Әлихан Бөкейхан – публицист

Басты бет / Тарих / Әлихан Бөкейхан – публицист

Тарихымызға көз жүгіртсек, халқымызға отарлық езгінің тегеуріні көп батты. Алтай мен Атырау арасын қамтыған ұланғайыр жерімізге көзін сүзгендер көп болды, нәтижесінде елдігімізден айырылу қаупі талай төнді. Дегенмен бұл сын сағаттарда елі үшін еңіреп еңбек еткендер аз болмады. Бүгінгінің ғалымдары: "Ғасырлар өтеді, патшалықтар мен империялар жер бетінен жоғалады. Небір дүлдүл көсемдер мен патшалар да ұмытылады. Сонда кімдер естен шықпайды, кімдердің аты аңызға айналады? Кім білсін? Елі үшін туылып, жұрты үшін дүние салғандар болса керек..." дейді. Сол бір «Елі үшін туылып, жұрты үшін дүние салған» тұлғалардың бірі – Әлихан Бөкейхан.

Әлихан Бөкейхан – елінің маңдайына біткен талантты ұлы ғана емес, елін алға сүйреген талапты көсемі. Ол техник мамандығында оқып, экономика факультетін тәмамдап қана қоймады. “Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ер құлдықтан, әйел күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды!” дей отыра, халық қамы үшін қай қай салада да жанын салып, аянбай еңбек етті. Дегенмен бүгінде оны шебер саясаткер, «Алаш» қозғалысының басшысы ретінде ғана біліп, қазақ кәсіби журналистикасының негізін салушы ретінде танушылардың аздығы көңілге қаяу салады.

Бас аяғы 40 жыл уақыт бойы Әлихан Нұрмұхамедұлының қолынан қаламы түспеді. Отаршылдардың солақай саясаты біздің көсемді қатты қынжылтты. Осылайша, Әлихан онымен күресуге жол іздеді. Қолына қалам алып, қазақ баласының көзін ашу үшін қолынан келердің бәрін істеді. Бүгінде ел арасында оның: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын! Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген сөзі кең тараған.

Көсеміміздің мақалалары газет бетіне бүркеншік атпен шыққан. Бұл оның сенімсіздігі, не ұялғандығы емес, патшалық үкімет құрсауына түсе бастаған елі үшін еңіреген ердің шарасыздығынан болған әрекет еді. Белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы: «Негізінен лақап есімді ең көп пайдаланған адам осы Әлекең. Әлихан Бөкейханның 1989-1927 жылдары аралығында яғи қырық жылға жуық уақытқа жалғасқан шығармашылық ғұмырында 41 түрлі бүркеншік есім пайдаланған. Тек үш мақаласы ғана өз есімімен шықан» дейді. Ендеше, бұл тау тұлғамыздың лақап аттары қандай болған? Олар: «Қыр ұлы», «Ә.Н.», «Ғали хан», «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай», «V», т.б. Бұл есімнің қай қайсысынан да ұлтын шексіз сүйген ұланның, елінің ертеңі үшін боздаған боздақтың халі сезіледі.

Өзінің ғұмырында Әлихан төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде: «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарып, 1925 жылдан бері шыға бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға мұрындық болды. «Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені» деп ұрандатқан ұлт жанашыры қазақ баласының көзін газет-журнал арқылы ашып, көкірегіне білім нұрын құйды.

Жалпы публицистік ғұмырында 1000-ға тарта мақала-очерк жазып, алғашқы туындыларын шығармаларын “Дала уалаятының газетінде”, “Айқап” журналында жариялаған. Кейін «Қазақ» газетінде 200-ге жуық мақалалары мен аудармалары басылған. Еңбектерінде жұрты үшін ең түйінді мәселелерге тоқталып, жер, саясат, отырықшылық сынды мәселелерді қамтыған.

Сондай-ақ, ел ертеңіне асқан жауапкершілікпен қараған ол газет беттерін тек жаңалыққа толы болудан сақтаған. «Тeктi қapиялap, көpгeн жaқcылapыңыздың бәpiн aйтыңыздap! Өздepiңiз жaзды күнi кeшкe тaмaн aйтaтын, төбeнiң бacындa, құдықтың қacындa oтыpып я қыcты күнi – ayылдacтapыңның үйiндe қoнaқтa oтыpып aйтқaндapыңды, көpгeндepiңдi – қaзaқтың жaқcылapымeн бipгe жүpiп, қaлaйшa aтaқты билepдiң билiк қылғaнын, дay бiтipгeнiнeн – Жapылқaп, Aлшынбaй, Мұca, Құнaнбaй һәм ғaйpи жaқcылapдың пapa aлып, жiбeк шaпaнғa, қaлтacының пaйдacынa қызықпaғaндықтapын; ocы күнгi билepгe, «лaй cyдaн бaлық ұcтaймыз» дeп жүpгeн, өcиeт eтiп, ғибpaт бepiңiздep!». Бұл мақаласында шебер жазушымыз қара басын ойлаған болыстарды, оларды мақтаған ақынсымақтарды сынайды. Үлгі болмаққа көз көрген қариялардан текті би-басшылар жайлы айтуын өтінеді.

Келесі бір мақалаларында қазақ фольклорына, әсіресе «Қобыланды батыр» жырына, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Тарғын» сынды жырларға терең тоқталады. Ал оның төл әдебиетіміздің беттеріне қосқан тағы бір шоқтығы биік еңбегі – Абай жайлы жазған мақалалары. Абайды тұңғыш баспасөзде танытып, Отандық әдебиетке серпініс берген де осы Әлихан Нұрмұхамедұлы еді. «Абайдың өнері мен һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» мақаларында: «Aбaй, оның өз өлeңдepiнeн көpiнiп отыpғaндaй, тeңдecciз поэтикaлық күшкe иe болaтын жәнe қaзaқ xaлқы оны оpынды мaқтaн тұтты. Қaзaқтa xaлықтың pyxaни шығapмaшылығын Aбaйдaй кeң тaнытa бiлгeн aқыны болғaн eмec. Оның жылдың төpт мeзгiлiнe (көктeм, жaз, күз, қыc) apнaп жaзғaн тaмaшa өлeңдepiн Eypопaның aтaқты aқындapын дa тәнтi eтe aлap eдi», - дeйдi.

«Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді» деп кеткен еді бұл нар тұлға. Елді соңынан ерткен сол ер Әлихан Бөкейханның өзі болды. Өмірінің соңғы сағаттарына дейін ол қолынан қаламын тастамай, тарих сахнасында XX ғасырдағы қарымды әрі қайратты публицист ретінде қалды. Оның публицистикасының аясы кең өріс таба біліп, әлеуметтік-мәдени тақырыпты да, экономикалық тақырыпты да қамтыды. Артына айтып та, зерттеп те тауыса алмайтын мол мұра қалдырды. Ол дәуірлер жылжып, ғасырлар өтсе де құндылығын жоғалтпақ емес.


«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Сағызғалиева Ақторғын



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)