Өлең, жыр, ақындар

Ең сәтсіз әрі ақылға қонымсыз тонау әрекеттерінің үздік ондығы

Робинсон мен Хатчисон фотосуреттерін "Фейсбук" әлеуметтік желісінде жариялаған

Брэдфорд корольдік сотында сейсенбі күні іс-әрекеті күлкі келтіретін екі алаяққа қатысты сот ісі жүргізілген. Скегнесс қаласының тұрғындары Бенджамин Робинсон мен Даниел Хатчисон ойын автоматтарын тонап жатып, осы сәтте селфи жасауды жөн көрген. Фотосуреттерін «Фейсбук» әлеуметтік желісіне жариялаған ұрылар полиция қызметкерлерінінің жұмысын жеңілдетіп, өздері-ақ қылмыстарын әшкерелейтін айғақ ұсынды деуге болады.

Алаяқтар жарты жылға бас бостандығынан айырылған. Бір қызығы, мұндай ақылға қонымсыз әрекет жасап, өзін-өзі әшкерелейтін алаяқтар қатары тек Робисон және Хатчисонмен шектелмейді.

Тұтқындауға кеттік!

Эндрю Хеннелс "Фейсбук" әлеуметтік желісінде қолына пышақ ұстап түскен фотосуретін жариялап, суретке «Тонау үстінде. Tesco» деп жазып қалдырған

Қаруланған ұрылықшы Эндрю Хеннелс «Фейсбук» әлеуметтік желісіне ұрлық барысында түскен фотосуретін салып, «Тонау үстінде. Tesco» деп жазып қалдырғаннан кейін бірден тұтқындалған.

Полиция қызметкерлеріне бұл айғақтың өзі жетіп жатыр еді. Фотосурет жарияланғаннан 15 минут өткен соң, полиция пышақпен қаруланған ұрыны Норфлок графтығының Кингз-Линн қаласындағы Tesco супермаркетінің кассасынан ұрланған 410 фунт ақшамен тұтқынға алған. Өткен жылдың сәуір айында оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.

Пәтерді тазалап қояйын...

Лукаш Чойновский өзі тонаған үйдің ыдыстары мен киімдерін жуып қойған

Ланкаширлік зейнеткерлер Пэт Дайсон мен Мартин Холтби 2014 жылы үйлеріне демалыстан оралғанда «Үш аю» ертегісіндегідей оқиғаға тап болған. Тек төсекке жатып алып, тәтті ұйқыға батқан Маша емес, ұры еді.

Оларды таңқалдырған бұл ғана емес еді: Лидстен Польшаға көшіп келген ұры Лукаш Чойновский бөгде адамдардың пәтерінде ыдыс-аяқ пен өз ішкиімін жуып қана қоймай, супермаркеттен азық-түлік алып та үлгерген. 

Отанасы күйеуімен демалысқа бара жатқанында үйдің мұншалықты таза болмағанын айтқан. 28 жастағы ұрының сыпайылығы сондай, үйді айнадай жарқыратып тазалап қойған.

Чойновский қылмысын мойындап, оған 200 фунт көлемінде айыппұл салынып, 2 жыл шартты мерзім берілген.

Баяғыда үш пингвин өмір сүрген екен: Дирк... Риз және Кери

Ақылсыз саяхатшылар пингвинді ваннада ұстаған

Аустралияда саяхаттап жүрген Уэльстік қос саяхатшы мас күйлерінде аквапарктен Дирк есімді пингвинді ұрлап, күдікті ретінде сот залынан бір-ақ шыққан. 

Жиырма жастағы Риз Оуэн мен Кери Мьюзл Квинслендтегі Gold Coast аквапаркіне барып, дельфиндермен бірге суда жүзіп, акулаларды өрт сөндіргішпен үркітіп, Дирк есімді пингвинді ұрлаған.

Ертесінде мастықтары тараған екеуі бөлмеде жүрген пингвинді көріп, әрі-сәрі халге түскен. Сот барысында олардың қорғаушысы айтқандай, ұрылар пингвинге барынша қамқор болуға тырысып, тамақ беріп, ваннадағы суға салып қойған.

Мұнан кейін пингвинді арыққа алып барған екеудің әрекетіне қала тұрғындары таңданып, полиция шақырған. Сот шешімі бойынша Оуэн мен Мьюзлге 1 мың аустралия доллары көлемінде айыппұл салынып, ендігіде ішімдікті көп ішпеуі жөнінде кеңес берілді. Ал Дирк болса, аквапарктегі өз орнына аман-есен жеткізілді.

Суретке нашар түсіппін

Дональд «Чип» Пьюге полиция іздеу салу мақсатында жариялаған фотосуреті ұнамай, орнына басқа суретін жіберген

Вандализмге барып, өрт қойған деген күдікке алынған Дональд «Чип» Пью өзін тұтқынға алу ордеріндегі фотосуреті ұнамағандықтан, селфи жасап, фотосуретті Огайо штатындағы полиция қызмектерлеріне жіберген.

Қашқында жүрген күдікті жергілікті радиостанцияға сұхбат беріп, өз әрекетін түсіндірген. «Фотосуреттегі түрім сондай нашар. Олардың фотосуреттерінде сәтсіз шыққанмын. Мені суретке дұрыс түсірмеген, ондағы түрім енді... білмеймін кімге ұқсап қалғанымды. Жоқ, бұлай болмайды», - дейді күдікті.

«Біз оған ұсынған көмегі үшін алғыс айтамыз! Бірақ біздің өзімізге келгені дұрыс еді, сөйлесуіміз керек», - деп жауап берді. Лимадағы (Огайо) полиция бөлімшесі. Біраз уақыттан кейін ол Флоридада тұтқынға алынған.

Мен мұндамын!

Мұхаммед Ахсан өзін ұстап бергені үшін сыйақы талап еткен

Талибтер басшысы өз еркімен беріліп, өзін-өзі ұстап бергені үшін 100 доллар көлемінде сыйақы талап еткен кезде, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің таңданысында шек болмаған.  «Орта дәрежелі командир» Мұхаммед Ахсан мемлекеттің шығысындағы америкалық және ауғандық әскерлерге жасалған шабуылды ұйымдастырды деген күдікке алынған.

Хабарланған ақпараттарға қарағанда, 2012 жылы ол полициялық бақылау-өткізу пунктіне келіп, өзінің суреті бар плакатты нұсқап, сыйақыға белгіленген соманы берулерін сұраған.

Билік оның не себепті мұндай әрекетке барғанын түсіне алмады. Америкалықтардың бірі тілшілерге берген сұхбатында Ахсанның әрекетін: «Оның есуас екені анық»,- деп түсіндірді.

Түрмеге? Қиярмен? Қалжыңдап тұрсыздар ма?

Қияр және бас бостандығынан айырылу

2014 жылы Глазгодағы букмекерлік кеңсені тонамақ болған адам қара шұлыққа салынған қиярмен «қаруланған». Қуанышқа орай, қызметтен тыс уақытында кеңседе болған полиция қызметкері ұрыны қарусыздандырған.

Ұрлықшы Гарри Раф болған жағдайдың әзіл екендігін айтып, ақталғысы келгенімен, бәрі-бір бас бостандығынан айырылды.

Сормаңдай ұры

Дүкенге ұрлыққа түсу Джеймс Алланның қолынан келмеді

Ал бұл сәтсіз тонау Оксфордшир графтығының Абингдон қалашығындағы ішкі бақылау камерасына түсіп қалған. 

29 жастағы Джеймс Аллан дүкенді тонамақ болған уақытында басындағы балаклаваны шешіп, сусындар тұрған сөрені аударып тастап, есікті аша алмай қалған.

Есікті жауып қойған егде жастағы әйел болып шықты. Дүкенді тонамас бұрын ұры әйелді ойыншық тапаншамен қорқытып, ақша талап еткен.

Бұл ғана емес, ұры дәл осы дүкенді 10 күн бұрын тонамақ болып, онда да әрекеті сәтсіз аяқталған. Аллан камераға түсіп қалған құқық бұзушылығы үшін 3 жылға, ойыншық тапаншаны қару ретінде көрсетпек болғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Бэдман – жаман адам

Бақылау камерасының алдында бетперде ің кешешудрек еместігі Бэдманның есінен шығып кеткен сияқты

Уэльстің оңтүстігіндегі Бридженд қаласынының тұрғыны Бэдманның қылмысын «Бэдман» (жаман адам) тегі де әшкерелеп  тұрған сияқты. Ол көршілес Проткол қаласындағы қонақ үйді тонамақ болған.

Ұры басына пластиктен жасалған пакет киіп, белгісіз себеппен дәл ішкі бақылау камерасының алдында басындағы пакетті шешіп тастаған. Бұл әрекеті полиция қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті.

Қазір бұл сәнде емес

Дин Смит теккүннен қорғайтын көзілдіріктің көмегімен сырт келбетін өзгертпек болған

Уэльстік қаскүнем Дин Смиттің сән әлемінен хабары жоқ екені бірден белгілі болды: тонауға шыққан ұры күннен қорғайтын көзілдірік киіп, бәтеңкесінің сыртынан шұлық киіп алған. Оның сыртқы келбеті полиция қызметкерлерінің ұзақ уақыт күлкісін келтірді.

Ұры тек сәннен ғана емес, ұрлық әлемінен де хабардар емес сияқты. Ол Триорки ауылындағы Barclays банкінің жерілікті бөлімшесін тонаудан бұрын, ондағы кеңсе қызметкеріне өзінің толық аты-жөні мен мекен-жайын айтқан. Смиттің алғашқыда банк бөлімшесін тонамақ ниеті болмаған екен. Мекен-жайының өзгергенін хабарлауға барған азамат банк кассасындағы ақшаны көріп, қаскөй әрекетке ниеттенген.

Алайда оның көзілдірігі де, шұлығы да кассирді үрейлендіре алмады. Оған ешкім де ақша берген жоқ. Болған оқиғадан кейін ұрыны табу қиындық тудырмады. Ұрыға тонау жасауға талпынысы және суық қару алып жүргендігі үшін екі жарым жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалған.

Көлікті олай ұрламайды!

Есігі жабық көлік ішінде бір жарым сағат бойы полицияны күту

Преторияда (Оңтүстік Африка) көлікті ұрлап әкетпек болған ер адам автоматты түрде блокқа қою іске қосылғандықтан, көлік ішінде қамалып қалған. 

Өз кезінде Star газетінде жазылғандай, ол адамдардан көмек сұрап, көлік ішінде бір жарым сағат бойы отырған. Қала тұрғындары ұрыны әжуалап, полицияның келуін күткен. Өз көлігінен бейтаныс еркекті көрген көлік иесі: «Менің көлігімде не істеп жүрсің?»- деп айқайға басты.

Айыптыны тұтқынға алып, Притория полиция бөлімшесіне алып кеткен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз