Біздің сықақтарымыз оқушы жұртшылыққа қуыстар мен бұрыштар, түкпірлер мен үңгірлер арқылы тарайтын секілді.
Олай дейтінім республикамызда шығатын әрбір газет, журналдың сықақ үшін арналған бір қол сүртім орны бар. Ол орынға өздері сықақтық мінезіне осы лайық болар деп, «Сықақ бұрышы», «Сықақ қуысы», «Сықақ түкпірі», «Сықақ үңгірі», «Сыпырғыш», «Ошаған», «Қашаған», «Найза», «Мылтық», «Қылыш», «Зеңбірек», «Топан су», «Ақырзаман», «Әзәзіл», «Әзірейіл», «Мұңкір-нәңкүр» деп ат қойған.
Міне, осы аталғандардың (біразы менің кінәмнан артық аталып кетіпті. - О.Ә.) ішінде сықақты үзбей үнемі үдете жариялап отыратын атышулы (жақсы деген мағынада) журналымыз «Мәдениет және тұрмыстың» «Ошаған» бөлімі. Мұнда бүгін әкелген сықақ ертең емес, кеше шығып жатады.
Сосын сықақты тоқтатпай қой тоғытқандай топырлатып жариялап тұратын сатириктердің трибунасы секілді жұртқа әйгілі бір орын бар. Ол қазақ радиосының әдебиет драма редакциясынан ай сайын шығып тұратын «Қалақай» атты сатиралық журнал.
Ал осы радиомен іргелес Қазақ телевизиясы сықақ көрсе жын көргендей болады. Біздің сықақшыларды олар бара қалса «көсені үйге кіргізбе...» деген ұранмен Алматыға аялдатпай, ұзатып Нарынқолға дейін қуады. Мынадай диалог:
Автор. Сықақ әкеліп едім...
Телевизия редакторы (оқып көріп). Бастықтарға тиетін секілді.
Автор. Шырағым-ау, бұл мысал мен бастықтарыңның арасы «жер мен көктей» емес пе? Бұл «Жапалақ» деген мысал. Ал, сенің бастығың жапалақ емес қой бір жақсы жері. Сосын өзің қай бастықты айтып отырсың? Өзіңнің осындағы бастығың ба, жоқ бастықтарыңның бастығы ма?
Телевизия редакторы (әзілдеп). Бастық көп қой дүниеде (пауза). Сен құдайды, жын-шайтанды, періні, молдаларды жамандап жазсаңшы. Бізде солар тез кетеді.
Міне, көріп отырсыздар, оларға молда, жын-шайтан, пері керек. Ал басқа тақырыптағы мысал-сықақтың бәрін олар «бастықтарға тиетін секілді» деген себеппен өзіңе қайтарып береді. Ал сосын үйге келіп телевизор қарайсың. Москваның пленкаға түсірген пленкаларын береді. О, сықақ! Удай сықақтар. Жанарыңнан шошытады. Рахат! «Үлкендер үшін мультфильм», «Бүкілодақтық «Фитиль» атты сатиралық киножурнал». Бұлар мынау бастық, мынау бағынышты, мынау молда, мынау жын деп бөліп жатпайды, - шетінен сойып шығады. Москва осылай сабап жатқанда Алматының несі бар екеніне түсіне алмай қойдық.
Ал «Жұлдыз» деген «Қазақ әдебиетіне» қарағанда талыстай кітап қой. Осы журналдың номер сайын сатираға 4-5 бет арнап тұратын жөні бар еді. «Жұлдызға» екі-үш ай аралап сықақ шығады, оның өзі соңғы сонау беттер редколлегия мүшелерімен араласып жүреді. Сол бір шумақ-жарым шумақ сықақ өлеңнің үстінде «Жұлдыздың» найзасы» деген рубрика тұрады. Ұя секілді.
Ал «Жұлдыздың» соңғы төрт-бес бетінде сықақ әңгіме, өлең, эпиграмма, пародия, этюд, ел аузынан дегендердің бәрі жүрсе қандай жарасып тұрар еді. Осыны бір ойласа Сырағаң (Мәуленов) ойлайды деуші едік, енді міне соны Сырағаң да ойламай отырған секілді.
Сатираға назар жоқ, қамқор жоқ, туған-туысқан жоқ деп «жылап» отырғаным осы.
Қандай өлең болмасын, өлең «көз жасы». Ал «көз жасын» бағалай керек.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі