Өлең, жыр, ақындар

Қазақстан мен өзге түркітілдес елдерде оқытылатын ортақ оқулық дайын болды

Астанада Түркі академиясы халықаралық ұйымында (TWESCO) «Ортақ түркі тарихы» оқулығының соңғы жобасын талқылауға арналған сарапшылар жиынының қорытынды отырысы өтті.

Айта кетейік,  орта мектептерге арналған ежелгі дәуірден XV ғасырға дейінгі аралықты қамтитын оқулықты TWESCO әзірледі.

Жұмыс тобының қорытындысы бойынша арнайы Хаттама қабылданды. Ол құжатқа сәйкес, оқулық жобасы 2018 жылдың наурыз айында Қырғызстанда өтеді деп жоспарланған Түркі кеңесі Мемлекет басшыларының VI Саммитіне ұсынылатын болады.

«Біз бүгін Түркі кеңесінің аясында үлкен іргелі істі аяқтап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 2013 жылы Түркі кеңесінде мүше мемлекеттерге ортақ тарих оқулығын енгізу жөнінде шешім болған және ол Түркі академиясына берілген еді. 2014 жылы алғашқы бағдарлама жасалып,  2015 жылы осы бағдарлама  Астанада өткен білім министрлерінің жиынында мақұлданған. Соның аясында арнайы оқулық дайындалып, мүше мемлекеттерге жіберілді. Бүгін соның соңғы нұсқасына қол жеткізіп отырмыз. Үш күн бойы Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан мен Қазақстанның мамандары, министрлік өкілдері бірге жұмыс істеді. Олар әрбір сөйлемді, параграфты талқылады, ортақ көзқараспен ортақ оқулық дайын болды. Осы хабарды күтіп отырған барша жұртшылыққа бүгінгі жұмысымыз құтты болсын деймін», - деді Академия басшысы Дархан Қыдырәлі.

Атап айтқанда, бұл жиынға Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерден, яғни Қазақстан, Әзербайжан, Түркия мен Қырғызстанның білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, Түркі кеңесі мен Түркі академиясының сарапшылары, тарихшы ғалымдар тартылды. Осы жиынға қатысушылар «Ортақ түркі тарихы» оқулығының соңғы жобасын мақұлдады. Орта мектептердің 8-ші сынып оқушыларына арналған оқулық ежелгі дәуірден XV ғасырға дейінгі аралықты қамтиды және ол 7 бөлімнен тұрады.

Арнайы жұмыс тобына кірген сарапшылар Академияда 3 күн бойы (25-27 қыркүйек) аталған оқулықтың жобасын жан-жақты талқылап, қажетті түзетулер енгізу арқылы мазмұнын толықтырды. Талқылауға қатысқан мамандар Түркітілдес елдер Білім министрлерінің IV жиынында қабылданған шешімдерді негізге алды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Мейрамгүл

Егер пайдалы да сапалы болса жақсы жаңалық екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар