Қазақстандағы талапкерлер бәсекесі: грантқа түсу қаншалықты қиын?

Басты бет / Қызықты әрі пайдалы / Қазақстандағы талапкерлер бәсекесі: грантқа түсу қаншалықты қиын?

Қазақстанда жоғары білім – әлеуметтік лифт саналады. Көптеген ата-ана үшін баласының университетке мемлекеттік грантпен түсуі – қаржылық тұрақтылықтың, болашақ мамандықтың және әлеуметтік мәртебенің кепілі. Алайда жыл сайын мектеп бітірушілер саны артып, грантқа талас күшейіп келеді. Грант көбейіп жатыр деген ақпарат жиі айтылғанымен, талапкерлер саны да өсуде. Осы жағдайда басты сұрақ туындайды: бүгінде грантқа түсу қаншалықты қиын?

Ең алдымен, мемлекеттік білім гранты дегеніміз – жоғары білім алу құнын мемлекет есебінен өтеу. Грант иегері оқу ақысын төлемейді, ай сайын стипендия алады. Кейбір мамандықтар бойынша (әсіресе педагогика мен медицинада) грантты өтеу талап етіледі, яғни түлек белгілі бір мерзім мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар гранттың негізінен 7 түрі бар: мемлекеттік грант, ішкі грант, ректорлық грант, әкімдік грант, спонсорлық грант, «Серпін» бағдарламасы және өңірлік мақсатты гранттар.

Грант саны мен нақты бәсеке деңгейі

2025 жылы Қазақстанда 216 мыңға жуық мектеп бітіруші жоғары білімге қадам басты. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, бакалавриат деңгейіне 78 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінді. Конкурсқа қатысу үшін 112 873 өтініш қабылданған. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 99%-ы игерілген.

Егер тек конкурсқа қатысқан 112 873 талапкерді 78 000 грантқа бөлсек, шамамен бір грантқа 1,4 адамнан келеді. Алайда бұл көрсеткіш бүкіл бағыттарға ортақ орташа есеп қана. Шын мәнінде, жоғары сұранысқа ие мамандықтарда бәсеке әлдеқайда жоғары.

Мысалы, 2025 жылы ең көп грант бөлінген бағыттар: инженерлік мамандықтарға – 18 мыңнан астам, педагогикаға – 13 мың, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласына – 11 мың грант. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы аясында 2 412 грант бөлінген, олардың 83%-ы игерілген. Шетелдік ЖОО филиалдарына 2 365 грант қарастырылған. Бұл – мемлекет тарапынан жоғары білімге қолжетімділікті арттыруға бағытталған нақты қадамдар.

Дегенмен, талапкерлер саны да жыл сайын өсіп келеді. 2023 жылы 186 мың түлек болса, былтыр 188 мың, ал биыл 216 мыңға жетті. Демек, демографиялық өсім бәсекені табиғи түрде күшейтуде.

Сарапшы пікірлері

Білім беру саласының сарапшылары грант саны артқанымен, талапкерлер саны да өсіп отырғанын айтады. «Демографиялық өсім мен жоғары білімге деген сұраныстың артуы бәсекені күшейтіп отыр. Әсіресе, IT, медицина және құқық салаларында бәсеке жоғары», – дейді грант эксперттері. 

Ал профориентологтар талапкерлердің көбі мамандықты саналы түрде емес, трендке сүйеніп таңдайтынын айтады. Бұл – кейін мамандық ауыстыру немесе қанағаттанбау мәселесіне әкелуі мүмкін.

2026 жылғы қаңтар ҰБТ нәтижелері

2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 184 мыңға жуық адам тапсырды. Талапкерлердің 75%-ы тесті қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 113 адам ағылшын тілінде өтті. Қатысушылардың 68%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64-ті құрады, ең жоғары нәтиже – 138 балл.

Бұл нені көрсетеді?

Біріншіден, талапкерлердің үштен бірі шекті балл жинай алмаған. Демек, жалпы дайындық сапасында теңсіздік бар.

Екіншіден, орташа балл 64 болғанымен, жоғары сұранысқа ие мамандықтарға түсу үшін көбіне 100–120 балл қажет. Яғни орташа нәтиже бәсекелі бағыттарға жеткіліксіз болуы мүмкін.

Бейіндік пәндер бойынша ең көп таңдалған комбинация – «Математика–Физика» (19,2%). Бұл техникалық және инженерлік бағыттарға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Екінші орында «Биология–Химия» (16,8%) – медицина саласына қызығушылық әлі де басым. Үздік үштікті «Шығармашылық емтихан» (9,8%) комбинациясы түйіндеді.

Шекті балл және университет саясаты 

Көпшілік шекті баллды мемлекет белгілейді деп ойлайды. Шын мәнінде, мемлекеттік шекті балл тек конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Ал нақты өту балын әр университет өз бетінше анықтайды.

Мысалы, бір мамандық өңірлік университетте 85 балмен жабылса, ұлттық университетте 120 балдан жоғары болуы мүмкін. Бұл – ЖОО беделі, сұраныс және талапкерлер санына байланысты қалыптасатын нарықтық механизм.

Осылайша, грантқа түсу қиындығы тек грант санына емес, университет пен мамандыққа да тәуелді.

Дайындық курстары  

Мен жүргізген шағын сауалнамаға (мектебімдегі 11-сынып оқушылары арасында) қатысқан 48 түлектің 42-сі ҰБТ-ға қосымша дайындық курстарына немесе репетиторларға барып жүргенін айтты. Алайда барлық отбасының ақылы курсқа мүмкіндігі бола бермейді. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты М. Магеррамов:

«Мектептерде сапалы дайындықтың болмауынан ата-аналар жеке репетиторлар мен коммерциялық білім беру орталықтарының қызметіне жүгінуге мәжбүр. Бұл отбасыларға елеулі қаржылық салмақ түсіреді. Әсіресе, қосымша сабақтарға ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ аз қамтылған және көп балалы отбасылар осал жағдайда қалды», – деп атап өтті.

Бұл мәселе грантқа түсу мүмкіндігі әлеуметтік жағдайға тәуелді болмауы тиіс деген сұрақты көтереді.

Квота және жеңілдіктер

Мемлекет тарапынан белгілі бір санаттағы талапкерлерге квоталар қарастырылған: ауыл жастары, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және өңірлік мақсатты гранттар. Бұл – әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған тетік. Дегенмен, квота бойынша да конкурс бар екенін ескеру қажет.

Бәсеке неге күшейеді?

Бәсекенің күшеюінің үш негізгі себебі бар:

  1. Демографиялық өсім – мектеп бітірушілер саны жыл сайын артып келеді.
     

  2. Жоғары білімнің маңыздылығы – ата-аналар баласын міндетті түрде университетке түсіруге тырысады.
     

  3. Еңбек нарығының трендтері – IT, медицина, инженерия бағыттары жоғары табысты салалар ретінде қабылданады.
     

Сонымен қатар, қоғамда «грантқа түсу – табыстың жалғыз жолы» деген стереотип бар. Бұл да психологиялық қысымды арттырады.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, Қазақстанда грантқа түсу орташа есеппен мүмкін көрінгенімен, нақты сұранысқа ие мамандықтарда бәсеке өте жоғары. Грант саны артып жатыр, бірақ талапкерлер саны да жыл сайын өсуде. Демек, «грант көбейді» деген сөз бәсеке азайды дегенді білдірмейді. Мәселе грант санының аздығында ғана емес, талапкерлердің таңдау құрылымында және дайындық сапасында.

Шешім қандай?

– Мектеп деңгейінде сапалы дайындықты күшейту

– Ерте профориентация жүргізу

– Талапкерлерге нақты статистика негізінде кеңес беру

– Университеттер мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту

Грант – тек мүмкіндік. Бірақ сол мүмкіндікті пайдалану – талапкердің  саналы ойлауына, дайындық деңгейіне және дұрыс таңдауына байланысты. Бәсеке бар, бірақ ол еңбекті бағалайтын жүйе ретінде қарастырылуы тиіс.

 

Пайдаланылған ақпарат көздері:

  1. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, 2025 ж. ресми мәліметтері

  2. Ұлттық тестілеу орталығы, 2026 жылғы қаңтар ҰБТ нәтижелері

  3. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәлімдемелері



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)