Латын əліпбиіне көшеміз дегенше екі нұсқаның басын шалып көрдік. Əуелгісі қазаққа тəн дыбыстарды диграфпен, одан кейінгісі апострофтармен көмкерді. Меніңше латынға көшу деген - тек ағылшында бар əріптерді қолдану деген сөз емес. Тіпті ағылшындарға туыс болып келетін немістердің өзі неміс клавиатурасына өз есебінен үш əріп қосып қойған. Клавиатура дегеннен шығады, латын əліпбиіне көшкен елдердің дерлік барлығында клавиатура бар, неге бір əліпбиді қолдана отырып əрқайсысының өз клавиатурасы бар..? Өйткені əрқайсысының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік дыбыстары бар, оған əрине ағылшынның санаулы əріптері жауап бере алмайды. Сондықтан латын əліпбиіне көшкен əр ел өзіне тəн дыбыстармен таңбалар санын толықтырып қойды, сол себепті түрік клавиатурасын былай қойғанда немістердің де, даниялықтардың да клавиатурасы бар. Əр халықтың тілінде өзіне тəн дыбыс бар дедік, сондықтан əрқайсысының өзіне тəн клавиатурасы бар дедік. Қазақта ше? Осы əлемдегі тілдердің дыбысы жағынан қазақ тіліне тең келері жоқ шығар, Ə, Ғ, Қ, Ө, Ң, Ұ, Ү, оның бəріне апострофтарды қолданатын болсақ... жазу жылдамдығымыз төмендеп кетеді. Біз компьютерге сəйкес келу жолын қарастырып жатырмыз, ол түсінікті. Сол компьютерге Ə, Ғ тектес таңбаларды енгізгендей латыншаға қосқан таңбамызды да енгізе алмас па екенбіз? Бəрібір біздің дыбысымыз ағылшындар үшін түсініксіз, "А"-ға "Е"-ні қосып жазсақ та, апострофты қосып жазсақ та, "Ə" өзіміздің жанымызда қалатын əріп. Ендеше, мен де өз нұсқамды ұсынып көрейін. Мəселе əліпби құрастырып, тарихта атыңды қалдыру емес, мəселе қазақ тінінің жазудағы жеңілдігінде, көркемдігінде болып тұр. Қазақстан азаматы ретінде мен де өз ұсынысымды жасауға қақым бар деп ойлаймын. Егер апострофтарды қаламайтын болсаңыздар, менің ұсынысыма көз жүгіртіп, ой елегінен өткізесіздер деген үміттемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Шынгыс
Өзге ой болған жақсы! Жарайсың!