І
Ерте кезде Жетісу жерінде бір бағбан шал өмір сүріпті. Шалдың баласы болмапты. Жертөлесінің қасына өзі еккен кішкене ғана алма бағынан басқа түгі жоқ екен. Кемпірімен екеуі ертеден кешке дейін алма ағаштарын баптап, одан түскен өнімді қорек етіп, күн көріпті.
Көрші үйлердің балалары қолдары бос уақыттарында шалға көмектесіп, қолғабыс беріп жүріпті. Шал оларға піскен кезінде нарттай қызыл алма, уылжыған алмұрт сыйлапты.
Базар дейтін жалқау бала қатар-құрбыларына қосылмай, ыңғай шеттеп, оқшау жүреді екен. Басқа балалар шалдың бау-бақшасын күтіскенде, Базар айдаладағы бұтаның түбінде қорылдап ұйықтап жатады. Басқа балалар шамалары келгенше әке-шешелеріне болысып, еңбек етіп жатқанда, ол тамақ ішуден, ұйқыдан басқаға мойын бұрмай, көзге шыққан сүйелдей жеккөрінішті болады.
Базардың бұл мінезі балаларға ұнамайды. Бір күні бағбан шал үйінің көлеңкесінде ұйықтап жатқан Базарды оятып, қолынан ұстап тұрып:
– Тамақтың қандайы дəмді болады? Оны білесің бе? – деп сұрайды.
Шалдың сұрағына таңданған Базар біраз бөгеліп тұрып, жауап береді:
– Жақсы пісірілген тамақтың бəрі де дəмді болады.
– Бекер айтасың, Базар, – дейді шал, – қанша жақсы болғанмен, тамақтың бəрі бірдей дəмді бола бермейді.
– Мұныңызға түсінбей тұрмын, ата, – дейді Базар ыңғайсызданып.
– Оған түсінгің келсе, ұйқыңды аш, балам. Бір реті келгенде айтармын, – дейді де, шал өз жөніне кете барады.
ІІ
Алманың пісетін мезгілі таянып келе жатады. Қуқыл түсті көкшіл алмалардың бетіне шиедей қан жүгіре бастайды. Базар піскен алмаларды алып жегісі келіп, сырттан сығалап жүреді.
– Алма пісе ме? – деп сұрайды Базар бір күні құрбысынан.
– Мезгілі жеткенде, əрине, піседі.
– Піскен кезде өзі келіп ауызға түсе ме?
– Онысын білмеймін. Бəлкім, сенің аузыңа түсер, байқап көр, – дейді құрбысы қасақана.
Құрбысының бұл сөзі өзінің ойымен қабыса кеткен соң, Базар қуанғанынан күліп жібереді. Базар содан кейін шалдың бағындағы алмасы көп бір биік ағашты белгілеп алады да, күн сайын іңір қараңғылығында барып, соның қасында мөлиіп тұратын болады. Шал оны білсе де, білмегенсіп, күркесінде жата береді. Осылайша күндер өтіп жатады. Алмалар əбден балбырап піскен кезде, шал шетінен үзіп алып, жинай бастайды.
Алма ағашының түбінде аузы аңқиып, көкке қарап тұрған Базарға қария:
– Сен, бала, менің бағыма күн сайын неге келе бересің? – дейді.
Базар сасып қалады.
– Ең болмаса, бір алма үзіліп, аузыма түспес пе екен деп, үміттеніп келіп жүрмін.
Сөйтіп тұрғанда, бір нарттай қызыл алма үзіліп жерге түседі де, домалап кетеді. Сонда шал алманы жерден көтеріп алып, Базарға береді:
– «Алма, піс, аузыма түс» деп, қарап отыруға болмайды, балам. Дүниеде еңбекпен тапқан тамақтан дəмді тамақ жоқ, – дейді. Содан былай Базар тамақты өз еңбегімен тауып, əке-шешесін асырауға уəде береді.

- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Салтанат Айдарбекова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі