Өлең, жыр, ақындар

Лигейя

 

Өлімді мойынсынбайтын еріктің өзі, міне, осында! Еріктің күш құдіретінің тылсым құпия сырын аша алатын кім бар? Өйткені құдайдың өзі де әділін айтқанда — о бастан, табиғатында барлығының мән-мағынасын ашу үшін әдейі жаратылған айрықша бір алып ерік тәрізді. Өзінің еркі кемдігінен, әлсіздігінен дәрменсіздікке дес берген адам ешқандай періштені де, ажалды да әсте мойындамақ емес.

Джузеф Гленвилл

Леди Лигейяны алғаш рет қалай, қашан және қайда көргенімді жанымды ажалдан арашалап алып қаламын десе де жадыма түсіре алмаған болар едім. Одан бері талай жылдар өтті, ал менің қайғы-қасіреттен есімдегілер елес боп кетті. Сол себептен де мен оның бәрін дәл қазір қаз-қалпында есіме түсіре алмаймын. Өйткені менің ғашығымның мінез-құлқы, оның асқан зиялылығы, толған айдай теңдесі жоқ ажары, жаныңды тербететін күміс қоңыраудай үні мен ұяң дауысы о баста менің жүрегімді білдірмей бірте-бірте баурап алды емес пе! әйтсе де маған көбіне-көп онымен Рейннің маңындағы тозығы жеткен, көне де үлкен бір қалада танысып, сонда ұшырасып жүрген сияқты болады да тұрады. Оның семьясы... Иә-иә, ол жөнінде маған айтқан-ды. Оның ертеден келе жатқан текті әулеттен шыққанында еш күмән жоқ, Лигейя! Лигейя! Бұл жалғаннан безіп, қасірет ырқына берілген сәтте тек осы қасиетті Лигейя деген сөзді аузыма алып, жарық дүниеде жоқ бейнені қиялмен көз алдыма елестетемін. Қазір осыны жазып отырған кезімде, кенет менің досым және қалыңдығым болған жанның, менің дәріс алған шәкіртім, ақыр аяғында менің сүйікті жарым болған жанның шын есімі кім екенін білмегенім ойыма сап ете қалды. Неге ғана мен оны сұрамадым екен? Мүмкін оған менің Лигейямның назды әзілі бөгет болған шығар? Әлде менің нәзік сезімімнің құдіреті осылай сыналды ма екен? Әлде соның өзі менің өз басымның кесапаты — көзсіз құштарлық құдіретіне жасалған сөзсіз ғажап құрбандық болар ма? Тіпті осы фактінің өзі есімде болар-болмас қана сақталыпты, ендеше, егер оны туғызған, онымен қатар болған жағдайлар менің жадымда қалмаса, оған таңдануға бола ма? Шынында, егер Романтикалық құштарлық деп аталатын рух, егер египеттік-пұтқа табынушылардың жадау Аштофеті, аңызда айтылатындай, жазмыштық тойлар бұлыңғыр қанатымен жебеп жүргені рас болса, онда менің некелесу тойымда оның төрағасы болғанында дау жоқ.

Әйтсе де бір аяулы естелік әсте есімнен кетпейді. Ол — Лигейяның бейнесі. Ол тал шыбықтай бұралған сұңғақ бойлы, жер бетіндегі соңғы күндерінде — тіпті әбден жүдеу болатын. Оның өктем де сабырлы қимылын немесе бәйгі атындай ширатылған кербез жүрісін жазамын деп бекерге әбігерленбей-ақ қойғаным жон болар. Бейне көлеңке тәрізді оның келгені де, кеткені де білінбейтін, мен оның тамаша нәзік үнінің музыкадай сыңғырын естігенде ғана, мәрмәрдай аппақ сүйрік саусақтарының иығыма тигенін сезгенде ғана оның оңаша кабинетіме келгенін білуші едім. Жүзінің ажары жөнінен оған тең келетін бұл жалғанда қыз жоқ еді. Бұл апиын туғызған асқақ қиял сағым — аруақ елесіндей, таңғы сәуледей, Делос аруларының мүлгіген жанын жебеуші, тіпті қиялдан да асып кеткен нағыз құдіреттің өзі болатын. Әйтсе де бізді қисынсыз қадірлеуге үйреткендегідей көне заман мүсіншілерінің классиктік шығармаларында кездесетін мінсіз түзулік оның жүзінде жоқ еді. «Жан дүниеңді баурап алар сұлулықтың бәрінде,— дейді Бекон лорд Веруламский сұлулықтың түрлері мен тегі туралы айта келіп,— өзінің тепе-теңдігінде қашан да бір тосын өзгешелігі болады».— Алайда Лигейяның бет әлпеті классиктік түзуліктен аулақ екенін көре тұрсам да, оның сұлулығы «жан дүниеңді баурап» алатынын біле тұрсам да, оның «өзгешелігін» сезе тұрсам да бәрібір оның міні неде екенін аңғаруға, көңілімде сол — «өзгешілік» сезімін туғызатын не екенін ұғынатын менің шамам келмеді. Мен оның керілген кең маңдайынан көз алмай қараймын — онда мін жоқ, (О, сол нұрдан жаралған жанға қолдану үшін бұл сөз қандай қораш еді), мен оның аса қымбат піл сүйегінің түсімен бәсекелесетін өңін, мейлінше мінсіз дәлдігін, самайға ойысар сәттегі сәл дөңдігін, ақырында, Гомердің «сүмбіл» деген керемет теңеуінің мәнін ұғуға мүмкіндік беретін табиғатынан бұйра болып жаратылған мақпалдай қолаң шашына сұқтана қараймын. Мен пістедей мұрнына көз тастаймын — мұндай сұлулықты менің тек ежелгі Жәһиттердің теңгелерінде ғана көргенім бар. Кәдімгі көргенде көз тұнарлық керім сұлулық, сәл құс тұмсыққа ишарат, еркіндіктің куәсіндей үйлесімді қос танау. Мен оймақтай аузына аңтарыламын. Ол шынында да құдіреттің күшімен ерекше жараланған — иілген үлбіреген үстіңгі ерні, кілегейдей мөлтілдеген төменгі ерні, езудегі шұқыры шырайының құбылысымен ашық аспандай мұңсыз көңілмен айрықша бір рахаттана ақсия күлген сәттер де маржандай тістерінің жарқылы қасиетті күн сәулесінің нұрынан асын түсетін-ді. Мен оның иегінің бітісін зерттеп көрдім, оны тек Аполлон құдай афондықтың ұлына, Клеоменге түсінде ғана көрсеткен белгілерге — гректер айрықша қастерлейтін үйлесімді нәзік, асқақ белгілерге ұқсас деп таптым. Содан кейін барып мен Лигейяның шарадай көздеріне көңіл аудардым.

Көзіне біз ежелгі заманнан лайықты үлгі таба алмаймыз. Лорд Веруламский айтқан құпия мүмкін менің ғашығымның осы көздеріне тұнған шығар! Маған олар, әдеттегі адамдардың көзінен әлдеқайда үлкен болып көрінеді. Тіпті сонау Нурджахад алқабында тұратын тайпалардың құралай көз әйелдерінің көздерінен де үлкен. Әйтсе де Лигейяның бұл ерекшелігі оқта-текте ғана, кейде бір жан дүниесі ерекше толқыған сәтте ғана болмаса әдетте онша аңтарыла бермеуші еді. Мұндай мезетте оның сұлулығы (мүмкін бұған менің қисынсыз қиялым кінәлі де болар) аспаннан түскен періштенің немесе бұл жалғанда жаралмаған — тек түрік ертегілерінде ғана айтылатын арулардың сұлулығындай болып көрінетін. Қарақат көзі жалт етіп қарағанда шоқтай жанады, оны ерекше эбен (жылы жақта өсетін ерекше сымбатты ағаш) ағашындай самсаған ұзын кірпіктері қаумалап тұрады, сәл иілген қастары қап-қара. Алайда бұл көздерден мен байқаған «өзгешелік» олардың шарадай үлкендігінде де, олардың түрінде де, олардың жалт-жұлт еткен түсінде де емес, ерекшелікті сол көз жанарларының ішкі сыршылдығынан іздеу керек еді.

Әттең мағынасынан жұрдай болған сөздерге не шара бар. Біз рухқа байланыстының бәрінен өзіміздің бейхабар екенімізді сол сөздердің мағынасыз құр даңғырымен жасырғымыз келеді. Лигейяның көз қарасы! Ол жөнінде мен ұзақ сағаттар бойы ойладым! Ең ұзақ күн қарсаңында оның сырын ұқпақ болып көрер таңды көзіммен атырдым! Тіпті әлгі Демократ құдығының құпиясы менің сүйіктімнің жанарында жасырынған тұңғиық сырдан терең бола қойды ма екен осы? Онда қандай сыр бар екен? Мен соны білуге ынтық болдым. Шіркін, Лигейяның көздері-ай! Сол бір шарадай, сол бір жайнаған, жайраңдаған, жаутаңдаған жанары-ай! Олар маған Ледадан жаралған егіз жұлдыз болатын да, мен соған табынушы астрологке айналған едім.

Толып жатқан ауытқушылықтар туралы ғылым ішінде адамның ақыл-ойы туралы ғылымдай көкейтесті ештеңе жоқ, менің білуімде, баяғыда ұмыт болған нәрсені біздің көп ретте қайта жаңғыртып, жадымызға түсіруге тырысуымызды кейде соның өзі енді ойымызға оралатындай бола тұрса да, түптеп келгенде, оны ойымызға түсіре алмай әбігеріміз шығатыны жөніндегі фактіге ден қоймаған бірде-бір ғылыми мектеп жоқ, Дәл сондай, Лигейяның жанарына қараған кезде мен де оның көзқарасының сырын енді-енді ұғатындай сезінетінмін, кейде оны ұққандай да болатынмын, бірақ ұға алмаушы едім де, ол тағы да сырын алдырмай жалтарып кетуші еді. Мен (ғажап, иә, барып тұрған ғажап құпия!) әлемдегі заттардан сондай құбылыстарды аңғардым. Бұл арада мен Лигейяның айдай ажары қасиетті ғимараттарға жайғасқандай менің рухымды, сана-сезімімді билеп алған соң дүниедегі көп нәрсенің мәні енді маған оның күлімдеген шарадай көзі туғызған сезімдей әсер ете бастады. Әйтсе де бұл сезімді анықтау, тым болмаса оны сараптау, әйтпесе оған әншейін ғана қалыс жандай қарау менің пешенеме жазылмады. Мен оны, қайталап айтамын, ғайыптан бой түзеген жас шыбықтан немесе жарыққа үйір түнгі көбелектен, шыбын-шіркейден, қуыршақ пен құлдырай құйылған бұлақ суынан таныдым. Мен оны мұхиттан, құлдыраған метеориттен көрдім. Мен оны қисапсыз көп жасаған жандар жанарынан байқадым. Мен телескоппен қараған кезде (айрықша біреуі — қосарланған және құбылмалы, көлемі жөнінен алтыншы орындағы жұлдыз, ең үлкен Лира жұлдызымен іргелес жұлдыз) сондай сезімге бөлейтін екі-үш жұлдыз болды. Оны шекті аспаптардың кейбір сазы мен кітаптардың нәрлі назы жеткізетін. Басқа көптеген мысалдар ішінен Джозеф Гленвиллдің трактатындағы мына бір сөздер (мүмкін өзінің өзгеден ерекшелігінен де болар — оны кім білген?) әсте ойымнан кетпейді: «Өлімді мойынсынбайтын еріктің өзі, міне, осында! Еріктің күш-құдіретінің тылсым құпия сырын аша алатын кім бар?! Өйткені құдайдың өзі де — әділін айтқанда, о бастан, табиғатында барлығының мән-мағынасын ашу үшін әдейі жаратылған айрықша бір алып ерік тәрізді. Өзінің еркі кемдігінен, әлсіздігінен дәрменсіздікке дес берген адам ешқашан періштені де, ажалды да әсте мойындамақ емес».

Менің кейін тауып, кенжелеп қалған ойымды ағылшын моралисінің бұл жазғандарымен Лигейяның мінезіндегі кейбір көріністер арасындағы азды-көпті байланыстар бар екенін аңғаруыма көмектесті. Оның ой-пікірінің, іс-әрекетінің, сөйлеген сөзінің шиыршық атқан, шымыр болуы да, бәлкім, біздің ұзақ уақыт тату-тәтті өткізген күндерімізді білдіретін басқадай нышанын сездірмеген ғаламат еркінің күштілігінің нәтижесі, әлде соның куәсі болар. Бұл дүниеде мен танитын әйелдер ішінде сол ғана — адуын құштарлық құзғындығының құрбандығына алаңсыз да алтаусыз берілетін. Ал жанында баурап алатын сиқыры бар сыңғырлаған, тақылдаған әрі момақан да мұңды үні, (оның сөйлеу сыңайына қарама-қарсылығымен айрықша қайран қалдыратын), ол жиі қайталап айтатын жалынышты сөздерді былай қойғанда, сол құштарлықты таразылайтын да, қорқытатын да әлгі көргенге керемет әсер ететін жанарының құбылып тұратынынан басқа менің ешқандай құралым жоқ болатын.

Лигейяның оқымыстылығы жайлы мен жоғарыда айттым — шынында ондай зиялы жанды әйелдер арасынан мен әсте кездестірген емеспін. Ежелгі тілдерді ондай білетіндер сирек, басқасын қайдам, менің өзім білетін осы заманғы Европа тілдерінің бәріне де ол жетік болатын. Мейлі Академияның даңқын асырған (әлде мүмкін өзінің шым-шытырық шатасқандығынан да болар) тақырыптар жайлы болсын, сірә да Лигейяның бірдеңені білмей қалған кезін менің әсте кездестірген сәтім болды ма екен? Өз жарымның осы бір қасиетін мен енді ғана танып біліп, кереметтей толқып отырмын! Әйелдер арасында ондай оқымыстылықты мен кездестірген емеспін дедім, бірақ адамгершілік, физикалық және математикалық ғылымның жазира алқабынан сүрінбей өткен еркекті қайдан табуға болады? Қазір айдан анық көріп тұрғандарымды — Лигейяның білімі ғаламат, ұшан-теңіз мол екеніне онда көзім жете бермейтін, әйтсе де, оның өлшеусіз артықшылығын мойындағаным сондай, бейкүнә баладай пәк көңілмен оның басшылығына, тіпті мен екеуміз бас қосқан алғашқы жылдарда зерттеп жүрген метафизиканың шытырман дүниесіне сүңгіп кеттім. Мен оқып отырған кезімде Лигейя қасыма келгенде (менің өтінішімсіз, білдіртпей ғана), жаймен алдымнан ашылған сол бір перспективаны, мені көздеген нысанаға — тыйым салмасқа болмайтын асқан қасиетті де қымбатты даналыққа жеткізетін ұзақ, тамаша жан баспаған тылсым соқпақты, шексіз салтанат, асқан қуанышпен, асқақ үміт үстінде білдім.

Бірнеше жылдан кейін сол қанатты үміттерім ұшты-күйлі жоқ болып ұшып кеткен кездегі менің тартқан қасіретімді айтпаңыз! Лигейясыз мен қараңғыда айналасын қолымен қармаған бала едім. Оның қалқиып отырғанының, тіпті жай ғана дауыстап оқығанының өзі біз бас қойып, тереңіне сүңгіп кеткен ақыл-санаға алдырмайтын (трансцентдентальдік) философияның көптеген құпиясын айдай ашып тастаушы еді. Оның жәудіреген жанарының нұрлы сәулесінен айрылған жалт-жұлт еткен алтын әріптер енді Сатурнның қоршауынан бетер күңгірт тартты. Бірте-бірте ол көздер мен оқитын беттерге нұр сәулесін сирек төгетін болды. Лигейя ауырып қалды. Сырын алдырмас сол бір жәудір көздер айрықша жалт-жұлт етеді, боп-боз саусақтары көрден шыққандай, балауыз түстес, биік маңдайындағы көкпеңбек күре тамырлар білеуленіп, сәл толқыса суалып кетеді. Мен оның өлетінін сездім,— бірақ менің рухым тұнжыраған әзірейілмен арпалысып бақты. Бір ғажабы, менің жұбайым онымен менен де қатты арпалысты. Оның сабырлы мінезінің кейбір ерекшелігіне қарап оны мен өлімнен қорықпайтын болар деп ойлаушы едім — жоқ, мүлдем олай болмай шықты. Оның мейрімсіз елеске қалай қарсыласқанын ауызбен айтын жеткізу мүмкін емес. Осы жанды жегідей жеген көріністі көргенде менің қасіреттен қабырғам қайысты. Мен жұбатқан да, үгіттеген де болар едім, бірақ оның өмірге, тек өмірге деген әнтек құштарлығының құдіретімен салыстырғанда — жұбату да, үгіттеу де қисынсыз еді. Әйтсе де ақырғы сәтке дейін, оның ажалмен арпалысқан асау рухының қиналып жан тәсілім еткен мезеттерінің өзінде ол сырттай сабырлы кейпін алдырмады. Оның үні бұрынғыдан да нәзік, бұрынғыдан да ұяң бола түсті — әйтсе де мен сол бір сабырлы сөздердің сандырақ мәні жөнінде айтқым келмейді. Қарапайым, жұмыр басты пенденің құдіреті жетпейтін әуенге елітіп, ажалды адам баласы бұрын білмеген болжаулар мен үмітке ұйып, менің басым айналып, көзім қарауытты.

Иә, оның сүйгеніне менің еш күмәнім болған емес, ондай кеудеге айрықша махаббат қана әмірші бола алатының аңғару да онша қиынға соқпас еді. Бірақ оның осы құштарлығының құдіретін мен бізді ажал ажыратқан соң ғана барып айқын сездім. Менің қолымды қысып ұстай отырып, жалындаған іңкәрлігі табынушылыққа дейін жеткізген жүрек сырын маған ол сан сағат бойы жыр қып айтқан-ды. Мұндай сырдың рахатына бөленерліктей мен не істеппін соншама? Соны естіген сәтте сүйіктімнен мәңгі айрылысу қасіретіне душар боларлықтай мен не істеппін осы? Бірақ олардың бәрін тәптіштеп айтып жатуға менің дәрменім жетер емес. Тек айтарым,— осы бір елжіреген әйел махаббатынан — мен, расында, Лигейяның мәңгі мейірі қанбас құштарлығының, енді қас-қағымда ғайып болған оның өмірге деген адуын құштарлығының енді қас-қағымда ғайып болған оның өмірге деген адуын құштарлығының табиғатын танығандай болдым. Міне сол бір адуын да асау құштарлықты, өмірге, тек өмірге ғана қорқау іңкәрлікті мен баяндап жеткізе алмаймын, өйткені оны бейнелеуге болатын бұл жалғанда ешбір сөз жоқ.

Өлетін түні, түн ортасында ол өктем ишаратпен қасына шақырып алды да, содан бірнеше күн бұрын ғана өзі шығарған өлеңді оқып беруімді талап етті. Мен көндім. Сол өлең мынау.

Спектакль — думан! Уа, жетті мезгіл,

Қасірет өріп жылдар өрмегін.

Қар боп басты айқара,

Не ғаламат көргенін.

Ақ киімі шырыштай,

Періште аруақ көріп тұр,

Күмбірлетіп музыка

Үрей мен үміт келгенін.

Актерлерді тәңірім,

Өзіндей етіп жаратты

Үрей мен күдік асыр сап,

Бекер әуре әбігер.

Бір келер де бір кетер,

Құдірет күшін мойындап.

Қасірет қайғы кеп себер,

Қанатындай күшігеннің құйындап.

Алажабыр әлгі думан, есуас,

Әйтсе де ол ұмытылып, өшпейді:

Елес қуған есер тобыр тұп-тұтас

Шыр айналып, сол шиырдан өтпейді.

Кері бастап әкеледі тағы да ол,

Қайғы-қасірет соқпағынан кетпейді.

Есуастық, асқан күнә, үреймен

Бұдан сірә, күшті сюжет өтпейді.

Кенет, міне, зәресі ұшып,

Актерлердің асыры тына қалды.

Қанды ауыз мақұлық бір

Келді де әлгі жалмап салды.

Арбаңдап кеп әміршідей.

Құрбандығын аямады.

Адамдардың тағдырындай,

Қанды ауызын ашты арандай.

Қара түнек айналада,

Ажал күтіп тұрды оларды.

Үрейді алып ұлып дауыл

Жұрттың бәрі қалшылдады,

Меңіреу түнек — шымылдықта түсірілді.

Бет пердесін серпігенде періштелер,

Өзен болып көз жасы ақты,

Өтіп жатты трагедия «Адам» атты,

Құрт Жеңімпаз — кейіпкері.

— О, құдайым-ай! — өлеңнің соңғы жолдарын оқыған кезімде Лигейя орнынан атып тұрып, қолын көкке жайып жалбарына бастады.— О, құдай! О, жаратқан жаппар ием! Әмәнда осылай болуға тиіс пе? Мына жеңімпаздың сірә де бір өзі жеңілер күні бола ма? Әлде біз Сенен жаралған, сенімен бір емеспіз бе? Еріктің күш-құдіретінің тылсым құпиясын ашатын кім, кім бар бұл жалғанда? Өз еркінің әлсіздігінен дәрменсіздікке бақұл болатындай адам ешқашан періштені де, ажалды да әсте мойындамақ емес.

Содан соң осы бір серпілістен сілесі құрығандай оның әппақ қолдары сылқ етіп түсіп кетті, ол ажал құшағына қайта оралды. Ақырғы демі шыққан кезде оның аузынан сонымен бірге күбірлеген әлсіз сыбыс естілді. Мен оның аузына құлағымды тостым, сол кезде ол тағы да Гленвиллдің әлгі «Өз еркінің әлсіздігінен дәрменсіздікке дес берген адам ешқашан періштені де, ажалды да әсте мойындамақ емес» деген сөзін естідім.

Ол дүние салды. Қайғының қасіретінен тірі аруаққа айналғанмен Рейндегі, тұманды ескі қаладағы сүренсіз үйімде жападан жалғыз енді тұра алмайтын болдым. Мен дүниенің байлығынан кемтарлық көргенім жоқ. Лигейя маған әдетте жұмыр басты пенденің еншісіне тиетін үлестен әлденеше есе асып түсетін — иә, иә асып түсетін, әлдеқайда көп, анағұрлым асып түсетін жасау алып келген еді, Міне, енді бірнеше ай бойы басымның ауған жағына қаңғырып жүрдім де әсем Англияның шалғайдағы, жан баспаған облыстарының біріндегі ескі аббаттықты сатып алдым да, соны жөндетіп, тұратын мекенге айналдырдым. Қаңқиған үйдің қаңыраған түрі, айналадағы тылсым дүлей тоғай, оған байланысты ертеден келе жатқан алуан түрлі аянышты аңыздар осы елдің осы бір қияндағы, тірі жан ат ізін салмайтын түкпіріне айдап тыққан шерлі көңілдің шерменделігімен әбден үндесіп жатқан-ды. Алайда ғимаратты құдды қираған көне қамалдай ғасырлар бойы қау боп өскен қалың шырмауық орап тастаса да оның қабырғалары бәз-баяғы қалпында сақталыпты, ал мен болсам ішін балалыққа тән берекесіздікпен, мүмкін әлде, жанымды жеген қайғыдан қалай да сергісем деген тұрлаусыз үмітпен, хан сарайынан да артық етіп әшекейледім. Өйткені мен бала кезімнен-ақ осындай ұсақ-түйек бірдеңелер жасауға әуес едім, енді міне қайғы-қасіретке душар болған шағымда балалықтың сол белгілері маған қайта оралып отыр. Амал қанша, қабырғалардың сәнді де салтанатты шаршаулардан, Мысырдың мұңлы мүсіндерінен, алтын шашақты жібек кілемдердің шытырман өрнектерінен қаншама есуастық іздерін көруге болар еді! Сол кезде мен әмірін екі етпейтін апиынның (меңдуананың) құлақ кесті құлы болдым, сондықтан да менің еңбегім мен бұйрықтарымның бәрінде де апиынға елтіген есірік қиялдың ізі жатқан еді. Әйтсе де бұл есуастыққа тоқталудың қажеті қанша! Одан да мен әлі де ұмытыла қоймаған Лигейяның орнына өрімдей жас жарымды, Тревейньон әулетінен шыққан аққұба өнді көкшіл көзді Ровена Тремейнді ақылымнан адасып, мехраптан қалай сол қарғыс атқан меңіреу мекеніме алып келгенімді ғана баяндап берейін.

Сол неке отауының әрбір архитектуралық ерекшелігі, әрбір әшекейі — олардың бәрі де қазір менің көз алдымда тұр. Бейкүнә бойжеткеннің осылайша әшекейленген мына бөлменің табалдырығын аттауына жол берген кезде қалыңдықтың алтынға ынтық мейрімсіз ата-аналары мен жақын туыстарының жаны қайда болды екен? Қазір аса маңызды заттардың өзін қалай болса солай ұмытып қалатын мен, сол бөлмені айрықша жақсы білемін дедім; ал енді сол ақылға сыймайтын алақұйын ішінде жадыңа жәрдемдесер бір жүйе, бір рет жоқ-ты. Қамалға ұқсаған ғимараттың биік мұнараларының біріне орналасқан сол бөлме бес бұрышты, аса кең болатын. Бес бұрышты бөлменің түстік жағын тұтас терезе — қорытылған қорғасын түстес венециялық бүтін бір үлкен әйнек шыны алып тұратын да содан түскен күннің сәулесі мен айдың жарығы бөлме ішіндегі заттардың бәрін сұрқай тартқызып, сүреңсіз етіп жіберетін. Әлгі үлкен терезенің сыртындағы қалың, жалпақ жақтауды айнала өскен жабайы жүзім жөргемі шырмап алған. Қоңыр еменмен қапталған зәулім биік име төбе алуан түрлі әсем өрнекпен готикалық, друндиялық стильге ұқсайтын барып тұрған қисынсыз бейнелермен әшекейленген. Сол бұлыңғыр төбеден дәл ортасынан сарациндықтар қорытқан металдан тұтас құйылған ұзын алтын шынжырдың ұшына бекітілген аспалы шарағдан салбырап тұр, оның тапқырлықпен, айнала жасалған мың-сан тесігінен, бейне бір өрмелеген жыланның отты деміндей тынымсыз сумаңдаған жалын тілі көрінеді.

Ана тұста, мына тұста жалпақ жұмсақ төсектер мен алтынмен апталған шығыстың шамдалдары, оның сыртында — төсек, кәдімгі асыл ағаштан үндістерше өрнектеп, ойын жасалған, өзі аласа, табытқа арналған әсем далдамен жабылған жас жұбайлар төсегі тұр. Бес бұрыштың әрқайсысына Луксордағы патшалар сағанасынан әкелінген қара гранит саркофагтар тікесінен тік қойылған; олардың бетінен ерте заманда салынған мүсіндер көрінеді. Бірақ соның бәрінен асқан ғажап нәрсе — төбеден еденге дейін толқындай төгіліп, бөлменің бүкіл қабырғасын жауып тұрған перделер. Оның өзі еденге төселген, кілем, жатаған жалпақ төсек пен асыл ағаштан жасалған керует үстіндегі жапқыш, соның далдасы, терезені ішінара көлегейлеп тұрған перденің әшекейлі шашақ-бауы жасалған материалдан тоқылған өрнекті кәлікілем болатын. Бұл материал арқауы алтыннан өрілген баға жетпес асыл жібек еді. Оның әр тұсына алақандай мойыл қара гүл жапырақ тоқылған. Бірақ ол гүл жапырақтар бір бүйірден қараған сәтте ғана әдейі салынған өрнектер сияқты болып көрінеді. Сонау көне заманның алғашқы ғасырынан келе жатқан әдісті қолданып, оны енді құбылтып, құлпыртып жіберген. Есік алдында тұрып қарағандарға оның бәрі келіссіз құбыжық сияқты болып көрінеді, ал табалдырықтан аттап, бөлмеге кірген кезде сол гүл-жапырақтар қосылып, белгілі мүсінге айнала бастайды да, келуші аяғын аттап басқан сайын өзін әлдебір діндар жанның қиялынан туған немесе күнәкар сопының түсіне енген бірдеңелерді аңғартатын құбыжық бейнелер шеруі қоршап алғандай болды. Оның үстіне перде сыртына әлгі мүсіндер тұрпатын өзгертіп, оларға жан бітіп, үнемі қыбырлап тұрғандай болып елестейтіндей ғана мөлшерде жел есетіндей етіп жасанды қондырғы қойылғанды, ал мұның өзі тосын көрген адамның бұрынғыдан бетер үрейін алатын.

Батасыз бас қосқаннан кейінгі жұбайлықтың алғашқы балды айлары мен леди Тремейнмен бірге міне осындай сәулетті жайда, осындай отау бөлмеде өткіздім — өткізгенде де жан зәбірін шекпей, алаңсыз өткіздім. Жарым менің тұнжыраған томырық мінезімнен қорқатынын, оның менен қашқақтайтының, маған деген сүйіспеншілік сезімінің жоқ екенін сезетінмін. Бірақ соның өзі маған ұнайтын да. Адамнан гөрі жын-періге тән оның мені мейлінше жек көретінінен аза бойым қаза болушы еді. Іңкәрім, аруым, әселім, дүние салған Лигейям (о, қандай қасірет шегуші едім!) әсте есімнен шықпайтын. Мен оның пәктігін, оның адалдығын, оның сұңғақ та сымбатты тұлғасын, оның отты да құдіретті махаббатын есіме алып рақатқа батушы едім. Шынында енді менің рухым өзін шарпыған оттан да күшті алаулап жана бастады. Бейне бір қайтыс болған жанға деген сарғайған сағыныш, асқан құштарлық, жан дүниеңді жегідей жеген зарығу оны өзі қоштасқан мына дүниеге — шынымен-ақ мәңгі қоштасқаны ма? — Мына жер бетіне қайта оралға алатындай апиын ішіп, қиялымды қабындырған кезде (өйткені, мен үнемі оның арбауынан арыла алмадым) мен тым-тырыс түн ішінде де тал түсте де орман ішіндегі оңаша жасыл аланда да оның атын атап айқайлап шақырдым.

Некелескеннен кейін екінші айдың басында кенет Леди Ровена сырқаттанып қалды да, көпке дейін айыға алмай жүрді. Безгектің азабынан науқас түнгі ұйқысынан айрылды, ұйқылы-ояу жатып ол мұнарадағы бөлмені кернеген дыбыстар мен қимылдар жөнінде айта тын болды, бірақ мен болсам, оны жұқарған жүйкенің әлегі, әйтпесе бөлменің қиялды қоздыратын ықпалы шығар деп ойладым. Бірте-бірте беті бері қарай бастады, ақыры құлан таза айығып кетті. Бірақ көп ұзамай ол тағы да қалпақтай түсті, қайта төсек тартып жатып қалды. Денсаулығы бұрын да мықты болмайтын, енді тіпті нашарлады. Сол кезден бастап оның дерті қатерлі бола түсті, бәрінен де оның мендей түскені қауіпті болды — оны емдеп жүрген дәрігерлердің білгірлігінен де, іс-әрекетінен де ештеңе шықпады. Асқынған көне дерт әбден бойға сіңіп алған болса керек, енді адам қолданатын емнің ешқайсысы қонбай қойды, менің еркімнен тыс байқауларыма қарағанда зақымдалған жүйкеге қоса себепсіз үрей пайда болған сияқты. Дыбыстар жөнінде — болар-болмас қана естілетін дыбыстар жөнінде — бұрын өзі айта беретін қабырға шаршауланған маталардың арасындағы тосын қимылдар жөнінде енді ол бұрынғыдан бетер аузынан тастамайтын болды.

Сентябрьдің аяқ кезінде сырқат бір күні түнде әлгі жексұрын зат жөнінде әдеттегіден тыс қайта-қайта қақсап қоймады. Оның беймаза ұйқыдан оянған бойы сол болатын, мен бір жағынан қауіптене, бір жатынан үрейлене тұрып оның жүдеу жүзінің құбылысын бақыладым. Мен соның жаныңда үнділік жатаған төсектің асыл ағаштан жасалған жұмсақ орындығында отырғанмын. Ровена басын көтеріп, сол сәтте құлағына келген — бірақ мен естімеген — дыбыстар жөнінде — сол мезетте көзі шалған, бірақ мен байқамаған қимылдар жөнінде әлжуаз үнмен сыбырлап айта бастады. Қабырғаның ар жағынан ұйтқып жел соғып тұрған-ды, мен сол болмашы лепті, тыныс демін, сол қабырғадағы мүсіндердің болар болмас толқуы әлгі қабырғаға қағылған перделердің ауамен қозғалысының табиғи нәтижесі екенін (оған өзімнің де онша сене қоймайтынымды мойындауым керек) айтып, Ровенаны иландырмақ болдым. Алайда оның өліктей сұп-сұр боп кеткен жүзі менің бұл әрекетімнен түк шықпайтынын аңғартты. Маған ол есінен танып қалған сияқты болып көрінді, ал маңымда қызметшілердің біреуі де жоқ екен. Оған ішкізуге дәрігер жазып берген шарап құйылған графиннің қайда тұрғаны есіме түсті де, мен бөлменің арғы бұрышына қарай беттедім. Бірақ төбедегі май шам жағылған шырағданнан түсіп тұрған сәуленің шеңберін аттаған сәтімде менің назарым тосын екі жағдайға ауды. Шамасы, маған жанап кеткен болса керек, мен көзге көрінбейтін, материалдың, әлдебірдеңенің жанымнан жылыстап өте шыққаның сезгендей болдым, содан шырағданнан төгілген жарқыраған шеңбердің арасындағы алтын кілем бетінен бір көлеңке — періштеге ұқсаған бұлыңғыр елес — тек елестен ғана түсетін көлеңке көрінгендей болды. Бірақ алдында ішкен апиын әлегінен мәңгіп алған мен бұл құбылысты елең қылмадым да ол жөнінде Ровенаға ештеңе айтқаным жоқ. Графинді алып, оның қасына қайтып келдім де, бокалға шарап құйып, аузына тостым. Әйтсе де ол аздап есін жиып, бокалды өзі қолына алды, мен науқастан көз алмай қараған күйі қасында тұрған төсекке отыра кеттім. Сол кезде барып мен ол жатқан төсектің жанындағы кілем үстімен басқан аяқтың болмашы ғана тықырын естідім, соның артынша, іле-шала Ровена шараптан тағы бір ұрттағысы келіп, ыңғайлана бергенде мен — мүмкін маған көрінгендей болып елестеген шығар — бокалға әлдебір көзге шалынбайтын ауадағы құпия құтыдан құйылғандай лағыл түсті жылт-жылт еткен үш-төрт ірі тамшы тамғанын көрдім. Бірақ оны көрген Ровена емес, тек мен ғана болдым. Ол күдіктенбей шарапты ішті, мен болсам оның бәрін апиынның әлегінен әбден дертке айналған, қабынған үрейлі де ұйқысыз түнде қажыған қиялдан туған қисынсыз бірдеңелерге жорып, көргенім жөнінде оған ештеңе айтқаным жоқ.

Әйтсе де лағыл түсті тамшылардан кейін Ровенаның халі шұғыл нашарлай бастағанын, содан үшінші түні қызметші оны ақ жауып, арулап қоюға әзірледі, ал төртінші түні мен жылы кебінге оранған онымен бірге менің жас жарым болып табалдырығынан аттаған әлгі қиялдан асқан бөлмеде оңаша отырдым. Апиын әсерінен туған есалаң бейнелер көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Мен бұрыштарда тұрған тас табыттарға (саркофаг), мүсіндері құбылған қабырға шаршауларына, төбедегі майшамдардың сумаңдаған алуан түсті алауына үрейлене көз тастадым. Таяудағы түннің егжей-тегжейін есіме алып, сол түні бұлдыр көлеңке елесін көрген майшамдардың сәулесі түсіп тұрған тұсқа қарадым. Бірақ бұл сапар оны көре алмадым, көңілім көншігендей болды да, құп-қу болып төсекте қозғалмай жатқан денеге назар аудардым. Кенет мені Лигейя туралы мың-сан ой қаумалады — осындай кебінге оралған Лигейяны көргенде менің жанымды жеген ауыр азап, енді міне тасыған адуын өзендей жүрегімді қайта жайлап алды. Түнгі сағат тынымсыз өтіп жатты. Мен болсам, жалғандағы жалғыз, алтаусыз сүйген жарымды ойлап, шексіз қасірет шегіп, Ровенаның табыты жаныңда телміріп әлі отырмын.

Түн ортасында — мүмкін одан да кеш, әлде ерте болар, ол жағын мен білмеймін, өйткені уақыттың қалай өтіп жатқаның ойлағаным жоқ — жәй де болса анық естілген бір өксіген оқыс үнді құлағым шалып, дереу есімді жиып ала қойдым. Маған ол асыл ағаш төсек жақтан, өлік жатқан төсек жақтан шыққандай болды. Ырымшыл басым үрейім ұшып, тағы да құлағымды түрдім, бірақ әлгі дыбыс қайтып естілмеді. Мүрде қозғалмас па екен деп мейлінше сұқтана қарадым, бірақ ол тырп етпеді. Әйтсе де менің жаңсақ естуім мүмкін емес. Қаншама жай болса да менің ол дауысты естігенім күмәнсіз, менің жан дүнием жай таппады. Тесіліп өліктен көз алмай қарадым. Құпияны ашуға қол ұшын берген оқиға болғанша талай уақыт өтті. Ақыры өліктің бетінен қабағының ұсақ қантамырларына болар-болмас, көзге шалынар-шалынбас қызыл шырай тарағаны айқын көрінді. Баяндауға жұмыр басты пенденің тілінен лайықты сөз табуға болмайтын адам білмес осы үрей мен кереметтен зәрем ұшып, жүрегім аузына тығылып, он екі мүшем тас боп қатып қалған сияқты болды. Алайда парыз алдындағы жауапкершілік сезімі ақыры бұл үрейден есімді жиюға мәжбүр етті. Біздің оны жерлеуге асығыс әзірлік жасағанымыз айдан анық болды.— Ровена әлі тірі еді. Дереу қажетті шара қолдану керек еді, бірақ бұл мұнара ғимараттың қызметшілер тұратын, түнде барып жататын бөлмелерінен бір шалғайда болатын — оларды шақырып келу үшін менің бұл бөлмеден едәуір уақытқа шығып кетуіме тура келеді, ал олай етуге менің батылым бармады. Тәннен шыға қоймаған рухты демеу үшін мен жалғыз өзім мейлінше күш салдым. Бірақ оның бос әбігерлік екені көп ұзамай айқындалды — беті-жүзіндегі қызыл шырай енді мәрмәрден аппақ реңмен алмасты, еріндері бұрынғыдан да бетер солып, ажал ызғарын сеуіп ыржия түсті де, денесі лезде мұздап, сол заматында сіресіп, қатып қалды. Мен тұла бойым қалшылдап жатаған төсекке құлап түстім, көп ұзамай үрейім ұшып атып тұрдым да қайтадан Лигейя жөніндегі іңкәр қиял құшағына берілдім.

Осылай бір сағат уақыт өтті, ал содан соң (оның болуы мүмкін бе?) төсек жақтан шыққан күмілжі дыбысты екінші рет естідім. Үрейім ұшып, құлағымды тіге қалдым. Дыбыс,— бұл күрсіну болатын. Өлікке қарай тұра ұмтылдым,— иә-иә, анық көрдім,— оның еріндері дірілдеді. Қас қағымда ол сәл ашылып, маржандай тізілген аппақ тістері жарқырап көрінді. Енді менің кеудемде көтерілген таңырқау бұған дейін бүкіл жан дүниемді жалғыз билеп алған керемет үреймен айқаса түсті. Мен өзімнің көзім қарауытып, есім ауып бара жатқанын сездім, ақыры менен адамдық борышым талап ететін істі жасауға өзімді әзер дегенде күштеп көндірдім. Бұл кезде оның маңдайына, беті мен тамағына сәл-сәл қан жүгіріп, бүкіл денесі жыли бастады. Мен тіпті оның жүрегінің талмаусырай соққанын да естідім. Ол тірі болатын! Мен оны еселенген жігермен ояға бастадым. Мен оның самайы мен алақанына спирт жағып, ысқыладым, өз тәжірибем мен кітаптан, медициналық кітаптан оқып білген әдісімнің бәрін қолдандым. Бірақ текке кетті! Кенет қызыл шырай тарап, жүрек соғуын тоқтатты, еріндері қайтадан ажалдың ызғарлы лебін сездірді, әп-сәтте денесі мұз болып қатын, сұп-сұр болып сіресті де қалды. Сөйтіп, талай күндер табытқа жатқан өлікке тән үрейді алатын суық сипаттардың бәрі пайда болды.

Мен қайтадан Лигейя жөніндегі қиялға берілдім, (осы жолдарды жазып отырғанда менің денем түршігетініне таң қалуға бола ма?) асыл ағаш төсек жақтан қайта-қайта өксіген дыбыс естіліп жатты. Бірақ сол түннің ауызбен айтып жеткізуге болмайтын үрейлі оқиғаларын тәптіштеп баяндап жатудың қажеті қанша? Мейрімсіз ажалмен тіршілік арпалысып, қайта-қайта алма-кезек түсіп, таң бозарып атқанша созылған осы бір жан түршігерлік оқиғаны тәптіштеп жазып жатудың қажеті не? Әрбір жан тәсілім көзге көрінбейтін жаумен арпалыс белгісін аңғартқанын, сондай әрбір арпалыстың өліктің түрін танымастай етіп өзгерткенін айтып жатудың қажеті бар ма? Жоқ, одан да мен бірден тоқ етерін айтайын.

Сол өлік қайта қимылдаған кезінде — алдындағыдан да бетер жан түршігерліктей болып сіресіп қатып қалғаныңа қарамастан енді ол бұрынғыдан да ширақ қимылдай бастаған кезде сол сұмдық түн де ауып бара жатқан еді. Мен оған әлдеқашан жәрдем етуді қойып, мажалым құрып жатаған төсек үстінде отырғанмын. Жан дүниемді шарпыған үрейге де онша бойымды бере қоймадым. Тағы да айтамын, өлік бұрынғыдан да ширақ қимылдады. Лезде жүзінде ерекше бір тіршілік шырайы үйірілді. Құрысқан аяқ-қолы, тұла-бойы босаңсыды, егер көзінің жұмылғаны, денесінің әлі де жансыз екенін танытатын үстіндегі табыт жапқышы болмаса, онда мен Ровена ақыры ажал құшағынан құтылып шыққан екен деп ойлаған да болар едім. Әйтсе де сол бір сәтте мен өзімнің осы ойыма онша илана қоймасам да, бірақ кебінге оранған мүсін жатқан орнынан тұрып, құдды қатты ұйқысынан еркін ояна қоймағандай, көзі жұмулы күйі, аяғын әлтек-тәлтек басын, бөлменің ортасына қарай беттеген сәтте күдік пен күмәнге енді орын қалмады.

Мен шошыған да шошынған да жоқпын. Өйткені менің есімді шығарып, мені қалшиған тасқа айналдырып, сол мүсіннің түр-тұрпаты, жүріс-тұрысы туғызған керемет күдік құйыны басыма сап ете түсті. Мен сол елеске қараған бойы селт етпей сілейіп тұра бердім. Ойым шәлкем-шатыс адам ұқпастай сапырылысып кетті. Шынымен осы алдымда тұрған тірі Ровена ма? Шынымен-ақ мынау Ровена Тревейньон әулетінен шыққан аққұба өңді, көкшіл көзді леди Ровена Тремейн болғаны ма? Мен бұған неге, неге күдіктенемін? Аузын тас қып таңып тастапты, бірақ ол неге қайта тірілген леди Трейменнің аузы болмасқа? Жүзі — мұңсыз жас кезіндегісіндей бал-бұл жанады, әрине, бұл да қайта тірілген леди Трейменнің жүзі болуы ықтимал. Ал денінің саулығын танытатын оймақтай шұңқыры бар иегі ше, неге ол оның иегі бола алмайды? Бірақ олай болса ауырып жатқан кезде оның бойы өсіп, бұрынғыдан сұңғақ тартқаны ғой?! Соны ойлаған кезде бойымды қандай есуастық сезім биледі десеңізші! Мен жаныңа жетіп бардым. Менің қолым тиер-тиместен ол шошып кетті, басын жапқан қорқынышты кебіні сыпырылып түсіп қалды, бөлме іштің кеулеген жел оның ұйысқан ұзын шаштарын толқыта желбіретті — ол түн ортасында ұшқан қара қарғаның қанатынан айнымайды! Сол кезде барып қарсы алдымда тұрған мүсіннің көзі ашылды!

— Мұнан...— мен бар даусыммен айқайлап жібердім,— иә, иә, мұнан мен ешқашан қателеспеймін! Бұл сол менің қапияда айрылып қалған ғашығымның... леди ЛЕДИ ЛИГЕЙЯ-ның шарадай, жәудіреген қара көзі!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз