Сағыныш сапары 

    Аспанмен астасқан асқар таулардың етегінде, жусанның иісі мұрын жаратын кең жайлауда менің ең бақытты шақтарым көміліп жатыр. Ол кезде әлем біз үшін тек биік төбелер мен сарқырап аққан тау өзенінен тұратын. Күннің қалай батқанын сезбей, асық ойнап, қозы қайырып, кешкісін апамның жаңа піскен ыстық нанының иісіне мас болып үйге кіретінбіз.
Менің балалық шағым — нағыз «бақытты баланың» ертегісі еді. Қамсыз, мұңсыз, ерке күндер. Әкемнің ат үстіндегі айбатты бейнесі, анамның мейірім толы жанары мені бүкіл әлемнің қауіп-қатерінен қорғап тұрғандай сезілетін. Біз үшін уақыт тоқтап қалғандай еді, біз мәңгі бала болып қалатындай, ал ата-анамыз ешқашан қартаймайтындай көрінетін.
Сол бір шуақты күндердің бірінде, балалық аңғалдықпен «болашаққа хат» жазып, ескі темір қорапқа ең асыл қазыналарымызды салып, ауыл шетіндегі жалғыз қарағаштың түбіне көмген едік. Ол кезде біз үшін бұл жай ғана ойын болатын.
Арада жиырма бес жыл өтті... Қаланың шуы мен күйбең тіршілігінен қажығанда, көз алдыма сол жайлау, құлағыма анамның дауысы келе беретін болды. Соңында шыдай алмай, сол баяғы «бақытты баламен» қайта қауышу үшін жолға шықтым. Менің іздегенім — тек жер астындағы қорап емес, менің іздегенім — сол кездегі мөлдір тазалығым мен асқақ армандарым еді…
 Сонау қаладан туған өлкеме де келіп қалдық. Жол-жөнікей ауылға көз тастаймын.Біз доп қуған ескі алаңның орнына заманауи мектеп бой көтеріпті. Көшелерге асфальт төселген, бірақ менің есімде қалған сол бір жайдары жүздер азайған сияқты. Көрші Ахмет ақсақалдың үйі қаңырап бос тұр, ал оның балалары қалаға көшіп кеткенін естідім. Туған жерімнің көркейгені қуантса да, көңілімде бір белгісіз мұң бар. Көліктен түсе сала, қарағашқа қарай асықтым, жанына келіп, қолыма күректі алдым. Әрбір соққы сайын балалық шағымның бір үзігі еске түседі: бірінші махаббат, алғашқы арман, болашаққа деген сенім. Бір кезде күрек қатты бір нәрсеге тиді. Міне, сол қорап!
Қолымдағы тозығы жеткен темір қорапты ашқанымда, саусақтарым дірілдеп кетті. Ішіндегі сарғайған қағазды жайлап жазғанымда, көзіме ыстық жас толды. Бұл — жай ғана қағаз емес, жиырма бес жыл бұрынғы пәк көңілімнің, кіршіксіз арманымның тірі куәсі еді. Қораптың ішінде: отбасыммен түскен ескі, шеті мүжілген суретіміз және болашаққа арналған хат.
Жанарымды шылаған жас тамшысы ескі суреттің үстіне тамып, бала күнгі бейнемді тіпті бұлдыратып жіберді. Ол кезде менің ең үлкен уайымым — кешке анам үйге шақырғанда ойынның қанбай қалуы ғана еді. Ал қазір... қазір иығымда тұрған жауапкершілік пен қаланың салқын қабырғалары мені сол бір шуақты әлемнен алыстатып әкетіпті. 
  Қолдарым дірілдей отырып, қораптың ішінен бүктелген, шеттері сарғайған бес-алты қағазды шығардым. Бұл — менің, сол кездегі, болашаққа жолдаған үндеуім еді.Ең үстінде тұрған, өз қолыммен шимайланған хатты аштым.
«Сәлем, болашақтағы өзім! Сен қазір үлкенсің. Мүмкін, бойың әкемдей ұзын шығар? Мен қазір жайлауда отырмын, күн өте ыстық. Бірақ мен бақыттымын, өйткені қасымда әкем мен анам бар. Олар саған: "Ауылыңды ұмытпа!" — деп айтты. Сен соны орындап жүрсің бе?»
Көзімнен аққан жас хаттағы сияны ерітіп жібергендей болды. Ол кездегі «бақытты бала» болашақтан тек жетістік пен мансапты емес, ең бастысы — текті сақтауды, тамырдан ажырамауды сұрапты. Хаттың соңында: «Мен бұл хатты отбасыммен бірге отырып оқисың ба деп ойлаймын», — деп жазылыпты.
Осы жолдарды оқығанда, балалық шағымның ең үлкен қазынасы — сол кездегі қасымда болған асқар таудай әкем мен шуақты анамның бейнесі екенін түсіндім. Олар маған ешқандай байлық бере алмайтын ең ұлы нәрсені — бақытты балалық шақ пен туған жерге деген махаббатты сыйлапты. Ауыл шетіндегі жалғыз қарағаштың саясында отырып, еңкілдеп жылап жібергенімді өзім де байқамай қалдым. Бұл өкініштің жасы емес, бұл — сағыныштың, тазарудың және туған жерге деген шексіз махаббаттың жасы еді. Сол сәтте маған қарағаштың сыбдыры анамның әлдиіндей, ал ескен қоңыр жел әкемнің маңдайымнан сипаған алақанындай сезілді.
Мен бұл жерге табыс іздеп немесе мансап қуалап келген жоқпын. Мен мұнда «бақытты баланы» іздеп келдім. Және мен оны таптым. Ол менің дәл осы көз жасымда, осы топыраққа деген аңсарымда екен.
Көзімді сүртіп, орнымнан тұрғанда, бойымда бір жеңілдік пайда болды. Мен хатты кеудеме бастым. Жиырма бес жыл өткен соң барып, мен өз-өзіме есеп бергендей болдым. Иә, мен оралдым. Мен ұмытқан жоқпын.

Авторы: Аманбек Жанар 


Ұқсас тақырыптар

Аманбек Жанар ​
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)