Мұғалімдік жолымда талай оқушыны тәрбиеледім. Әрқайсысы – бір тағдыр, бір әлем. Бірақ 11-сыныптағы сыныбымда оқыған Мұхаммед есімді оқушы есімнен ешқашан шықпайды.
Мұхаммед – ақкөңіл, ашық мінезді, бірақ еркелеу болатын. Сабаққа кешігіп келетін кездері де болды, үй тапсырмасын орындамай келетін сәттері де аз емес еді. «Оқуға құлқы жоқ» деп ренжіген күндерім болды. Бірақ оның жүрегінің таза екенін сезетінмін. Кейде әзілдеп күлдіріп жіберетін, кейде айтқан ескертуімді үнсіз тыңдап, басын изейтін.
11-сыныпты бітірген соң ата-анасы оны бірден әскерге жіберді. Мектептің ауласы да, сынып бөлмесі де бұрынғыдай емес еді. Әр оқушы өз жолымен кеткенде, мұғалімнің жүрегінде бір бос орын қалатынын сол кезде тағы сезіндім.
Бір күні кешкісін телефоным шырылдады. Нөмірі таныс емес.
– Апай, сәлеметсіз бе?
Даусын бірден таныдым.
– Мұхаммедсің бе?
– Иә, апай. Мен қазір сарбазбын. Әскердемін. Сізге арнайы хабарласқым келді.
Бір сәт үнсіз қалдым. Кеше ғана сабаққа кешігіп келетін бала бүгінде Отан алдында борышын өтеп жүрген азаматқа айналғанына сенер-сенбесімді білмедім.
– Қалайсың, балам? – дедім.
– Жақсымын, апай. Басында қиын болды. Бірақ қазір үйреніп келемін. Осында жүріп мектептегі сөздеріңіз жиі есіме түседі. «Ер азамат жауапкершіліктен қашпайды» деп айтушы едіңіз ғой. Сол сөздеріңіз маған күш береді.
Осы сөздерді естігенде көзіме еріксіз жас келді. Мұғалім кейде өзінің қарапайым ғана айтқан сөзінің оқушы жүрегінде ұзақ сақталатынын аңғармайды екен.
Телефонның ар жағындағы дауыс бұрынғы ерке баланың дауысы емес еді. Ол өмірдің мектебінен өтіп, жауапкершілікті сезіне бастаған азаматтың дауысы болатын.
Әңгімеміздің соңында Мұхаммед:
– Апай, мені ұмытпағаныңызға рақмет. Сіз бізге тек сабақ үйреткен жоқсыз, өмірді де үйреттіңіз. Әскерден аман-есен оралған соң міндетті түрде мектепке келіп, сізбен кездесемін, – деді.
Телефон тұтқасын қойғаннан кейін ұзақ ойға баттым. Біз мұғалімдер кейде еңбегіміздің нәтижесін бірден көре алмаймыз. Бірақ жылдар өткен соң күтпеген бір қоңырау, бір ауыз алғыс немесе бір оқушының өзгерген өмірі біздің еңбегіміздің ешқашан зая кетпегенін дәлелдейді.
Сол кеште мен тағы бір шындықты түсіндім: оқушы мектептен кетеді, бірақ ұстаздың жүрегінен ешқашан кетпейді. Ал ұстаздың жүректен шыққан тәрбиесі оқушыны өмірдің қай жолында болса да бірге жетелейді.

- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі