Бір кітап қоғамның ойын өзгерте ала ма?

    Бір адамның жазған кітабы тұтас қоғамның көзқарасына әсер ете ала ма? Бір қарағанда, бұл мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда тарихта белгілі бір шығарманың қоғамдық ойға ықпал етіп, адамдарды білімге, өзгеріске және әрекетке үндеген мысалдар аз емес. Қазақ тарихындағы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» жинағы — соның бірі. Кітап 1909 жылы Уфадағы «Шарқ» баспасынан жарық көрді. Жинақта қазақ қоғамының сол кезеңдегі жағдайы, оқу-ағартудың маңызы, елдің болашағы мен әлеуметтік мәселелері көтерілді. Шығарма оқырман арасында кең таралып, Міржақып Дулатұлының патша билігінің бақылауына алынуына себеп болды. 

1911 жылы «Оян, қазақ!» қайта басылып шықты. Сол жылы патша билігі кітаптың таралуына тыйым салып, оның таралымын тәркілеуге шешім қабылдады. Міржақып Дулатұлы да қудалауға ұшырап, Семейде тұтқындалды. 

Бұл жағдайдың өзі кітаптың сол кезеңдегі қоғамдық маңызын аңғартады. Себебі шығарма тек әдеби туынды ретінде қабылданбай, халықтың әлеуметтік және ұлттық санасына ықпал ететін еңбек ретінде бағаланды. Кітаптың күші оның көлемінде емес, оқырманға ой салуында. Бір адамның көзқарасын өзгерткен идея оның айналасындағы адамдарға әсер етуі мүмкін. 

«Оян, қазақ!» тарихы кітаптың құндылығы оның қанша адамға бірден жеткенімен ғана өлшенбейтінін көрсетеді. Кейде бір шығарма белгілі бір дәуірдің сұрағына жауап беріп, кейінгі ұрпаққа жететін идея қалдырады.

Journiverse халықаралық журналистика мектебінің оқушысы: Болат Инабат


Ұқсас тақырыптар

 Болат Инабат
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)