Жігердің балалығы таудың етегіндегі аядай ғана ауылда өтті. Таңертең қойдың маңырағаны, кешке сиырдың мөңіреуі, самал желмен мұрныңды жарар жусан иісі – оның балалық шақтағы балғын сәттері еді. Әкесі мен анасы қарапайым, қоңыр тірлік кешті. Олар үшін пайдадан бұрын ар, байлықтан бұрын адамдық қымбат еді.
Баласының болашағын ойлаған әке мен ана ауылда қалса, жолдың тарыларын біліп, бір шешімге келді. Алматыға көшу. Үміт көп болды, бірақ қала оларды құшағын жая қарсы алған жоқ.
Пәтер іздеу сабырды ғана емес, адамдықты да сынаған сергелдеңге айналды. Бірі бағасын көтерді, бірі:
– Балалы адамға бермейміз, – деп шығарып салды.
Ақыры қаланың шет жағынан ескі, суық пәтер табылды. Анасы:
– Шыдасақ, бәрі жақсы болады. Тек ардан айырылмайық, – деп өзін де, баласын да жұбатты.
Күздің алғашқы күні Жігер жаңа мектепке барды. Сынып іші у-шу. Дариға Асылмұратқызы:
– Балалар, бұл біздің жаңа оқушымыз. Атыңды айтып, өзіңді таныстырып жіберші, – деді.
Жігер тақта алдына шықты. Жүрегі дүрсілдеп тұр. Бірақ сыр берген жоқ. Бейтаныс көздер... Бірі қызыға, бірі күмәнмен, енді бірі менсінбей қарап отыр.
– Менің атым – Жігер, – деді ол баяу ғана.
–Ауылдан көшіп келдік. Енді сендермен бірге оқитын боламын, – деп аяқтады.
Сөзі қысқа болды. Бірақ сол қысқа сөздің өзі кейбіреулерге жеткілікті болатын.
Артқы жақтан біреу күліп жіберді. Шерхан еді.
–Ауылдан... – деп сыбырлады ол Ералыға.
–Сөйлеуінен-ақ білініп тұр, – деді Ералы мұрнын тыжырып.
Дастан үнсіз отырды. Бірақ оның көзқарасы бәрінен өткір еді. Ол жаңа келген баланы басынан аяғына дейін шолып шықты да, ернінің бір шетін ғана көтеріп қойды. Бұл көзқараста адамды адам деп емес, пайда көзі деп бағалау бар еді.
Дариға Асылмұратқызы сыныптағы қозғалысты байқап қалды.
– Жарайды, Жігер, мына алдыңғы қатардағы бос партаға отыр. Егер бірдеңе керек болса, маған айтасың, – деді.
Жігер басын изеп, орнына барып отырды. Алғашқы сабақ басталды. Мұғалім тақтаға жазып жатыр. Бірақ Жігер әр сөзді толық тыңдай алмады. Артынан біреу партаға жеңіл ғана тепті.
– Әй, ауылбай, – деді сыбырлап Ералы.
–Қаламың бар ма?
Жігер үндемей қаламын ұсынды.
– Жақсы екен, – деді Шерхан күліп.
– Бірақ бізге тек қалам емес...
Дастан еңкейіп, жай ғана айтты:
– Үзілісте сөйлесеміз.
Бұл сөз жай айтылса да, суық естілді.
Қоңырау соғылды. Қоңырау соғылған уақытта Шерхан, Ералы, Дастан үшеуі мектептің артына қарай беттеді. Жігер де соңдарынан ерді.
Аула шетінде ескі қақпа да, сынған орындық да, сыз тартқан қабырға да үрей әлеміне жетелейді. Дастанның мектеп «тәртібін» түсіндіруі Жігердің көңілін одан әрі алай-дүлей сезімге бөледі. Ол бұл жерде заң емес, ар емес, тек пайда үстем тұрғанын ұқты. Жігер мектептің артында жалғыз қалды да, ешкімге қарамай, сөмкесін асынып, үйіне қайтты. Үйге кіргенде анасы қарсы алды. Үйдің іші қарапайым, бірақ жылылық бар.
– Балам, келдің бе? Қарның ашқан шығар, – деп дастарқан жайды.
– Алғашқы күнің қалай өтті? Мектебің ұнады ма?
Жігер бір сәт ойланып қалды. Айтса, анасы уайымдайды. Айтпаса, өзі жалғыз қалады.
– Жақсы өтті, анашым, – деді ол күлімсіреп, – сабақтары да жақсы екен.
Анасы сеніп қалды. Баласының жүзіне қарап, көңілі орнына түсті. Ал Жігер ішінен бір ауыр ар жүктің көтеріліп тұрғанын сезді.
Келесі күні мектепке келгенде, үш бала тағы да алдынан шықты. Бұл жолы олар бұрынғыдай қатты емес, тым «дос» кейіп танытты.
– Қалайсың, Жігер? – деді Шерхан күле.
– Үйреніп қалдың ба? – деп қосты Ералы.
Дастан жай ғана қарап тұрды да, соңында салқын үнмен:
– Апталық ақшаны ұмытпа. Біз еске салмасақ та, сен өзің білуің керек. Бұл «жөн сұрасу» емес, ескерту еді.
Жігер олардың сөзін естісе де, үн қатпады. Ақшаны қайдан табу керек? Үйде артық ақша жоқ. Әкесі әлі тұрақты жұмыс таппаған. Анасы әр теңгені есептеп жұмсайды.
Сол күннен бастап Жігер анасы тамаққа беретін ақшаның бір бөлігін үнемдей бастады, әділетсіз жүйенің өтеуін өз асқазанымен төлеп жүрді. Сонымен, Жігер жинаған ақшасын апта сайын беріп жүрді. Бұл уақыт ішінде ол бұрынғы бала емес көзі мұңға толы, ойы үнемі бір жерде – «тағы қаншаға шыдаймын?» деген сұрақта болды. Бірақ сол шыдамның өзінде ол біреудің ақысын жемеді, біреуге жала жаппаған еді.
Бір күні бәрі тоқтады. Дастанның өзге оқушылардан да ақша жинап жүргені, оны «тәртіп» деп бүркемелеп келгені белгілі болды. Бір оқушы шыдай алмай, бәрін ашып айтқан екен. Мектеп басшылығы мәселені назарға алып, Дастанның әрекеті әшкереленді. Сол күннен бастап оның суық көзқарасы мен жасанды үстемдігі мәнін жоғалтты. Жігер алғаш рет өзін кінәлі сезінбеді. Керісінше, үнсіз шыдаған күндерінің артында адалдық пен ар жатқанын түсінді. Ол ешкімді сатпады, ешкімге жала жаппады, тек адамдық қалпын сақтап қалды. Бұл оқиға Жігердің өміріндегі үлкен бетбұрыс болды. Ол пайда уақытша, ал ар – мәңгі екенін жүрегімен ұқты.
Авторы: Аманбек Жанар

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі