Тәрбие дағдарысы: уақыт кінәлі ме, ата-ана ма?

Басты бет / Оқушыларға пайдалы / Тәрбие дағдарысы: уақыт кінәлі ме, ата-ана ма?

Қазір үлкендердің аузынан «Осы қазіргі жастар мүлдем басқа, үлкенді сыйламайды, бұзылып кетті» деген сыни сөздерді жиі естиміз. Олар бұған әлеуметтік желілерді, телефонды немесе «жаман заманды» кінәлағысы келіп тұрады. Автобуста немесе көшеде үлкен кісілердің жиналып алып, «біздің уақытымызда бұлай емес еді, біз үлкеннің алдын кесіп өтпейтінбіз» деп күрсініп отырғанын талай көрдім. Мұндай әңгімелер қазір трендке айналғандай. Бірақ мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Менің ойымша, қазіргі тәрбие дағдарысына уақыттың да, заманның да ешқандай кінәсі жоқ. Нағыз мәселе - өз жауапкершілігін уақытқа ысыра салатын ата-аналарда.

Күнделікті өмірден қарапайым ғана бір көріністі алайықшы. Автобуста, мейрамханада немесе қонақта кішкентай бала жылап, мазасызданса, қазіргі ата-аналар не істейді? Оны құшақтап, тыңдап, не болғанын сұрап жұбатудың орнына бірден қолына ютубтан мультфильм қосылған телефонды ұстата салады. Бала сусылдаған экранға қарап, тынышталады. Ата-анасы «уһ, әйтеуір тынышталды-ау» деп өз жұмысымен немесе таныстарымен әңгімесін айтып айналыса береді. Бір қарағанда бұл заманауи, өте ыңғайлы әдіс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл - бала мен ата-ана арасындағы шынайы байланыстың үзілуінің ең алғашқы баспалдағы. Осылай өскен бала есейе келе тіктоктан, инстаграмнан көрген нәрсесін шындық деп қабылдайды, өйткені оған үйде дұрыс пен бұрысты, жақсы мен жаманды түсіндірген ешкім жоқ.

Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне қарасақ, қазіргі таңда ата-аналар жұмыс бастылықтан өз балаларымен күніне орта есеппен тек 15-20 минут қана сапалы сөйлеседі екен. Ойлап қараңызшы, тұтас бір тәулікте, яғни 24 сағаттың ішінде балаға тек 15 минут қана уақыт бөлінеді! Сапалы сөйлесу дегеніміз - «бүгін мектепте неше алдың?» немесе «сабағың қалай?» деген құрғақ сұрақ емес. Бұл - баланың ішкі сезімін, оның қорқынышын, мектептегі достарымен қарым-қатынасын, арманын тыңдау. Қалған уақытта бәрі бір үйде, бір бөлмеде отырса да, әрқайсысы өз гаджетіне телміріп, виртуалды әлемде өмір сүреді. Үйде бір-бірімен сөйлеспейтін отбасылар өте көп. Сонда баланы кім тәрбиелеп жатыр: әке-шешесі ме, әлде интернет пе? Одан кейін барып «балам тіл алмайды, интернет оны бұзып жіберді» деп заманға өкпелеудің қандай қисыны бар?

Заманның өзгергені, технологияның күн санап дамығаны рас, одан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ интернеттегі ақпарат тасқынына тосқауыл қойып, баланың қай нәрсені көріп, қайсысынан жиренуі керектігін үйрету - ата-ананың тікелей міндеті. Егер отбасында жылылық, ашық диалог және шынайы махаббат болса, бала ешқашан тәрбиені көшеден немесе интернеттегі жат ағымдардан іздемейді. Үлкендер баланың тәрбиесімен айналыспайды да, ол бала ертең бір қателік жасаса, «осы уақыт қиын болып кетті» деп кінәні заманға жаба салады. Менің мектептегі достарымның арасында да ата-анасымен сырласа алмайтын, үйіне барғысы келмейтін балалар бар. Олардың бәрінің айтатыны бір: «Үйдегілер бәрібір мені тыңдамайды, оларға менің бағаларым ғана керек».

Менің сыни түйінім: заманды кінәлау - бұл ата-аналардың өз қателігін мойындағысы келмей, жауапкершіліктен қашуының ең оңай жолы. Уақыт ешқашан кінәлі болмайды, себебі уақытты адамдар өздері толтырады. Заман қандай болса да, жақсы адам болып қалу өз қолымызда. Нағыз тәрбие - қандай заман болса да, жұмыстан шаршап келсе де, балаға уақыт тауып, оның жүрегіне жол табудан басталады. Сондықтан тәрбие дағдарысына уақыт емес, баласына уақыт бөлмейтін ата-ана кінәлі.

 



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)