Қазақстан жастарының халықаралық білімге ұмтылысы: арман ғана емес, ел болашағына салынған инвестиция.

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Қазақстан жастарының халықаралық білімге ұмтылысы: арман ғана емес, ел болашағына салынған инвестиция.

Бірнеше жыл бұрын ағылшын тілін тек мектеп деңгейінде меңгерген оқушы ендігі
күні Ұлыбритания университетінің студенті. Мұндай жағдайлар елімізде жыл сайын
жиілеп келеді. Соңғы жылдары шетелде білім алуға ұмтылған жастарымыздың саны
айтарлықтай артты. Қазіргі таңда жыл сайын шамамен 90 мыңнан астам
қазақстандық студент шетелде білім алады. Бұл өзгеріс қоғамда көптеген көзқарастар
туғызуда: бірі оны мүмкіндік деп бағаласа, енді бірі бұл жағдайды ми ағымының
күшеюі мен еліктеушіліктің артуы ретінде қабылдайды.
ХХІ ғасырда әлеуметтік желілердің ықпалы, жаһандану және халықаралық
бәсекенің күшеюі жастардың білімге деген құштарлығын арттырды. Соның
нәтижесінде халықаралық білімге қызығушылық артып, «жалған жетістік мәдениеті»
мен «ми ағымы» секілді құбылыстар қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды.
Бұл өзгерістер жастардың жетістікке жету туралы көзқарастарын жаңаша
қалыптастырып, халықаралық білімге құлшыныстарын арттырды. Осындай үрдістер
«Білім-шекара танымайды» деген ұстанымның таралуына ықпал етіп, білім алу
мүмкіндіктерінің кеңеюіне жол ашты. Бұрын шетелде білім алу көптеген қазақстандық
жас үшін қолжетімсіз арман болып көрінсе, бүгінгі күні осы ұстанымдар мен
тендециялардың арқасында шетелде дамып жатқан жастардың саны қарқынды өсіп
келеді. Олар үшін халықаралық білім-тек қана құнды диплом емес, жаңа өмірлік
тәжірибе, өзгеше дүниетаным және түрлі мәдениеттерді тануға мүмкіндік.
Бүгінде қазақстандықтардың шетелге ұмтылуының біршама себептері бар.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, әлемнің көптеген мемлекеттерімен білім, ғылым
және мәдениет салаларында халықаралық ынтымақтастықты нығайтты. Бұл бүкіл
азаматтарға жаңа есіктер ашып, білім саласына да өзгерістер еңгізілді. Интернеттің
дамуы, ағылшын тілінің кең таралуы, халықаралық гранттар мен квоталардың көбеюі
және академиялық ұтқырлық, «Work and Travel», «Болашақ» сынды бағдарламалардың
еңгізіліуі шетелге ұмтылыстың маңызды факторларының бірі болды. Көптеген
оқушылар 10-11 сыныптан бастап IELTS немесе TOEFL емтихандарына үздіксіз
дайындалып, әлемдік университеттердің талаптарын зерттеп ізденеді. Бұл еліміздегі
жастардың білімге деген көзқарастарының өзгергендігінің айқын көрсеткіші.
Мемлекетіміздің тарапынан да қолдаулар аз емес. Қазіргі «Болашақ»
бағдарламасы-шетелге түсуге жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, қосымша
шәкіртақымен де қамтамасыз етуде. Болашақ бағдарламасы іске қосылғаннан бері 12
мыңнан астам қазақстандық әлемнің жетекші университеттерінде білім алып шықты.
Қазіргі таңда бағдарлама бойынша жүздеген стипендиат шетелде білім алуда. Бұл
бағдарлама тек жеке тұлғаның кәсіби дамуына ғана емес, елдің адами капиталының
өсуіне де әкелді. Зерттеулерде халықаралық білім бағдарламаларының елдің ғылыми
және кәсіби әлеуетін арттырудағы маңызы атап өтіледі.
Сонымен қатар елімізде академиялық ұтқырлық бағдарламалары да артуда.
Студенттер бір немесе екі семестр бойы шетелде білім алып, кейін өз оқуын
Қазақстанда жалғастырады. Осындай бағдарламалар студенттердің кәсіби
біліктіліктерін ғана емес, тілдік дағдыларын, мәдениетаралық қарым қатынасы мен
сыни ойлау қабілетін жетілдіреді. Қазақстанда академиялық ұтқырлық-
интернационалданудың маңызды бағыты ретінде қарастырылып келеді.
Дегенмен бұндай мүмкіндіктер барлығына теңдей берілмеген. Оған себеп ретінде
ауыл мен қалалардағы білім беру сапасының айырмашылығы көрсетіледі. Қала
тұрғындары емтихандарға дайындалу үшін көптеген мүмкіндіктерге, курстарға және
қаражатқа ие болса, ауыл тұрғындары үшін бұл үрдіс қиынға соғады. Қаражат пен
ақпараттың қолжетімділігі сынды мәселелер көптеген талапкерлерге кедергі
келтіреді. Бірақ дарынды жастардың білімге құштарлығы олардың тұрғылықты жері
мен материалдық жағдайына тәуелді болмауы тиіс.
Халықаралық білімге ұмтылыс кейде ми ағымы мәселесін де көтереді. Себебі,
шетелге тек білім алуды көздеп, уақыт өте сонда ұзақ уақытқа қалған жастар саны аз
емес. Дәл осындай жағдай бірнеше жылдар бойы қоғамда резонанс тудыруда. Бірақ
бұл жағдайға жан-жақты қараған жөн. Бүгінде көптеген түлектер халықаралық
компанияларда жұмыс істеп, әлемдік деңгейдегі жобаларға қатысып, ең үздік
университеттермен бірлескен бастамаларды жүзеге асырып жүр. Мәселең «Болашақ»
бағдарламасы түлектерінің 42,8% жекеменшік секторда, 31% мемлекеттік органдарда
қызмет етеді. Бұл халықаралық білім алған мамандардың Қазақстан экономикасы мен
мемлекеттік басқаруына үлес қосып отырғандығын көрсетеді. Ең бастысы-алған
білімнің Қазақстанға оң әсерін тигізіп, елдің дамуына қандай да бір деңгейде үлес
қосуы.
Шетелде оқу тек сапалы білім алу емес, ол өмірге қажетті дағдыларды одан әрі
дамыту. Өзге ұлт өкілдерімен байланыс орнату, жаңа тіл мен мәдениетті тану,
халықаралық ортада өз пікіріңді еркін білдіру бұның барлығы тұлғаның жан жақты
дамуына ықпал етеді. Жастардың бойындағы сенімділік артып, көшбасшылық
қабілеттерге ие болады. Осындай мүмкіндікті қолданған азамат өз елінің ерекшелігі
мен құндылығын тереңірек түсіне бастайды.
Бүгінгі таңда халықаралық білімнің мүмкіндіктері әлі де көбеюде. Әлемдік
университеттердің Қазақстанда филиалдарының ашылуы, қос дипломдық
бағдарламалар және академиялық алмасу жобалары шетелдік білімді өз елімізде де
ақ игерудің жолдарын қамтамасыз етеді. Бұл халықаралық тәжірибені ұлттық біліммен
ұштастырудың тиімді жолы ретінде қарастырылуда.
Менің ойымша, халықаралық білімге ұмтылу-тек шетелге кетуге ниет емес. Ол өзін-
өзі дамытуға, жаңа ізденістер мен мүмкіндіктерге жол ашуға талпыныс. Әлемнің ең
үздік университеттерінде білім алған жастар жаңа технологияларды, басқару
тәжірибесін және ғылыми жаңалықтарды меңгеріп, кейін оны өз мемлекетінің
дамуына пайдаланады. Осының нәтижесінде көптеген салалар жаңа стандарттар
бойынша жұмыс істеп, елдегі кәсіби кадрлар саны артады. Одан бөлек жаңа ұрпақ
ізденімпаз жастарға қарап бой түзеп, дамушы қоғам қалыптастыра алады. Ал
бәсекеге қабілетті мемлекет бәсекеге қабілетті жастардың арқасында қалыптасады.
Қазіргі қазақстандықтардың арманы бұрынғыдан өзгеше. Олар тек жақсы маман
болуды емес, әлемдік деңгейдегі кәсіби тұлға болуды қалайды. Бұл ұмтылыс
жаһандану дәуірінің талабы. Алайда, қандай белесті бағындырса да, әрбір азамат өз
мемлекеті алдындағы жауапкершілігі жайлы ұмытпауы тиіс. Себебі халықаралық білім
алудың ең басты құндылығы-алған тәжірибені өз туған жеріңнің игілігіне қолдану.
Білім адамды өзгертеді, жаңа тұлға қалыптастыруға негіз болады. Ал білімді
жастар-мемлекетті өзгертеді. Сондықтан Қазақстан жастарының білімге ұмтылысы
жеке жетістікке жетелейтін жол емес, елдің ертеңіне салынған инвестициялардың бірі.



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)