Өлең, жыр, ақындар

Посткеңестік білім беру жүйесі: Түзетулер емес, жаһандық реформа қажет

Қарабайыр пікір көрінгенімен, білім – адамзат баласы үшін маңызды дүние. Сонымен қатар ол – келешегіміздің негізі, іргетасы тәрізді. Жалқының ғана емес, жалпының болашағы. Сәйкесінше, білім беру жүйесі ортақ мүдде қалыптастыруы тиіс.

Қазақстанда, Ресейде, Украинада болсын заманауи білім беру жүйесі тұйыққа тірелгендей. КСРО-да тәжірибеге алынған білім беру жүйесі қаншалықты жоғары нәтиже көрсеткенімен, уақыт өте келе кеңестік мемлекеттердің білім беру жүйесінен ығысып қалды. Оның орнын басқан Батыс ұстанған тәжірибе еді. Өз кезінде зиялы қауымның бас шайқауына сеп болған Батыстық білім жүйесінің бүгінгі нәтижесі мардымсыз.

Әрине, мәселенің түп-төркініне бойлап, дәйекті шешім қабылдап, нық қадам жасау үшін, уақыт қажет. Бірақ, оған уақыт жоқ. Бүгінде әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеру үстінде. Тиісінше, білім мен ақпарат жылдам ескіруде. Яғни бүгін алған біліміміз күні ертең-ақ қажетсіз болып қалуы мүмкін.

Математика сабақтары өзің сол пәннің мұғалімі болған жағдайда ғана керектігі жайлы ескі әзіл бүгінде маңызын жоғалтпаған. Жастар алып жатқан білім мен іс жүзінде қажет болатын білім арасында елеулі айырмашылық бар. Бұл ретте жұмысқа қабылдау жөніндегі хабарламаларда «жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті» деген жолдардың ұшырасуы да себепсіз емес. Оқу орнын жаңа бітірген тәжірибесіз мамандар жұмыс берушілердің қызығушылығын тудырмайды.

Бүгінде кім де болсын білім беру саласының аз қаржыландырылатыны жөнінде сөз етуде. Ал қаржы жетіспеушілігі неге әкеліп тірейді? Мектептегі құрал-жабдықтар ескіреді, бірақ бұл ең маңыздысы емес. Аталған сала қызмектерлерінің мардымсыз жалақысы педагогикалық кадрды жаңартуға тосқауыл болады. Зейнет жасына жеткен мұғалімдер кетеді, ал олардың орнын басар жаңа мамандар ұстаздық қызметке асығар емес. Себебі біреу – мамандықтың мәртебесі (және жалақысы) көңіл толтырмайды.

Одан бөлек, түрлі деңгейдегі білім беру орындарынының арасында сабақтастық жоқтығы тағы бар: балабақша мектепке баруға дайындамайды, ал мектеп жоғары оқу орнына түсуге қажет білімді бере алмайды. Осылайша, мектеп бітіруші түлектер ҰБТ алдында мамандардың ақылы көмегіне жүгінуге мәжбүр. Сонымен қатар, көптеген жоғары оқу орнында ақылы бөлімге талапкерлердің барлығын шектеусіз қабылдауда. Оқу орындары үшін ол – өте тиімді. Яғни қосымша қаражат көзі. Алайда нәтижесінде неге қол жеткіземіз?

Анекдот: «Өзімнің қандай инженер екенімді ойласам болды, дәрігерге қаралуға қорқамын».

Айтылғандардың бәрін саралай келе, мынадай қорытынды жасауға болады: заманауи посткеңестік білім беру жүйесі түзетулерге емес, жаһандық реформаға мұқтаж.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз