Өлең, жыр, ақындар

Оққа байланған жауынгер

Мектептегі мұғалімдік жұмысының алғашқы жылы еді. Бірде мектептің тәрбие завучы бұған: "Жүр, екеуміз класта өткелі жатқан кездесуге барып, қатысып қайтайық", — деді.

Тәрбие завучы жасы үлкен кісі еді. Мұның мектептегі оқушы кезінде осы саланы басқаратын. Сондықтан ба келе жатып: "Енді осындай іс-шаралардан қалма, араласып тұр", — деді.

Кездесу соғысқа қатысқан кісілермен болғалы жатыр еді. Осындай сыныптан тыс іс-шараларды тәрбие завучы белгілейтін. Сынып жетекшілерге тапсырмалар береді. Өзі өтіліп жатқан іс-шараларға қатысып отырады.

Соғысқа қатысқан кісілер мұның бала кезіндегідей емес, саусақпен санарлық болып азайып қалған еді. Қазір ол кісілер де өмірден өтіп кеткен. Оның үстіне дәл осы кезде бұл тақырып бұрынғыдай емес, маңызын жоғалта бастаған еді. Осы жағдайға байланысты болу керек, бұл кейінірек осы тақырыпқа арнап өлең жазып, оны ән салатын өнері бар шәкірт қызға бұрыннан белгілі бір патриоттық әуенге салып айтуға бергені бар. Ауылдарында сазгер жігіт бар-тын. Мәдениет Үйін басқарады. Сол жігіт әлгі өлеңді шәкірт қыздың қолынан көріп, бұған: "Мен бұған ән шығарайын", — деді. Бұл жігіт осының алдында ғана мұның өлеңіне "Қожабақы мектебінің вальсі" әнін шығарған еді. Енді "Қожабақы боздақтары" әні шықты.

Тәрбие завучы екеуі келген сыныпта соғысқа қатысқан екі қарт кісі отырды. Қарт кісілердің бірі туралы бұған тәрбие завучы: "Құлағы тосаңдау естиді. Контузиядан болған дейді. Көп сұрақ қоя алмайсың. Әйтпесе, нағыз соғыстың мехнатын көрген кісі деп айтады осы кісіні", — деді. Екінші қарт кісі балаларға әңгіме айтып берді.

— Онда соғыстың алғашқы жылдары еді, - дейді ол кісі. — Күні-түні дамыл жоқ, ұйқы жоқ, әбден қалжырағанбыз. Ұрыстың бір толас сәтінде окоптың қабырғасына арқамды тіреп, қолымдағы мылтығыма басымды сүйеп отырған қалпы қалғып кетіппін. Бір кезде жамбасыма тиген соққыдан көзімді апалақ-құпалақ ашып алдым. Қарасам, алдымда командирім тұр. Жанында көмекшісі бар.

"Мылтығың қайда?!" — деп ақырды командирім. Жан-жағыма қараймын, мылтығым жоқ. Әлгінде ғана қалғып кеткенімде, қолымдағы мылтығыма басымды сүйеп отырдым емес пе? Енді сол мылтығым қолымда жоқ. Қатты қалжырағаным сондай, қолымнан мылтығымды алып жатқанда да білмегенмін ғой.

"Сен жаусың! — деді командирім. — Сен сатқынсың! Мылтығынды әдейі неміске беріп жіберіп отырсың! Сол мылтықпен бізді атсын деп, соларға көмектесіп отырсың!"

Мынадай негізсіз жабылған жаладан командирге қайтарар уәж қайда?

 "Сондықтан сені жазалау керек! — деді командирім. — Сатқынның жазасы - өлім жазасы! Ендеше, сені қазір сол немістің оғына өз қолыммен байлаймын!" — деді де, екі аяғымнан ұстаған күйі тікемнен-тік көтеріп алып, окоптан серейтіп келіп шығарсын. Мұндайда басыңа өлдім ғой дегеннен басқа не ой келуші еді? Неміс деген окоптан басы қылт еткенді атып түсіріп отырған кез ғой. Ал мен болсам, окоптан серейіп шығып, неміске тірілей нысана болып тұрмын. Бір кезде окоп ішіне сылқ етіп құладым. Сөйтсем, құлаған мен емес, командирім екен. Командирім әлгінде мені екі аяғымнан ұстап алып, серейтіп көтеріп тұрғанда өзінің де басы окоптан шығып кеткен ғой. Сөйтсе, неміс жақтан атылған оқ менің екі аяғымның ортасынан өтіп барып, командирдің қақ маңдайына қадалыпты. Командир сол оқтан құлаған екен. Тіл тартпай кетіпті. Құлаған командирдің үстіне мен де опыр-топыр құлап түсіппін.

Көмекшісі өліп жатқан командирге қараған жоқ. Барды да, тығып қойған жерлерінен мылтығымды әкеліп беріп, жөніне кетті.

Құдайдың барына көзім сонда жеткен. "Құдай бар, — дедім. — Құдай маған көмектесті". Жауынгер адамға мылтығынан айырылып қалуға болмайтын еді. Бірақ өз адамыңның немістің оғына туралап байлағандығы жаныңа батады екен. Командирім маған қиянат жасамақ болды деп түсіндім. Сол қиянатының жазасын өзі тартты деп ойладым.

— Содан бері, балалар-әй, бірде-бір рет құдайды аузымнан тастамаған адаммын! — деп соғыстан аман-есен оралып, үбірлі-шүбірлі болып, ұрпағының ұрпағын сүйіп барып, кейінірек өмірден өткен, көзінде үнемі жылы мейірім тұратын қарт кісі әңгімесін аяқтады.


Пікірлер (2)

Берік

Байқұс командир-ай, орыс болса керек! Қандай құқығы бар екен, адамды оққа шығаруға?!?!

Бауыржан

"Көмекшісі өліп жатқан командирге қараған жоқ. Барды да, тығып қойған жерлерінен мылтығымды әкеліп беріп, жөніне кетті." демек әдейі жасалған болу керек, не деген адамдар?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз