Бүгін, 15 қараша, Қазақ елі үшін ерекше күн. Дәл осы күні тәуелсіз ел екенімізді айқындайтын ұлттық валютамыз – теңге айналымға енді. Теңгенің айналымға енуі тек қаржылық қана емес, сонымен қатар тарихи-саяси маңызы бар оқиға. 1993 жылы 15 қарашада тұңғыш теңгенің айналымға шығуы – Қазақстанның Тәуелсіздігін толыққанды танытқан , экономикалық жағдайымызды жақсартқан бетбұрыс кезең болды. Ұлттық валютаның болуы – мемлекеттің өз ақша-несие саясатын жүргізуге, инфляцияны бақылауға және елдің ішкі ресурстарын басқаруға мүмкіндік беретін басты құқығы.
Қазақстанның рубль аймағынан шығуға мәжбүр болуы – кездейсоқтық емес, қажеттілік еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін пайда болған жоғары инфляция мен рубльдің құнсыздануы ел экономикасын әлсіретті. Сондықтан ұлттық валютаның енгізілуі кешіктіруге болмайтын стратегиялық қадамға айналды.
"Теңге" атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл атау ортағасырлық түркі тілдеріндегі ұсақ күміс монеталарды білдіретін «денге» немесе «таньга» сөздерінен шыққан. Орыс тіліндегі «деньги» сөзінің түп-төркіні де осы түркілік атаудан бастау алады. Валютаға осы тарихи әрі мәдени терең атауды ұсынып, оны ғылыми тұрғыдан негіздеген – белгілі жазушы, филолог, зерттеуші Сәуірбек Сейфоллаұлы болатын.
Теңгенің көркемдік бейнесін жасау ісі ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша жұмыс істеген суретшілер тобы – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлелов және Досбол Қасымов – теңгенің алғашқы дизайнын әзірледі. Олардың алдында тұрған басты міндет – банкноталар арқылы ұлттық рухты, тарихты және мәдениетті көрсету болды. Нәтижесінде алғашқы сериядағы банкноталарға Әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Құрманғазы, Сүйінбай, Әбілқайыр хан және Абылай хан сынды ұлы тұлғалардың портреттері бейнеленді.
1993 жылы Қазақстанда өз банкнот фабрикасы болмағандықтан, алғашқы теңге банкноталары Ұлыбританиядағы "Harrison & Sons" компаниясында басылды. Банкноталарды елге жеткізу үшін арнайы операция ұйымдастырылып, 18 әуе рейсімен валюта қоры Алматыға жеткізілді. 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға еніп, айырбастау 1 теңге = 500 кеңестік рубль бағамымен жүргізілді. 1995 жылы Қазақстан өзінің Банкнот фабрикасын іске қосып, ұлттық валютаны өз бетінше басып шығаруға толық мүмкіндік алды.
Ұлттық валютаның айналымға енгізілуі жаңадан тәй-тәй басқан жас мемлекетке өз жолын анықтап, дербес қаржы жүйесін қалыптастыруға зор мүмкіндік берді. Бұл уақыт Қазақстан үшін сындарлы кезең еді. Экономикадағы тұрақсыздық, инфляция, нарықтың жаңа талаптары – барлығы тәуелсіз елдің алдында тұрған үлкен сынақтар болатын. Дегенмен дәл осы теңгенің енгізілуі елдің ең қиын сәттерде де өз шешімін қабылдай алатынын, тұтас мемлекетке айналғанын көрсетті. Бүгінде теңге – елдің ең қымбат рәміздерінің бірі. Оның тарихын білу, қадіріне жету – әрбір азаматтың парызы. Себебі теңге – тек ақша емес, ол біздің мемлекетіміздің қалыптасуы мен даму жолындағы табандылықтың, өркендеуге деген ұмтылыстың белгісі.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі