Есімді алған елестей, не дейсің маған ұятым!
Чемберлен. Фаронида
Бұл жолы маған өзімді Вильям Вильсон деп атауға рұқсат етіңіздер. Өз есімімді жазып, мына алдымда жатқан ақ қағазды ластаудың қазір қажеті жоқ. Бұл есім жұрттың жүрегін шайлықтырып, үрейін ұшырып, өшпенділігін өршіткен. Өйткені мен тап болған бұрын-соңды құлақ естімеген сұмдық масқара жөніндегі суық қауесет әлемді шарлап кеткелі қашан. О, жұрттың бәріне құбыжық болған сұмырайдың сұмырайы-ай! Азды-көпті мәні бардың бәрінен, жер бетіндегі құрметтен, гүлден, игі үміттен мәңгі мақұрым болдық емес пе?! Сен үшін тұңғиық аспан тұнжыраған, түпсіз түнекке оранды емес пе? Егер мүмкіндігім келсе, әрине, мен бүгін бұл арада өмірімнің соңғы жылдары туралы, өзімнің шексіз қасіретім мен құлақ естіп көз көрмеген озбырлығым. туралы айтпаған да болар едім. Құнан қойдың жасындай жасым қалған шағымда арсыздықты асырып жібердім, енді мен бұл арада соның бастауын ғана баяндағым келеді. Азғындық жолға адам бірте-бірте түседі. Менің бойымдағы игі қасиеттің бәрі құдды сулық шекпен сияқты бір мезетте сыпырылып түсті де қалды. Майда-шүйде күнәдан мен Гелиогабалға лайық зұлымдыққа алып адыммен бір-ақ аттадым. Бұл қырсыққа кінәлі нендей жағдай, қандай оқиға? Сабыр етсең, оқушым, бәрін де ретімен баяндап беремін.
Өлім жақындап қалды, оның көлеңкесі, оның елесі еңсемді басып, жан дүниемді билеп алды. Елестер алқабына ауысып, мен өзгелердің аяушылығын аңсаймын, тіпті мүсіркеуін қалаймын дегім келеді. Иә, менің белгілі бір дәрежеде адамның ырқынан тыс жағдайдың құлақ кесті құлы болғаныма, шіркін, сенсе ғой! Мен айтқалы отырған әңгіменің егжей-тегжейінен адасудың айдаласынан олар енді жазмыштың аядай ғана жасыл алқабын көрсе екен. Мүмкін әзәзілдік бұрын да болған шығар, бірақ адамдар бұлайша, әрине, азғырып көрмегенін, оның бұлайша азғындамағаның олар мойындаса ғой, әрине, олардың мұны мойындамауы мүмкін де емес. Әлде бұрын ол ешқашан бұлай азап шекпегендіктен шығар? Шынында менің өмірім жаман түс сияқты болды емес пе? Мына мен сұрапыл сұмдықтың құрбанына, ай астында болғанның бәрінен асқан, ақылға сыймайтын, барып тұрған есуастықтың құрбаны болғалы отырғаным жоқ па?
Мен өзім қызба мінезі атам заманнан жұртқа әйгілі болған әрі қит етсе қисынсыз қиялға берілетін әулеттен шыққанмын. Бұл қасиетті мирас еткенімді бала күнімде-ақ дәлелдеген болатынмын. Соның өзі жылдар өткен сайын айқындалып, әртүрлі себептерден достарымды да едәуір алаңдатып, менің өзіме де қырсығын тигізе бастады. Мен барып тұрған есірік есуастың, шектен асқан қиянкестің ойыншығы, көрсеқызарлықтың нағыз құлы болып өстім. Асып тұрған ақылым жоқ, әрі мен душар болған дерттен әздері де құр алақан емес ата-анамның менің бойымдағы бұл жағымсыз жат мінездерді түзетуге қабілеті жетпеді. Олардың жасаған бірді-екілі жасқаншақ та ебедейсіз әрекеттерінен еш нәтиже шықпады, менің мерейім үстем болып асығым алшысынан тұрды. Сол күннен бастап үйдегілердің бәріне менің айтқаным заңға айналды, сөйтіп, әділін айтсақ, аяғымды апыл-тапыл басқан шағымнан бастап, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, нағыз тәлпіш болып алдым да, әрқашан, әрдайым ойыма не келсе соны істедім.
Менің ертедегі мектеп жөнінде есте қалғандарын кілең зіңкиген буылтық-буылтық кәрі ағаштар өскен тұнжыраған тұман басқан селолық жердегі королева Елизавета заманында салынған абажадай үлкен үймен байланысты. Қадірлі де қасиетті ежелгі елді мекен шынында да сол ертегідей, бейбіт те берекелі қалпынан айнымаған. Қазір ол туралы жазып отырғанның өзінде мен оның саялы аллеяларының салқын да сабат лебін сезгендей, шешек атқан қалың бұғаларының жұпар иісінен семіргендей, төңіректегі тылсым тыныштық пен найзадай үшкір басы көкке шаншылған өрнекті мұнараны құшағына алған кешкі ымырт қараңғылығын түріп, сағат сайын кенет күңірене күмбірлейтін шіркеу қоңырауларының қоңыр үнін естіп, бойымды ерекше бір жай таптырмас беймаза сезім билегендей болады.
Мен мектептегі өмірімді, соған байланыстының бәрін ұсақ-түйегіне шейін қалдырмай есіме аламын. Сол естеліктер әрине, менде қуанар шама болса, көңілімді әжептәуір сергітіп-ақ тастайды. Қасірет тұңғиығына батқан, жәдігөй емес, нағыз жанды жеген қасірет шегуші менің ұсақ-түйек жүйесіз бірдеңеден қас-қағым, алдамшы болса да әлдеқалай жұбаныш іздегенімді әйтседе кешірер деп ойлаймын. Кәдімгі, тіпті былай қарағанда, күлкілі болып көрінетін, осы ұсақ-түйектердің өзінің мен үшін мәні зор. Өйткені, олар кейін бүтіндей билеп алған тағдыр тауқыметін менің алғаш сезген шағыма, осының бәрі басталған жерге байланысты. Сонымен енді естеліктерге көшуіме рұқсат етіңіздер.
Мен әлгінде айтқандай, үй ескі де абажадай болатын, Аула кең, ол кірпіштен соғылған, үстіне шынының сынығы себілген биік те мықты дуалмен қоршалған-ды.
Мына түрмедегідей, қабырғалар біздің меншігімізді тарылтып тұратын, оның сыртына небәрі үш рет қана — екі тәрбиешінің қарауында бәріміз бірге айналадағы аландарға аз уақыт серуендеп қайтуға рұқсат етілетін сенбі күндері түстен кейін бізді сапқа тұрғызып, селодағы шіркеуге ертеңгілік және кешкілік мінәжат етуге жексенбіде екі рет ертіп апарғанда ғана тысқа шықтық. Сол шіркеудің священнигі — біздің пансионның директоры шіркеудің мінбесіне оның асықпай байыппен көтерілгенін біз отырған қияндағы хордың орындығынан көрген кезде менің жан дүнием астаң-кестең болып, таңданушы едім-ау! Шынымен-ақ, соншалықты жүзі жылы да қайырымды, үстіңдегі сәнді де қымбат киімі салтанатты түрде төгіліп тұрған — мұқият опаланған үлкен де көзге көрнекті парик (жасанды шаш) киген, себілген насыбайдың иісі сіңген үстінде сюртугі, қолында сызғышы бар мына қадірменді ағзамның, расында осы біздің оқу орнының тағылық заңы бойынша сот құрып, балаларды жазалайтын адам болғаны ма? О, сырын алдырмас шексіз қайшылықтар-ай!
Биік дуалдың аржақ бұрышынан қарағанда үлкен қақпа алғашқыда алып болып көрінеді. Оның он бойы қаптаған бұранда, үстіңгі жағы самсаған ұшқыр найза — темір. Көргенде зәре-құтың қалмайды! Әлгі айтылған өзіміз сыртқа шығатын үш күннен басқа кезде ол үнемі құлыптаулы тұрады. Оның жуан топсалары сықырлаған сайын біздің көзімізге небір ғажап құпиялы көріністер елестейтін — біз одан әртүрлі күдікте, күдікті ойға көптеген желеу де табушы едік.
Біздің ауламыз қиыр-шиыр болатын да, онда оқшау алаңдар көп еді. Солардың ішінен кеңдеу үш-төртеуі ойынға арналған. Олар тегіс, қиыршық құм төселіп, мұқият тапталған. Онда ағаш та, орындық та, ештеңе де жоқ екені есімде. Олардың бәрі үйдің сыртында болатын. Үйдің алдында қысы-жазы әрі таймайтын жасыл цемент сияқты гүлдер өсірілген шағын гүлзар бар-ды. Бірақ қасиетті жерден біз aca сирек жағдайда — алғаш мектепке келгенде немесе одан мүлдем шығып кеткенде, әйтпесе соңымыздан аға-аналарымыз, немесе достарымыз келгенде ғана өтетінбіз де, жаңа жылды қарсы алуға, немесе жазғы демалысқа үйді-үйімізге қуана аттанатынбыз.
Бірақ сол өзі бір түрлі қызық салынған үй болушы еді! Маған ол сиқырлы сарай сияқты болын көрінетін! Онда толып жатқан алуан түрлі иір-иір жасырын жолдар, қаншама тосын бұрыштар мен қуыстар бар-ды! Тіпті сол кезде өзіңіздің екі қабаттың қайсысында тұрғаныңызды анық айта алмайтын едіңіз. Бір бөлмеден екінші бөлмеге бару үшін қалай да екі немесе үш баспалдақпен жоғары көтерілуге, әйтпесе төмен түсуге тұра келетін. Онда дәлізден көп нәрсе жоқ, олардың шартарапқа шашырап, жықпыл-жықпылға кетіп жатқаны соншалықты, үйдегі бөлмелердің қалай орналасқанын анықтауға қаншама әлектенсек те, ол әрекетіміз біздің шексіздік жөніндегі ұғымымыздан анық бола қоймайды. Сонда өткізген бес жылдың ішінде маған және менімен бірге жатқан он сегіз немесе жиырма оқушыға бөлінген аядай жатақтардың қай қуыста екенін сірә да білмей-ақ қойдым.
Класс бөлмелері сол үйдегі, тіпті маған сол кезде бүкіл әлемдегі ең үлкен, ең кең бөлме сияқты болып көрінетін. Ол ұзын, қуықтай тар, еменмен жабылған төбесі аласа, готикалық үлгіде салынған биік терезелі биік бөлме болатын. Үйдің үрейімізді ұшыратын арғы бұрышынан сегіз — он футтай жер қоршалған — онда директорымыздың, аруақты доктор Бренсбидің кабинеті. Иесі жоқ кезде ауыр есікпен бөлінген сол бөлменің табалдырығын аттағаннан гөрі біз адам төзгісіз азаппен қаза тапқанды абзал көретін едік. Қалған екі бұрыш та қоршалған болатын, әйтсе де үрейіміз ұшса да оған онша именбей қарайтынбыз. Оның біреуінде біздің ежелгі тілдер мен әдебиеттің оқытушысы, екіншісінде ағылшын тілі мен математиканың мұғалімі тұратын. Бөлменің ішінде қап-қара боп шіріп кеткен, кез келген кітаптар қоқырсып, есімдердің бас әріптері, адамдардың аттары толық жазылған бірдеңелер шашылып, қисынсыз мүсіндер ойылған, қалам ұштайтын бәкінің қатыгез әрекеттері бастапқы қалпынан тіпті адам көрер ұсқыннан айрылған көптеген орындықтар мен парталар қалай болса солай үйіліп жатыр. Бөлменің бір бұрышында ішінде суы бар бір шелек, екінші жағында үлкен сағат тұр.
Сол қасиетті оқу орнында мен өз өмірімнің он бес жылын (ішім пысып, жүрегім айнымай-ақ) өткіздім. баланың ойламайтыны бар ма, әрине, оны алдандырып, көңілін аулау үшін сыртқы дүниедегі оқиғалардың қажеті шамалы, жас күнімдегі не ішем, не кием демеген дарқан күндеріме, ержеткен соңғы қияңқы әрекетеріме қарағанда, сол мектеп қабырғасындағы бір сарынды тіршіліктің өзі маған әлдеқайда қызықты болып көрінетін. Әйтсе де жас күнімдегі менің рухани дүниемнің қалыптасуында әдеттегіден тыс, бір әсірелік бар сияқты. Жастық шақтағы оқиғалар ержеткенде есте сақтарлықтай іздер қалдыра бермейді. Олар әдетте селдір түтіндей бұлдыр да, бытыраңқы естеліктерге, ұсақ қуаныштар мен ақылға сыймайтын қасиеттердің бұлыңғыр жинағына айналады. Мен де оның бәрі мүлдем басқаша. Шамасы, бала шағымда менің сезімімнің күштілігі ересек адамдардың сезімінен кем болмаса керек, барлық оқиға Карфаген теңгесіндегі таңба сияқты менің жадымда мейлінше анық, терең сақталып қалды.
Жалпы алғанда, әрине, мұның бәрін де еске ала қоятындай ештеңе жоқ! Күнде таңертеңгісін оятады, кешке қарай төсекке жатқызады; жаттау, тақтаның алдына шығып жауап беру; мерекелі күндер; серуендеу ойынға арналған алаң — қақтығысу, ойын, өкпе, қиянкескі; осының бәрі сол кезде аруақтың әлдеқашан ұмыт болған әмірі мен сиқырдың құдіреттеріндей, алуан түрлі қайғы-қасіретке, оқиға толы әлемді, жаныңды жай тапқызбайтын жалынды да толқулы шексіз сезімдерді туғызатын тылсым дүниені оятатын. Иә, бұл құрыш ғасыр — ғажап замана ғой!
Шынында да, міне мінезімнің қызба, әңгүдік әрі әпербақан болуы көп ұзамай мені өз құрбыларымнан даралап, оқшау шығарды да, біреуінен басқа өзімнен жасы үлкендердің бәрін бірте-бірте маған бағындырды. Ол оқушының туысқандығы болмаса да менімен аттас болатын,— әрине, онда тұрған түк те жоқ қой, өйткені мен өзім текті тұқымнан шыққаныммен біздің әулеттің дәстүріне айналған — сонау ерте заманнан бері есіміміз бен фамилиямыз қарапайым халық қолданатындай болып келетін-ді. Сондықтан да бұл әңгімеде мен өзімді Вильям Вильсон деп атадым. Бұл жалған есім менің шын аты-жөніме ұқсас. Мектептегі оқушылар тілімен айтқанда, «біздің қауымға» кіретіндердің ішінен тек аттасым ғана класта, ойында, аландағы қақтығыста менімен тайталасып, менің айтқандарыма күмән келтіріп, менің ырқыма бағынбайтын — былайша айтқанда, менің қатыгездік қияңқылығыма қалай да қарсы тұруға тырысатын. Егер бұл жалғанда барып тұрған озбыр, шексіз өктемдік болса — ол күшті балалардың өз құрбыларына жастық шақта жүргізетін өктемдігі.
Вильсонның тентектігі мен үшін қасірет болатын, әсіресе жұрттың көзінше оның ожарлығы мен орынсыз таласын елемеуге тырыссам да іштей одан сескенетінмін, өйткені қиналмай, оп-оңай менімен тіресіп тең түсуі, шынында да оның артықшылығын танытатынына менің ойланбай тұра алмайтыным аян, неге десеңіз, алда болу маған оңайлыққа түспейтін. Солай бола тұрса да оның озықтығын, ең болмағанда теңдігін менен басқа ешкім сезбейтін: біздің жолдастарымыз бейне бір соқыр жандай оны мүлдем елемейтін тәрізді. Оның бақталастығы, қарсылығы әсіресе маған бөгет жасауға ұмтылған тоңмойындығы мен қысастығы жалғыз маған айқын көрінгені болмаса, өзге жат көзден жасырын болатын. Шамасы мені бір әрекет істеуге ұмтылдыратын намыс пен өзгелерден даралап тұратын ақыл-ойдың алғырлығы оның бойында жоқ болса керек. Оның бақталастығының бар болғаны қалай да маған қарсы шығудан, мені ашындыруға ұмтылудан туған деп ойлауға болады; рас, кейде маған қарсы шығып, мені келекелеп, балағаттаған кезде менің бойымды, бір жағынан, таңырқағандай, екінші жағынан, кеміткендей, әлде өкінгендей түсініксіз екіұдай сезім билейді, бірақ онысының өзінен де мүлдем қисынсыз да қажетсіз еркелік сияқты бірдеңе білініп тұрады. Мұның өзі менің ойымша, қалтқысыз қайырымдылық пен қамқорлық түрінде көрінетін аса сирек кездесетін менмендіктен туса керек.
Мүмкін фамилиясының ұқсас болуымен Вильсонның мінезіндегі қасиеттер екеуміздің мектепке сол бір күнде келуімізге себеп болған кездейсоқтықпен қосылып, оқу орнының жоғары класс оқушыларының бізді бауырластар деп жорамалдауына итермелеген болар. Өйткені үлкендер кішілердің ісіне онша мән бере қоймайтын-ды. Вильсонның менің семьяммен ешқандай, тіпті ең аржағы ілік-шатыстық та қатысы жоқ екенін айтқан болармын, немесе айтуға тиіспін. Алайда біз ағайын болсақ, онда сөзсіз егіз туғандар болуымыз керек еді; өйткені мистер Бренсбидің оқу орнынан шығып кеткен соң барып мен аттасымның 1813 жылғы 19 январьда туғанын білдім. Бұл ғажап тұтастық, неге десеңіз, мен де сол күні дүниеге келіппін. Вильсонның бақталастығы мен оған тән қыңыр-қисықтық, мені үнемі ашындырса да, бірақ оны мүлдем жек көруге көңілім дуаламағаны, бәлкім, өзгелерге оғаш та болып көрінетін шығар. Арамызда әр күні қақтығыс болып отыратын және менің озық екенімді көпшілік алдында мойындай тұрса да ол шындығында буған өзінің де хақысы бар екенін маған қалай да есебін тауып сездіретін; әйтсе де маған тән менмендік пен оған топ өз қадірін білетін салауаттылық, былайша айтқанда, «араздасуымызға» мүмкіндік бермеді, алайда екеуміздің мінезіміз ұқсас болуында, әлде біздің әдеттен тыс, тосын жағдайымыз болмаса, достасып та кеткен болар едік. Шынында да менің оған деген сезімімді ашып айту немесе жазу әсте мүмкін емес. Ол ала-құла, алуан түрлі, қойыртпақ; онда әлі де өшпенділікке ұласа қоймаған ызалы ашудың үлесі, үрей мен шексіз беймаза құштарлықтың едәуір үлесі бар-тын. Біздің Вильсон екеуміздің шынымен айрылмас жандар болғанымызды адамның ішкі дүниесінің мамандары артық айтқызбай-ақ түсінеді.
Сөз жоқ біздің арамыздағы қарым-қатынастың осындай әдеттен тыс болуы менің оған жасаған шабуылдарымды ол (ашық та, астыртын да шабуылдар аса көп болатын) келекеге, әйтпесе дөрекі әзіл арнасына бұрып жіберетін де (қалжыңдап айтылғандай бола тұрса да, бәрібір жанды жәбірлейтін) біздің арақатынасымыздың ашық жаулыққа айналуына жол бермейтін. Рас, мейлінше мұқият ойластырғанның өзінде де кейде менің әрекеттерім бекер зая кетіп жататын; өйткені менің аттасыма міндет етуді білмейтін (байсалды) ұстамдылық тән болатынды оның бойынан ахиллестің өкшесіндей осал жер табылмайтын, сондықтан да ол өз әзілінің өткірлігіне масаттанып, менің кекесінімді құлағына ілмейтін. Мен оның бір ғана осал жерін байқадым, бірақ ол, шамасы, табиғи дерттен пайда болған айрықша қасиеттер болатын-ды, оны мен сияқты әбден шарасы таусылған дұшпаны ғана бетіне салық қыла алатын; менің бақталасымның, шамасы, дыбыс жүйесі нашар болса керек, қатты сөйлей алмайтын, тек сыбырлап қана сөйлейтін. Мен болсам, оның кемшілігін келеке етудің болмашы мүмкіндігін құр жібермейтін едім.
Вильсон менен есесін алудың есебін табатын, әйтсе де оның айрықша бір тапқырлық қасиеті маған қатты бағатын. Сондай түкке тұрмайтын нәрсенің менің ызамды қайнататының оның қайдан білгеніне менің қайраным бар; алайда, соны бірде біліп алған соң ол мені кекетудің кез келген сәтін құр жібермейтін. Мен өзімнің тұрпайылау фамилиямды, қарапайым халықтікі демесек те, қара дүрсін есімімді қашан да ұнатпаушы едім. Оның өзі менің құлағыма түрпідей тиетін. Мен пансионға келген күні екінші Вильям Вильсон пайда болғанда, оның солайша аталуына қатты ызаландым, ал оны тағы басқа біреулердің иемденгені үшін ол есімге одан екі есе ызам келді. Өйткені, оны екі есе жиі атайды, солай аталатын адам үнемі менің көз алдымнан кетпейді, оның күнделікті мектеп өмірінде болмай тұрмайтын үйреншікті жөнсіз қылықтарын жан түршігерлік осы жексұрын ұқсастықтың салдарынан маған таңатын болады.
Осылайша туған өкініш әр кез менімен бақталасымның іштей немесе сырттай ұқсастығын айқын аңғартқан жағдайды, екеуміздің бір жылда туған құрдас екенімізді сезе қойғаным жоқ-ты, бірақ мен екеуміздің бойымыз бірдей екенін көрдім. Сондай-ақ біздің дене бітімімізде, түр-әлпетімізде едәуір ұқсастық бар екенін байқадым. Оның бер жағында жоғары класс оқушыларының арасында екеуміздің туысқандығымыз жөнінде таралған қауесет те намысыма тиіп жүрген. Қысқасын айтқанда, біздің жан дүниеміз, сырт тұлғамыз бен жай-жағдайымыз ұқсас дегенді естісем болды, (мен оны қанша жасырсам да) менің аза бойым қаза болушы еді. Бірақ шынымды айтсам жолдастарымыз біздің бұл ұқсастығымызды талқылап әйтпесе әрісі елең қылды деуге ешқандай негіз
жоқ, Олар біздің туысқандығымызды ғана айтатын, ал Вильсон қандай жағдайды болсын аңғарып, әрі мен сияқты ол да бұған шамданып; оның үстіне ол сықақтауға, келемеждеуге керемет шебер болып шықты — мұның өзі мен жоғарыда айтқанымдай оның ғажап көрегендігінің куәсі.
Оның қолданар айласы — сөйлеген, әйтпесе, бірдеңе жасаған кезде маған мейлінше ұқсауға тырысатын, бұл жөнінен ол әбден машық болып алған-ды. Менің киімімнің үлгісімен киіну онша қиын болмайтын, менің жүріс-тұрысымды, өзімді ұстауымды оп-оңай игеріп алды. Тіпті, оған тән табиғи кемшілікке қарамастан ол менің даусымды да айнытпай салатын. Әрине, ол қатты дауыстап сөйлей алмайтын, бірақ сөйлеу мәнері менен айнымайтын; тіпті оның өзіндік сыбыры шынында менің жаңғырығыма айналды.
Бұл тамаша бейненің мені күйіндіріп, қандай қасіретке душар еткенін (өйткені, әділін айтсақ, оны сықақ деп мүлдем айтуға болмайды) қазірдің өзінде ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Абырой болғанда әйтеуір бұл мазақты менің өзім ғана байқайтынмын да, жалғыз аттасымның ғана мыстандық кекесін күлкісін көруші едім. Менің жан дүниемде өзі қалаған сезімді қоздырғанына масаттанғандай, ол мені мұқатқанына мәз болатын да, өзінің тапқырлығының арқасында оп-оңай қолы жететін қызу қол шапалақтауды мүлде қажет етпейтін сияқты. Бірақ оның пиғылын пансионда ешкімнің ұқпағаны, оның әрекетін түсінбегені, демек, оған қосылын басқалардың мені мазақтамағаны, маған талай-талай беймаза ой ойландырып, айлар бойы шешуі табылмас жұмбақ күйінде қалды. Мүмкін, оның бірте-бірте маған ұқсауға ұмтылуы, басқалардың айналада болып жатқанды байқауына бөгет жасаған шығар, әлде, солай болуы ықтимал, ал мен өз басымның қауіпсіздігі үшін сырттай ұқсастықты былай жиып қойғанда, (кещелеу адамдар портреттен тек соны ғана байқайды) қайта маған ғана белгілі түп нұсқаның рухани жан дүниесін асқан шеберлікпен бейнелей білетін аттасымның өнеріне қарыздар болармын деймін.
Маған өзінше қамқорсынып сөйлейтін жексұрын әдеті және де оның ісіме орынсыз килігетіні жөнінде мен бұрын әлденеше рет айтқан едім. Килігуі оның көбіне маған өздігінен ақыл-кеңес беруі арқылы көрінетін; әйтсе де ол тұра да, ашық айтпай, ишаратпен, астыртын ғана аңғартатын. Оның бұл кеңестерінен жүрегім айнитын, оның өзі жылдан-жылға асқына түскен-ді. Алайда дәл қазір, арада талай жылдар өткен шақта бақталасымның жақсылығын айтып, ең болмағанда оның бірде-бір ақыл. кеңесінің мені жастарға, яғни тәжірибесі тапшыларға тән қателікке ұрындырмағаның мойындауым керек, дарындылығымен, өмір тәжірибесінің артықтығымен болмаса да ол өзінің адамгершілік қасиеттері жөнінен менен артық болатын, егер мен оны мейлінше өшігіп, мейлінше жек көріп жүрген айрықша үнмен сыбырлап айтқан ақыл-кеңестерін онша көп елеусіз қалдырмаған болсам, мүмкін, түбінде мен бұдан әлдеқайда тәуір, демек, бақытты болған да болар едім.
Әйтсе де жағдай басқаша болды да оның әбден зықымды кетіргені бақылауының салдарынан ақыры сол кезде маған жексұрын болып көрінген оның менмендігіне мен күннен-күнге ашық қарсы шыға бастадым. Мектепте оқып жүрген кездегі оған деген менің сезімімнің оп-оңай достыққа ұласуы мүмкін болғанын жоғарыда да айттым; мектеп қабырғасында жүрген соңғы айларда бұрынғысындай жабысуын қойса да, менің оған деген сезімім шын жек көрушілік дәрежесіне тақап қалды. Менің ойымша, бірде ол мұны сезіп қойды да, содан кейін менен қашатын, қашуға сыңай білдіретін болды.
Егер мен ұмытпасам, сол кездерде болар деймін, бірде біз екеуміз қатты керісіп қалдық, ашу үстінде ол әдеттегі сақтығын ұмытып, өзіне жат тік мінез танытып, тұра сөйлей бастады, сол кезде мен оның сөзінен, түр-тұрпатынан, бүкіл бет-бейнесінен ә дегенде менің үрейімді алған, артынан қайран қалдырған бұрын болмаған бірдеңені байқадым, өйткені менің ойыма балалық шақтың көріністері — тіпті адамның жадында өзі әлі дүниеге келе қоймаған сонау алыс шақтағы шытырман елестердің көмескі нышандары оралын жатты. Егер мен қарсы алдымда тұрған мына адаммен баяғыда бір кезде, есте жоқ ертеде таныс болғанда сезімнен арыла алмадым десем, өзімнің сол сәттегі көңіл-күйімді толық жеткізген болар едім деп ойлаймын. Алайда бұл алдамшы қиял заматында сейілді; мұны мен өзімнің қыңыр мінез аттасыммен соңғы рет сұхбаттасқан күнді анықтау үшін ғана еске алып отырмын.
Есепсіз көп бөлмелері бар абажадай ескі үйде тәрбиеленуші балалар түгел дерлік жағатын бірнеше қума үлкен бөлме болушы еді. Алайда онда (мұның өзі сондай ыңғайсыз салынған да болатын) орынсыз орнатылған қабырғалар мен араны бөлген қалқандардың салдарынан пайда болған аядай үйшіктер де көп еді. Бастапқыда олар шоланға (ас үйге) арналған әрқайсысына бір-ақ адам сиятын болса да тапқыр директор доктор Бренсби оларды да дортуарға айналдырып жіберді. Вильсон мінеки сондай бөлмеде жағатын.
Пансионға келгеніме бес жылға таяп қалған болатын, жоғарыда айтқан керістен кейін ізінше-ақ бір күні түнде балалардың түгел ұйықтаған кезін күттім де, орнымнан тұрып, қолыма шамды алып, өз бөлмемнен шығып, жат көзге түспей, шым-шытырық иір-иір тар дәлізбен ептеп басып жүріп отырып, бақталасымның бөлмесіне бардым. Бұған дейін сәті түспей жүрген бір келеңсіз де дөрекі қалжыңды жүзеге асыру көптен көкейімде болатын. Міне, енді мен өзімнің сол ойымды жүзеге асыруға, көкірегімді кернеген ызаны ақтара салуға ұйғардым. Оның аядай үйшігіне жетіп, қалпағымды жауып шамды есіктің сыртқы босағасына қалдырдым да, өзім ептеп басып табалдырықтан аттадым. Аяғымды бір аттап басып, құлағымды тосып едім, аттасым қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр екен, оның ұйықтап жатқанын білген соң мен дәлізге қайта шығып, шамды алдым да ішке кіріп, оның төсегінің қасына бардым. Ол қалың матадан жасалған шымылдықтың ар жағында мен өзімнің жоспарыма сәйкес оны ептеп түрдім — ұйқыда жатқан аттасымның бетіне шамның жарық сәулесі түсті, мен оған сұқтана қарадым. Қараған кезімде — кенет есім шытып кетті, тұла бойым мұп-мұздай болды. Алқынып өкпем аузына тығылды, буындарым қалтырап, өн бойымды әлдебір белгісіз, жан төзгісіз үрей биледі. Мен есімді жиып, шамды оның жүзіне жақындата түстім. Шынымен-ақ мынау... Вильям Вильсонның жүзі болғаны ма? Мен, әрине, оның жүзі екенін көрсем де, оған сенбедім, тұла бойым дірілдеп кетті. Сонда оның жүзінде мені соншалықты шошытқандай не бар еді? Мен көз алмай қарап тұрғанда басымда алуан түрлі ой сапырылысып жатты. Ол ояу кезінде, күнделікті күйбеңмен жүрген кезінде, қазіргідей емес, жоқ, әрине, қазіргідей емес болатын. Есімі сол баяғы, бет-әлпеті де бұрынғыша!
Пансионға да сол күні келген! Оның бер жағында ол менің жүріп-тұрғаныма, дауысыма, менің дағдым мен әдетіме, бұрынғыдан бетер көзсіз еліктей түскен! Шынымен-ақ мына менің көргендерімнің бәрі қияңқылықпен жасалған еліктеудің нәтижесінде бойға сіңген дағды болғаны ма сонда? Үрейім ұшып, дегбірімнен айрылған мен дереу шамды өшірдім де, аядай қуыстан ақырын жылыстап шығып, ол жаққа енді өмірбақи аттап баспау үшін сол заматында ескі пансионды тастап тайып отырдым.
Үйде емін-еркін жүріп, бірнеше ай демалған соң мен Итонға жүріп кеттім. Доктор Бренсбидің пансионындағы оқиғалардың бірте-бірте күңгірт тартып, көңілден кете бастауы үшін сол аз ғана уақыттың өзі жеткілікті болған тәрізді. Тіпті соларды еске алғанның өзінде де басқаша сезінетін болдым. Соның бәрі енді ойдағыдай шынайы, ойдағыдай қайғылы болып көрінбеуге айналды. Мен енді өз сезіміме де күдіктене қарайтын болдым, соның бәрін сирек еске алатын болдым. әр кез адамның алданғыштығына қайран қалып, ата-бабама тартқан сол бір қиялшылдығыңды есіме алып, өзімнен өзім күлетін болдым. Итондағы өмір сипаты менің бойыма сіңген осы күдікшілдікті кемітуге иненің жасуындай да көмектесе алмады Аңғалдықпен, ұшқалақтықпен көз жұмып, қойып кеткен дырду-думанның иірім құрдымы соңғы мезеттің күпірлігі болмаса, маңызды дегеннің, көңілге ұялаған сезім атаулының бәрін әп-сәтте жуып-шайып жіберді де, менің жадымда тек өткен тіршіліктің мәнсіз қойыртпағын ғана қалдырды.
Алайда өзіміз беріліп, бүкіл заң атаулыға қарсы шыққан және біздің колледждің қатты бақылауынан қашып шығып кететін бассыз бұзақылығымыз бен алаңғасарлығымызды тәптіштеп баяндап жатқым келмейді. Үш жыл есалаңдықпен лезде өте шықты, менің бойымда қайдағы бір жағымсыз мінездер пайда болды, оның бер жағында ержетіп, күтпеген жерден сидиған ұзын бойлы, болып шыға келдім; сонымен аптаға созылған әулекілік ішкіліктен кейін бірде мен өзімнің ең жақын деген бірқатар әумесер жолдастарымды үйге құпия отырыс жасауға қонаққа шақырдым. Біз түннің бір уақытында жиналдық, өйткені ішкілік таң атқанша созылу үшін біз әдетте солай жасайтынбыз. Шарап ағыл-тегіл болды, одан қатерлі азғырушы әзәзілдер аз болған жоқ, сонымен шығыстан бұлыңғыр таң қылаң бере бастағанда біздің делқұлы ішкілігіміздің нағыз қызған шағы болатын. Қарға мен шараптан әбден қызынып, қызарып алып, құдайдың жер-жебіріне жететіндей тост ұсынып жатқан кезімізде кенет есікті айқара ашып абдырай сөйлеген қызметшілерімнің дауысы көңілімді бөліп жіберді. Ол ішке кірмей, есік алдында тұрып, бір бейтаныс адамның асығыс түрде менімен ауыз бөлмеде жолыққысы келетінін хабарлады.
Шараптан әбден қызынып алған мен күтпеген қонаққа таңырқаудың орнына қуанып кеткен сияқтымын. Аяғымды шайқала басып, сол заматында ауызғы бөлмеге шықтым. Төбесі аласа аядай үйде шам жоқ-тын; сәл ашық қалған терезеден бозарып атып келе жатқан таңның алакеуім сәулесі болмаса, қазір де оған еш жақтан жарық түсіп тұрған жоқ, табалдырықтан аттай бере бойы мен мұғдарлас, үстінде менікіндей жаңа үлгімен ақ качимирден тігілген бешпенті бар жас жігітті көрдім. Алакеуімде менің байқағаным осы ғана болды, ал қонақтың беті-жүзін көре алмадым. Мен бөлмеге кірген бойда ол дереу қарсы ұмтылды да, шап беріп қолымнан ұстай алып. менің құлағымның түбіне «Вильям Вильсон» деп сыбырлады.
Мен лезде есімді жиып алдым.
Бейтаныс жігіттің қимылында, оның көз алдымда қалтыраған шұқшиған сұқ саусағында мені шексіз қайран қалдырған жұмбақ бірдеңе бар сияқты болды, әйтсе де сол сәтте менің жан дүниемді толқытқан ол емес еді. Оның өзіндік ысылдаған сыбырынан естілген ескертпе, бәрінен бұрын баяғыда өтіп кеткен менің жадымдағы сапырылысқан мың сан естеліктерді оятқан сол қарапайым да үйреншікті сөздерді айтқандағы оның үні мен дауыс ырғағы бейне бір гальвания батареясына тиіп кеткендей мені соғып жіберді. Тағы да мен есімді жиып үлгіргенше қонақ шығып кетті.
Бұл оқиға менің қабынған қиялыма күшті әсер етсе де, алайда оның ықпалы тез сейілді. рас, алғашқы бірнеше апта бойы мен оны шынымен сұрастырдым, өйткені әртүрлі жабырқаңқы ой құшағында болдым. Оның қалай да менің ісіме араласуға тырысып, әртүрлі ақыл-кеңестерімен зықымды кетірген сол адамның өзі екенін мен өзімнен жасырғым да келген жоқ. Бірақ сол Вильсон деген кім өзі? Ол өзі қайдан келді? Оның көздеген мақсаты қандай? Мен бұл сұрақтардың біреуіне жауап таба алмадым, бар білгенім, мен доктор Бренсбидің мекемесінен қашқан күні кешкісін ол да зытып тұрыпты, өйткені оның үйінде бір қайғылы жағдай болса керек. Кейінірек менің ойым бүтіндей Оксфордқа жүру сапарына ауып кетті де, мен ол туралы мүлдем ойлауды қойдым. Көп ұзамай, шынында да, мен сонда аттандым, менің аңқылдаған даңғой ата-анам менің жаным сүйетін — Ұлыбританияның ең бай да текті семьяларынан шыққан мәртебелі мұрагерлермен тайталасқа түсуіме жыл бойы алағай да бұлағай жететін киім-кешек пен қаржы-қаражат берді.
Енді менің шексіз күнәға батып емін-еркін білгенімді істеуіме болатын-ды. Сыпайыгершілікті түгел сыпырып тастап, менің қызба мінезім бұрынғыдан бетер арындап, дырдудың тұңғиығына қойдым да кеттім. Алайда бұл арада менің есалаңдығымның бәрін жіпке тізіп баяндап жатудың қажеті бола қоймас. Қайта ысырапқорлықтан жұрттың бәрінен асып түскенімді және әдепсіздігі жөнінен бүкіл Европаға әйгілі болған университет түлектерінің толып жатқан мінін толықтыра түскен есуастықты ойлап таптым.
Бұл арада менің қарға ойнауды кәсіп еткендермен танысып, олардың арамзалық әдістерін үйреніп, азғындық жолға түскенімді, сол қарғыс атқан ілімді керемет меңгеріп, оны ақкөңіл сыбайластарым есесінен онсыз да есепсіз мол табысымды көбейтудің көзі ретінде пайдаланғанымды айтсам сенбеген болар едіңіз. Алайда бұл шындық. Адамға тән қаһармандық пен абзалдық атаулыға қарсы жасаған менің қылмысым соншалықты сұмдық — мүмкін сол себептен де жазасын тартпай қалған болсам керек. айтары бар ма, менің кез келген ең барып тұрған азғын деген бірге жүрген жолдасым ақжарқын, адал, жомарт Вильям Вильсонды — есуастығын (менің жағымпаздарым айтқандай), жастық пен жүгенсіз қиялдың есуастығы, қатесін бар болғаны тек өзіндік ерлік, жан төзгісіз мінін небәрі аңқаулық пен алаңғасар аңғалдық деп білетін бүкіл Оксфордтағы ең қайырымды және ең кеңпейілді студентті сондай деп ойлаудан гөрі өз сезімдерінің шындығына күмәнданған болар еді.
Біздің университетте кейінгі тектілерден шыққан, қауесетке қарағанда Ирод Аттиктің өзіндей бай, әрі сондай байлыққа оп-оңай ие болған Гленденнинг деген қуыс кеуде, мансапқор жас пайда болған кезде менің бұл жолға адаспастай боп түсіп алғаныма екі жыл өткен-ді. Көп ұзамай оның ақылы асып тұрмағаның білдім де мен, әрине, оны қолыма оңай түсетін олжа деп санадым. Мен оны ойынға жиі тартып жүрдім, қолының жымысқысы бар арам ойлы ойыншылар сияқты қалай да өзімнің торыма түсіріп алу үшін оқта-текте оған оның ұтып қоюына да мүмкіндік бердім. Ұсақ-түйекке дейін бәрін мұқият ойластыра келіп, ақыры өз ойымды жүзеге асыруға ұйғардым, біз екеуміз де танитын дос-жар студенттің (мистер Престонның) пәтерінде кездестік, шынымды айтсам, ол менің нендей ойым бар екенін сезген де жоқ. Мұның бәрі табиғи түрде болуын қарастырдым, сондықтан ойын жөніндегі ұсыныс күтпеген жерден және оның өзі мен ұтып алуға ұйғарған адамнан шыққандай болып көрінуі үшін оны да мен алдын ала ойластырдым. Бұл жексұрын нәрсені көп айтып жатпай-ақ қояйын, бірақ сол кентте мұндай реттерде әдетке айналған пасық қулық-сұмдықтың қолданылмаған бірі қалған жоқ, шынында да, солардың құрбаны болатын аңқаулардың әлі де кездесетініне қайран қаламын.
Біз түн ортасы ауғанша отырдық, ақыры мен қуыс кеуде Гленденнинг қана маған қарсы ойнайтындай етіп, бәрін ретке келтірдім-ау, әйтеуір. Оның үстіне мен жақсы көретін экарта ойналып жатты. Біздің жекпе-жегіміздің ауқымын байқаған жұрттың бәрі қарғаларын тастап, екеумізді қаумалап қоршап алды. Менің әртүрлі ойлауымның арқасында отырыстың басында бастыртып ішіп алған Гленденнинг болса, енді шарап жөнді әсер етпегендей қарғаны өршелене араластырып, таратып, қызып ойнап отыр. Лезде ол маған қомақты сомаға берешек болып шыға келді, сол кезде алдында тұрған портвейнді бір сіміріп жіберді де, ол мен ертелі бері аспай-сапай итермелеп отырған істі жасады — онсыз да жоғары ұтысты екі есе ұлғайтуды ұсынды. Жәдігөйлікпен әдейі екі мәрте бас тартып, оны әбден ашындырып алған соң, онда да оның өңештеген өжеттігіне көнгендей сыңай танытып барын қана ақыры келіскен болдым. Менің қолыма түскен құрбандығым дәл өзім ойлағандай болып шықты. Арада бір сағат өтпей Гленденнингтің қарызы төрт есе өсті. Оған дейін-ақ шараптың қызуы тарқап, оның өңі қуқыл тарта бастаған еді, енді бір ғаламат, сұмдық сұп-сұр болып кетті. Мен «бір ғаламат»,— деп әдейі айтып отырмын. Өйткені алдын-ала білетіндерден сұрастырғанымда олардың бәрі де оны керемет бай деген болатын. Сондықтан мен анау айтқандай аз болмаса да бұл ұтылыс оның жанын жәбірлей, тіпті есеңгірететіндей бола қоймас деп ойлаған едім. Алғашқыда мен мұның бәрі әлгінде ішкен шараптың әлегінен болар дедім. Бас пайдамнан гөрі, өз атыма кір келтірмеу жағын ойлап, ойынды енді доғармақшы бола берген кезімде, кенет өзін жұрт күлкі етерліктей жағдайда жұрдай қылып тонай отырып, енді өзімді оны барып тұрған озбырлықтан қорғауға әзір екенімді аңғартқандай етіп көрсеткеніме мегзейтіндей ту сыртымнан Гленденнингтің әлде біреумен қосарлана сөйлеген ащы даусы шықты.
Енді не істеуім керек екенін білмедім. Менің құрбандығым болған адамның аянышты халі жұрттың бәрін абыржытып, ренжітіп тастады, бір сәт бөлме іші тым-тырыс бола қалды, әлі де азғындық жолға түсе қоймаған жолдастарымның жазғыра қараған оқты көзінен бетім дуылдап кеткенін сездім. Тіпті сол жанды жегідей жеген үнсіздік күтпеген жерден оқыс бұзылғанда бар ғой, шынымды айтсам, еңсемді басқан батпандай ауырлықтан бір сәт арылғандай болдым. Кенет қос жақтаулы ауыр есік екпінімен айқара ашылған кезде, сиқыршының әміріндей бөлмедегі балауыз шамның бәрі бірдей жалп етіп өшіп қалды. Бірақ қараңғылық құшағына алам дегенше, бойы мен мұғдарлас, үстіне шекпен киген бір бейтаныс адамның табалдырықтан аттағанын біздің көзіміз шалып үлгерді. Әйтсе де, көзге түртсе көргісіз қараңғыда, біз оның ортамызға келгенін ғана сездік. Баса көктеп кіріп келген соң абыржып қалған біз, әлі есімізді жиып үлгермей жатып, бейтаныс қонақтың үні естілді.
— Мырзалар,— деп ұмытылмас ұяң үнмен әр сөзін нақтап, сыбырлай сөйлеген сәтте менің тұла бойым түршігіп кетті,— мырзалар, менің бұл әдепсіздігімді кешірулеріңізді өтінемін. Мені мұнда борыш айдап келді. Сіздер шамасы бүгін кеште экартте лорд Гленденнингтен қомақты сома ұтып алған адамның кім екенін білмейтін боларсыздар. Сондықтан мен сол маңызды мәліметтерді жедел алудың сенімді жолын ұсынбақпын. Кәні, сол жақ манжетінің астары мен шамасы, оның сюртугінің кең қалтасынан табылатын шағын пакеттерді қарап көріңіздерші.
Ол мұны айтып жатқан кезде бөлме іші еденге түскен түйреуіштің тырс еткен дыбысы естілерліктей тым-тырыс бола қалды.
Соның бәрін айтты да қалай оқыс келген болса, солай тайып болды. Бойымды билеген сезімді айтып жеткізе аламын ба? Тамұқтағы күнәкар жандай азаптың ауыр тауқыметін тартқанымды айтуымның қажеті бар ма? Әрине, ойланып-толғанып жатуға менің мұршам да жоқ болатын. Әй-шәйге қаратпай сол жерде самсаған қол шап беріп ұстай алды да, заматында балауыз шырақ жағылды. Тінту басталды. Менің жеңімнің астарынан экарт ойнауға қажетті карптаның барлық мүсінді түрі, ал сюртугімнің қалтасынан біз ойнап жүрген қарғадан айнымайтын қатталған бірнеше қарға табылды, бірақ менің қарғаларымның ірі мүсінді жиегі ептеп қайырылып қалған-ды. Мұндай жағдайда әдетте ашықауыздар, қарғаны ұзынынан кеседі де, таратқан кезде қарғаның ірісі қарсыласының қолына тиеді, ал қарғаны көлденеңінен кесетін алаяқтар болса, ешқашан өз құрбандығына ойын тағдырын шешетін бірде-бір қарға бермейтіні айдан анық.
Ызалы кектің ешқайсысы мені мына самсаған жанарлардан айтпай аңтарылып тұрған үнсіздік үкіміндей зілді тыныштықтай есімді тандыра есеңгіретпеген болар еді.
— Мистер Вильсон,— деді үй иесі еденде жатқан асыл аң терісіне тысталған шекпенді алып жатып, мистер Вильсон мына киіміңізді алыңыз. (Күн суық болатын, үйден шыққанда сюртуктің үстінен шекпен жамыла салған едім, бірақ мұнда келген соң қарға ойнайтын столдың жаныңа шешіп тастай салғанмын). Енді мұнда сізге — ол зілді кекесінмен шекпеннің қыртысын көзімен нұсқады,— ептілігіңізді дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас деп білемін. Шынында, осы көргендеріміз де бізге жетіп жатыр. Сізге Оксфордттан, ең болмағанда дәл қазір менің үйімнен кету жөн екенін түсінерсіз деп ойлаймын.
Егер осы сәтте есімді шығарып жіберген бір жағдай болмағанда ары аяққа басылған, қорланған мен мұғдар, әрине, оның жәбірлеген сөзін аяқсыз қалдырмаған да болар едім. Мен мұнда киіп келген шекпен қымбат аң терісінен тысталған болатын; оның сирек кездесетін, қымбат аң екендігіне еш күмән жоқ-ты. Оның тігілу үлгісі де менің өз қиялымның жемісі болатын, өйткені сәнқой болғандықтан мен мұндай сәтте тым кінәмшіл едім. Сондықтан Престон есіктің алдында еденде жатқан шекпенді алып маған ұсынғанда мен өз шекпенімнің қолымда тұрғаның (қалай қолыма алғанымды шынымен өзім де байқамай қалған болуым керек), ал маған ұсынылған киімнің дәл содан аумайтынын көргенде зәрем ұшып, көзім атыздай болды.
Мені әшкерелеп, масқарамды шығарып кеткен әлгі бейтаныс жолаушының үстінде шекпені бар-ды. Сол күні жиналған жұрттың ішінде шекпен киіп келген жалғыз мен едім. Мүмкін болғанынша сыр білдірмей Престон ұсынған шекпенді алып, еш елеусіз қарындағы шекпенімнің үстіне тастай салдым да ашулы айбар шеккендей, адыраңдап бөлмеден шығып кеттім, бір жағынан ұят, екінші жағынан қатер жанымды жегідей жеп, ертеңіне таң қараңғысынан тұрып, Оксфордтан құрлыққа тартып отырдым.
Бірақ мен бекер қашықпын! Жеңісіне масаттанғандай менің кекшіл кесапатым, маған деген өзінің құпия өктемдігі енді ғана басталғанын аңғартқысы келіп, менің соңымнан ол да ілесе шығыпты. Мен Парижге келген бойда сол Вильсонның менің тағдырыма ортақтасқысы келетіндігінің тағы бір куәсіне душар болдым. Жылдар өтсе де ол менің қыр ізімнен қалмай қойды. Оңбаған! Римде ол күтпеген жерден және барып тұрған арсыздықпен маған, менің көздеген мақсатыма бөгет болды. Венада да, содан соң Берлинде де және Москвада да дәл солай жасады!.. Мен оны іштей қарғамайтын бұл дүниеде аядай жер табыла қояр ма екен? Мен оның жұмбақты озбырлығынан обадай зәрем ұшып қашатын болдым, бірақ қиян қиырға бекер қашқан екенмін!
«Кім ол?», «Қайдан шықты?», «Оған сонда не керек?» деген сұрақтарға жүрегімнің түкпірінен қайта-қайта жауап іздеймін. Бірақ жауап таба алмадым. Содан кейін барып мен оның маған қисынсыз жасаған қамқорлығының барлық түрлерін, тәсілдері мен ерекшеліктерін мұқият қадағалай бастадым. Алайда бұл ретте де менің белгілі болжау жасауыма мәнді ештеңе табыла қоймады. Тек соңғы кездерде кес-кестеп алдымнан шыққан кездерде ол мені қалай да бақытсыздыққа душар ететін, жоспарларымды бұзу үшін жасалғанын айтуыма болады. Бұл әдепсіздіктің арқасында ие болған өктемдікті ақтаудың орынсыз түрі! Ойына келгенін жасау адам баласына қиқарлықпен бұлайша қол сұғу, бұлайша қорлау әрекетке мүлдем арзымайтын іс!
Алуан түрлі әдіспен (әлдеқалай әйтеуір амалын асырып менше киініп жүріп) менің өз еркіммен әрекет істеуіме кедергі ете отырып, сол жәбірлеушімнің көп уақытқа дейін көзіме түспей келгенін айтуым керек. Вильсон кім болған күнде де, өзгесін былай қойғанда, осының өзі-ақ оның актерлігін, әйтпесе кәдімгі ақымақтығын танытатын еді.
Итондағы менің ақылшысымағымның, Оксфордтағы менің ар-намысымды аяққа бастырған адамның, Римдегі менмендік ниетімді, Парижде менің кек алуыма, Неапольдағы шынайы махаббатыма, немесе (Египетте) Мысырда әдейі ол менің дуниеқорлығым деп атаған пиғылымды жүзеге асыруға бөгет болған адамның сол менің аға жауым, өшіккен өшпендімнің өзіммен мектепте бірге оқыған кәдімгі Вильям Вильсон, өз аттасым, кластасым және доктор Бренсбидің оқу орнындағы жексұрын да сұмырай бақталасым екенін білмейді деп шынымен-ақ ойлады ма екен осы? Жоқ, олай болуы мүлде мүмкін емес! Әйтсе де бұл драманың соңғы, оқиғаға бай тарауын баяндауыма рұқсат етіңіз.
Бұған дейін мен бұл өктем мырзаға амалсыз бағынып келдім. Осы бір асқақ сезімді адамға деген айырықша үрей, Вильсонның құдіретті ақыл-ойы, елгезектігі мен ақжарқындығы оның шынында да үрейіңді ұшыратын кейбір қылығы мен әрекетіне қосылып, бұған дейін өзімді бейшара, әлсіз деп ойлауға еріксіз көндіріп, оның озбырлық өктемдігін шарасыз болса да сөзсіз орындауға мәжбүр етіп келді. Бірақ соңғы күндері бүтіндей шарапқа салынып кеттім: Бұл онсыз да қыңыр мінезімді бұрынғыдан бетер қоздырып жіберді, мен қалайда құрсауды үзіп шығуға ұмтылдым. Мен наразылық білдіріп, күңкілдедім, ...толқыдым, қарсыластым. Сонда маған шынымен-ақ аяғымды нық басқан сайын жәбірлеушім әрекетінен айнитындай болып көрінгені ме? Қалай болған жағдайда да менің кеудемде үміт ұшқыны туғанда да ол ақыр аяғында қайткенде де құлдықтан құтылу жөніндегі батыл шешімді туғызды.
18... жылы Римде карнавал кезінде неополигандық герцог Ди Брольоның үйінде болған маскарадқа бардым: Мен онда әдеттегіден әлдеқайда көбірек іштім; адам ығы-жығы залдың іші қапырық болып кетті де, мазам болмады. Оның үстіне иін тірескен көп қонақтың ортасынан жүріп болмайды, ал бұл онсыз да түйткіл көңілімді одан бетер жабықтыра түсті, өйткені жайраңдаған жас сұлуды — қаудірлеген Ди Брольоның, әйелін (менің қандай арам пиғылда болғанымды айтпай-ақ қояйын) тауып алғанша менің тағатым жетпеді. Ұятты ұмытқан ол үстінде қандай киім болатынын маған күні бұрын ескертіп қойған-ды, ақыры қалың топтың ортасынан оны көзім шалып қалды да, енді соған жақындауға ұмтылдым. Сол мезетте иығыма біреудің қолы тигенін сездім, ізінше сыбырлаған сол бір қарғыс атқыр ұмытылмас ұяң дауысты естідім.
Ызаға булығып, артыма жалт бұрылдым да, оқыс жолымды бөгеген адамның жағасына шап бердім. Өзім ойлағандай үстіндегі киімі менікінен айнымайды: белінде қызыл белбеуі бар көгілдір барқыттан тігілген испандық қималы бешпеті, жамбасында — қылыш. Қара жібек маска жүзін мүлде жауып тұр.
— Жексұрын! — дедім мен ызаға булығып, қырылдаған үнмен, сол сөз аузымнан шыққанда бұрынғыдан бетер зығырданым қайнап кетті.— Жексұрын! Арсыз малғұн! Қарғыс атқыр қаскүнем! Жоқ, жетер, менің қыр ізіме түскеніңнің ақыр соңы осы болар енді! Бері жүр, әйтпесе тұрған жерінде жайратып саламын! — Мен оны қолынан ұстап, би залымен іргелес аядай бөлмеге қарай сүйредім, ол болса ешқандай қарсылық білдірген жоқ.
Ауыз бөлмеге шыққан бойда мен оны итеріп жібердім. Ол шайқалақтап барып, қабырғаға сүйенді, сол арада мен қарғап-сілеп балағаттаған күйі есікті жаптым да, оған жекпе-жекке әзірленуге әмір еттім. Ол сәл абыржығандай сыңай білдірген болды да, лезде бойын билеп, бір күрсінді де қылышын қынабынан суырып алып, сайысқа сайланды.
Біздің жекпе-жегіміз ұзаққа созылған жоқ. Мен ызалы, ашулы болатынмын, менің қолымның күші дәл сол сәтте он кісіге жетерліктей еді. Көзді ашып-жұмғанша мен оны тықсырып, қабырғаға апарып жапсырдым да, көзіме қан құйылып, оның кеудесіне бірнеше мәрте қылышты сұғып-сұғып алдым.
Сол сәтте сырттан әлдебіреу ілулі тұрған есікті тартты. Ешкім ішке кірмеуі үшін дереу есікті мықтап жаптым да, өлім аузында жатқан өштесімнің қасына қайтып келдім. Көз алдымда жатқан жанды көргендегі менің бойымды билеген қорқыныш үрейін ауызбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Бөлменің арғы бұрышында тұрғандардың түгел өзгеруі үшін одан жанарымды жалтаруым жетіп жатыр екен. Осыдан бір сәт бұрын ғана көзіме ештеңе ілінбеген тұста енді шарайна тұр — алғашқы абыржулы сәтте маған солай болып көрінді, бойымды айтып болмас асқан үрей билеген мен оған қарсы ұмтылғанымда алдымнан теңселе басып, қан-қан, жүзі құп-қу болып кеткен өз елесім шыға келді.
Мен өз елесім — дедім, жоқ олай емес. Ол менің дұшпаным — қарсы алдымдағы жан тәсілім үстінде жатқан Вильсон болатын. Оның маскасы мен шекпені әлгінде өзі шешіп тастаған жерінде. еденде жатыр. Дәл маған ұқсамайтын оның киімінде бір суыртпақ жіп, келісті де көрікті келбетінде болмашы нышан жоқ еді!
Бұл Вильсон болатын, бірақ ол енді сыбырламай сөйледі. Тіпті құлағым естіп тұрған сөздерді ол емес, менің өзім айтып тұрмын деуге болатын еді.
— Сен жеңдің, мен бағындым. Бірақ осы сәттен бастап сен де өліксің,— сен бұл дүние үшін, аспан үшін, үміт үшін өлдің! Мен барда ғана сен тірі едің, мына бейнеге қарашы, бұл сен болатынсың ал енді мені өлтіріп, сен өзіңді де өлімге душар еттің!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі