Блокчейн – ақпаратты қамтитын белгілі бір ереже бойынша құрылған үзілмейтін жүйелі біріктірілген тізім. Блоктар тек сандармен ғана емес, әрбір блоктың жеке хеш-суммасы болуымен де байланысады. Блокқа өзгерту енгізу үшін келесі блоктарды да өзгерту керек болады. Әдетте блок тізбектерінің көшірмелері көптеген бір-бірінен тәуелсіз компьютерлерде сақталады. Бұл блоктарға енгізілген ақпаратты өзгертуде қиындық туғызады.
«Биткойн» жүйесі 2008 жылы блокчейн әдісінің ең алғаш қолданылған ортасы болды. Қазіргі уақытта блокчейн қаржылық операциялар, пайдаланушыны сәйкестендіру және киберқауіпсіздік салаларының қолданыс аясына ене бастады. Бұл технологияға банк мекемелері және мемлекеттік ұйымдар қызығушылық танытып жатыр.
Транзакциялар блогы – Биткойн және осыған ұқсас өзге де жүйелерде транзакциялар тобын жазуға арналған арнайы құрылым. Жасалған транзакция оның форматы мен қолтаңбасы тексеріліп, блокқа өзге де транзакциялармен бірге енгізілгенде ғана аяқталған және сенімді болып есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, блокчейн – сіз, сіздің жасаған мәмілелеріңіз, транзакциялар, барлық келісімдер мен әрекеттеріңіз туралы толық және шынайы ақпаратты қамтитын жүйе. Қазіргі жүйелермен салыстырсақ, бұл жеке адамдар туралы барлық ақпарат бар уикипедия сияқты. Сіз өзіңіз келісім жасағалы отырған кез-келген адам туралы мәліметті осы жерден таба аласыз.
Блокчейнді әлемдік экономикаға енгізудің ең басты мақсаттары:
Тұлғалар арасындағы белгісіздіктен арылу. Мысалы, сіз белгілі бір сатушыдан ұялы телефон сатып алғыңыз келді делік. Сіз ол адамға толығымен сенім арту үшін блокчейн арқылы ол туралы барлық ақпаратты, мемлекетпен берілген куәліктерін, сертификаттарын, бұған дейін жасаған сатылымдары мен мәмілелерін, сатушы жайлы пікірлерді көре аласыз. Сонымен қатар, сіз әрекеттесуде толық ашықтыққа қол жеткізе аласыз. Сатып алған зат қолыңызға тигенше, ол дәл сіз қалаған зат екенін және оның сізге дейін жүріп өтетін жолын біле аласыз. Бұл тек смартфон және де өзге материалдық заттарға ғана емес, әр түрлі құжаттарға да қатысты болуы мүмкін.
Дәстүрлі институттардан құтылу. Жеткілікті дәрежеде дамыған заманға дейін экономика әлемінде адамдар арасындағы белгісіздікті азайту үшін сауда институттары өмір сүріп келді. Бұл сауда институттарының құрылуын ең алғаш қолдаған Дуглас Норт болған. Ең алғашқы кезеңдерде сауда жасау формалды емес ережелер арқылы жүрген. Бірақ ол кезеңде біз сауданы күш көрсету немесе әлеуметтік нұсқаулар арқылы жасадық. Кейіннен валюталық банктер, үкімет және корпорациялар тәрізді формалды институттар пайда бола бастады. Қазіргі уақытта біз әдетте Amazon, eBay, Alibaba тәрізді сауда платформалары бар онлайн институттарды пайладанамыз. Блокчейн осы сауда институттарының көмегінсіз сенімді сауда қатынастарын құруға көмектеседі. Яғни, сауда институттарының келешекте қажеті болмайды.
Блокчейнді зерттеген бірнеше ғалымдар оның жағымды жақтарымен қатар зиянды және тиімсіз жақтарын да атап өтті. SWIFT халықаралық банкаралық ақпарат беру және қаржылық операциялар жүйесі банктік ортадағы блоктар тізбегін қолданудағы дүрлікпеге байланысты реалистік емес болжамдардың қауіпі туралы мәлімдеді. Америкалық экономист Нуриэль Рубини Интернетті ортақ қолжетімді еткен TCP/IP және HTML сияқты бұл технологияның соңғы он жылда ортақ және әмбебап құрылымдары пайда болмағанын айтып, блокчейнді сынға алды. Экономистің ойы бойынша, делдалдарсыз жекеленген транзакциялар құруға уәде беру «күдікті, утопиялық арман» болып қала береді.
Қытай ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясы (CAICT) жақында блокчейн жобаларын зерттеуді аяқтап, олардың 92%-ы сәтсіз аяқталатынын, ал оны іске асырудың орташа мерзімі 1, 22 жыл екенін көрсетті.
Әлемдік экономикаға өзгеріс енгізу – күрделі де ауқымды мәселе, бұл үлкен жауапкершілік пен ұзақ уақытты талап етеді. Экономиканың ілгерілеуі немесе кейін жылжуы қазіргі уақыттағы жаңашылдықтарға байланысты. Дегенмен, кез-келген жаңашылдық міндетті түрде прогресс алып келеді деп сеніммен айту қиын. Тексерілген, толық зерттелген жаңа жүйе ғана әлем экономикасын армандағы шыңдарға жеткізе алады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі