Қаныш Сәтбаевтың ғылыми ерлігі
1920 жылдары Жезқазған өңіріндегі мыс қоры Кеңес үкіметі мен шетелдік мамандар тарапынан күмәнмен қабылданды. Кеңес геологтары мен ағылшын сарапшылары: «Бұл аймақтағы мыс қоры мардымсыз, бар болғаны 10–15 жылға ғана жетеді. Сондықтан мұнда ірі зауыт салудың қажеті жоқ», — деген қорытындыға келген еді. Алайда бұл пікірмен жас инженер Қаныш Сәтбаев келіспеді.
Ғалымның табандылығы
1926 жылы Қаныш Сәтбаев Жезқазған өңіріне арнайы келіп, бұрын жасалған геологиялық карталарды қайта зерттейді. Ол ағылшын мамандарының зерттеуі тек жердің беткі қабатымен шектелгенін, ал негізгі байлықтың тереңде жатқанын аңғарады. Үш жылдық табанды ізденістің нәтижесі көп күттірмеді. 1929 жылы Қаныш Имантайұлы бұрын ешкім болжамаған аса бай мыс қабаттарын анықтады. Бұл жаңалық Жезқазғанның тағдырын түбегейлі өзгертуге негіз болды.
Мәскеудегі шешуші айқас
1932 жылы Қаныш Сәтбаев КСРО Ғылым академиясының сессиясында баяндама жасап, Жезқазғандағы мыс қоры 60 мың тонна емес, кемінде 600 мың тонна екенін ғылыми дәлелдермен көрсетті. Алайда бюрократиялық жүйе бұл деректі бірден мойындай қойған жоқ.
Шешуші сәт 1934 жылдың маусым айында туды. Қаныш Сәтбаев Ауыр өнеркәсіп халық комиссары Серго Орджоникидзенің қабылдауына кіріп, Жезқазған картасындағы әрбір нүктенің стратегиялық маңызын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ғалымның терең білімі мен дәлелдеріне тәнті болған Орджоникидзе: «Жезқазған сияқты кен орнын зерттеуді тоқтату — қылмыс!» — деп, зауыт құрылысын бастауға тікелей бұйрық берді.
Тарихи нәтиже
Қаныш Сәтбаевтың зерттеулерінен кейін Жезқазғандағы мыс қоры миллиондаған тоннаға жететіні анықталды. Бүгінде Жезқазған — әлемдегі ең ірі бес мыс кен орнының қатарына енген стратегиялық аймақ. Бұл — жай ғана ғылыми жеңіс емес. Бұл — өз халқына, туған жеріне деген шексіз махаббаттың, білім мен табандылықтың жемісі.Қаныш Сәтбаевтың ерлігі қазақ ғылымының ғана емес, ұлттық рухтың да символына айналды.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Тәжіғалиева Аяулым
- Иммануил Кант
- Конфуций
- Лев Толстой
- Альберт Эйнштейн
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі