Адам ұмытып бара жатқан дыбыстар

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Адам ұмытып бара жатқан дыбыстар

Есіңізде ме, бала кезіңіз? Әлем мүлде басқаша сезілетін. Құстар әні. Шегірткенің дыбысын іздеп табамыз деп шөп арасына үңілетініміз. Бір орында тоқтай қалып, сол бір дыбысқа құлақ түру. Ал кешке жақын мал өрістен қайтқанда, нағыз тіршілік жанданатындай еді. Көше арасы шаңға толып, қойлар мен сиырлардың дауысы естілетін. Бір-бірін біраз көрмеген жандай уласып-шуласып жүрген ауыл балалары. Мұның бәрі естелік. Бірте-бірте ұмытылып бара жатқан дыбыстар.

Білетінім бала күнім осы дыбыстарға толы болатын. Ең есімде қалғаны кешке даланың ойынынан қолым босап, үйге қарай беттеп,  есік алдында тұрып біраз өзен дыбысына құлақ түретінмін. Сол дыбыс бір салқын судай сезілетін. Үйге кірмей біраз тұратынмын. Онымен қоса бақалар бақылы мен шегірткенің шырылы күнделікті шығып тұратын дыбыс секілді еді. Тіпті соңғы рет бұл дыбыстарды қашан зер салып тыңдағаным белгісіз. Әлеуметтік желіде ұзақ отырып, таң ата бастаған сәтте құстар дауысы жандана бастайды. Балалық шағым есіме түсіп біраз тыңдап жатып кейін зерігіп кетемін. Бірақ бұл дауыстар тым жылы сезілетін. Ал егер телефонға қарай кетсем, құстар құдды бір ренжіп, дауыстарын жасырып қалатындай. 

Ойлана келе әлеуметтік желінің де біздің қабылдау қабілетімізден бастап, өміріміздің кейбір мәнді сәттерін де елеусіз қалдырып жатқанын ұқтым. Ойланыңызшы бір күн телефонсыз өмір сүрсеңіз. Бұрын елемеген бала шақтың, ұмытылып бара жатқан біраз кәделі сыйларына тап боласыз. Серуенге музыкасыз шықсаңыз, табиғаттың сіз естімеген дыбыстарына кенелесіз. Бұл дегеніміз біз ұмытып жатқан дыбыс ешқайда жоғалмады. Ол табиғаттың әрбір бұрышында. Тек зер сала білу керек. Кейде адамдар бала шаққа қайта оралғым келеді. Бала шақтың ерекше дыбыстарын естуге құмармын деп жатады да бірақ телефоннан бас алмайды. Ал егер барлығын қойып, тек өзің жалғыз өзің әлемді тыңдауға бел бусаң, әлемнің өзгермегенін, өзгерген мұнда тек сен екеніңді ұғасың. 

Ал кей дыбыстарды мүлдем естуден қалдық. Мысалы радио, жазу мәшинесінің тарсылы, үй телефонының шырылы. Бұрынғы техникалар шынында ескіліктің символы болып, тарихта қалды. Бәрі жаңа техникаға ауысты. Өзгерді. Бала кезде жиі көретін DVD дискілерін де сатып алуды қойды. Ал оның әр батырмалары қазір ойлап отырсам ерекше дыбысқа ие ма деймін. Тым алыс естеліктей.

Дыбыс - естеліктің бір түрі. Бірақ тек естіген сәтте ғана ол естеліктің жадыңда бар екені сезіледі. Сол сияқты суреттерге қарап, сол бір сәт есіңе түссе, құстар үнін естіп балалық шағыңның естеліктері еске түседі. Өткен шаққа жетелейді. Ал егер бәріміз сол дыбыстарды ұмыта түссек. Жадымыздың балалық шағы дыбыссыз күйде үнсіз естеліктер желісімен қалмай ма?

Қаланың ағылған көлік дауысы табиғаттың әсем үнін үнемі басып отырады. Ал кей балалар ауылдың шулы дауысы мен таңертеңгі әтештің шақырған дауысын да естімеген болуы мүмкін. Бұл жай ғана дыбыстардың жоғалуы емес, бұл болашақ естеліктердің жоғалуы. Балалық шақты музыкамен елестететін жас буын өсіп келеді. Ал бұл тұтас бір дәуір сезінген балалық үнін енді есту мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Біз ұмытқан дыбыстар, енді шынымен де ұмытылмасына кім кепіл?


Ұқсас тақырыптар

дыбыс естелік балалық шақ

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)