Мұрат үстел үстіндегі жер бедері картасын алақанымен жапты.
Қағаз шеті сәл дір етіп, қайта басылды.
— Тағы да сәйкеспейді... — деді ол күбірлеп.
Кеңсе іші әдеттегідей қарбалас. Бірі телефонға жабысып, бірі экранға үңілген. Мұрат терезеге көз тастады: көктем туа қалада күрт көбейіп, қыстың қамын құлшына күйттеген қара құмырсқаның қосынындай қаптайтын гүл сататын саудагерлер кеңсенің жанын қыз-қыз қайнатып, өрнек-нақышы қырық құбылған түкті кілемнің анық та қанық бояуындай жайнатып жіберіпті. Мұрат осы бір сұлулыққа таңырқай қарап тұрып, кенет ойы бөлініп кетті.
Алдындағы картаға көз тастады. Шығыстың қатпар-қатпар қойнауы. Әр белгі — болжам,
үміт сыйлайды.
Ол жай ғана инженер емес еді. Танитындар оны сырттай «сарапшы» дейтін. Халықаралық жобаларда жүрген, талай даулы кен орнының нүктесін дәл басқан маман. Бірақ дәл қазір сол атақтың салмағы иығына зіл болып түскендей. Мұрат картаға қайта үңілді. Дала сырын ұғып, аға кәсіпті үйреншікті іске айналдыруда Мұрат талай қиындыққа кезікті. Дегенмен сол қиындықтардың өзі ізденіспен келген еңбек зейнетінің мәртебелі жолына түсіп, биіктерге жетелейтінін ұғына түскендей...
Терезе сыртында қала маңғаз қалыпта мүлгіп тұр. Ақшаңқан үйлер күнге шағылысып, ештеңеден бейхабар. Ал мына үстел үстіндегі жұқа қағаздың өзі тұтас бір тағдырдың таразысына айналғандай.
Мұрат терең ойда. Бұл жолғы қателік жай қателік болмайтынын ол іштей сезді.
Кенет есік сықырлап ашылды.
— Мұрат мырза, орталықтан құжат келді, — деді көмекшісі асығыс үнмен.
Ол басын көтермей, қолын созды. Қалың папка алақанына тигенде, жүрегі бір сәт шым ете қалды. Салмағы қағаздан гөрі зіл екені анық.
Қағазда: «Шығыс өңірі. Алдын ала барлау нәтижесі. Алтын қоры жоғары ықтимал аймақ» деп жазылған. Мұрат көз жүгіртіп өтті. Геологиялық терминдер тізбектеліп тұр: стратиграфиялық қабат, тектоникалық ығысу, минералдану белдеуі... Бәрі дәлдік есеппен құрылған. Зерттелген.
Бұл жай кен орны емес, ескі көздің дерегіне қарағанда, бұл мекеннің ежелгі аты — «Жыланды» екен. Болса, болар, өйткені ауылдың Алтайдай тынысты арқада, ырысты ортада тұрғаны рас. Өрісі майлы, қонысы жайлы мұндай жәннат мекенді табудың өзі қиын шығар... Түстік қанатында сыңсыған қара орман, қарабарқын бөктер. Қара орманның бергі етегі — көкорай шалғын, арғы төрі — саңғал таулар, қарлы тәжі күмісше жалтыраған Ақшоқы. Бір бүйірі қыздың жасауындай текшеленген жартасты жон. Сол жартастардың биігінде желмен шулап, самырсын мен балқарағай жайқалады.
Өркениеттен жырақта жатқан жәннат мекенді барлау, зерттеу — тұтас өңірдің тамырына түсетін соққы болмауына кім кепіл?! Мұрат орнынан баяу көтеріліп, көңіл түкпіріндегі мазасыздықтан арыла алмады.
Екі дүниенің ортасында қалғандай: бір жағында атағы жер жарған корпорация, келісімшарт, байлық болса, екінші жағында бүйірінде кемпірқосақ ойнаған суы — шәрбат, масатыдай құлпырған, қатпарында талай сыр бүккен меңіреу дала. Ойлармен астасқан, ақылмен шырмалған бұл түні кеңсе шамы сөнбеді.
Таң баяу атты. Кеңсенің биік әйнек қабырғасынан алғашқы жарық ішке сыналап кірді. Қаланың үстіне бозғыл перде тартылғандай. Әуелі ғимараттардың ұштары ғана көрінді, кейін біртіндеп бүкіл қала таныс тіршілігіне кірісіп кетті. Ақшыл сәуле терезеге тиіп, бөлмені суық әрі таза жарыққа толтырды. Мұрат көзін тырнап ашып, көп ұзамай орнынан тұрды.
Өскеменнің таңғы ауасы әдеттегідей қоңыр салқын еді. Көше әлі толық оянбаған, жолдар бос. Сол тыныштықты бұзып, қара түсті Lexus қала сыртына қарай баяу жылжыды. Жол ұзай берді. Қаланың шуынан алыстаған сайын кеңістік кеңейіп, аспан да жақындай түскендей болды. Асфальт жол бірте-бірте тауға қарай иіле бастады. Қатонқарағайға бет алған сайын табиғаттың реңі қоюланып, тіршілік дарбазасын кеңіте түскендей.
Терезеден кірген салқын ауа Мұраттың ойын бірде сергітіп, бірде тереңдетіп, беймаза күй кештіріп келе жатыр. Орман арасынан көтерілген тұман жолды жұтып қойғандай. Кей тұста күн сәулесі қарағай арасынан сығалап түсіп, жерге шашырап құлаған алтын жолақтарға ұқсайды. Көлік биік асуға жақындағанда, аспан кеңейіп, жердің иығы ашылғандай.
Мұрат терезеден ұзақ қарады. Өр Алтайдың етегіндегі елдің биіктікке емес, еңіске қарап қалғанына, табиғаттың ұлылығы ішіндегі есептерді бір сәтке кішірейтіп жібергендей күй кешті. Көлік Марқакөл маңына жақындай бергенде, күн шеті анық көрінді. Су бетіне түскен әлсіз жарық діріл қағып, айна көлді тірілтіп жібергендей.
Көлік ауыл шетіне тоқтағанда, оны әлдене күтіп тұрғандай еді. Бір топ адам жиналып қалыпты. Көбі — ақсақалдар. Үндемей тұрғандары да, сыбырлап сөйлескендері де бар. Бірақ бәрінің жүзінде бір ортақ салмақ сезіледі.
Мұрат жақындай берді. Сөз бастамай-ақ, бір қария оған көз тоқтатты.
— Келдің бе, балам, — деді баяу ғана. — Бұл жерде таңды атырып, тауық шақыртқан күнделікті қоңыртөбел тірлік бар. Өзгелер секілді, біздің ағайын да мал мен жанын бағып, жұрт қатарлы күй кешіп жатырмыз. Е-е, солай де... Біз естідік...
Мұрат іркіліп қалды.
— Алтын болса да, жерді қопарған оңай ма?..
— Бұзылған жер қайта қалпына келе ме?!
— Бізден кейінгіге не қалады?!
Мұрат үнсіз тыңдады. Осы жолы барлау жұмыстарын тексеріп шықты. Көңілде — алаң, ойда — күдік болса да, табиғаттың тылсым күшінен шыға алмады.
Күн арқан бойы көтерілген шақ. Кешкі қызғылттың жұрнағындай бір рең көкжиекте қалып қойғандай. Мұрат сол жаққа ұзақ қарады. Адамдар біртіндеп тарай бастады. Әрбір қарияның пікірі оның сан салалы ой кеңістігінде қайта-қайта жаңғырып, жүрегін ауыр ойға жетеледі. Ол Қатонқарағайдың биігіне көз салды, қарағайлы даласына көз тастады. Кеш ауа бастағанда ғана көлігіне отырды. Жолға шығар алдында артына бұрылып, тұман басқан тау жоталарын ұзақ шолып, олар Мұратпен үнсіз тілдескендей, жүрек түкпіріндегі оңаша ойымен сырласқандай...
Көлік орнынан қозғала бергенше, күре жолдың талай белесі артта қалды. Қарағайлы белестер біртіндеп көмескіленіп, кең жазыққа ұласты. Кешкі аспан бозғылт тартып, көкжиекке жұқалаң қызғылт рең жабысып қалғандай еді.
Жол ұзақ. Әр шақырым Мұраттың ойына салмақ қосып, терезе сыртындағы әсем көрініс оның ішкі күйін тереңдете берді. Өскеменге таяған тұста қала шамдары алыстан жылт ете бастады. Көз тұндырардай жарықтар да оған біртүрлі суық. Көлігін тоқтатып, телефон батырмасын жеделдете баса жөнелді.
— Ертең жиын болады, — деді қысқа ғана.
Жиын залы. Өркениеттен ада жатқан бұл жерге өндірісті әкеліп, тағы да бір экологиялық апат немесе Арал теңізінің күйін кештіру қаншалықты әділетті? Мұрат бұл жолы инженер емес, табиғат жанашыры ретінде көсіле сөйледі. Көңілін алаңдатқан мазасыз көп ой бүгін осындай әрекетке бастағанын өзі де білген жоқ.
Бұл жобаның экономикалық әлеуеті өте жоғары еді. Екі жаққа да пайда әкелетін мүмкіндік болған. Неге тоқтады? Не себеп? Жиын залы құлаққа ұрған танадай. Тыныштықтың көбесі сөгіліп, тосын жайға дағдарып қалды.Тіршілік белгісі байқалмайтын бұл бейқам тыныштыққа еті үйренгендей инвесторлар қарсылық танытқан жоқ.
Көпшілік Мұраттың шешіміне таңданысын жасыра алмады. Бұрын тек экономикалық пайда тұрғысынан қаралған мәселе өзектілігін табиғатты саф қалпында сақтау, Жер-Ананы аялау деген асыл құндылықтармен үйлесім тапты. Бұл-Мұраттың ғана емес, әр адамның ішкі таңдауы мен ар алдындағы Жеңісі.
Авторы: Аманбек Жанар

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі