Баяғыда бір сәнқой болыпты. Оның жатса-тұрса бар ойлайтыны етіктің қалыбы, тарақ және тамаша бір сәнді жаға болыпты. Міне, әңгімеміз де сол жайында болмақ.
Жарық дүниеде біршама ғұмыр сүрген сол қыстырма жаға енді үйлену жайлы ойлана бастады. Бірде оның шұлықтың баулығымен жуылуына тура келді.
— Ой, – деді жаға. – Неткен сымбат, неткен нәзіктік, неткен сүйкімділік! Мұндай ғажапты ғұмыр бойы көрген емеспін! Сіздің есіміңізді білуіме рұқсат па екен?
— Ой, жоқ-жоқ, – деп жауап берді баулық.
— Ал енді сіздің мекен-жайыңызды білуге болмас па екен? Баулық айрықша ұялшақ еді, оған сұрақ та ерсілеу көрінді, сол себепті тіл қатқан жоқ.
— Сіз, бәлкім, белбеу боларсыз? – деп сөзін жалғастырды жаға. – Көйлектің белінен буатын кәдімгі таспа бау секілді? Иә, иә, сүйікті бойжеткен мен сіздің әрі сұлу, әрі пайдалы екеніңізді көріп тұрмын.
— Өтінемін, менімен әңгімелеспей-ақ қойыңызшы! – деді баулық. Мен сізге ешқандай ыңғай білдірген жоқ сияқты едім ғой.
— Сіздің сұлулығыңыз аз сылтау ма! – деді жаға.
— Ой, өтінішімді жерге тастамаңызшы, менен аулақ жүріңізші! – деп дауыстады баулық. Сіз түріңізге қарағанда нағыз еркексіз!
— О не дегеніңіз, мен сәнқой емеспін бе? – деді жаға. Менде етік қалып пен тарақ та бар!
Мұнысы өтірік болатын. Бұл оныкі емес, қожасының заттары еді. Қыстырма жаға бекерге мақтанды.
— Әрмен тұр, әрмен тұр! – деді баулық. Мұндай сөзге менің бойым үйренбеген.
— Шыбық тимес шыңқ етер екенсің, – деді жаға.
Әлден соң ол кірленнен алынып жуылды, крахмалданып, күнге кептіріліп тегістеуіш тақтайға қойылды. Қыздырылған үтік әкелінді.
— Кәнизәк! – деп жаға үтіктің табанына тіл қатты. Көркем жесір! Өртеніп барамын! Мен табан астында өзгеріп барамын! Жанып барамын! Сіз мені жандырып жібердіңіз! Ой!.. Қолыңды бер, жүрегіңді бер!
— Ой, алба-жұлба неме! – деді, үтіктің табаны және жағаның үстінен мақтанышпен жүріп өтті. Ол өзін темір жолмен вагондарды сүйретіп келе жатқан локомотивтей сезінді. Алба-жұлба неме! – деді ол тағы да.
Жағаның жиектері ептеп тоза бастаған-ды. Соны дұрыстауға қайшы келе қалды.
— О! – деп жаға таңдайын қақты. – Сіз буынсыз биші боларсыз, тегі! Сіздің аяғыңызды созуыңыздың өзі ғажап қой! Мұндай кереметті ғұмыры көрген емеспін! Сізге тең келетін адам баласы бар ма екен, сірә? Теңдесіңіз жоқ!
— Білеміз! – деді қайшы.
— Сіз графиня болуға лайықсыз! – деп сөзін жалғастырды жаға. Менің иелігімде бар болғаны сәнқой мырза, етіктің бұл және тарақ қана... Шіркін, менің жеке меншік мекен-жайым болса ғой...
— Құда түспекші! – деп дауыстады қайшы. Ашу үстінде ол жағаны қаттырақ кесіп жіберсе керек, оны түкке жарамсыз етіп тастады.
Оны амалсыз лақтырып тастауға тура келді.
— Енді тараққа құда түсуден өзге амалым жоқ, – деді жаға. Бойжеткен, сіздің тістеріңіз қалай сақталған, ғажап екен!.. Сіз тұрмысқа шығу жөнінде ойланып көрдіңіз бе, сірә?
— О не дегеніңіз! – деді тарақ. – Мен қалыңдықпын! Етіктің ұясына ұзатылғалы жатырмын!
— Қалыңдық! – деп айқай салды жаға.
Енді ол құда түсетін ешкім қалған жоқ, сондықтан да ол құдалық атаулыны жек көріп кетті.
Уақыт өте берді. Ақырында өзге ескі-құсқы қалдықтармен бірге жаға қағаз фабрикасына тап болды. Бұл жерде ескі-құсқы қалдықтар қоғамы бас қосты. Жұқа мата қалдықтары қалың дөрекілерінен өздерін аулақ ұстауға тырысып бақты. Әрқайсысының да айтар әңгімесі аз емес-тін. Әйтсе де жағаның хикаясы бәрінікінен де ұзақ: ол барып тұрған мақтаншақтың өзі-тін.
— Мен қаптаған қалыңдықтың ортасында қалдым! – деп даурықты ол. Соңымнан қалмай өздері жүгіретін. Өйтпегенде ше! Крахмалданғанда мен сондай кербез көрінетінмін. Менде тіпті жеке меншік қалып пен тарақ та болды. Бірақ оларды ешқашан пайдаланған емеспін. Менің бір қырын жататын кезімді көрсеңдер еді ғой! Мен алғашқы қалыңдығым баулықты ғұмыры ұмытармын ба! Ол сондай бір жұқа, нәзік, жұмсақ болатын! Ол маған бола ағаш шелекке құлап түсті. Бір жесір келіншек те болған. Ол темірдей аппақ болып қызуға дейін барды. Бірақ оны да тастап кеттім, ол қайғыдан қарайып кетті! Одан кейін буынсыз бишіге жолықтым. Көрдіңдер ме, мені жарақаттаған сол. Аю әйел еді. Өз тарағым да маған ессіз ғашық-тын. Махаббат мұңынан ол өзінің күллі тісінен айрылды! Жалпы менің басымнан кешірген хикаяларымда қисап жоқ! Мен бәрінен де бұрын байлауышты аяймын, ал мен үшін ағаш шелекке батып кеткен баулықты көрмейсің бе? Иә, менің ар-ожданыма қатысты біраз жағдаяттар баршылық!.. Менің аяқ қағазға айналатын мезгілім, иә, мезгілім жетті.
Оның тілегі орындалды, барлық ескі-құсқы қалдықтар ақ қағазға, ал жаға болса өзінің тарихы жазылған осы бір бет қағазға айналды. Ол мақтаншақтығының жазасын осылай тартты. Өзіміздің де абай болғанымыздың артықтығы жоқ. Кім біледі? Бәлкім, біздің де ақыр аяғында ескі-құсқы қалдықтар қатарына қосылып, ақ қағазға айналып кетуіміз ғажап емес. Оған әрі біздің бастан кешкендеріміз баяндалып жазылар болса ше. Онда бүкіл сырымыз бүкпесіз жалғанның жалпағына таралып кетті дей беріңіз!
Аударған Қ.Құрманғалиев
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі