Өлең, жыр, ақындар

Өзгелерге қарағанда неліктен ерте қартаясыз және мұның алдын алу жолдары

Әр адам белгілі бір нәрселерді бақылауда ұстай алатынына сенгісі келеді. Мысалы, денсаулығы мен ағзасының қартаюы. Себебі бәріне мәлім болғандай, жастықты ұзартатын керемет өнімдер бар, оған спорт пен сегіз сағаттық ұйқының адам ағзасы үшін пайдалы әсері бар екендігін қосыңыз. Ағзамыздың әрбір жасушасын өмірлік қуатпен қамтамасыз ететін күнделікті екі литр судың пайдасы тағы бар. Таза ауада серуендеу, медитация мен гимнастиканың да пайдасы орасан зор. Бұған алтыннан, адамшөп тамыры мен албырт балықтардың уылдырығынан жасалған түрлі таңғажайып экстрактілерді қосыңыз. Алайда бұлардың ерте ме, кеш пе әрбір адамның басына келетін қарттықты жеңуге қауқарсыз екендігі айтпаса да түсінікті. Кейде осылардың барлығын қолданса да, адамдар қаншама күш-қуатынын зая кеткетдігін аңғарады. Бүгін осының себептерін анықтауға тырысамыз.

Жалпы қарттық дегеніміз не?

Таныстарыңыздың арасында Сізбен шамамен бір уақытта дүниеге келген, алайда жасы Сізден біршама үлкен немесе кіші болып көрінетіндер бар ма? Ғалымдардың пайымдауынша, мұның түп негізі сыртқы көріністі қабылдауда емес, керісінше адам ағзасында орын алатын және оның қартаю үдерісіне тікелей әсер ететін үрдістерде екен. Осылайша, қарттық әжімдер мен шашқа ақтың түсуі емес, уақыт өте келе ағзамызда орын ала бастайтын өзгерістер топтамасы екен. Ал олардың басталуы әр адам ағзасының жеке ерекшеліктеріне тәуелді болып келеді.

Қарттықты өлшеу

Америка Ұлттық ғылымдар академиясының еңбектерінде жарияланған зерттеулердің бірінде Дюк университеті медицина ғылымдарының профессоры Даниэль Бельски бастаған бір топ ғалымдар 20 және 30 жастағы еріктілердің екі тобына 18 параметрден тұратын панельдерді зерттегендерін сипаттайды. Аталған панельдер әрбір жекелеген ағзаның қартаю үрдісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның маркерлері физиологиялық жастың нақты индикаторлары болғандықтан, егде жастағы адамдардың ағзаларында кездесетін қартаюдың биологиялық эффектілерін көрсеткен.

Ішкі үрдістер сыртта көрініс табады

Аталған маркерлер адамдардың физикалық келбетінің ахуалына да жауап беретіні анықталды. Яғни ішкі биологиялық қартаю сипаттарына ие адамдар өз жастарынан әлдеқайда үлкен көрінеді екен. Мұндай нәтиже адамдарға аталған экспериментке қатысушылардың фотографияларын көрсетіп, олардың жасын анықтауға арналған сұрақнама барысында анықталған болатын.

Қарттық ерте басталады

Профессор Бельскидің айтуынша, қарттықпен байланысты зерттеулердің басым бөлігі ауруға берілген және қарттықпен байланысты физиологиялық өзгерістері бар егде жастағы адамдардың қатысуымен өткізілетін көрінеді. Алайда қарттықтың бір түнде келмейтінін ескеретін болсақ, оны зерттеу де егде жастағылардан басталмауы тиіс. Бельски қарттықтың түсуін судың тасты қайрауымен салыстырады: керемет әсерге ие бұл үрдіс бір күн емес, көптеген жылдың нәтижесі болып табылады.

Он екі жылдық бақылау

Зерттеуге Жаңа Зеландияның Данилин қаласында 1972 немесе 1973 жылдары туған 954 адам қатысқан. Еріктілерді 26 жастарынан бастап 38 жасқа толғандарына дейін егжей-тегжейлі бақылаған көрінеді. Әрбір қатысушы 18 параметрден тұратын панель бойынша міндетті түрде түбегейлі тексерістен өткен, соның ішінде қан қысымы, өкпе жұмысы, холестерин мен қант деңгейі, дене салмағының индексі, қабынулардың орын аулы мен ДНҚ бүтіндігі туралы ақпарат жиналған. Осыдан кейін барлық еріктілердің нәтижелерін біріктіріп, олардың әрбірінің жеке қартаю темпі анықталған.

Қарқынды қартаю

Қатысушылардың бір бөлігі бірдей хронологиялық жасқа қарамастан, өзгелеріне қарағанда әлдеқайда тез қартайған көрінеді. Оған қоса, зерттеушілер аталған еріктілерге жастары біршама үлкен адамдар өтетін баланс пен ойлау қабілетін анықтауға арналған тестілерді өтуді ұсынғанда, 20 және 30 жастағы еріктілердің тест нәтижелері жастары үлкен адамдардың нәтижелерімен пара-пар келіпті.

Бәрі өз қолымызда

Алайда аталған эксперимент нәтижесінде анықталған жақсы жаңалық та бар: еріктілер арасында өз хронологиялық жастарынан әлдеқайда жас әрі ағзаларындағы қартаю үрдістерінің баяу жүретіндері де болды. Жылдам және баяу қартаю үрдістері көрініс тапқан екі топ еріктілерді зерттеу нәтижелерін салыстыру қарттық табиғатының не екендігін дәлірек тануға және оның алдын алу шараларын қалыптастыруға мүмкіндік беретіні мәлім. Профессор Бельскидің пікірінше, қартаюға әсер ететін факторлардың 80%-ы генетикалық болмағандықтан, біздің өмір сүру салтымызға байланысты. Тіпті ДНҚ-ға байланысты 20%-дық факторлардың өзін бүгінгі күні белгілі дәрежеде өзгертуге болады екен.

Қарттықпен күресу әдістері

Қартаю жылдамдығын анықтаудың неғұрлым нақты әдісіне ие болсақ, жасарудың соғұрлым тиімді әдістері мен құралдарына ие бола аламыз. Бельски олардың негізгілерін келтіреді. Олар көпшілікке мәлім майлы емес, қанты мен тұзы аз ас, адамның өз салмақ нормасының қалыпты болуы, стрессіз өмір сүру салтын ұстану, иммундық жүйені қалыпта ұстау мен физикалық тұрғыдан үнемі ағзаны шынықтыру болып табылады. Темекі шегу мен алкогольден аулақ тұру да еріктілердің ағзаларына оң әсерін тигізген. Бельски мен оның командасы аталған еріктілердің денсаулығын 45 жасқа толғандарына дейін зерттеумен айналысуды мақсат етіп отыр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз