Өлең, жыр, ақындар

Абай мен Мәшһүр – Жүсіптің партияға көзқарасы

    

«Кобзардың жалынды гуманизм мен бостандықты аңсауы, өз халқына деген перзенттік адалдығы, бауырмалдығы, әділдігі адамдарға шексіз қымбат. Ақынның колониализм мен милитаризмді әшкерелеуі, қырсық пен қанаушылықтың қандай түріне болсын ерлікпен қарсы күресуі, өзінің шыншыл да жалынды жырларымен адамдарды жігерлендіруі бізге бұл күнде соншалықты жақын және қымбат». Кезінде «Правда» газетінде Тарас Шевченконың шығармашылығы жөнінде қалам тартқан сыншы О.Гончардың «Бессмертие Кобзаря» атты мақаласынан алынған осы жолдарды қазақ әдебиетінің асқар шыңы, классигі Абай Құнанбаев пен жерлесіміз, тарихшы, ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің партия тақырыбына жазған өлеңдеріне шолу жасау кезінде бір жазып, бір өшірдім. Оған себеп кейінгі кезде кейбір зиялылардың: Сендер Абайды қазақтың Пушкині дейсіңдер, сөйтіп Абайдың қадірін қашырасыңдар, одан да Пушкинді қазақтың Абайы десендер өмір бойы өзгелерге кетіп келе жатқан есеміз сәл де болсын қайтып, еңсеміз бір тіктеліп, елдігіміз айдай әлемге айшықтана түспес пе еді деген пікірлері еді.

Обалы не керек, бір қарағанда қаймана қара қазақтың жыртысын жыртып тұрғандай-ақ. Тек бір қарағанда ғана олай дейтініміз ой сарабына сала келсеңіз мұның өзі әлемдік әдебиет атанған жер жүзі халықтарының ортақ рухани қазынасынан қазақ оқырманына шектеу болып шықпақ. Бұдан кімнің не ұтатынын кім білсін. Тек бір нәрсенің басы ашық. Ол — мұндай жағдайда қазақ әдебиеті өзінің бүгінгі жеткен биігінен құлдырамаса, шыңға шырқап шығуы екіталай, қалай десек те «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қағида, біздіңше, әдебиетке жүрген емес, жүрмек те емес.

Сонымен қатар ұлы Абай да, біздің аруақты ақын жерлесіміз, философ, тарихшы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те Украинаның Кобзары — Тарас Шевченко сияқты колониализм мен милитаризмді әшкерелеу, қорлық пен қанаушылықтың, қай түріне болсын өздерінің азаматтық ар-ождандарымен қарсы тұруы, сонымен қатар халқымыздың ұлттық ерекшелігіне тән шаруаға қырсыздығын, білімге құлықсыздығын ашына айтудан бір де кенде емес, тіпті Кобзармен үндес жатыр десе де болғандай. Оны Абай мен Мәшекеңнің партияны сөз ететін төмендегі өлендерінен айқын аңғаруға болады.

Абай «Болды да партия» атты өлеңінде:

Болды да партия,

Ел іші жарылды.

Әуремін мен тия,

Дауың мен шарыңды, - деп онсыз да алтыбақан алауыз халықтың ұясына «партия» атты шоқ түсіп, ел арасы жарылып, бүлінгенін күңірене, күйзеле сөз етсе, Мәшекең «Қазақтың қылып жүрген жұмысы» атты өлеңінде Абай ақын көтерген мәселеге жаңа бір қырынан келіп:   

Бөлініп жұрт екі жақ партиялап,

Қалмайды ұрғашыдай сол қиялап.

Басқа орын босағадан тимейтінді,

Бас қылып, бас жегізіп.тәрбиелеп,-

деу арқылы партияға бөліну саясатының астарында жатқан зымиян қулық пен аярлықты айқын аңғартады.

Ақын, біздіңше, «Басқа орын босағадан тимейтінді» деген жолға ерекше салмақ артқан. Бұл арада ол партиялап шауып . жүргендерді бай, кедейге бөліп, таптық тұрғыдан келуден аулақ сияқты, оның есесіне партияны басқарып отырғандардың ел іргесі бүтін кезде пәтуалы ісінен гөрі ел ішіне іріткі салып, содырлыққа бой ұрған тентек, ақыл аясы тар, көрсеқызар, ұр да жық жандар екенін мегзейтіндей. Сөйтіп партия құрушылардың соларды бас қылып, бас жегізіп, тәрбиелегенсіп, күні ертең партияға мойын ұсынғысы келмеген жұртқа итше айтақтамақ ниет ұстанып отырғанын астарлап жеткізеді. «Қазақтың мұнан кетер берекесі, жоқ болып ынтымағы, мерекесі» деп бұл сияқты партияшылардың қазақты тығырыққа тақайтынын жаны ауыра отырып ескертеді.   

Абай:

Барымта мен партия,

Бәрі мастық жұрт құмар.

Сыпыра елірме, сұрқия, .

Көп пияншік нені ұғар, — десе,

ал Мәшекең:

Сол күнде азғырушы толып жатыр,

Шайтан да помогайтшыл болып жатыр,-

деп «пияншік, помогайтшыл» деген бөгде сөздерді келтіру арқылы қазаққа пәле болып жабысқан партияның түп тамыры қайда жатқанын да тамыршыдай тап баса білген.

Ал мұның өзі колониализм мен милитаризмді әшкерелеу емес пе?! Сол сияқты Абай да, Мәшһүр-Жүсіп те қазақтың өзіне ғана тән қырсығы мен кесірін, «ел қағынды, мал сабылды, ұрлық, өтірік гу де гу» (Абай), «Мал сойысып болады татуласқан, ет жеу үшін бас қосып татуласқан, сәуір, мамырда тәп-тәтті тату болса, күмәнін шөп шабарда ағус ашқан» (Мәшһүр-Жүсіп) деп ұрлық пен өтірікке жанын салатын қазекеңнің берген сертіне, тіпті батасына берік еместігін өткір сынға алады.

Бір ескерте кетер жай, біз осы мақаланы жазғанда Мәшһүр-Жүсіпті Абайдай поэзия әлемінің асқар шыңымен иық тірестірсек деген ойдан әсте аулақпыз. Көздерінің тірісінде-ақ аттары аңызға айналып, алты алашқа мәлім болған Абай мен Мәшекеңнің өз замандарындағы партияға, оған қазақтың, қатысына көзқарастарының үндес шығып, көпшілік жағдайда бірін-бірі толықтырып, молықтырып отыратынын, партия ісіне араласқан замандастарына ризашылықтарынан гөрі кейістерінің көп болғанын, өйткені партияның қазақ үшін әкелер жақсылығы жоқ екенін данышпандықпен көре білгендіктерін айту.

Қос ақынның партияға көзқарасында қазіргі кезде партия құрып шала бүлініп жүргендер үшін де  зер салып оқыса, (уақыт алшақтығына қарамастан) тәлім аларлық, ой түйерлік жайлар жеткілікті дегіміз келеді.

Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз