Өлең, жыр, ақындар

Графенді пайдалану өмірімізді қалай өзгертуі мүмкін

Ресейлік ғалымдар ойлап тапқан графенді пайдаланудың жаңа әдістері қолға алынып жатыр. Солтүстік-Батыс университеті (АҚШ) зерттеушілері осы көміртектің өте жұқа модификациясы негізінде шашқа арналған өте күшті бояу жасап шығарды. Графенді басқа салаларда да кеңінен қолданып жүр. Оның негізінде оқ өтпейтін бронды кеудешелер жасайды, оны сутек отынын алу үшін және наноқұрылғыларда пайдаланады.

Көрінбейді және берік

Графен қалыңдығы бар болғаны бір атом болатын, араның ұясына ұқсас торға орналастырылған тығыз байланысқан көміртек атомдарынан тұрады. Ол көзге көрінбейтін, бірақ өте берік және икемді әлемдегі ең жұқа материал. Ең алғаш графенді 2004-жылы Манчестер университетінде жұмыс істеп жүрген орыс ғалымдары Андрей Гейм мен Константин  Новосёлов анықтады. Алты жылдан кейін физиктердің бұл тәжірибесі Нобель сыйлығына лайықты болды.

Сұлулық – құрбандықты қажет етпейді

Солтүстік-Батыс университетінің (АҚШ) мамандары «табиғатынан» қара графенді шашқа арналған күшті бояуға айналдырды. Тәжірибе барысында америкалық ғалымдар адамның шаш үлгісін графен жапырақшаларынан жасалған ерітіндімен бояды. Осылайша, физиктер ақ, сары түсті шаштарды көмірдей қара шашқа айналдырды. Жаңа түс 30 рет жуса да өңін бермейтіндей берік болды. Графен негізінде жасалған бояудың тағы бір артықшылығы бар дейді америкалық ғалымдар. Онымен боялған әр шаш жылу мен электр өткізе алатын кішкентай өткізгішке ұқсайды. Демек, графен бояумен боялған шаш статикалық электрді оңай таратып жібереді де, электрленетін шаштардың мәселесін шешеді.

Сән мен сұлулық индустриясы

Сән мен сұлулық индустриясына графен британдық Cute Circuit компаниясы осы керемет материалдың элементтерімен жасалған көйлекті көрсеткен  2017-жылдан бастап енді.  Жарықдиодтардан құралған Graphene Dress көйлегі оны киген адамның тыныс алу «ырғағына» қарай түсін өзгертеді. «Болашақтың материалы» көйлек ретінде екі тапсырманы бірден орындайды: ол тыныс алу жиілігін қабылдап алатын датчик және  көйлектің түсін өзгертіп тұратын жарықдиодының қуат күші. Ақылды киімді жасаушылар графенді түсін толықтай өзгерте алатын мата тоқу үшін пайдалануға болады дейді. Graphene Dress көйлегін таныстыру осы материалдың отаны Манчестерде өтті.

Қызықты физикалық қасиеттері

Графеннің өте қызықты физикалық қасиеттері мен құбылыстары бар. Мысалы, электрондық қасиеті графенді күрделі электронды наноқұрылғыны құрастыруға қолдануға мүмкіндік береді.

Ірі технологиялық компаниялар графенді пайдаланып, смартфондарға арналған литий аккумуляторды жасауды қолға алды. Инновациялық технология батареяны тезірек қуаттап, ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.

Графен биологияға да енді. 2016-жылы қытай ғалымдары жібек құрттарын құрамында графені бар қоспа шашылған тұт ағашымен қоректендірді. Нәтижесінде тәжірибе жасаушылар электрді жақсы өткізетін және өте берік графен жібек жіп алды.

Дерекөзі: russian.rt.com


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз