Алдардың шайтандарды алдауы

Түлен, Құлан, Алдар үшеуі жортып жүріп, бір жерге келіп дем алады. Арқалаған бір қап жиһазы бар. Демалып отырып әңгімелеседі.

— Дүниеде біздей жан болсайшы! Еш нәрседен қорықпаймыз, дегенімізді іс-тейміз, — дейді Алдар шайтандардан сыр тартқысы кеп.

— Айта көрме. Еш нәрседен қорықпаймызың не? Біріншіден, құдай қазақтың қамшысынан сақтасын. Екіншіден, инедей жердің тікенінен сақтасын. Бұларды көрсек, көш көрім жерден қашып жүреміз. Кәпірдің бетін аулақ қылсын! — дейді Түлен мен Құлан отырып.

«Жарайды, сабаздарым», — дейді ішінен Алдар.

— Әлде сен ешнәрседен де қорықпайсың ба? — дейді шайтандар отырып Алдарға.

— Айта көрме, ойбай? Қорықпайсың деген не? — деп, Алдар ыршып түседі.

— Неден қорқасың?

— Ойбай, айтуға да қорқамын.

— Қой, айтудан қорыққан несі?

— Иреңдеген қазы дегеннен, кірпі сияқты қарындағы май дегеннен, одан кейін қара торсықтағы қымыз дегеннен жаман қорқамын. Кәпірді беттерін аулақ қыл деп, солар бар деген жерден күндік жер аулақ жүремін.

«Жарайсың, сенің сырыңды білдік», — дейді шайтандар ішінен.

Біраз отырып демалғаннан кейін шайтандар тұрып жүрейік десе, Алдар тұрмайды.

— Мен жүрмеймін, — дейді.

— Неге?

— Ортамызда бір ала қап бар. Екеуің кезек-кезек арқалайсыңдар. Мені өздеріңдей санамайсындар. Әрі қазаққой дейсіңдер. Бұларың мені қорлағандарың. Сондықтан сендерге жолдас болмаймын, — дейді Алдар теріс қарап.

Шайтандар біріне-бірі қарасады. Сыбырласып сөйлеседі.

— Ала қапты оған беріп қою да қатер.

— Е, не қылар дейсің. Бір аумесер ғой.

— Дегенмен сырын біліп қойса!

— Е, қайдан білетінеді. Берелік. Сорлы өзіне-өзі тілеп алдығой. Арқаласында жүрсін, — деседі.

— Сорды тілеп алған өзің. Біз сені аяп едік. Өкпелегенің осы ала қап болса, мә! Арқалай ғой, — деп ала қапты Алдарға береді.

Ала қапты арқалағасын Алдар «құдай берді» деп, қапты ауырсынған болып, ептеп артта қала береді. Бір байдың бүкіл жиһазын сол қаптың ішіне салып жібергенін, Алдар бірде көзі шалып қалған. Алдар қапты ауырлағансып артта келе жатып, көп тікеннің ішіне кіріп кетеді. Тікеннің ең қалың деген жеріне келіп:

— Жатар болсаң, жат, Алдар, — деп, жатып алады.

Біраз жер жүріп барып, шайтандар артына қараса, Алдар жоқ. Адасып қалды ма деп айқайлайды. «Алдар!» — деп шақырады. Бірақ оған жауап берер Алдар жоқ. «Тапқан екенсің қап арқалайтын ақымақты», — деп ол жата береді. Шайтандар олай-бұлай кезіп жүріп, қапты астына басып жатқан Алдарды көреді. Қасына келейін десе, айналасының бәрі тікен. Жоларлық емес.

— Ау, Алдар! Шаршап қалғаның ба? Мықтысынғаның қайда? — деп айқайлайды.

Алдар үндемейді.

— Бұл ұйқтап қалған болар, — деседі.

Дауыстары жер жара айқайласады. Бірақ Алдар үндемейді. Алдардың алдағанын шайтандар енді сезеді. Алдарды алдауға әр түрлі айла жасайды. Бірақ Алдар оған болмайды.

— Мұны түлен түрткен екен. Енді қазы мен майды әкеліп, айдап шығамыз, — дейді Түлен.

Сөйтеді де екеуі бір ауылдың майын, қазысын, қымызын жинап әкеліп, Алдарға лақтырады.

— Алла, сақтайгөр, — деп, Алдар секіріп түсіп, лақтырылған май, қазы, қымызды қасына үйіп алады.

— Орнынан қозғалды, — дейді екі шайтан, біріне-бірі, Алдардың секіргенін көріп. Сөйтеді де лақтыра түседі. Лақтырған сайын Алдар секіріп түсіп, айналасына жинай береді. Сөйтіп, Алдар екі жылдық азық жинап алады.

— Әй, бәлем! Осы жерден сені өлтірмей кетсек, — деп шайтандар жатып алады.

— Жатыңдар, бәлем, жатыңдар, — деп майды, қазыны күйсеп, қымызды ішіп, Алдар да жатып алады.

Өтірік болса жаны шықсын, жұрттың айтуына қарағанда, Алдарды аңдып, шайтандар екі жыл жатыпты. Мойындары ырғайдай, биттері торғайдай болып, азып-тозып бітіпті. Алдар болса күн санап семіріп, күбідей болыпты. Ақырында екі шайтан:

— Алдар десе, Алдар екен, тағы да алданбастан енді жөнімізге кетелік, — деп жүріп кетеді. 


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)