17 қараша - Халықаралық студенттер күні. Күнтізбеде белгіленген осы бір мерекенің шығу тарихы айтарлықтай қызықты да емес. Ол - қанды, әрі қайғылы оқиғаға байланысты пайда болғанын екінің бірі біле бермейді.
1939 жылы 28 қазан күні фашистер басып алған Чехословакияның студенттері мен ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына жиырма бір жыл болғанын атап өту үшін шеруге шықты (28.10.1918). Басқыншы бөлімдер шеруді күшпен басып, сонымен бірге медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атып тастайды.
1939 жылы 15 қарашадағы Яна Оплеталды жерлеу рәсімі қайтадан наразылыққа ұласады. Шеруге шыққандардың көбі қамауға алынған. 17 қарашада гестапошылар мен эсэстер студенттік жатақханаларды қоршауға алып, 1200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалды. Студенттік қозғалыстың тоғыз белсенді студенті Праганың Рузина ауданында түрме қабырғасында сотсыз дарға асылды. Гитлердің бұйрығымен Чехиядағы барлық оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабылды.
1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде Халықаралық студенттер күні белгіленді.
Міне, жалынды жастық шақтың мерекесі - студенттер күнінің шығу тарихы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Чехословакияда осылай басталған. Одан бері талай жылдың жүзі болды. Тарихы қанды оқиғамен бастау алған осы бір мейрам қазірде әлемнің түпкір-түпкірінде бар сән-салтанатымен аталып өтіледі.
Студенттік өмір адамның жастық қуаты тасып, шаршау мен уайымды білмей, ізденумен, үйренумен, танысумен, табысумен өтетін ерекше шағы. Бұл кезде білім кеңістігің, көңіл көкжиегің кеңіп, махаббат пен ғашықтық отының да ыстығына күйіп, жалынына шарпылып жүретінің жасырын емес. Оқу ордасында талай дос тауып, әзілің жарасып, құрбы-құрдаспен күліп-ойнап өтетін күндерің де көп. Студент дейтін «халықтың» өзіне тән, өздері ғана түсінетін «тілдері» де болады. Әлбетте, оны әр жердің студенттері әр түрлі тәсілмен «қалыптастырған». Оны тек «Студент сөздігі» арқылы ғана ұғуға болады. Оқырман назарына сол «терминдердің» бір парасын ұсынамыз.
Студент сөздігі
Студенттік өмір - соғыс пен бейбітшілік
Екілік - қырсызға қамшы
Үштік - үміт шоғы
Төрттік - Тәңір сыйы
Бестік - бақыт құсы
Куратор - студенттің өгей шешесі
Ректор - күн құдайы
Декан - пір
Пара - ұзақ уақыт қаңтарылу
Аудитория - ұйықтайтын орын
Зачет - ұйықтамай өтетін түндер
Емтиханда отырған студент - жанталаса қаруланған мемлекет
Емтихан тапсыру - табада тірідей шыжғырылу
Сессия - қияметтің қыл көпірі немесе қатерлі кезең
Курстық жұмыс - жан беріп, жан алысу
Аудиторияға кешігіп кіріп тұрған студент - қырық өтірікші
Сәлемдеме - аңқылдап жеткен ақ жарма
Шпаргалка - жедел жәрдем
Оқу орны - жастардың сән үйі
Лекция - отты жылдар шежіресі
Үзіліс - бармысың бауырым, іздеудегі жан құрбым
Кітапхана - білім кафесі
Оқу залы - тапқаныңды кеміру
Абаномент - білім бюросы немесе ломбард.
Қоңырау - сүйкімді симфония
Сокурсник - Ұяластар
Стипендия - аштық арашасы
Диплом - тіршілік тірегі немесе өмірлік наның
Түн - сергектігің таситын уақыт
Таңертең - түнімен іздеген ұйқыңның табылатын уақыты
Ауылға бару - Кіші қажылық
Анаңның қоңырауы - Отбасыңды сағынғаныңды білдіретін сәт
СМС - «куратор іздеп жатыр ма» деген қорқыныш жылт ете қалатын сәт
Ұйқыашар (будильник) - ең жағымсыз әуен
Кесе - шай ішер кезде ғана жуылатын ыдыс
Жатақхана - өз үйің, өлең төсегің
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі