Қорықпа,мен жаныңдамын...
2014 жыл,18 қаңтар.Бұл күннің болғанына он екі жылға жуық уақыт өтсе де,сол бір қаңтардың суық күні бала көңілімде әлі күнге дейін сақтаулы.Ол кезде мен бес жаста едім.Әлемді енді танып,әр нәрсеге таңырқап,кішкентай ғана дүниеммен өмір сүріп жүрген кезім.Мен ата-анамның ерке кенже қызы едім.Менен екі жас үлкен Аружан деген апатайым бар.Екеуміз бірге өсіп келе жатқандықтан,қайда барсақ та бірге баратынбыз.Бірге ойнайтынбыз,бірге күлетінбіз,бірге тамақ ішетінбіз.Тіпті бірдей киім киіп,егіздер секілді айырылмай жүретінбіз.Алайда сол күні бәрі әдеттегіден өзгеше болды.Апатайым бірінші сыныпта оқитын.Анам география пәнінің мұғалімі еді.Ал мен балабақшаға баратынмын.Сенбі,жексенбі күндері балабақша демалыста болатын.Әдетте сол күні анам мені де өзімен бірге мектепке алып баратын.Бірақ сол күні мен үйде қалғым келді.—Мен үйде мультфильм көріп отырамын.Тыныш отырамын, анашым.Сіз сабағыңызды бара беріңіз—деп анамды көндірдім.Шынымды айтсам,ішімде кішкене қорқыныш болды.Себебі бұған дейін үйде жалғыз қалып көрмеген едім.Анам да кенже қызын жалғыз қалдыруға алаңдады.Бірақ менің үйде тыныш отыратыныма көзі жеткен соң,маңдайымнан сүйіп:—Жақсы,мен мектепке барып келемін.Есікті жауып отыр—деп шығып кетті.Үйде жалғыз қалдым.Алғашында айналам тым тыныш болып көрінді.Бірақ көп ұзамай мультфильмнің қызығына кіріп кеттім.Үйдің ішін анам жаңа ғана пісірген бәліштің жұпар иісі алып тұрды.Сол иіс пен мультфильмнің дауысы бойымдағы қорқынышты басып,өзімді еркін сезіне бастадым.Бір кезде есіме бір нәрсе түсті.Есікті ілмеппін.Жүрегім зу ете қалды.Егер есіктің алдына біреу келсе ше? Біреу кіріп кетсе ше?Енді не істеймін?-деген бес жастағы баланың ойына небір нәрсе келеді екен.Ауылда бәрі бір-бірін танитын,ешкімнің ешкімге зияны жоқ екенін білсем де,сол сәтте қорқыныш бәрін ұмыттырды.Ақыры есікті жабуға бел будым.Есікке жақындай бергенімде,сырттан біртүрлі қышырлаған дыбыс естілді.Мән бермеуге тырыстым.Есікті жауып,қайта орныма отырайын дегенімде,әлгі дыбыс тағы естілді.Бұл жолы анықтау еді.Жүрегім аузыма тығылды.Сол сәтте менің бар ойым-анама жету болды.Қорыққаным сонша,сыртқы киімімді киюді де ұмытып кетіппін.Есікті қалай бар,солай қалдырып,мектепке қарай жүгіріп жөнелдім.Далада қар жауып тұрды.Ауа суық.Бірақ менің бар ойым—анама тезірек жету.Мектепке келгенде,ішке кіруге жүрексіндім.Апайлар ұрсады,Неге келдің?-деп сұрайды деп ойладым.Сондықтан мектеп алдындағы орындыққа барып отырдым.Мені көрген мұғалімдер ішке шақырды.Бірақ мен кірмедім.Бір кезде менің мектепке келгенімді анама бір жан айтқан екен.Анам жалма-жан сыртқа шықты.Мені көргенде үстімнің қардан су болып қалғанын байқап,ештеңе сұрамай-ақ сырт киімін шешіп,үстіме кигізді.Мен анама болған жағдайдың бәрін айтып бердім.Сол кезде анам маған ұрысқан жоқ.Керісінше,күлімсіреп қарап,басымнан сипады.—Ештеңе етпейді.Қорықпа.Мен жаныңдамын—деді.Осы сөздер сол кездегі бес жасар бала үшін үлкен жұбаныш еді.Анамның сол күні сабақтары әлі бар болатын.Соған қарамастан,мені жалғыз жібермей,үйге бірге қайтты.Үйге келген соң,әлгі қышырлаған дыбыстың не екенін бірге іздедік.Сөйтсек...Есіктің сыртында қоңыр ит жүр екен.Қыстың суығында далада қалып,үйге кіре алмай,есіктің түбіндегі жерді қазып жатқан екен.Мен оны көргенде әрі ұялдым,әрі күлдім.Бірнеше минут бұрын ғана мен үшін қорқынышты болып көрінген дыбыстың артында осындай қарапайым нәрсе тұрған екен.Анам да күліп жіберді.Сосын менің үстімнің су болғанын көріп,киімдерімді кептіріп,мені қайтадан өзімен бірге мектепке алып кетті.Сол күннен бері қанша жыл өтсе де,сол оқиға есімде.Бала кезімде мені қорқытқан нәрсе—есік сыртындағы дыбыс сияқты көрінген еді.Ал қазір ойласам,сол сәтте мені мазалағаны—жалғыздық екен.Ал сол жалғыздықты бір ғана адамның келуі бірден сейілтті.Анамның.Сол оқиғадан бері он екі жыл өтті.Мен де өстім.Қазір менен сегіз жылдан кейін дүниеге келген кішкентай інім бар.Үйдің кенжесі қазір—сол.Інім дүниеге келген соң,үйдегі ең кішкентай бала өзгергендей болды.Бірақ ата-анамның маған деген қамқорлығы өзгерген жоқ.Кейде анам мені әлі де баяғы бес жасар қызындай көріп:—Менің кішкентай Ақбөкенім— деп еркелетеді.Осы сөзді естіген сайын еріксіз күлімсіреймін.Өйткені мен қазір есейіп,өз алдыма мақсат қойып,болашағымды ойлап жүргеніммен,анам мен әкемнің көзінде баяғы кішкентай қыз болып қала берген сияқтымын.Інім қазір үйдің кішкентайы.Бірақ ата-анамның жүрегіндегі "кішкентай Ақбөкен"-деген орным өзгермепті.Осыны түсінген сайын,анамның баяғы бір сөзінің мәні тереңдей түседі.Қорықпа, мен жаныңдамын...Бәлкім, бұл сөзді анам сол күні мені ғана жұбату үшін айтқан шығар.Ал мен үшін ол сөз балалық шағымнан қалған ең жылы естелікке айналды.Қазір інімнің еркелеп жүргенін көргенде,өз балалығым да есіме түседі.Бір кездері мен де анамның жанынан шықпайтынмын.Енді үйдегі кішкентайдың орны оған берілгеніммен,анамның жүрегіндегі менің орным өзгермеген.Сонда түсінгенім—ана үшін баласының жасы өспейді екен.Бала есейеді,өз жолын табады,үлкен армандар қуады.Бірақ анасының жүрегінде ол маңдайынан сипап,қорғаштағысы келетін сол баяғы баласы болып қала береді.Сол қаңтардың суық күнінде мен анамның мейірімін алғаш рет осыншалық анық сезінген шығармын.Ал бүгін сол мейірімнің жылдар өтсе де өзгермегенін түсінемін.Бір кезде есік сыртындағы дыбыстан қорыққан бес жасар ерке қыз едім.Қазір есейсем де,сол қыздың жүрегіндегі бір нәрсе өзгермепті:анамның жанында екеніне деген сенім.Кейбір балалық шақ оқиғалары уақыт өте ұмытылады.Ал анаңның бір ауыз сөзі жүректе ұзақ сақталады.Менің жүрегімде қалған сөз— Қорықпа,мен жаныңдамын...

- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі