Таңғы сағат алты. Өзі 1-2 сағат бұрын ғана ұйқыға кеткен жасөспірім ояна салысымен телефонға үңіледі. Сабақтан бөлек ол табыс табу жолын ойлап үлгеруі керек, болашағын жоспарлауы қажет. Ал балалық ше? Ол қайда қалды?
Қазіргі қоғамда ерте есею қалыпты құбылысқа айналып барады. Кеше ғана ойын қуған бала бүгін ересектерше ойлауға, шешім қабылдауға, тіпті отбасының жауапкершілігін мойнына алуға мәжбүр. Балалықтың табиғи кезеңі қысқарып, оның орнын әлеуметтік қысым басуда. Ендігі туындайтын сұрақ жастардың ерте есею қоғамның дерті ме, жоқ әлде қалыпты нәрсе ме?
Негізінен ерте есеюді біз екіге бөліп қарастыра аламыз. Біріншісі - үлкен жауапкершілік пен қысымның ықпалынан ересек адамның міндеттерін арқалауға мәжбүр болған жасөспірімдер тобы; екіншісі - ересек болып көрінуге талпынатын және сол үшін қисынсыз іс-әркеттер мен жаман қылықтарға ерік беретін жастар тобы.
Бірінші жағдайға тап болған жасөспірімдер көбіне көп кедей отбасыда дүниеге келеді. Олар үшін ата-ананы асырап, олардың өмірін жеңілдету - парыз. Мұндай жасөспірімдердің санасында «ертең» деген ұғым жай ғана күнтізбедегі кезекті күн емес, күнкөріс пен жауапкершіліктің жаңа бір сынағы. Олар материалдық жетіспеушіліктің тауқыметін тарта жүріп, өз құрдастары секілді уайымсыз күлуді, ештеңені ойламай қиялдауды еріксіз ұмытады. Психологияда мұны «парентификация», яғни баланың отбасындағы рөлдерді ауыстырып, ерте жастан ата-анасының міндетін өзіне алу феномені деп атайды. Мұндай ерте есею - ерікті таңдау емес, қатал шындықтың мәжбүрлеуі. Олардың ішкі әлемінде балалық шақтың аяқталмаған симфониясы мәңгілік сағыныш болып қала бермек.
Ал екінші топқа жататын жасөспірімдердің трагедиясы мүлде басқа сипатта. Мұндағы ерте есею - сыртқы формаға, арзан имиджге ұмтылудан туады. Олар үшін ересек өмірдің белгісі - жауапкершілік емес, тек еркіндік пен тыйым салынған жемістің дәмін тату ғана. Зиянды әдеттерге бой алдыру, құрдастарының алдында жасанды бедел жинауға тырысу, агрессия мен өзімшілдік - бұл нағыз толысудың емес, ішкі бостықтың көрінісі. Бұл топтағы жастар ерте есеюді тәуелсіздік деп түсінеді, бірақ оның артында тұлғалық деңгейдегі балалық пен қорқыныш жасырынып жатады.
Осы екі ағымды саралай келе, біз бүгінгі цифрлық қоғамның тағы бір қыспағына тап боламыз: ақпараттық капитализм мен әлеуметтік желілердің қысымы. TikTok немесе Instagram парақшаларын ашсақ, жиырма жасқа толмай-ақ миллионер атанған, стартап ашқан, әлемді шарлап жүрген «табысты жастардың» бейнесі алдымыздан шығады. Мұндай идеалдандырылған шындық 15-16 жасар баланың санасына «сен үлгермей жатырсың», «сен артта қалдың» деген үрей ұялатады. Нәтижесінде, жасөспірім өзінің табиғи даму заңдылығын басып озып, жетістікке жетудің марафонына ерте қосылуға мәжбүр. Таңғы сағат алтыда телефонға телмірген жастың мақсаты - жай ғана хаттарға жауап беру емес, осы бір жасанды жарыстан қалып қоймаудың қарекеті.
Алайда, табиғат заңдылығына қарсы келудің өзіндік құны болады. Неміс философы Эрих Фромм адамның өз шынайы болмысынан ажырауы туралы айтқан болатын. Сол секілді, балалық шақтың заңды кезеңдерінен секіріп өткен жас буын жиырма жасқа келгенде-ақ эмоционалдық күйзеліске ұшырап, өмірдің мәнін жоғалтып жатады. Бұл - қоғамның дерті емей немене? Біз интеллектуалды тұрғыдан озық, бірақ эмоционалды тұрғыдан жаралы ұрпақты қалыптастырып жатқан жоқпыз ба?
Дегенмен, бұл құбылыстың екінші, позитивті тарапын да жоққа шығара алмаймыз. Ерте есею - прагматизм мен жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің белгісі де болуы мүмкін. Бүгінгі жастар - прагматиктер. Олар мемлекетке немесе ата-анасына иек артпай, өз болашағын өз қолдарымен құруға бейім. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деген ұраны бүгінгі күннің жастарының санасында заманауи форматта жаңғырғандай. Білімге құштарлық, қаржылық сауаттылықты ерте меңгеру, әлемдік үрдістерді бақылау - бұл ұлттық интеллектінің өскенін көрсетеді. Мұндай ерте есею қоғамды алға сүйрейтін локомотивке айнала алады.
Түйіндей келе айтарым, ерте есею - бұл біржақты үкім кесетін құбылыс емес. Ол - біз өмір сүріп жатқан трансформациялық кезеңнің тікелей көрінісі. Егер бұл процесс адамның тұлғалық әлеуетін ашып, оны саналы азаматқа айналдырса - бұл қоғамның жетістігі. Ал егер ол баланың құқығын шектеп, иығына көтере алмас ауыр жүк салса - бұл мемлекет пен әлеуметтің қателігі. Ең бастысы, ерте есейген жастардың бойындағы жауапкершілік сезімі олардың жүрегіндегі мейірім мен балалық пәктікті жұтып қоймауы тиіс. Заман қаншалықты жылдам болса да, әр баланың ішіндегі балалық шақ өз уақытында, өз биігінде өмір сүруге құқылы.

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі