғызда — қомуз бен кыл кыяк бар. Айтыс өнері де екі елде сақталған: қазақша «айтыс», қырғызша – «айтыш». Екі халықтың да болмысы көшпелі өмірге негізделген: киіз үй, ат-арба, ұлттық киім үлгілері — барлығы ортақ.

Осы рухани жақындықты мойындаған көрнекті тұлғалар да аз емес. Мұхтар Әуезов: «Қазақ пен қырғыз – қос қанатты бір құс секілді» деп бауырластықты бейнелесе, Бартольд В.В.: «Қазақтар мен қырғыздар – тіл жағынан да бір-біріне ең жақын халықтар» деп ғылыми тұжырым жасаған. Ал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Қазақ – менің қаным, қырғыз – менің жаным» деп, екі халықтың рухани бірлігін жүректен шыққан сөзбен жеткізген.

Ағартушы Шоқан Уәлиханов та қырғыз халқын терең зерттеп, алғаш болып «Манас» эпосын сипаттаған. Ол: «Қырғыздар – тарихы терең, эпикалық санасы биік, жырмен сөйлейтін халық. Олардың рухы – Манаста» деп жоғары баға берген.

Тарих — қатып қалған тас емес, өткеннің шежіресі. Қазақ пен қырғыз – кейде тоғысып, кейде арнасы алшақ кеткен өзен секілді. Дегенмен, Мырзакелді Кемел айтқандай: «Тарихта өкпе де болған, өш те болған. Бірақ туыстық – бәрінен биік». Желбіреген туымыз бөлек болса да, түркілік тегіміз, жүрек соғысымыз – ортақ.

Қазақ пен қырғыз – бүгінгі ұрпақтың даналық пен достықты ту еткен таңдауы.

---


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз