Ежелгі Мысыр өнерінің тарихы 4 мың жылдан астам уақытты қамтиды. Сол себепті Мысыр өнері үлкен қызығушылық туғызады. Өйткені адамзат тарихындағы бірінші таптық қоғам өнердің дамуын анықтаумен қатар, Мысыр құлиеленуші қоғамының өміріндегі өзгерістерді толығымен зерттеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, ежелгі Мысыр өнері тарихы мынандай кезеңдерге бөлінеді:
1. Династиялыққа дейінгі кезең немесе Ерте патшалық (б.з.д 4 м.ж.)
2. Ежелгі патшалық (б.з.д 3200-2400 жж.)
3. Орта патшалық (б.з.д XXI — XIX ғг. басы)
4. Жаңа патшалық (б.з.д XVI — XII ғғ.)
5. Кейінгі уақыт (б.з.д XI ғ. — 332 жж.) — эллинизм мәдениетіне көшу кезеңі.
Ежелгі Мысырда рулық құрылыс ыдырағаннан кейін үлкен өзендер бойында пайда болған құлиеленуші мемлекеттердің арасында Мысыр өркениеті бірінші болып, дамыған әкімшілігі орталықтандырылған ұлы державаға айналады. Ендігі жерде, Мысыр мемлекетінің жоғарғы өкіметі халықтың сана-сезіміне сіңіруге тиісті, біржолата белгіленген түсініктер мен сенімдердің болуын талап етті. Осыған орай, бұл жерде мемлекет басшыларың яғни перғауындарды — құдай деп санайтын ұстанымдарды қабылдады. Демек, соншама құдіретті билеушілер яғни перғауындар құдай санатында болса, олар өлмеу керек, осыдан барып өлген адам тіріледі деген діни түсінік пайда болады. Осының салдарынан бүкіл өнер, оның ішінде сәулет, мүсін, кескіндеме, әдебиет, мифология осы діни көзқараспен тікелей байланыста болады. Яғни, өнер о дүниелік өмірге арналады. Тақырыптардың барлығы дерлік, діни-мифологиялық жанр теңірегінде тарқатылады. Бірақ, сонымен қатар, туындыларда халықтың өмірі, тыныс-тіршілігі, кәсібі мен тұрмысы және батырлардың ерлігі сипатталатын бейнелеу өнеріндегі көріністер де өз үлесін алады. Мәселен, мысырлықтар алғашқы қауым адамдары тәрізді діни көзқарастарын тотемизммен байланыстырады. Бірақ мұнда құдайларды тек қана жануарлар бейнесінде ғана көрсетпей, антропоморфтық образдар түрінде сомдайды, яғни жартылай жануар, жартылай адам — таңғажайып екі бейненің қосындысын көреміз. Мысырлықтар Күнді ең басты, ең құдіретті көркем құдайымыз деп санады. Оны Амон-Ра құдайы деп атап, ол сұңқар басты адам бейнесінде бейнеленеді. Ақыл мен есеп құдайын Тот деп атап, оның денесі адам, басын ибис құсының басымен бейнелейді. Өлгендердің құдайы Анубис — ит немесе қорқау қасқыр басты жауынгер бейнесінде мүсінделеді. Аңыз бойынша ең бірінші мумияны Анубис жасаған деп айтылады. Қасиетті жануарлардың ішінде Көкқұтан құсы Бену, Күн құдайы Амон-Раның жанын сақтаушы деп саналса, бұқа Апис бейнесі құнарлылық пен жемістіліктің белгісі ретінде қабылданады. Перғауындарды Күн құдайы балалары деп есептеді. Сондықтан күн символикасы барлық жерде бейнеленеді. Күн құдайы немесе жарық дүние құдайының екінші атауы Гор-суңқар деп аталады. Мифология бойынша, оның әкесі Осирис табиғат құнарлылығы құдайы, бір кездегі Мысыр патшасы болып, мысырлықтарды жер өңдеп, бақтар салуға үйретіпті-мыс. Өзінің бауыры Сеттің қолынан қаза болады. Сет — зұлымдық құдайы болып есептеледі. Осиристің баласы Гор, Сетті жекпе-жекке шақырып, оны жеңіп шығады. Аңыз желісі бойынша, Гор өзінің бір көзін әкесіне беріп, оны тірілтіп алады-мыс.Сондықтан, көздің бейнесі де Күн бейнесі тәрізді киелілік символьі рөтінде көп жерлерде бейнеленеді. Бірақ, тірілген Осирис жарық дүниеге қайтып оралмай, о дүниенің патшасы болып қала береді. Оның мұрагері Гор — жарық дүниенің патшасы болады. Бұл жерде Ежелгі Египет перғауындары өздерінің өмірлерінің үлгісін осы мифологияға сәйкестендіруге ұмтылуы туралы айтады. Сөйтіп, ендігі жерде перғауындарға мәңгі өмір қамтамасыз ету үшін олардың мүрдесін сақтап, тірлікте керек болған нәрсенің бәрімен қамтамасыз ету қажеттілігі туады. Енді, өлген перғауындардың мүрдесін бальзамдап мумияға айналдырып, оның денесіне ұқсас статуясын жасайды және сонымен бірге қызметшілерінің статуясын жасап, бірге жерлейді. Оларды «Ушебти» деп атаған. Айта кететіні, басқа Шығыс елдерінде, мысалға ежелгі Вавилонда бай, атақты адам қайтыс болса, онымен бірге оның әйелің қызметшілерің малдарын бірге өлтіріп жерлейтін өте қатыгез рәсім болған. Осыған қарағанда, Мысыр дінінде адам өміріне қиянат жасау рәсімдері болмаған деген тұжырымға келуге болады. Сол сияқты, Ежелгі Мысырда сәулетші мен мүсіншіні «санх» деп атаған. Ол «өмірді қайта жасаушы» деген мағынаны білдірген. Өлген адамның бейнесін жасай отырып, тіршіліктің өзін қайта жасайды деген түсінік болған. Ежелгі Мысырда адамның «ка» деп аталған екінші жаны өзінің иесін табу қажет болған сондықтан адамның мүсіні өзіне ұқсас болуы міндетті шарттардың бірі болды. Осыған орай, портреттік пластиканың жоғары деңгейде дамуы өз-өзінен түсінікті. Ғасырдан-ғасырға. ұрпақтан-ұрпаққа еш өзгеріссіз беріліп, мыңдаған жылдар бойы ұстанып келген діни көзқарастар, салт-дәстүрлер, канондардың (қатал қағида-ережелер) салдарынан Ежелгі Мысыр мәдениеті баяу дамыды десе болады. Бірталай ғасырлар бойы Мысыр өнерінде көбінесе бейнелеу өнерінің жетік әдістері мен мәнері, құралдары таңдалып алынып отырған. Шеберлер, күрделі де, айбынды адам кескінін канондар шегінде тамаша бейнелеуімен, мифологиялық көріністердің байлығын әсерлеп береді.
Ерте патшалық (б.з.д. 4-5 м.ж)
Ежелгі Мысырда ерте патшалық кезеңінде б.з.д. 4-5-мыңжылдықтардың соңына таман билік басына алғашқы ірі мемлекеттік басшылар келе бастайды. Дәл осы уақытта пиктографиялық, ерте бейнелі жазулар түрі қалыптасады. Осындай бейне жазу түрінің нағыз үлгісі перғауын Нармердің тақтасы, шамамен б.з.д. 3-мыңжылдықта жасалған, биіктігі 64 см тақта Каир музейінде сақталған. Бұл рельефтІк көркем туындының мазмұны — жеңіске жеткен перғауын Нармердің ұлылығын баяндау. Сонымен, рельефті сипаттайтын болсақ, Мысыр әміршісінің қуаттылығын көрсетеді, оның жанындағы жақын шонжарлары одан үш-төрт есе кішірейтіліп бейнеленген. Құдай бейнесіндегі сұңқар Нармер патшаға жауын жеңуге өз көмегін көрсетіп тұрған сәті бейнеленген. Тақтаның астыңғы бөлігінде жаулардың алды-артына қарамай қашқан бейнелері суреттеледі. Тақтаның екінші жағында бейнеленген екі қабыланның ұзартылған мойындары композицияның негізгі орталық бөлігін құрайды. Өздеріңізге белгілі, алдында айтылып өткен адамның денесі сақталып, оны неғұрлым толық ұқсастықпен бейнелесе, өлген адамның жаны оған қайтып келеді деген түсінік болған. Сондықтан ол дөңгелек мүсінде өзінен-өзі түсінікті болса, бедерлі суретте белгілі бір тәсілдерді заңдылыққа енгізу қажеттілігі туындады және соның нақты үлгісін осы тақтада көреміз. Ол денені тұтас көрсету үшін дененің жоғарғы жағын иықты, қолды алдынан, аяқтары мен бас пішіні жанынан бейнелеу әдістері. Бұл жерде канондық бейнелеу мен иероглифтік жазулардың алғашқы қадамдары династиялыққа дейінгі кезеңде қалыптасты деген тұжырым айтуға болады.
Ежелгі патшалық (б.з.д 3200-2400 жж.)
Ежелгі патшалық Мысыр өнерінің негізін салған өнердің классикалық кезеңі деп саналады. Бұл кезең, монументалды өнердің гүлденген уақыты болып табылады. Ол сәулет, кескіндеме, мүсін өнерлерінде өзінің керемет көріністерімен таңғалдырады. Соның ішінде, әсіресе сәулет өнерінде
— пирамидалар бірінші кезекте тұрады. Жер бетіндегінің бәрі уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидадан қорқады деп айтылады. Мысыр пирамидаларының ішіндегі ең көнесі
— перғауын Жосер пирамидасы. Оны салушы сәулетшінің есімі Имхотеп. Ежелгі Мысырда оны тек сәулетші ретінде ғана емес, сонымен бірге астроном, данышпан ретінде білген. Жосер пирамидасы сатылы болып келген. Оны араб тілінде «мастаба» деп атайды, ол орындық деген мағынаны білдіреді. Қазіргі кезде бұл сөз қабірлік құрылыстарды атау үшін пайдаланады, Биіктігі 60 м бұл пирамида жоғарылаған сайын кішірейе түсетін бірнеше мастабадан тұрады. Осыдан кейін салынған пирамидалар тегіс, үшкір формалы болып келген. Осылардың ішіндегі ең атақтысы және көлемі жағынан ең ірісі IV патша әулетінен шыққан — перғауын Хуфудың немесе Хеопс пирамидасы. Құрылыс авторы Хемиун. Оның биіктігі — 147 метр көлбеу бетінің ұзындығы 235 метр, тұрған жерінің көлемі елу бес мың шаршы метр. Пирамиданың өзі 20 жыл ал тас кесектерін таситын жол 10 жыл салынған. Құрылыстың беріктігі соншалық, 4-7 ғасырлар ішінде ең төбесі ғана шетілген. Екіншісі Менкаура (Микерин) пирамидасы, бұларды Гизе пирамидалары деп атайды. Оларды «әлемнің жеті кереметі» қатарына жатқызады. Сол сияқты мүлгіген шөл далада перғауын Хефреннің сфинксі көрінеді. Ол тұтас жартастан қашалып жасалған. Оның басы адам басынан отыз есе үлкең денесінің ұзындығы елу жеті метр. Алдыңғы аяқтары тұғырда симметриялы орналасқан айбынды алып, бұдан кейінгі ғасырларда ғибадатханаларға апаратын аллеялардың бойындағы сансыз сфинкстердің алдында орналасқан. Перғауын Хефреннің тақта отырған үлкен статуясы Мысырдың монументтік-портреттік мүсінінің каноны. Бейне барынша тіп-тік және симметриялы етіп көрерменге қаратып мүсінделген Сонымен бірге атап өтетін тағы бір статуя ерлі-зайыпты Рахотеп пен Нофреттің бейнелері. Олардың отырысы да шартты, дағдылы бояуы да шартты (ол кезде ер адамдардың денесі қызыл қоңыр, әйелдердің денесі қызғылт сары, шаштары қара, киімдері ақ болған). Бейнелердің бет-жүздеріне және орындалу пластикасына қарап, олардың тек қана символ емес екендігіне, олардың өмірде болған адамдар екендігіне көз жеткіземіз. Сол сияқты, әйгілі мүсін Лувр хатшысы бейнесінің де аса әсерлі, терең мағыналы екендігін көреміз. Міне, ежелгі патшалық суретшілерінің канон шегінде мүсіндеп, бейнелегендігімен де сол кездегі алып пирамидалардың да, патшалардың монументті статуяларында да, сан алуан қызметкерлерді бейнелейтін «Ушебти» деп аталатын сансыз статуэткаларда да ортақ стиль бар деп айта аламыз.
Орта патшалық (б.з.д XXI — XIX ғғ. басы)
Орта патшалық дәуірі кейбір діни негіздердің әлсіреу дәуірі болады. Алайда орта патшалық тұсында да перғауын бұрынғысынша құдай саналады. Ендігі жерде, пирамидалар тастан емес, шикі кесектен тұрғызыла бастайды. Перғауындардың жеке басы Ежелгі патшалықтағыдан да көрнекі дәріптеледі. Патшалардың статуялары енді тек мазарларда ғана емес, ғибадатханалар мен жай ашық алаңдарда орнатыла бастайды, мұның өзі оларды халық көріп, олардың санасына патша өкіметінің мызғымастығын күштірек сіңіру үшін жасалады. Өйткені бұл кезеңдерде патша өкіметінің мызғымастығына сенім біршама бәсеңдеп кеткен еді. Эрмитажда біз перғауын III Аменемхеттің қара граниттен жасалған статуясын — Орта патшалық тұсындағы мүсін өнерінің осынау аса тамаша үлгісі ретінде көріп, сүйсіне аламыз. Оның басында перғауындардың бас киімі — маңдай алдында қасиетті жыланның бедерлі бейнесі бар жолақты орамал. Ежелгі патшалық перғауыны Хефрен сынды ол да патша тағында отырған кейпінде беріледі. Бірақ ол Хефренге қарағанда анағұрлым дара бейнеленген, көздерінің тік қарауы және ірі жақ сүйекті бет-жүзіндегі жігерлілік, бұл патшаның адуындылығын танытады. Сөйтіп, біз үшін мүсіндердегі түсініксіз тұстар бірте-бірте жойыла бастайды. Орта патшалық мүсіндерінің біздің заманымызға дейін жеткендерінің ішіндегі теңдессіз көркем туынды — перғауын III Сенусерттің басының бейнесі. Бір кезде сабырлы (эмоциясыз) бейнелетін патша жүздеріне ұқсамайды. Қара тастағы жарық пен көлеңкенің тез алмасуы бұл әміршінің дара қасиеттерін терең аша түскендей, одан әлдебір ішкі күмән мен сырт көзге елеусіз жабырқаулық аңғарылады. Храмдар мен сарайлар адында құдайлар мен патшаларды дәріптейтің төбесі иероглифтермен толтырылған биік жұқа обелискілер — «тас инелер» барған сайын көптеп тұрғызыла бастайды, Иероглифтік жазулар Египет өнерінде аса маңызды роль атқарады, өйткені әрбір иероглифтер әуелгі кезде бір ұғымды немесе затты білдірген сынды сурет. Кейінірек, иероглифтік жазулар, суреттің негізгі мағынасынан тәуелсіз, белгілі бір мәні бар жүйелі жазуға айналады. Бірақ графикалық тұрғыдан сурет қалпында қала береді. Орта патшалық өнерінің тағы бір көрнекті ескерткіші — ақсүйек Хуненнің құлпытасы, ол Мәскеудегі бейнелеу өнері мүзейінде сақталған. Ақсүйектің өзі мен әйелінің бейнелері сол жақ төменгі жақта бедерленеді. Канон бойынша, олардың бет әлпеттері мен аяқтары қырынаң кеуделері алдыңғы жағынан бейнеленеді. Олардың бет-жүздерінең отырыстарынаң салтанаттылық айқын байқалады, Ал олардың қарама-қарсысында үлкен алаңда діни мәтіндер жазылған. Ондағы адамдар, жемістер, өсімдіктер, құстар, жануарлар бейнесіндегі иероглифтік жазуларда өлгендерді жерлеген кезде оларға не құрбан етілгендігі жайлы хабар береді. Сонымен орта патшалық ежелгі патшалық кезеңінде құдай деп танылған перғауындар билейтін біртұтас Мысыр державасын орнықтыру дәуірі болды.
Жаңа патшалық (б.з.д. XVI — XII ғғ.)
Жаңа немесе Гүлдену кезеңіндегі патшалық дәуірі — орныққан Мысырдың қуат-күшінің салтанат құрған дәуірі болды. Осы дәуірде өнерде аса бір нәзіктілікпен сұлулыққа ұмтылу пайда болды. Енді пирамидалар мүлде салынбайтын болды. Перғауындардың мазары «Жүз қақпалы Фивының» қарсы алдындағы «Патшалар алқабы» деп аталатын жерде тұрғыза бастады. Бұл кезде пирамидалар орнына храмдар салына бастады. Бұл храмдар: б.з.д. XVI ғасырдың аяғындағы ханым Хатшепсут храмы, Дейль-Эль-Бахридегі Луксор храмдары. Олар жартасты ойып жасалынып,ішкі көрінісі қабырға кескіндемелерімен және мүсіндермен безендірілетін болған. Бір храмда 200-ден астам жекелеп алып айтқанда мысалға, Каир мұражайында сақталған атақты перғауын Тутанхамон мен оның әйелін бейнелейтін бедерлері табылған ол б.з.д. XIV ғасырдың бастапқы кезеңіне жатады. Осы кезеңнің әйгілі саясаткер, реформатор патша атағына ие болған Эхнатон патшаның әйелі Нефертитидің басының бейнесі, осы күнге дейін әйел сұлулығының үлгісі болып табылады. 1922 жылы қарашада ағылшын археологы Картер «Патшалар алқабынан» Тутанхамонның қабірін табады. Онда Тутанхамонның алтын маскасы, көптеген қолданбалы-сәндік бұйымдар, статуэткалар, мүсіншелер және тағы сол сияқты көптеген бұйымдар табылады. Міне, осының бәрі қолөнер мен бейнелеу өнерінің нағыз биік үлгілері болып табылады. Баға жетпес бұл қазыналардың бәрі, қазір Каир мұражайында сақталған. Жаңа патшалықтағы ең құдіретті перғауындардың бірі II Рамсестің тұсында Абу-Симбелдегі жартастық храм мен Карнак храмының гипостильдік алып, колонналары тұрғызылды. Жартастық храмға кіре берістегі статуялардың биіктігі 20 метрге дейін жеткен. Б.з.д. 1-мыңжылдықта Мысыр державасының түпкілікті құлдырағанын бейнелейді, Тұтас алғанда тек қана гүлдену дәуіріндегі өнерді қайталап, бұрынғы дәрежесіне жете алмайды. Әуелі ассириялықтар, онан соң екі рет парсылар жаулап алған Мысыр б.з.д. IV ғасырда жаңа жаулап алушылар грек-македониялықтарға бағынады, және осы кезден бастап жаңа эллиндік дүниеге қосылады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі