Өлең, жыр, ақындар

Көз линзасымен ұйықтау қауіпті ме?

Көз линзасын тағатындар оны тағып ұйықтауға болмайтыны жайлы жиі естиді. Алайда кейде оны шешпей ұйықтайтын жағдайлар болады. Немесе досыңыздың үйінде түнеп қалатын жағдай болды делік, онда линзаға арналған контейнер мен сұйықтығы бола бермейді, ал кейде ұйықтап кетеміз. Бір қарағанда қауіп те жоқ сияқты, алайда қараша айында Huffingtonpost басылымы линзамен ұйықтап қалған ер адамның соқыр болып қалғаны жайлы жаңалық таратты.

Көздің мүйізгек қабығының оттегіні ауадан ғана алатыны белгілі. Линзаны таққаныңызда оттегі көзіңізге түспейді әрі оттегі азайып кетеді. Лос-Анджелесте тұратын медицина ғылымдарының докторы, хирург-офтальмолог Кэрри Ассильдің (Assil Eye Institute институтынан) айтуынша, линзамен ұйықтағаныңызда оттегінің жетіспеушілігі қатерлі деңгейге дейін жетуі мүмкін.

Оттегінің жетіспеушілігі салдарынан көздің мүйізгек қабығы ісінеді, бұл өз кезегінде эрозияға ұшыратады. Ал эрозия, америкалық офтальмология академиясының ғалымы, медицина ғылымдарының докторы Томас Штайнеманның (Thomas Steinemann) айтуынша, бактериялардың еніп кету қатерін жеті есеге ұлғайтады. Көздің өзге ағза мүшелеріндегідей иммунитетінің жоқтығынан инфекция өте жылдам тарайды.

Оның үстіне сіздің линзаларыңыз, Колумбия университетінің офтальмология профессоры Джейм Оранның (James Auran) айтуынша, Петри тостағанының нақ өзі. 

Ал 15 минуттай линзамен мызғып алу қатерлі емес шығар?

Доктор Ассиль 15 минут линзамен мызғып алудың өзін орыс рулеткасына немесе мина қойылған далада серуен құруға теңейді. Мүйізгек қабығының ісінуі көзіңіз линзамен жабылып тұрған сәттен басталады екен. Қаншалықты линзамен көп ұйықтасаңыз, соншалықты қатерге бас тігесіз.  

Көз линзасымен ұйықтау ұзақ уақыт бойы зиянын тигізеді. Біз көзді жылына шамамен 3 000 000 рет ашып-жұмамыз, линзамен көзімізді әр ашып-жұмған сайын көздің шырышты қабығын қажаймыз. Шырышты қабық қажетті майланатын сұйықтықтың аздығынан күстене бастайды. Енді бұған линзамен ұйықтаудан алатын зияныңызды қосыңыз, осылайша мәселені ушықтыра түсесіз. Ал егер сіздің көзіңіз құрғақтанудан аллергиялық реакцияларға ұшырайтын болса, линзамен ұйықтау төзбеушілікке әкеп соғады, сөйтіп сіз көз линзаларын ешқашан таға алмай қаласыз.

Қорытынды

Ұйықтар алдында линзаны шешуге 30 секундыңызды қиыңыз немесе силикон-гидрогель линзаларын сатып алыңыз, бұл линзаны сатып алсаңыз, онда оны күндіз-түні тағып жүре беруге болатыны жазылғанын байқайсыз. Ал егер белгілі бір жағдайлармен линзамен ұйықтап қалсаңыз (ұшақ ішінде, ойда жоқта ұйықтап кету) ұйықтар алдында көзіңізге дымқылдатқыш тамшыларын тамызыңыз, ал ұйқыдан кейін көп мөлшерде тағы да тамызыңыз. Тамшыны тамызудан бұрын линзаны шешіп тастаудан аулақ болыңыз, себебі онсыз да бүлінген көзіңіздің қабығын зақымдауыңыз мүмкін.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз