Жаңа технологияларды пайдаланудағы менің мақсатым білім алып жатқан әр баланы білікті, білімді азамат болуға, қазақ тарихын танып білуге, Отанын сүюге тәрбиелеу.
Л.Н.Толстой «Үйрету әдістері туралы» еңбегінде «Олақтықтың белгісі - бір ғана әдісті білу, шеберліктің белгісі-түрлі әдісті білу, керек кезінде жоқ әдісті де таба білу. Мұғалім көп әдісті білу керек, оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс есебінде қолдану керек» деген. Оқытушының бүкіл мақтанышы-шәкірттерінде. Оқытушы жаңа ақпараттық технологияларда жұмыс істеу қабілеті бар білікті педагог, мықты психолог.
Тарих пәні ерекше. Пәнді оқытуда оқытушы оқушымен өте көп жұмыс жүргізуі керек. Жаңа технологиялардың түрлерін тарих сабағында пайдалану – оқушылардың еркін сөйлеуін, логикалық ойлауын, тіл байлығын жетілдіреді. Пікір – сайыс, сұхбат және т.б. әдіс-тәсілдер араласқан сабақ барысы оқушыларға әсерлі болып, ізденуге шабыт береді. Жаңа технологияны жүзеге асыруда оқытушы белсенділігі, шығармашылық ізденісі, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдындағы шәкірттерін бағалауы ерекше орын алады. Жаңа технологияның өзі әр түрлі атқарушылардың шеберлігіне байланысты әр қилы жүзеге асырылуы мүмкін. Әр сабақтың сапалы болып, оның тиімділігін арттыру - ізденімпаз, шығармашылығы шыңдалған ұстаздың қолында.
Осындай оқытудың жаңа технологияларының біріне - сабақты, дәрісті өткізуді «Сыни тұрғыдан ойлау бағдарламасы» бойынша ұйымдастыру жатқызылады. Бұл әдісте талданып отырған мәселе бойынша әр бір оқушы өз топшылауын, өз пайымын білдіреді, өзіндік дәлелдер келтіреді, басқалардың ой түйіндерін сынайды, олардың мәнді, мағыналы жақтары жөнінде өз пікірін, өз тоқтамын жасайды. Оқушы бұрын тек тындаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші болады, ал оқытушы осы әрекетке бағыттауда, оқуды ұйымдастыруда жетекші рөл атқарады.
Бұл стратегия сабақ жүйесінде іштей үш кезеңге бөлінеді:
Қызығушылықты ояту. Бұл кезеңде оқушыларды сабаққа психологиялық тұрғыдан дайындай отырып, қызығушылықтарын арттырудың әртүрлі әдіс амалдары қарастырылады. Сондай-ақ оқушыларды қалай қызықтыру керек деген сұраққа жауап деп қарауға болады;
- оқушының бұрынғы тәжірибесімен байланыс орнату;
- жаңа идеяны түсінуге дайындау;
Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Бұл кезеңде «Ассоциация» , «Топтау», «Түртіп алу»,
«Болжау», «Әлемді шарлау», әдістерін пайдалануға болады.
Мағынаны тани білу - жаңа білімді игеру кезеңі:
Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады. Тақырыпты мұғалім түсіндіріп оқып бермейді. Тақырып бойынша оқушылар өздері жұмыс істейді және топпен жұмыс жасап белсенділік көрсетуге жағдай жасалады. Оқушының білімін қалыптастыру деңгейінде, оны зерттеу, талдау, жауап табу үшін жеткілікті материал болу керек, ол үшін:
- материалды меңгеру;
- сұрақ қою;
- барлық мүмкін байланыстарды өткізу; «Өзара оқыту әдісі», «Кең ауқымды лекция» әдісі, «Инсерт» әдісі, «Білемін, білгім келеді, үйренемін», т.б. әдіс-тәсілдерді қолдану оқушының өздігінен білім алу, шығармашының іс-әрекеттерінің оянуы, бір сөзбен айтқанда , өзіндік еңбек ету кезеңіне айналдырады.
3. Ой толғаныс. Жаңа алынған білімді айқындайтын және ұштайтын деңгейде оқушыда шешім қабылдай алатын мүмкіндік болу керек:
- болжау жасай білу және олардың дұрыстығын тестілеу;
- жаңадан пайда болған жағдайларды тез түсінуге осы білімді қолдану;
Толғануды тиімді етуге лайықталған: «Кейіпкерге хат», «Кубизм», «Т кестесі» т.б. әдіс-тәсілдер әр сабақтың ерекшелігіне ауыр-жеңілдігіне қарай лайықты қолданылады. Бұл әдістің тиімділігі сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды.
Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына шараларды орындауы шарт: Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін уақыт керек. Оқушыларға өз ойын ашық, еркін айтуға рұқсат беру. Әр түрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау. Үйрену барысында оқушылардың белсенді іс-әрекетін қолдау.
Оқушылардың бір-бірінің жауабына жасаған сынының дәлелді, дәйекті болуын талап ету. Кейбір оқушылар қолайсыз жағдайға түсіп қалса, әжуаламау, келеке етпеу. Сын тұрғысынан ойлауды бағалау, оқушылар арасында сенімділікпен жұмыс жасау, бар ынтасымен оқуға берілу, пікірлерді тыңдау, құрметтеу, өз пікірін ашық білдіруін талап ету.
Сондай жаңа технологиялардың бірі интерактивті оқыту психолог-ғалымдардың айтуынша, бала білімді төрт түрлі жағдайда алады екен: дайын білімді қабылдап алу, зерттеу барысында жаңалық ашу, әр түрлі жағдайда әсерді сезіну және синтез арқылы бұйым құрастыру немесе өнім жасау. Интерактивті оқыту әдістері оқушыларға рольдік ойындар арқылы әр түрлі жағдайда әсерді сезінуге жол ашады, әр түрлі білімдерді синтездеу кезінде шығармашылық өнім жасауға жағдай жасайды, дегенмен түрлі ситуациялар мен мәліметтерді талдап, сараптап, зерттеу барысында жаңалық ашуға көбірек мүмкіндік береді.
Әрбір интерактивті оқыту технологиясының әдістерін пайдаланғанда тарих сабақтарынан белгілі бір тақырыптар қамтылады. Мысалы, «Қазақ Хандығының құрылуы»тақырыбы бойынша «Екі жақты күнделік», «Ой шақыру», «Венн диаграммасы», «Топтастыру», т.с.с. әдіс-тәсіл түрлері пайдаланылады.
Тарих сабақтарының халқымыздың өткені, бүгіні, келешегі туралы оқушыда жүйелі білім беруде тәрбие–танымдық мүмкіншіліктері мол десек, Қазақстан тарихын оқып үйрену барысында оқушылардың өздік жұмысын мынадай түпнұсқалармен:
а) Оқулық;
ә) Тарихи көздер мен материалдар: деректер, құжаттар, фотоқұжаттар, статистика, көркем әдебиет және басқалар;
б) Анықтамалық, қоғамдық – саяси, ғылыми-көпшілік әдебиеттер;
в) Бұқаралық ақпарат құралдары және баспасөз материалдары;
г) Компьютермен, электронды оқулықпен және басқалармен ұштастыруға болады.
Тарихты оқып–үйренуде мұғалім басшылығымен оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеуге үйренеді. Оқулық мәтінін түсінуге, оны оқуға, оқығанын есінде сақтап қайта әңгімелеп беруге, түрлі құжаттардың жай және күрделі жоспарын жасауға, тезис, конспект, реферат жазуға үйренеді, оқыған материалды саналы әрі берік меңгеруге тырысады. Мысалы: Сабақта «Қазақ Хандығының құрылуы» тақырыбын өткенде «ой шақыру» әдісін тиімді қолданамын. Оқушылардың «Хандық, хан, мемлекет» сөздерінің мағынасын қалай түсінетіндіктері бойынша өз ойларын ортаға салуға ұсынылады. Оқушылардың өз ойларын ортаға салу арқылы тақырып меңгертіледі. Немесе “Даталар сөйлейді” әдісі бойынша қазақ Хандығының құрылуы туралы жазылған тарихи деректерді талдау жұмысы жасалады.
1. 1445, 1456, 1465, т.б.
2. Хан сөзіне «Топтастыру» стратегиясы бойынша ортақ жауап шығарылып, талдау жасалады.
3. «Портреттер сөйлейді» (көрсетілген фотосуреттегі адамның аты-жөнін атап, өмірбаянына тоқталу)
4. «Бұл кімнің сөзі?» (берілген жырдың қай ханныңсөзі екенін анықтау)
5.«Венн диаграммасы» арқылы оқушылар хандар арасындағы байланыстарды айқындай білуге дағдыланады.
6.«Тарих дөңгелегі» ойыны. Бұл ойын тарауды, тақырыпты қорытындылау үшін тиімді. (Тұлғалар, жылдарды сөйлету, термин сөздер,қанатты сөздер, )
8. Тұлғалар бөлігінде - тарихи тұлғаны табуға арналған сұрақ.
9. Жылдарды сөйлету бөлігінде - дата, уақыт, санға сәйкес сұрақ жасырылған.
Сабақ соңында оқушылардан өзара кері байланыс арқылы қорытынды жасаймын:
Кері әсері парағы:
Білемін. Білгім келеді. Сұрағым.
Тарих сабақтарын өткенде интербелсенді тәсілдерді қолдану арқылы төмендегідей нәтижелерге қол жеткізуге болады:
- берілген ақпаратты қарастыра отырып, ондағы көрсетілмеген жақтарын анықтай алады;
- үйренген білімді дереу қолдана біледі;
- шығармашылық қабілеттері шыңдалып, өмірмен байланысы күшейді;
- нақты ақпаратты жүйелей алады;
- ынта қызығушылықтары, танымдық іс-әрекеттері, ойлау белсенділіктері, тапқырлықтары артады;
- оқушының дербестігі, өз-өзіне сенімі, өзін ұстай білу, өз ойын өзгенің ойымен салыстыру, толықтыру дағдылары , құзіреттіліктері қалыптасты;
- алған білімін өмірде пайдалануға дағдыланады;
- шығармашылық қабілеттері артады.
Қорыта келгенде, өз тәжірибемде оқыту мен оқу үдерісінде жаңа технологиялардың тиімділігі пайдалануды түрлі әдістерін пайдалану арқылы, оқушы ынтасының артқандығын, бір-біріне сыни көзбен қарауға үйренгендігін, өзіндік көзқарастарын білдіріп, ашық пікірталасқа түсе алғандықтарын, ой-өрісінің кеңейгендігі байқалады. Ел болашығын өркендетер талабы таудай,қабілеті мол,өз бетімен жұмыс жасай алатын ізденімпаз оқушыларды тәрбиелеуде қажырлы еңбек пен күш қуатымызды аямайық.
Сыдыкова Айнур Махамбетовна
ЖЕТІСАЙ МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі