Агра
Агра – Үндістанның солтүстігінде, Уттар-Прадеш штатында орналасқан қала. 1528 жылдан бастап 1658 жылға дейін Моғолдар империясының астанасы болды.
Моғол әулеті, ұлы Моғолдар әулеті – 16 – 19 ғасырларда Үндістанды билеген әулет. Негізін салушы – Заһир әд-Дин Мұхаммед Бабыр. Темір әулетінен шыққан, әкесі Омар Шейх (1456 – 95) Әмір Темірге туажат, анасы Құтлұқ Нигар ханым Жүніс ханның үлкен қызы. Бабыр Ферғананың әмірі болды. 1504 жылы Мұхаммед Шайбани бастаған Дешті Қыпшақ тайпалары Бабырдан Ферғананы тартып алды. Ол өзіне берілген жауынгерлермен оңтүстікке жылжып, Кабулды иеленді. 1512 жылы Бабыр әскерлері Самарқандты басып алды. Бірақ келесі жылы жеңіліп, кейін қайтты. Содан кейін Бабыр түркі тайпалары мен ауғандықтарды бастап Үндістан жерін жаулауға кірісті (1518 – 19, 1524 – 25). Ол кезде Үндістан бытыраңқы ел болатын. Оның солтүстік аймақтарында мұсылмандар билеген бірнеше мемлекеттер өмір сүрді. Өзара қырқыстағы билеушілер Бабырға сүйенбек болып, оны көмекке шақырды. Бабыр қолы 1526 жылы Панипат жазығында Ибраһим ІІ-ні, 1527 жылы раджпуттарды жеңіп, Пенджаб, Лахор, Дели, Агра жерлеріне ие болды. Сөйтіп, Бабыр және оның ұрпақтары Ауғанстанның тең жартысын, Үндістанның солтүстігін, орталық аймақтарын біріктіріп, ірі империя құрды. Олар Моғолстаннан шыққандықтан Үндістанда және Еуропада ұлы моғолдар деген атпен аталды. Моғол әулеті билеген кезеңде Үндістан әлемге әйгілі болды.
Моғол империясы Аурангзеб басқарған жылдары
Қазіргі таңда Үндістанның саяхат орталықтарының бірі. Саяхатшылар Моғол империясы дәуіріндегі құрылыстарды, соның ішінде Тәж Махалды көруге осында ағылады.
Агра Жамуна өзенінің жағалауында орналасқан.
Тәж Махал
Тәж Махал – Үндістандағы ең әйгілі ғимарат және ЮНЕСКО әлемдік мұра нысаны. Делиден 204 шақырым жерде орналасқан.
Тәж Махал кесенесін Ақсақ Темірдің ұрпағы Жақан шах 13 бала туып, 14-інші баладан қайтыс болған жұбайы Мұмтаз Махалға арнап салдырған. Кейіннен құсадан қайтыс болған шахтың өзі де сүйікті жұбайының қасына жерленген.
1630 жылы басталған кесененің құрылысы 22 жылға созылған
Тәж Махал – әлемдегі жеті кереметтің бірі. Төрт құбыласында төрт минареті, биіктігі 74 метр бес күмбезі бар ақ мәрмәрдан салынған мазардың құрылысына Орта Азия, Парсы, Таяу Шығыс елдерінен 20 мың зергер-ұсталар жұмылдырып, құрылысты 1643 жылы аяқтады.
Тәж Махалдың құбыласында қызыл құмнан салынған мешіт, шығысында қызметкерлер жататын тура соның көшірмесі салынған. Мазарға симметриямен салынған екі үлкен қақпа арқылы кіреді. Әдемі бассейндермен көмкерілген Тәж Махал ансамблі – архитектураның шыңы. Ескерткіштің табанында оны өзен деңгейінен жоғары көтеріп тұрған мәрмәр платформа салынған.
Мазар тұтастай ақ мәрмәрдан тұрғызылған. Қабырғаларындағы кесек мәрмәрдағы ұсақ, аса шеберлікпен кескінделген ортаазиялық ою-өрнектер қолдан қашалып жасалған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаңқан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір ақ мәрмәрді Аградан 300 шақырым жерден алдыртқан екен.
Ең кереметі кіре берістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған.
Әлемдегі ең кесек алмас тас (бриллиант) «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған, кейіннен ағылшындар елдеріне алып кеткен. Қазір ол Лондонда сақтаулы.
Тәж Махалдың іргесін жуып жатқан Жамуна өзенінің арғы бетінде қара мәрмәрдан жасалған іргетас жатыр. Жақан шахтың жоспары бойынша оның өзі сол жерден қара мәрмәрдан салынатын тұп-тура Тәж Махалдың көшірмесіне жерленуі тиіс болатын. Жамуна өзенінің екі жағасында жатқан қос мазарды жалғастыратын көпір салынуы тиіс еді. Алайда сырттан келетін шапқыншылықтан қажыған мемлекеттің қазынасы тағы бір қымбат ғимараттың құрылысын көтере алмайтын болды. 1658 жылы Жақан шахты ұлы Аурангзеб орнынан алып, Қызыл бекініске қамап қойды. Тоғыз жыл қамауда отырған Жақан шахты қайтыс болғаннан кейін әйелінің жанына апарып жерледі.
Агра форты
Агра форты Тәж Махалдан 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан.
Агра форты (кейде оны Қызыл форт деп атайды) Моғолдардың билеушісі Ақбардың тапсырмасы бойынша 1565 жылы салына бастады.
Гауһар мешіті, жеке және көпшілікпен кездесуге арналған залдар, Жихангир сарайы, Хас-Махал, Шиш Махал (айна сарайы), Мұсамман Бұрж мұнарасы Форттың ең атақты ғимараттары.
Периметр бойынша қабырғаларының жалпы ұзындығы 2,4 шақырым, ал қос қабатты қабырғаларының биіктігі 20 метр. Қабырғалар арасында өскен ну орманда жолбарыстарды ұстаған. Ені 9 метр және тереңдігі 10 метр болатын ор сыртқы қабырғаларды қоршап тұрған. Бұл суы бар орларда 250-ге жуық қолтырауындар мекендеген. Әскери қимылдар кезінде қорғанды қоршауға алуға келген әскерлер осы қолтырауындардың жеміне айналған.
Агра Форты Үндістанның ең маңызды қорғандарының бірі. Ақбардың билеу кезінде Форт негізінен әскери мақсаттарға қолданылған, ал император Шах Жаханның дәуірінде император сарайы рөлін атқарған.
Форттың үштен екі бөлігі келушілер үшін жабық, себебі олар қазіргі таңда әскери нысан ретінде пайдаланылады.
Агра фортында мемлекеттік қазына мен теңге сарайы болған. Бұл жерге Үндістан тарихында із қалдырған шетел елшілері, саяхатшылар мен ірі шенеуніктер келген.
Агра форты 1983 жылы Тәж Махалмен бірге ЮНЕСКО әлемдік мұра нысанының қатарына қосылған.
Агра фортын ағылшын әскерлері жаулап алғаннан кейін, оны бірнеше мәрте өзгертілген және құнды заттар Англияға жіберілген. Бүгінгі күні форт аумағынды құрылыс та қайта жөндеу жұмыстары да өткізілмейді. Барлық қалаған келушілер Агра мен Үндістанның тарихына арналған мұражайды тамашалай алады. Бұл жерде хан киімдерін, әскери сауыттарды, саймандарды және жақсы сақталған хан ыдыстарын көруге болады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нурлан
Үндістаның сол баяғыдан сасықпекен?
Альбина Сәрсенбек
Керемет жазылған.Бүгін Аграда болдым.Тарихын кең аумақта іздеген едім.Рахмет сіздерге