Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер енгізіледі: өзгерістердің мақсаты қандай?

Басты бет / Әңгіме мен мақала / Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер енгізіледі: өзгерістердің мақсаты қандай?

2026-2027 оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде жаңа оқу пәндері мен курстары енгізілмек. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бүгін, 1 шілде күні үкімет отырысында мәлімдеді. Бұл өзгерістердің мақсаты қандай? Қазақстанның бұл қадамы әлемдік тәжірибемен қаншалықты сәйкес келеді? 

Бүгінде күнделікті өмірді әлеуметтік желілерсіз елестету қиындап барады. Әсіресе, мектеп жасындағы жасөспірімдер интернетте көп уақыт өткізуі олардың кибербуллинг, алаяқтық немесе жалған ақпаратқа тап болуына алып келеді. Сонымен қатар, Қазақстанда құқықтық мәдениет пен заң үстемдігін нығайту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. «World Justice Project» ұйымының «Заң үстемдігі» индексінде Қазақстан 2021 жылы 66-орынға ие болды. Осы тұста қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейін арттыру маңызды.

Қандай өзгерістер күтеді?

“Оқу жылының басынан бастап білім мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін “Конституция негіздері” пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда “Заң және тәртіп” міндетті курсы оқытылады. Сонымен қатар 5-11-сынып оқушылары үшін “Жеке қауіпсіздік” міндетті курсы енгізіледі”, - деді Ж. Сүлейменова

Сонымен қатар, бұған дейін таңдау курсы болған «Құқық негіздері» пәні де барлық оқушылар үшін міндетті болатыны айтылды және оның мазмұны жаңа конституциялық қағидаттарға сәйкестендіріледі. Ал келесі оқу жылынан бастап 8–9-сыныптарда "Қазақстан географиясы" пәні қайта енгізіледі. 

Бұдан бөлек, бастауыш білім беру мазмұны да қайта қаралып жатыр. Бағдарламалар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келтірілді. Оқытудың теориялық бағытынан қарағанда практикалық бағытына басымдылық берілді. Бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізілуде. Тұтастай алғанда, бұл оқу жүктемесінің азайтылғанын көрсетеді. Министрдің айтуынша, бастауыш білім берудегі өзгерістердің негізгі мақсаты – оқу жүктемесін оңтайландыру, оқу материалының сабақтастығын қамтамасыз ету және оқушылардың оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылығының берік негізін қалыптастыру.

Әлемдік тәжірибе

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, Финляндия, Ұлыбритания, Сингапур сияқты дамыған елдерде де азаматтық білім (civics), құқық және цифрлық қауіпсіздік пәндері бар. Шетелдік зерттеулер де қазіргі азаматтық білім берудің өзгеріп жатқанын көрсетеді. 2007 жылы жүргізілген Pew Research Center зерттеуіне сәйкес, жасөспірімдердің басым бөлігі интернет пен әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Соның нәтижесінде азаматтық белсенділік те жаңа форматқа көшті: жастар ақпаратты тек тұтынушы емес, оны жасаушы әрі таратушыға айналды. XX ғасырдағы азаматтық білім беру көбіне азаматтың міндеті мен заңға бағынуына негізделді. Ал XXI ғасырда негізгі назар жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына, цифрлық ортадағы жауапкершілігіне және медиа сауатына аударыла бастады. Осыған байланысты көптеген елдердің мектептері азаматтық білім беру бағдарламаларын жаңартып, медиа сауатты, цифрлық қауіпсіздікті және интернеттегі жауапты мінез-құлықты оқытуға басымдық бере бастады. Қазақстанда да осы үрдіс байқалады.

Бұл өзгеріс – тек жаңа пәндер мен курстардың пайда болуы емес, оқушыларды XXI ғасырдың цифрлық қоғамында құқықтық сауатты, жауапты азамат ретінде тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. Сарапшылардың пікірінше, құқықтық сауатты мектеп қабырғасынан қалыптастыру – қазіргі қоғамның басты талаптарының бірі. Сондықтан жаңа пәндердің тиімділігі олардың енгізілуімен емес, мазмұны мен оқыту сапасына байланысты болмақ.

 



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)