Бүгінгі таңда адамзат жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл – ғылым мен технология қарқынды дамып, білім мен бәсекеге қабілеттілік алдыңғы орынға шыққан жаһандану дәуірі. Осындай заманда білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да күн санап артып келеді. Себебі елдің болашағы – білімді, саналы, жан-жақты дамыған ұрпақтың қолында.
Қазіргі білім беру жүйесі ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелермен ұштасуда. Педагогика ғылымында баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – білім сапасын арттырып, жас ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу.
Отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибелері сараланып, тиімді үлгілері білім беру үдерісіне енгізілуде. Мұның барлығы – еліміздің білім беру жүйесін әлемдік өркениетпен қатар дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінгі мұғалімге жүктелер міндет ерекше. Ол – тек білім беруші ғана емес, оқушының ойлау қабілетін дамытатын, шығармашылығын шыңдайтын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын тұлға. Әсіресе көптілді ортада білім алатын шәкірттердің тәрбиесі мен білімі – ел болашағы үшін аса маңызды.
Жаһандану заманында инновациялық технологияларды тиімді пайдалану – уақыт талабы. Инновациялық іс-әрекет – білім беру сапасын арттырудың негізгі тетігі. Ол мұғалімнен үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап етеді. Педагог өз тәжірибесін жетілдіріп қана қоймай, жаңа ғылыми идеяларды игеріп, тың әдістерді өмірге енгізуі тиіс.
Инновациялық ұстаз – үнемі дамып отыратын тұлға. Ол өз жұмысын саралап, нәтижесін бағалап, жаңа тәсілдерді батыл қолдана алады. Осындай мұғалім ғана шәкірттің бойындағы қабілетті ашып, оны шыңдай алады.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақ – жастардың қолында» деп атап өткен. Демек, сол болашақты қалыптастыратын басты күш – білімді де білікті ұстаздар қауымы.
Қазіргі сабақ беру үдерісі де өзгерді. Жаңа технологияларды қолдану – сабақтың мазмұнын байытып, оқушылардың қызығушылығын арттырады. Мұғалім сабақты тек түсіндірумен шектелмей, оны түрлендіріп, оқушыны белсенді әрекетке тартуы қажет. Топтық жұмыстар, пәнаралық байланыс, шығармашылық тапсырмалар – осының бәрі оқушының жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Білім беру тек мектеп қабырғасымен шектелмеуі тиіс. Оқушының тұлғалық дамуы үшін ата-анамен тығыз байланыс орнату, кітап оқуға баулу, мәдени орындарға бару, спортпен айналысу сияқты жұмыстардың маңызы зор. Көргені мен түйгені мол бала ғана өмірде өз орнын таба алады.
Қорыта айтқанда, жаһандану дәуірі – үлкен мүмкіндіктер мен жауапкершілік кезеңі. Бұл заманда білім мен тәрбие қатар жүріп, бірін-бірі толықтыруы қажет. Жаңашыл ұстаз, саналы ата-ана және ізденімпаз оқушы – сапалы білімнің үш тірегі.
Осындай бірлік пен ынтымақтастық арқылы ғана біз бәсекеге қабілетті, рухани бай, білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз. Ал ол – еліміздің жарқын болашағының кепілі.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі