Қаржылық сауаттылық неден басталады: ақшаны табу ма, әлде оны басқару ма?
Қазіргі таңда ақша табу ғана емес, оны дұрыс жұмсай білу де маңызды дағдыға айналды. Күнделікті өмірде азық-түлікке, жолақыға, киім-кешекке, баспана мен білімге жұмсалатын шығындар аз емес. Оған қоса, түрлі жеңілдіктер, бөліп төлеу ұсыныстары мен онлайн сауда да адамдардың қаражатын жоспарсыз жұмсауына әкеліп соғады. Осындай жағдайда қаржылық сауаттылықтың маңызы арта түседі. Дегенмен көпшілік қаржылық тұрақтылықты жоғары табыспен байланыстырады. Шын мәнінде, ақша табу мен оны басқару өзара тығыз байланысты болғанымен, әрқайсысы жеке дағдыларды талап етеді. Қаржылық сауаттылық адамның ақшаға қатысты шешімдерді қаншалықты саналы қабылдайтынынан көрінеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) қаржылық сауаттылықты қаржыға қатысты білім, дағды мен мінез-құлықтың дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін жиынтығы ретінде қарастырады. Яғни қаржылай сауатты адам ақшасын қайда жұмсайтынын ғана емес, қандай шығыннан бас тартуға болатынын, қашан ақша жинау керектігін және несие алудың қаншалықты тиімді екенін де бағалай біледі.
Мысалы, ай сайын 52 372 теңге шәкіртақы алатын студенттің күнделікті шығындарын қарастырайық. Оның қаражаты тамаққа, жолақыға, оқу құралдарына және жеке қажеттіліктеріне жұмсалады. Егер студент айлық бюджетін алдын ала жоспарламаса, күтпеген шығындар туындаған кезде қаражат тапшылығына ұшырауы мүмкін. Ал кірісі мен шығынын жүйелі түрде есептеп отырса, маңызды қажеттіліктеріне қаржы бөлуге мүмкіндік алады.
Осы тұста Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Экономика және туризм жоғары мектебінің 3-курс студенті Тынышбай Назым қаржыны дұрыс басқару тәсілдері туралы айтып берді. «Мен ай сайынғы кірісімді алдын ала жоспарлап, ақшамды бірнеше бөлікке бөліп қоямын. Стипендия алған сайын қаражатымды қажеттіліктеріме қарай бөлемін. Ең алдымен, тамаққа ақша қалдырамын, өйткені бұл – мен үшін ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Оған шамамен 20 000 теңге бөлемін. Одан кейін жолақы мен күнделікті шығындарыма қажетті соманы жоспарлаймын. Сонымен қатар ақша жинауға да тырысамын. Ай сайын депозитке 5 000 теңге салып, күтпеген жағдайларға арналған қаржылық қорым үшін тағы 10 000 теңге жинаймын. Бұл қорды өзімнің қаржылық қауіпсіздік жастығым деп есептеймін. Қалған ақшамды киім сатып алуға, қыздармен бірге қыдыруға және басқа да жеке қажеттіліктеріме жұмсаймын. Осылайша, ай сайынғы кірісімді тиімді пайдалануға және шығындарымды бақылауда ұстауға тырысамын», – дейді Назым.
Студенттің тәжірибесінен қаржыны басқару үшін кірісті алдын ала бөліп, жинақ қалыптастырудың маңызын байқауға болады. Мұндай әдеттер адамның қаржылық тұрақтылығын нығайтуға көмектеседі. Мәселенің өзектілігін ресми деректер де көрсетеді. Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, қаржылық сауаттылықтың жиынтық индексі 2023 жылғы 40,5%-дан 2025 жылы 42%-ға дейін өскен. Көрсеткіштің артуы оң өзгерісті аңғартқанымен, қаржылық білімді жетілдіру қажеттігін де көрсетеді. Өйткені қаржылық сауаттылық күнделікті шығындарды жоспарлаумен қатар, жинақ қалыптастыру, несие шарттарын бағалау және қаражатқа қатысты тәуекелдерді түсіну қабілетін де қамтиды.
Қаржыны дұрыс басқарудың тағы бір маңызды қыры – жеке қаражатты алаяқтардан қорғау. Қаржылық және цифрлық қауіпсіздік ережелерін білмеу адамды түрлі алаяқтық әрекеттер алдында осал етуі мүмкін. Мәселен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2023 жылғы зерттеуінде 18–29 жас аралығындағы сауалнамаға қатысушылардың 23,1%-ы алаяқтардың құрбаны болғаны көрсетілген. Ал Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы елде 22 870 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында мұндай қылмыстардан 17 909 адам зардап шеккен. Олардың арасында 1131 зейнеткер мен 50 кәмелетке толмаған жасөспірімдер бар. Бұл дерек жастар арасында да қаржылық қауіпсіздік мәселесіне назар аудару қажеттігін аңғартады. Алаяқтық тәуекелдерін азайту үшін банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармау маңызды. Сонымен қатар несие немесе бөліп төлеу рәсімдемес бұрын келісімшарт талаптарын мұқият оқып, пайыздық мөлшерлемені, қосымша комиссияларды және қайтарылатын жалпы соманы есептеген жөн. Мұндай сақтық қаржылық шешімдерді саналы қабылдауға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, қаржылық сауаттылық – адамның өз қаражатына жауапкершілікпен қарап, болашағын жоспарлай білуі. Ол күнделікті қажеттіліктерді өтеумен шектелмей, күтпеген шығындарға дайын болуға, қарыздық тәуекелдерді бағалауға және жеке қаражатты қорғауға көмектеседі. Сондықтан ақшаны жоспарлау мен жинақтауды ерте жастан әдетке айналдырған жөн. Себебі қаржылық тұрақтылық тек қанша ақша табатынымызға емес, оны қалай басқаратынымызға да байланысты.

- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі