«Ұлт тәрбиелей отырып – жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып – ұлтты тәрбиелейміз» деген Платон даналығы – тәрбие атты ұлы ұғымның терең мағынасын айқындайды. Шынында да, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағын қалыптастыратын ең маңызды, ең жауапты міндеттердің бірі. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел иесі, қоғам тірегі, мемлекет болашағы.
Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне айрықша мән берген. «Баланы жастан» деп, ұрпақтың бойына ізгі қасиеттерді ерте жастан сіңіруді мақсат тұтқан. Халық даналығында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздердің болуы – отбасы тәрбиесінің маңызын айқын көрсетеді. Демек, баланың алғашқы мектебі – отбасы, ал алғашқы ұстазы – ата-ана.
Отбасындағы әрбір іс-әрекет, әрбір сөз, әрбір қарым-қатынас бала санасында із қалдырады. Сондықтан ата-ана өздерін әрдайым тәртіпке шақырып, баласына үлгі бола білуі тиіс. Үй ішіндегі сыйластық, тазалық, мәдениетті сөйлеу, сабырлылық – мұның бәрі бала тәрбиесінің негізін құрайды. Балаға тек ақыл айтып қана қоймай, оны түсініп, жан дүниесіне үңілу – нағыз парасаттылықтың белгісі. Қаталдық пен жазалау арқылы емес, мейірім мен сенім арқылы тәрбиеленген бала ғана рухани бай, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасады.
Қыз бала тәрбиесі – халқымызда ерекше орын алған. «Қызға қырық үйден тыю» деген сөз – оның тәрбиесіне қаншалықты жауапкершілікпен қаралғанының дәлелі. Қыз – болашақ ана, ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі. Сондықтан оның ибалы, инабатты, ар-намысты болып өсуі – қоғам үшін аса маңызды. Бұл орайда ананың рөлі ерекше. Ана – қызға тек тұрмыстық дағдыларды ғана емес, өмірлік ұстанымдарды, адамгершілік құндылықтарды үйретеді. Қыз анасына қарап бой түзейді, оның іс-әрекетін қайталайды.
Ал ұл бала – ертеңгі шаңырақ иесі, елдің қорғаны. Қазақ «Ұл туса – елдің қорғаны» деп бекер айтпаған. Ұлдың бойына батылдық, намыс, жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттерді сіңіру – әкенің басты міндеті. Әке тәрбиесін көрген ұл – сөзінде тұратын, елін, жерін қорғайтын, адал азамат болып қалыптасады. Әкенің әрбір әрекеті, өмірге деген көзқарасы ұл үшін үлкен өнеге.
Бала тәрбиесінде мектеп пен ұстаздың да орны айрықша. Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, тәрбиеші, бағыт беруші тұлға. Ол шәкірттің бойындағы қабілетті байқап, оны дамыта отырып, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ұстаз бен ата-ананың бірлесе әрекет етуі – баланың жан-жақты дамуына берік негіз қалайды. Егер бұл байланыс үзілсе, тәрбиеде олқылықтар орын алуы мүмкін.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлмей жатады. Уақыт тапшылығы, түрлі әлеуметтік жағдайлар олардың балаға деген назарын әлсіретеді. Алайда бала тәрбиесі – ешқашан тоқтамайтын, үздіксіз жүретін үдеріс. Ол үлкен сабырды, төзімділікті, жауапкершілікті талап етеді.
Жақсы тәрбие – адам өміріндегі ең құнды байлық. Білімді болу – маңызды, бірақ тәрбиесіз білім – адамды толық кемелдікке жеткізе алмайды. Ал тәрбиелі, саналы, рухани бай адам – қоғамның ең үлкен байлығы.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың қандай болып өсетіні – бүгінгі тәрбиеге байланысты. Егер біз ұлымыздың намысты, қызымыздың ибалы болғанын қаласақ, ең алдымен өзіміз сондай қасиеттерді бойымызға сіңіріп, оларға үлгі болуымыз керек.
Сондықтан әр ата-ана өз баласының болашағына бейжай қарамай, оның тәрбиесіне ерекше мән беруі тиіс. Баланың жүрегіне ізгілік ұялатып, санасына дұрыс бағыт бере алсақ, біз ел болашағына қосқан ең үлкен үлесіміз сол болмақ.
Ендеше, ұрпақ тәрбиесін ұлы міндет деп қабылдап, әрқайсымыз өз орнымызда жауапкершілік танытайық. Сонда ғана ибалы қыз, намысты ұл тәрбиелеп, елдің еңсесін биік, болашағын жарқын ете аламыз.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі