Өлең, жыр, ақындар

Көк құмыраның сыры

Джек Гарингтон сөреден бастап доп барып түскен жерге дейінгі арақашықтық қанша екенін мөлшерлеп, оған көңілі толмай тұрған болатын. Доптың тұсынан арт жақта қалған сөреге көз тастап, екі аралықты көзбен тағы бір шолып өтті. Өңінен ызаланып тұрғаны байқалады. Бір күрсініп қойып, таяғын жоғары көтеріп, қатарынан екі рет соғып еді, бірінде таяғы бақ-бақты жұлып түсті де, екінші рет бұрқ еткізіп, бір уыс шымды қопарып кетті. Тек үшінші ретте ғана допқа таяғы дөп тиді.

Жасың жиырма төртке келгенде гольфты кемшіліксіз шебер ойнауға уақыт табу онша оңай шаруа емес. Өйткені бұл кезде уақытыңның көпшілігі күнелтудің қамына жұмсалып, ықыласың соған ауа бастайды. Аптаның бес жарым күнін Джек жұмыста, қаланың ортасындағы қызыл ағашпен қапталған еңсені басатын кеңседе өткізетін. Тек сенбінің екінші жартысы мен жексенбіде ғана қолы босап, жеке басының шаруасымен айналысатын. Әлгі ойынға құмартқаны сонша, қиналып жүріп, Стоуртон Хит гольф алаңының маңындағы бір кішірек қонақ үйден бөлме жалдап алды. Күнде ертеңгісін сағат алтыда тұрып, бір сағат жаттығу жасап, сегізден қырық алты минут өткенде жүретін поезбен жұмысқа үлгеретін.

Бірақ, көңілінен шықпай жүрген бір нәрсе — ол күнде құлқын сәріден тұрса да, ойынның бар сәнін мүлде келтіре алмады. Икемі келмей, ұрған добы айдалаға кете берді. Басы темір салмақты таяқпен соққан добы алайда қисық домалап, қалай тырысса да, ұяға дәл түсіре алмай, допты ең кемінде төрт рет соғуға мәжбүр болатын.

Джек күрсініп, таяғын қаттырақ қармап, «Сол қолыңды түзу ұста, жоғары қарама» деген ереженің сиқырлы сөзін ішінен қайталап айтты.

Жазғы таңның тыныштығын шыңғыра шыққан бір ащы дауыс бұзып жіберді. Ол артына жалт қараған күйі серейіп тұрып қалды.

— Өлтіріп жатыр,— деді әлгі дауыс.— Көмектесіңдер! Өлтіріп жатыр!

Дауыс әйел адамдікі болатын. Шыңғырғанның аяғы үзік-үзік шыққан өксікке ұласқан сияқты.

Джек қолындағы таяғын тастай салып, дауыс шыққан жаққа қарай жүгірді. Әлгі дауыс сол төңіректен, жап-жақын жерден естілген болатын. Алаңның бұл шеті даламен шектесетін және ол арада шамалы ғана үй бар-тын. Ал алаңға таяу жерде жалғыз ғана шағын коттедж тұрған. Оны Джек жиі байқайтын, өйткені бұл Европа үлгісімен салынған әдемі үй болатын. Джек сол үйге қарай жүгірген. Үй аюқұлақ жамылған дөңестің қалқасында болатын. Әлгі жерді айналып өтіп, ол лезде-ақ құлыптаулы кішкентай қақпаға жетіп келді.

Бақтың ішінде бір қыз тұр. Джек алғашында жаңағы көмек сұрап айқайлаған осы қыз болар деген ойда болатын. Бірақ, бұл ойынан тез қайтты.

Қыздың қолында арамшөпке жартылай толған себеті бар, соған қарағанда, гүлдерді арамшөптен тазартып, осы әлгінде ғана бойын жазған тәрізді. Джектің байқағаны, қыздың көзі өзі баптап жүрген тауықкөз гүлдерден айнымайды екен. Үстіне киген күрең-қызыл көйлегімен қыздың өзі де тауықкөзге сондай ұқсайды-ақ.

Қыз Джекке қысыла да, таңдана қарап қалды.

— Ғафу етіңіз,— деді оған жігіт.— Осы әлгінде ғана айқайлаған сіз емессіз бе?

— Мен бе? Жоқ.

Қыздың шынымен таңданып тұрғанын көріп, Джек ыңғайсызданып қалды. Ептеген шетелдік акценті болмаса, қыздың даусы өте нәзік, әдемі екен.

— Айқайды естіген боларсыз?— деді Джек таңданып.— Дауыс осы маңнан шықты ғой.

Қыз оған тесіле қарап: «Мен ештеңе де естіген жоқпын»,— деді.

Енді қызға Джек таңдана қарады. Жан ұшыра, көмекке шақыра айқайлаған дыбысты қыздың естімеуі тіпті мүмкін емес. Бірақ қыздың сондай жайбарақаттылығына қарап, алдап тұр деуге жігіттің көңілі қимады.

— Осы бір жақын жерден естілді,— деді ол сөзін қайталап. Қыз енді күдіктене қарап: «Немене дейсіз?» — деп қайта сұрады.

— Өлтіріп жатыр, көмек беріңдер! Өлтіріп жатыр!— деп айқайлады.

— Өлтіріп жатыр, көмек беріңдер, өлтіріп жатыр,— деді қыз оның сөзін қайталап.

— Сіз қайтер екен деп, біреу-міреу қалжыңдаған болар, мырза. Бұл жерде кімді кім өлтіруші еді?

Бақтың ішіндегі жолдардың бірінде өліп жатқан біреу-міреудің денесі табылып қала ма деген жаман оймен Джек айналасына көз салды. Өйткені ол өзі естіген дауыстың елес емес, шындық екеніне титтей де күмәні жоқ болатын. Ол коттедждің терезелеріне қарады. Бәрі де баз қалпында секілді.

— Үйдің ішін қарап шыққыңыз келе ме?— деді қыз салқындау үнмен.

Қыздың ешнәрсеге де сенбейтініне көзі жеткен соң Джек бұрынғыдан бетер қысылды. Ол кері бұрылып: «Ғапу, етіңіз»,— деді.— Дауыс жоғарыдағы орман жақтан естілген болуы керек.

Ол бас киімін көтеріп қоштасты да, өз жөніне кетті. Артына бұрылып көз тастап еді, қыз арамшөпті жұлуға алаңсыз қайта кірісіп кетіпті.

Ол біраз уақыт орманды аралап көріп еді, алабөтен ешнәрсенің белгісін байқай алмады. Бәрібір, әлгі дауысты өз құлағымен естігеніне сенімді болатын. Ақырында ол іздеуді тоқтатып, үйіне асықты. Ертеңгі асын апыл-ғұпыл іше салып, сегіз қырық алтыдағы поезға әдеттегісінше әрең ілікті. Поезда келе жатқанда әлгі нәрсе ойынан шықпай, мазалай берді. Естігенін бірден полицияға хабарлау керек пе? Олай етпеген себебі ана тауықкөз қыздан болды. Қыз оны өзіне қырындап жүр деп, сезіктеніп қалған сияқты. Полиция да солай ойлауы мүмкін. Шынымен айқайды естіді ме?

Бұл кезде ол дәл бағанағыдай сенімді емес болатын. Қайта-қайта ойлай бергеннің нәтижесі ғой. Мүмкін, ол алыстан шыққан құстың даусын әйелдің даусымен шатастырып алған болар?

Бірақ ол ашуланып, әлгі ойынан тез қайтты. Өйткені ол анық әйелдің даусы, өз құлағымен естіді. Айқай шығарудың алдында ғана сағатына қараған болатын. Шамамен, әлгі дауыс шыққан кезде уақыт жетіден жиырма бес минут кеткен еді. Егер бірдеменің сезігі шыға қалса, жаңағының полицияға пайдасы тиюі мүмкін.

Кешке қарай, үйіне қайтып келе жатқанда, ол кешкі газеттердің бірін қалдырмай қылмыс жайлы еш нәрсе жоқ па екен деп, қарап шықты. Бірақ ондай ештеңе таба алмай, қуанарын да, ренжірін де білмей қалған.

Келесі күні таңертең жаңбыр төгіп жауды. Мұндай күні алаңға шықса, босқа су болатынын ескеріп, ол әдеттегісінен жайырақ тұрып, тамағын іше сала поезға жүгіріп кетті. Жолда ертеңгі газеттерді тағы да сүзіп шықты. Бірақ ол ойлаған жаңалықтың газеттерде қарасы да жоқ болатын. Кешкі газеттер де үнсіз.

«Қызық екен,— деді Джек өзіне-өзі.— Бірақ дауыс естілді ғой. Мүмкін балалар шығар, жиналып алып, орманда ойнап жүрген».

Келесі күні ертеңгісін ол сыртқа ертерек шықты. Әлгі коттедждің қасынан өтіп бара жатып, көз қиығын салып еді, қыз бақтың ішінде тағы да арам шөп жұлып жүр екен. Күнделікті әдеті болса керек, сірә.

Джек добын кереметтей дәлдеп соқты. Онысын қыз көрді ғой деген ойда болатын. Келесі ұяға қарай допты екінші рет соққан кезде ол сағатына қарады.

— Тұп-тура жетіден жиырма бес минут кетті,— деді ол күбірлеп,— Ал енді...

Сөзін аяқтаған жоқ. Дәл арт жағынан, өткен жолы зәресін алған әлгі ащы айқай қайта шықты. Жаны күйзелген әйелдің даусы.

— Өлтіріп жатыр, көмектесіңдер,— өлтіріп жатыр!

Джек кері қарай тұра жүгірді. Тауықкөз қыз қақпаның қасында тұр екен. Қорқып кетіпті. Джек жүгіріп келіп, дауыстап: «Бұл жолы қалайда естіген боларсыз»?— деді.

Қыздың көзі, қандай сезім әсер еткені белгісіз, шарасынан шығып кете жаздап тұр екен. Жігіт жақындағанда шегіншектеді, тіпті ішке қашып тығылмақшы болған адам сияқты үй жаққа жалтақтай береді.

Жігітке тесіле қарап, басын шайқап: «Мен ешнәрсе естіген жоқпын»,— деді ол.

Джек өзін біреу қақ маңдайдан салып жібергендей сезінді. Қыз шын жүрегімен айтып тұрғандықтан оған сенбеуге дәті шыдамады. Әйтсе де, ол дәл осылай болады деп ойламаған болатын. Тіпті бұл үш ұйықтаса түсіне кірмеген еді. Қыздың даусы оған жұмсақ, жаны ашыған адамның үніндей боп естілді.

— Миыңызға бұрын зақым келіп пе еді?

Сол сәтте Джек қыздың неге шошынғанын, үйге неліктен жалтақтап қарай бергенін бірден түсіне қойды. Қыз оны көзіне әр нәрсе елестейтін ауру адам деп ойлап қалса керек.

Енді жігіттің басына «Мына қыздың болжамы рас болса қайтемін?» — деген құбыжық ой келді. Қорыққанға қос көрінеді демекші, өзі елестен шошынып жүрген жоқ па? Қорқынышты ой көңіліне ұялаған ол бұрылып алып, алды-артына қарамай, қызға да жауап қатпастан тартып отырды. Қыз күрсінді де, басын шайқап, еңкейіп арам шөпті жұлуға қайта кірісті.

Джек бәрін де қайта ойланып, қабырғасымен кеңеспекші болды. «Егер мына қарғыс атқыр пәлені жетіден жиырма бес минут өткенде тағы да бір рет еститін болсам,— деді өзіне өзі,— онда маған шынында да бірдеме елестеп жүрген болды. Бірақ қайтып ести қоймаспын».

Ол күні бойы мазасы кетіп, ерте жатып қалды да, ертеңгісін әлгіні қайта тексеріп көрмекші болды.

Мұндайда адамның ұйықтай алмайтыны белгілі ғой, ол түн жарымына дейін көз ілмей жатты да, соның салдарынан ертеңгісін әдеттегіден жайырақ оянды. Ол қонақ үйден шығып, гольф алаңына қарай жүгіріп бара жатқан кезде, уақыт жетіден жиырма минут кеткен болатын. Ол әлгі сұмдық дауыс естілетін межелі жерге жеті жиырма бесте жетіп үлгірмейтінін сезді, бірақ өзіне бірдеме елестеп жүрсе, әлгі сұмдықты қай жерден болса да естуге тиістімін деп түйді. Сағаттан көз алмай, одан әрі жүгіре берді.

Бұл кезде сағат жетіден жиырма бес минут өткен еді. Алыстан бір әйелдің шыңғырған даусының жаңғырығы естілді. Сөздері анық болмаса да, бұрын өзі естіген таныс дауыс екеніне ешбір күмәні болған жоқ. Дәл сол жерден, коттедждің маңайынан шығатын сияқты.

Бір қызығы әлгіні естігеннен кейін оның күдігі тарай бастады. Әрі-беріден соң бұл біреудің алдамшы қалжыңы да болуы мүмкін. Мүмкін ана қыздың өзі болар әдейі ақымақ етіп жүрген. Ол иығын батылдау көтеріп, сумкасынан гольф ойнайтын таяғын алды. Алаңның коттедж жағындағы біраз ұяларын бетке алып, допты солай қарай қуды.

Қыз әдеттегідей бақтың ішінде екен. Бүгін ол шөптен басын жоғары көтеріп, жігіт бас киімін алып амандасып еді, ұялыңқырай сәлемдесті. Өзі бұрынғыдан да құлпырып кетіпті.

— Ауа-райы бүгін тамаша, солай ғой?— деді Джек оған көңілдене сөз тастап.

— Иә, айтатыны жоқ, өте тамаша.

— Баққа да жақсы болар деймін?

Қыз ептеп жымиып еді, екі бетіне әдемі шұңқыр пайда бола қалды.

— Жоқ, о не дегеніңіз! Гүлдеріме жаңбыр тәуір болар еді. Көрмейсіз бе қурап бара жатқанын.

Жігіт қыздың берірек келіңіз деген ымын түсіне қойып, бақты алаңнан бөліп тұрған қалың бұта қоршауға жақындап, бақтың ішіне үңілді.

— Гүлдер дұрыс сияқты,— деді ол ыңғайсызданып, Қыздың оған жаны аши қарағанын байқап қалған еді.

— Күншуақ жақсы, солай ғой? Гүлдерді қойшы, оларды суғаруға да болады ғой. Бірақ адамға күш беретін, денсаулығын түзейтін күн ғой. Бүгін менің байқауымша, мырзаның жағдайы жақсырақ сияқты.

Қыздың мүсіркей сөйлегені Джектің жанына қатты батты. «Бәрі де құрысын,— деді ол өзіне-өзі.— Бұл қыз мені жылы сөзбен емдемекші».

— Денсаулығым аттай,— деді ол жақтырыңқырамай.

— Жақсы екен,— деді қыз әрі тез, әрі жұбатыңқырай жауап қатып.

Қыздың сенбей тұрғанын сезіп, Джектің ызасы келді.

Ол тағы біраз ойланды да ертеңгі тамаққа асығып кетіп қалды. Тамақ үстінде Джек көрші столда отырған ер адамның өзінен көз алмай бақылап отырғанын осымен әлденеше рет байқады. Орта жастағы адам болатын. Шоқша қара сақалы мен өткір көзі, өзін сенімді де еркін ұстауы оның жоғарғы дәрежелі маман екенінен хабар беріп тұрғандай еді. Есімі Лэвингтон екенін Джек білетін. Сонымен қатар, белгілі маман дәрігер екені туралы да Джек хабардар еді.

Бүгін әлгі кісінің өзінен көз алмай, өте мұқият бақылап отырғанын сезіп, сәл сескенгендей болды. Сонда қалай, тереңде жатқан құпиясы бетінде жазулы тұрғандай, кез келген адам оқи алатын болғаны ма? Әлде маман адам болғандықтан бұның миындағы ақауды біліп отыр ма?

Әлгіні ойлағанда Джек қалтырап кетті. Шынында да солай болғаны ма?

Кенет ойына жаңағы жұмбақты шешудің ең оңай жолы сап ете түсті. Бұған дейін алаңға жаттығу жасауға жалғыз өзі барып жүрді ғой. Ал енді қасына біреуді ерте барса қайтеді? Онда үш нәрсенің бірі болуы мүмкін: әлгі дауыс шықпай қалуы мүмкін; ал дауыс шықса оны екеуі бірдей естуі мүмкін; немесе дауысты тек өзі ғана естуі мүмкін.

Сол күні кешкісін өз ойын іске асырудың қамына кірісті. Алаңға өзімен бірге алып барғысы келген адамы Лэвингтон болатын. Екеуі оп-оңай шүйіркелесіп кетті. Бәлкім, Лэвингтон Джектің өзімен ашылып сөйлесуін бұрыннан күтіп жүрген де болар. Қалай болғанда да, Лэвингтонның онымен кездесуге ынталы екені анық болатын. Ертеңгі асқа дейін гольф ойнауға қалайсыз деген ұсынысқа ол келісе кетті. Олар таңертеңгісін ойнайтын болып сөз байласты.

Екеуі сыртқа жеті болмай шығып кетті. Ауа-райы тым жақсы болатын. Күн онша жылы болмағанымен жел жоқ, бұлтсыз еді. Дәрігер тәуірірек ойнап, Джек онша мандыта алмады. Оның есіл-дерті бүтіндей көңіліндегі құбыжықта болатын. Қайта-қайта сағатына жасырын қарап қояды. Жетінші межеге жеткен болатын. Коттедж жаңағы меже мен доп түсіретін келесі ұяның орта тұсында-тын. Мезгіл жеті жиырмаға таяп қалған.

Олар үйдің маңынан өтіп бара жатқанда қыз әдеттегісінше бақтың ішінде жүрген, бұларға қарамады.

Екі доп та алаңда, Джектікі ұяға жақын, ал дәрігердікі одан алыстау жерде жатқан.

— Мен мынаны қалайда ұяға түсіруім керек,— деді Лэвингтон.— Түсіретін шығармын деймін.

Ол еңкейіп, допты қалай соғуды ойластырды. Ал Джек қыбыр етпей, екі көзін сағатынан алмай бақылап тұрған. Бұл кезде мезгіл жетіден жиырма бес минут кеткен еді.

Доп шөптің үстімен домалап барып, түбіне сәл кідірді де, ұяға кіріп кетті.

— Жақсы соқтыңыз,— деді Джек. Даусы біртүрлі қырылдап шықты.— Ол мойнынан жүк түскендей күрсінді де, білегіндегі сағатын жоғарырақ ысырып қойды. Ештеңе де естілген жоқ.

— Бір минутқа айып етпесеңіз,— деді Джек.— Мен трубкамды тұтатып алайын.

Олар сегізінші межеге келгенде кішкентай үзіліс жасады. Джек ырқына көнбей қалтыраған саусақтарымен трубкасын темекіге толтырып, тұтатып алды. Көңілінде жүрген қара тас біржолата түскендей.

— Құдайым-ау, ауа-райы қандай жақсы еді,— деді ол алысқа рахаттана көз тастап.— Лэвингтон мырза сіздің соғатын кезегіңіз.

Дәл осы сәтте әлгі пәле қайта басталды. Дәрігер таяғын сермегені сол еді, қиналған бір әйелдің ащы даусы естілді.

— Өлтіріп жатыр! Көмек беріңдер! Өлтіріп жатыр!— Дауыс шыққан жаққа жалт қараған кезде, Джектің жаны кетіп қалған қолынан трубкасы түсіп кетті. Жанындағы адам есіне түсіп, ол енді ентігін баса алмай, Лэвингтонға қарады.

Лэвингтон көзін көлегейлеп, добының соңынан қарап тұр екен.

— Қаттырақ соғу керек еді, сәл жетпей қалды,— деді ол.

Лэвингтон ештеңе естімеген сияқты.

Джекке жер шыр айналғандай көрінді. Ол қатты теңселіп, бір-екі қадам жасады. Есін жиған кезде шөбі қысқа қырқылған шымның үстінде жатқан болатын. Лэвингтон еңкейіп, үстіне төніп тұр екен.

— Жә, ештеңе етпейді, ештеңе етпейді,— деді ол.

— Маған не болды?

— Есіңнен танып қалдың, жігітім.

— Құдайым-ау!—деп Джек ыңыранды.

— Не боп қалды? Көңіліңде бір нәрсе бар ғой деймін.

— Қазір бәрін де айтып берем, бірақ алдымен сізден бір нәрсе сұрайын деп едім.

Дәрігер трубкасын тұтатып, алаңның шетіне жайғасты да: «Не сұраймын десең де құлағым сенде»,— деді сабырлы сөйлеп.

— Кейінгі бір-екі күнде сіз мені зер сала бақылап жүрдіңіз ғой. Себебі не?

Лэвингтон ептеп көзін жыпылықтатып: «Бұл өзі бір ыңғайсыздау сұрақ екен. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген нақыл сөзді білетін боларсың?»— деді.

— Жалтармаңыз. Мен шыннан сұрап тұрмын. Неге өйттіңіз? Сұрап тұрғанымның үлкен себебі бар?

Лэвингтон қалжыңын тыя қойып: «Сұрағыңа бүкпей жауап берейін. Сенің бір нәрсе ойлап, тұйыққа тіреліп, қатты күйзеліп жүргеніңді байқап, өйтетіндей бұл жігітке не болды екен деген ой келді маған»,— деді.

— Оның жауабын оп-оңай-ақ берейін мен сізге,— деді Джек ашына сөйлеп.— Мен жынданайын деп жүрмін..

Ол жым бола қалды, бірақ жаңағы сөзі өзі ойлағандай әсер қалдырмай, қорқыныш сезім де туғыза қоймағандықтан, тағы да қайталап:

— «Мен жынданайын деп жүрмін» — деді.

— Түк түсінсем бұйырмасын,— деді Лэвингтон күбірлеп.— Шынында өте қызық екен.

Джектің ызасы келіп: «Одан бөтен ештеме айта алмайсыз ғой шамасы. Дәрігерлер, бәсе осылай, мейірімсіз»,— деді.

— Жә, жә, жігітім, сен түсінбей бекер айтып отырсың. Мәселен, мен дәрігер деген атағым болғанмен... Дәлірек айтқанда, мен... тән емдейтін дәрігер емеспін.

Джек оған үңіле қарап: «Онда жан емдейтін дәрігер болдыңыз ғой?» — деді.

— Иә, шамасы солай, бірақ мен өзімді рухани дәрігермін деп есептеймін.

— Охо!

— Үніңнен келіспей отырғаныңды сезіп тұрмын, бірақ біз адамның тәнінен бөлініп кетіп, жеке өзінше өмір сүретін құбылысты да бір нәрсе деп атауға тиістіміз ғой. Рухани терминдермен де есептесуге тура келеді, жігітім. Ол тек шіркеу қызметкерлерінің ойлап тапқан дүниесі емес. Бірақ оны рух, рухани дүние немесе өзіңнің көңілін ұнатқан болса, басқа терминмен де атауға болады. Сен жаңа ғана менің сөзіме ренжіп қалдың. Бірақ, көңіліңе келсе де айтайын, мен өзің сияқты ұстамды, дені таза жас жігіттің елестен азап шегіп, жынданайын деп жүргеніне шынымен таңданып, бір түрлі боп қалдым.

— Мен әлде қашан жындандым, оған сөз жоқ. Бір нәрсем жетіспейтіні хақ.

— Кешірерсің, бірақ мен оған сенбеймін.

— Мен елестен азап шегіп жүрмін.

— Түстен кейін бе?

— Жоқ, таңертең.

— Мүмкін емес,— деді дәрігер, өшіп қалған трубкасын қайта тұтатып.

— Сізге айтайын, мен өзге жан адам естімейтін нәрселерді еститін болдым.

— Мыңның бірі ғана Юпитердің серіктері бар екенін көріпті2 — ал қалған тоғыз жүз тоқсан тоғыз адам көре алмапты деп Юпитердің серіктерінің бар екеніне шүбә келтіруге болмайды ғой. Сосын ана мыңыншы адамды ақымақ санаудың да жөні жоқ.

— Юпитердің серіктері ғылыми тұрғыдан дәлелденген ақиқат.

— Бүгінгі елестің ертеңгі дәлелденген ғылыми ақиқат болуы да әбден ықтимал.

Қанша дегенмен Лэвингтонның жаңағы айтқан қарапайым сөздері Джекке әсер ете бастаған болатын. Көңілі әжептәуір орнына түсіп қалған еді. Дәрігер оған бір-екі минуттай зер сала қарап тұрды да, басын изеп: «Міне енді жақсы болды»,— деді.— Жастардың бір жаман жері сол, сендер өздеріңнің философияңнан басқаға сенбейтін сыңаржақсыңдар. Ал енді әлгі сенімдеріңді басқа біреулер жоққа шығара қалса, зәрелерің кете бастайды. Ал енді өзіңнің жындануға қандай дәлелін бар, соны айтшы. Жындыханаға салу жағын содан соң шешерміз.

Джек шамасы келгенше болған оқиғаны ештеңесін жасырмай айтып берді.

— Бірақ менің бір түсіне алмай отырғаным,— деді ол сөзінің соңында,— бүгін таңертең әлгі дауыс, неге екені белгісіз, жеті жарымда емес, одан бес минут кешігіп шықты.

Лэвингтон бір-екі минуттай ойланып қалды. Сосын: «Сенің сағатын бойынша, қазір уақыт қанша болды?» — деді.

— Сегізге он бес минут қалды,— деді Джек сағатына үңіліп.

— Онда бәрі де түсінікті. Менің сағатым бойынша, сегізге жиырма минут қалды. Сенікі бес минут алда. Мен үшін бұл өте қызық әрі маңызды нәрсе. Шынымды айтсам, бұл таптырмайтын жаңалық.

— Қалайша?—деді Джек білгісі келіп.

— Анықтап айтатын болсақ, бірінші рет сен әлгі дауысты шынымен естігенсің. Ол біреудің қалжыңы болуы да, болмауы да мүмкін. Келесі күні дәл сол мезгілде әлгі дауысты тағы да естимін деп сеніп қалғансың.

— Ондай сенім болған жоқ.

— Саналы түрде емес, әрине. Pyx деген нәрседен бәрін де күтуге болады. Бірақ жаңағы түсінік бәріне жауап бола алмас. Егер солай сеніп қалғаның рас болса, сен әлгі дауысты өз сағатын бойынша тек қана жетіден жиырма бес минут кеткенде ғана естіген болар едің де, ал әлгі мезгілден асып кетсе, өзін ойлағандай, еш уақытта да естімеген болар едің.

— Иә, солай болса ше?

— Е... Әлі де түсінбедің бе? Әлгі айқай белгілі бір жерден, белгілі бір уақытта шығып жүр ғой. Шығатын жері ана коттедждің маңы да, уақыты — жеті жиырма бес...

— Солай, бірақ ол дауысты неліктен мен ғана естуім керек? Мен жын, пері, елес, тағы не... аруақ дегендердің біріне де сенбеймін. Олай болса, әлгі пәлені мен неге естуім керек?

— Е-е! Мұны қазір біз түсіндіре алмаймыз. — Түсініксіз жері елеске берілгіш адамдардың көпшілігі еш нәрсеге сенбейтін сыңаржақтардан шығады. Ал жаңағыдай нәрселердің болатынына сенетін адамдарда, керісінше, елес болмайды. Кейбір адамдар басқалардың ести де, көре де алмайтын нәрселерін естіп, көреді. Оның неліктен олай екенін біз білмейміз. Сосын он адамның тоғызы ондайды көргісі де, естігісі де келмейді, сондықтан да олар өзің сияқты, елестен азап шегіп жүр екенмін деп қалады. Бұл электр қуаты сияқты. Кейбір заттар токты жақсы өткізеді. Көпке дейін біз әлгінің не себептен солай болатынын біле алмадық. Солай бола тұра жаңағыны мойындауға мәжбүр болдық. Ал қазір біз оның себебін білеміз. Бір күні, сөз жоқ, сен естіген дауысты ана қыз екеуміз неге естімейтінімізді де білетін боламыз. Барлығы да табиғаттың заңына бағынады. Табиғаттан тыс күш бар деген жай сөз. Адам психикасына әсер ететін заңдылықтарды табу оңай шаруа емес, бірақ, кез келген әрбір айғақ соған көмектеседі.

— Бірақ енді мен не істеймін?— деді Джек.

Лэвингтон күліп: «Шаруаңа пысық көрінесін. Сонымен, жігітім, сен қазір тамағыңды жақсылап ішіп аласың да, өзің түсінбейтін нәрсемен басыңды қатырмай жұмысыңа кетесің. Ал мен болсам, ана алаңның аржағындағы коттеджді айландырып көрем, мүмкін бір нәрсе табылып қалар. Мен білсем, құпияның сыры сол жақта жатыр»,— деді.

Джек орнынан тұрып: «Жақсы, сэр. Оныңызға мен дайынмын, бірақ меніңше...»

— Иә, немене?

Джек ыңғайсызданып қызарып кетті де: «Ана қыздың қатысы жоқ, меніңше» — деді міңгірлеп.

Лэвингтон көңілденіп: «Ол қыздың әдемі екенін сен маған айтпап едің ғой! Жарайды, қам жеме, меніңше, әлгі құпия қыз бұл жерге көшіп келместен бұрын басталған болуы керек»,— деді.

Кешке қарай Джек не болғанын тезірек білгісі келіп, асыға жеткен болатын. Бұл кезде өз тағдырын бүтіндей Лэвингтонға сеніп тапсырған еді. Дәрігердің бұл мәселені табиғи құбылыс деп, жайбарақат, таңданбай қабылдағаны Джекке қатты әсер етті.

Джек тамақ ішуге төменге түсіп еді, жаңа досы залда күтіп отыр екен. Дәрігер тамақты бірге отырып ішейік деген тілек білдірді.

— Еш жаңалық жоқ па, сэр?— деді Джек алаңдап.

— Хедер Коттедждің бүкіл тарихын жинап келдім. О баста бұл үйді бір қарт бағбан әйелі екеуі жалдап алыпты. Шалы қайтыс болған соң кемпір қызынын қолыма кетіп қалыпты. Енді ол үйге бір құрылысшы ие болыпты. Әлгі адам үйді әдемілеп қайта салады да қалада тұратын бір джентельменге сатып жібереді. Соңғы қожайын үйді тек аптаның соңғы күндерінде ғана пайдаланыпты. Осыдан бір жыл бұрын ол бұл үйді ерлі-зайыпты Тэрнер дейтіндерге сатып жібереді. Естуімше, қызық адамдар болса керек. Күйеуі — ағылшын, әйелі елдің айтуынша, жартылай орыс екен, өзі келбетті, өңді болса керек. Ешкіммен араласпай, тіпті бағының сыртына да шықпай, өздерімен өздері ғана тұрып жатыпты. Жергілікті ұзынқұлақтың айтуына қарағанда, олар бір нәрседен қорыққан деседі, бірақ бізге ол әңгімеге сенудің қажеті жоқ.

Сосын бір күні олар аяқ астынан кетіп қалады. Үйден таңертең шығып кетеді де, содан қайтып оралмайды. Жергілікті агенттер Тэрнердің Лондоннан жазған хатын алады. Онда ол үйді мүмкіндігінше тезірек сатып жіберуді өтінеді. Мебельді, мүлікті сатады, ал үйдің өзін Молеверер дейтін бір мырза сатып алады. Ол да екі-ақ апта тұрып, сосын үйді жалға беретіні жөнінде хабарландыру жасайды. Үйдің қазіргі иесі туберкулезбен ауыратын бір француз профессоры мен соның қызы дейді. Олар көшіп келгелі он күн бопты.

Джек мұны үндемей отырып, ұйып тыңдады.

— Бұлардан бізге келер пайда көре алмай тұрмын,— деді ол ақырында.— Сіз ше?

— Мен олардан гөрі әлгі Тэрнерлер жайын көбірек білсем деймін,— деді Лэвингтон алаңсыз.— Олар таңсәріден кетіп қалыпты, есіңде ме? Менің білуімше, олардың кеткенін ешкім де көрмеген. Одан кейін Тэрнерді көргендерді кездестірдім, ал әйелін көрдім деген тірі пенде жоқ.

Джектің өңі қуарып: «Мүмкін емес... сіз сонда...»

— Абыржыма жігітім. Өлейін деп жатқан адамның, әсіресе, қатты қиналып жатқан адамның айналасына, ортасына етер әсері өте күшті болады. Жаңағы орта әлгі әсерді сіңіріп алып басқа біреулерге, мәселен, мына саған, жеткізуі әбден мүмкін.

— Неге маған?— деді Джек мазасыздана күбірлеп,— Неге басқа біреуге емес?

— Сен әлгіндей ғажайып күштің болатынына және оның жайдан-жай еместігіне сенетін сияқтысың ғой. Өз басым белгілі бір мақсатпен жер торитын жын-пері бар дегенге сенбеймін. Бірақ менің ойымша, қайталап айтайын, мұны таза кездейсоқтық деуге болмайды. Бұл — шындықты іздеп жүрген бір белгісіз күш... Құпия күштердің жасырын қимыл жасап, шындыққа қарай талпынуы...

Ол өзін шырмап алған ойдан арылғысы келгендей бір серпіліп алды да, Джекке жымия қарап қойды.

— Бүгінше бұл әңгімені қоя тұрайық,— деді ол ұсыныс жасап.

Джек бұған оп-оңай көнсе де, жаңағы әңгімені оңайлығын еш ұмыта алмады.

Аптаның соңында ол шама-шарқынша өз бетімен анықтамақ болып әрекеттеніп еді, дәрігердің айтқандарынан артық ешнәрсе де біле алмады. Ертеңгісін тамаққа дейін гольф ойнауын ол пышақ кескендей тыйды.

Бұл оқиғаның жалғасы күтпеген жерден шыға келді. Бір күні ол жұмыстан келсе, жас бикеш өзін күтіп отыр екен. Таңданғаны соншама, іздеп келген өзінін бақтан көретін тауықкөз қызы (ол оны өзінше солай деп атайтын) болып шықты. Ол сондай мазасызданып, қысылып отыр екен.

— Өзіңізді бұлай іздеп келгенімді кешірерсіз, мырза! Бірақ менің сізге айтатын сөзім бар. Мен...

Қыз айналасына сезіктене қарады.

— Мұнда кіріңіз,— деді Джек қонақ үйдің сол кезде бос тұрған, әйелдерге арналған бөлмесіне қарай жол бастап. Қызыл мақпалмен қапталған қапастау бөлме болатын.

— Иә, отырыңыз, Мисс... Мисс...

— Марчауд, мырза. Фелизе Марчауд.

— Отырыңыз, мадмуазель Марчауд, сосын әңгімеңізді айтыңыз.

Фелизе бірден отыра қалды. Бүгін үстіне жасыл киім киіпті. Келбеті мен тәкаппарлығы ерекше көз тартады. Қыздың қасына отырған кезде Джектің жүрегі лүпілдеп кетті.

— Бұл былай болды,— деді Фелизе.— Біздің бұл жерге келгенімізге онша көп уақыт болған жоқ. Бірінші күннен бастап-ақ кішкентай үйімізді жын-шайтан ториды деген қауесет естідік. Жалшы қыз жалдайық десек, ешкім жоламайды. Ол да ештеңе емес, өзім де үйге қарап, тамақ жасай аламын.

«Періште»,— деді ішінен, ғашық болған жас жігіт.— «Керемет». Бірақ ол сыр білдірмей, іс жөнінде сөйлесіп отырған адамның кейпін сақтады.

— Әлгі елес туралы әңгіме, меніңше, бастан аяқ ессіздік болды, осыдан төрт күн бұрынғыны айтамын. Мырза, мен төрт күн бойы бір-ақ түрлі түс көріп жүрмін. Түсіме бір сұлу әйел кіреді. Өзі бойшаң, аққұбаша. Қолына ұстаған көк қытай құмырасы бар. Өзі зардап шеккен, азап көрген әйел, қолындағы құмырасын маған қарай ұсына береді, онымен бір нәрсе істе деп айтқысы келетін адам тәрізді. Бәрі құрып кетсін! Өзі сөйлей алмайды, оның не сұрағанын мен түсіне алмаймын. Алдыңғы екі түн бойы көрген түс осындай болды, бірақ алдыңғы түні тағы біраз нәрсе кірді. Әйел мен құмыра көрінбей кетті де, аяқ астынан мен оның шыңғырған даусын естідім. Бұл — осы әйелдің даусы, түсіндіңіз бе? Сосын, ух! Мырза, әнеу күні таңертең сіз маған айтқан сөздерді айтты. «Өлтіріп жатыр, көмектесіңдер! Өлтіріп жатыр!» Зәрем ұшып оянып кеттім. Өзіме-өзім: «Мынау-сұмдық! Әлгі естіген сөздеріңіз — кездейсоқтық» деймін. Бірақ кеше түні жаңағы түс қайта кірді. Мырза бұл не болуы мүмкін. Біз енді не істейміз?

Фелизенің қорыққаннан өңі қашып кетіпті. Саусақтарын айқастырып, ол Джекке жалбарына қарады. Жігіт байқаса да, ештеңе сезбегенсіп, мән бермей қойды.

— Дұрыс, мадмуазель Марчауд. Абыржымаңыз. Егер қарсы болмасаңыз мен сізге не істеу керектігін айтайын. Осында жатқан дәрігер Лэвингтон дейтін досыма жаңағы әңгімені түгелдей қайталап айтып беріңіз.

Фелизе келісімін берген соң Джек Лэвингтонды іздеп шығып кетті. Біраз уақыт өткен соң ол досын ертіп, қайта кірді.

Лэвингтонға Джек қызды асығыс таныстырды. Онысына рақмет айтып жатып, Лэвингтон қызға бір қарап қойды. Сеніміне кіретіндей біраз сөз айтқаннан кейін, Лэвингтон қыздың абыржығанын басып, енді әңгімесін құлақ сала тыңдады.

— Өте түсініксіз жағдай екен,— деді қыз сөзін аяқтаған кезде.— Мұны әкеңізге айттыңыз ба?

Фелизе басын шайқап: «Оны абыржытқым келмеді. Әлі қатты ауырып жатыр,— деді екі көзі жасқа толып,— мазалағым келмейді».

— Түсінікті,— деді Лэвингтон жаны ашып.— Бізге келгеніңізге қуаныштымыз, мадмуазель Марчауд. Гартингтон да сіздікіне ұқсас бірдеңені басынан кешірді. Меніңше, біз бір ізге түстік-ау деймін. Бұдан басқа бізге айтатын ештеңеңіз жоқ па?

Фелизе тез қимылдап: «Әрине! Ұмытып барады екем! Әңгіменің түйіні — бұл. Қараңыз, мырза: мынаны бір серванттың артына түсіп кеткен жерінен тауып алдым.

Қыз оларға акварель бояумен дөрекілеу салынған әйелдің бейнесі бар, кірлеу, бір парақ қағазды ұсынды. Былғаныштау салынғанымен өте ұқсайды екен. Бұл бойшаң, аққұбаша келген әйелдің суреті болатын. Бірақ бет-әлпетінен оның ағылшын әйелі емес екені байқалады.

Әйел үстіне көк қытай құмырасы қойылған столдың қасында тұр.

— Мен мұны бүгін ертеңгісін ғана тауып алдым,— деді Фелизе.— Дәрігер мырза, мынау — дәл менің түсімде көрген әйелдің бейнесі, ал ана көк құмыра да ұқсап тұр.

— Ғажап,— деді Лэвингтон.— Құпияның кілті көк құмырада сияқты. Өзі қытай құмырасына ұқсайды екен, меніңше, ескі құмыра болуы керек. Бетінде ғажайып өрнегі бар секілді.

— Бұл қытай құмырасы,— деді Джек.— Нағашымның жинаған қоллекциясынан тура осыған ұқсас біреуін көргемін. Нағашым — қытай фарфорын жинайтын әуесқойлардың бірі. Осыдан аз ғана бұрын тура осындай кұмыраны көргенім есімде.

— Қытай құмырасы,— деді Лэвингтон ойланып. Ол: бір-екі минуттай ойға шомып отырды да, кенет басын көтеріп алды. Көзі бір түрлі жайнап кетіпті. Сосын: «Гартингтон, сенің нағашыңның ол құмыраны алғанына қанша уақыт болды?» — деді.

— Қанша дейсіз бе? Анығын айта алмаймын.

— Ойлан. Кейінгі кезде сатып алған жоқ па?

— Білмеймін... Иә, меніңше, кейініректе сатып алды, енді ойыма түсті. Өз басым фарфорға әуестігім жоқ, бірақ нағашымның жуық арада сатып алған заттарын көрсеткені есімде. Мына құмыра — солардың бірі.

— Екі айға жетеғабыл уақыттың шамасында ма? Әлгі Тэрнерлер де Хедер Коттеджден екі ай бұрын ғана кетіп қалды ғой.

— Иә, солай сияқты.

— Сенің нағашың осы құмыра секілді үй мүліктері сатылатын жерлерге ара-тұра барып тұратын болар?

— Ол кісі ондайдың иісі шыққан жерлерден қалмайды.

— Олай болса жаңағы фарфорды сол Тэрнерлердің, мүлкі сатылған кезде алуы мүмкін деген болжам айтсақ қателесе қоймаспыз. Ғажап кездейсоқтық немесе әлгі, мен айтқандай, белгісіз күштің шындыққа талпынуы осы болар. Гартингтон, сен нағашыңнан жаңағы құмыраны қайдан сатып алғанын білші.

Джектің түсі қашып: «Бұл мүмкін емес пе деп қоркып отырмын. Джордж нағашым Европаға жол жүріп кетіп еді. Мен әуелі оған хатты қай жерге жазарымды да білмеймін»,— деді.

— Ол жақта қанша уақыт болады?

— Ең кем дегенде бір айдай болады.

Бәрі үндемей қалды. Фелизе абыржып, екі еркекке кезек-кезек қарады.

— Біздің қолдан келер ештеме жоқ па?—деді ол ұялыңқырап.

— Иә, бір нәрсе істеуге болады,— деді Лэвингтон, әбден мазасы кеткен адамға ұқсап.— Мүмкін бұл оғаштау да болар, бірақ істеуге болады ғой деген сенімдемін. Гартингтон, әлгі құмыраны сен қалайда табуың керек. Осында алып кел, сосын егер мадмуазель рұқсат етсе, біз түнді көк құмырамен бірге Хедер Коттеджде өткіземіз.

Джектің мұны естігенде тұла бойы түршігіп кетті.

— Сонда, сіздіңше, не болады?— деді мазасы кетіп.

— Ол жағынан бейхабармын, бірақ құпияның сыры ашылып, елестің тыйылатынына күмәнім жоқ. Құмыраның түбі қос қабат болып, сонда бірдеме тығулы жатуы да мүмкін. Егер бұдан ешнәрсе бола қоймаса, онда өз ақылымызбен шешуімізге тура келеді.

Фелизе саусақтарын айқастырып: «Тамаша ұсыныс»,— деп айқайлап жіберді.

Қыздың көзі қуанғаннан жайнап кетті. Джек онша құлшына қоймады, керісінше, іштей қатты қорқып отырған болатын. Бірақ Фелизенің алдында қорыққанын ол басын кесіп алса да сездірмес еді. Дәрігер.болса, өзі жасаған қоныстан артық ешнәрсе жоқ дегендей сыңай танытты.

— Құмыраны қашан алып келесіз?—деді Фелизе Джекке бұрылып.

— Ертең,— деді ол ықылассыз.

Енді ол қолға алған ісін аяғына дейін жеткізуге мәжбүр болды. Бірақ, көңіліне ұялап, қыр соңынан қалмай қуалап жүрген, күнде ертеңгісін көмекке шақыратын тажал айқайдан қалайда біржолата құтылуы керек.

Ол нағашысының үйіне ертесіне кешке қарай барып, құмыраны алып қайтты. Құмыраны қайта көрген кезде, ол мұның акварель бояумен қағазға салынған әлгі суреттегі құмыраға қатты ұқсайтынына көзі жете бастады, бірақ, қанша қадағалап қараса да, құмырадан құпия жасырып қоятындай ешбір қуыстың белгісін таба алмады.

Олар Лэвингтон мырза екеуі Хедер Коттеджге келген кезде сағат түнгі он бір болатын. Фелизе олардың келуін бағып отырған болса керек, есікті қағып үлгерместен ашып жіберді.

— Ішке кіріңіздер,— деді сыбырлап.— Әкем жоғарыда ұйықтап жатыр, оятып алмайық. Мен сіздерге кофе дайындап қойдым.

Қыз қонақтарды кішірек, жайлы бөлмеге алып келді. Каминнің алдындағы темір тордың үстінде спирт шам тұр. Қыз еңкейіп, оларға хош иісті кофе кұйып берді.

Сосын Джек қытай құмырасы оралған бірнеше қабат қағазды сыпырып алып тастады. Фелизенің көзі құмыраға түскенде, таңданып, демін ішіне тартты.

— Иә, иә,— деді ол құлшына дауыстап.— Дәл өзі, мен мұны жазбай танимын.

Бұл екі арада Лэвингтон өз дайындығын жасап жатқан болатын. Ол бір кішірек столдың үстінен сәндікке тұрған нәрселердің бәрін сыпырып алып тастап, столды ортаға жылжытты. Жан-жағына үш орындық қойды. Сосын көк құмыраны Джектен алып, столдың дәл ортасына жайғастырды.

— Ал, енді,— деді ол,— біз дайынбыз. Жарықтық бәрін өшіріп, столдың айналасында тас қараңғыда отыралық. Аналар оның айтқанын істеді. Қараңғыда Лэвингтонның даусы қайта естілді.

— Ештеме де ойламаңдар, немесе барлығын да ойлаңдар. Көңілдеріңе ештеме алмай, еркін отырыңдар. Біріміздің көріпкел қасиетіміз болуы мүмкін. Егер олай болса, әлгі адам маужырап ұйықтап кетеді. Естерінде болсын, қорқатын ештеме де жоқ. Қорқыныштан арылып емін-еркін, жайбарақат...

Оның даусы бірте-бірте бәсеңдеп барып, тынды. Бара-бара тыныштық та орнады. Лэвингтонның «қорқыныштан арылыңдар» дегені бекер емес-тін. Джек қорқыныштан зәресі кетіп, қатты үрейленіп отырған болатын. Ол Фелизенің де үрейі ұшып отыр деген сенімде-тін. Кенет ол қыздың әрең-әрең шыққан даусын естіді.

— Бір сұмдық болайын деп тұр. Мен оны сезіп отырмын,— деді ол.

— Қорықпаңдар,— деді Лэвингтон.— Құпия күшке кедергі жасамаңдар.

Қараңғылық одан әрі қоюланып, тылсым тыныштық орнады. Неге екені белгісіз бір қорқыныш сезім билеп алып барады.

Джек қылғынып, тұншығып бара жатқандай сезінді. Әлгі сұмдық үстіне төніп кеп қалған сияқты...

Содан соң қорқынышты сәт те бітті. Джек маужырап мүлгіді де, кірпіктері айқасып, ұйықтап кетті... тыныштық... қараңғылық...

Джек болар-болмас қимылдады. Басы зілдей, кәдімгі ішіне қорғасын құйып тастағандай. Қайда жатыр өзі?

Күн жарқырап тұр... құстар... Аспанға көзін қадап жатқан болатын.

Сосын оның есіне бәрі де қайта түсті. Әлгі отырыс. Кішкентай бөлме. Фелизе мен дәрігер. Өзі не болып еді?

Ол кеудесін көтерді. Басы солқылдап түсіп барады. Жан-жағына қарады. Ол коттеджге жақындау жердегі бір шоқ ағаштың ішінде жатыр екен. Қасында жан адам жоқ. Сағатын алып қарады. Таңданғаны сонша, уақыт он екі жарым болыпты. Джек орнынан әрең тұрып, бар күшін салып, коттеджге қарай жүгірді. Ұйқыдан оята алмаған соң аналар мазасы кетіп, оны таза ауаға шығарған болулары керек.

Коттеджге жетіп, Джек есікті қатты-қатты қақты. Бірақ ешкім есік ашпады, үйде тірі жан жоқ секілді. Олар көмек сұрауға кеткен болулары керек. Әйтпесе... Джекті енді неге екені белгісіз, қорқыныш сезімі билей бастады. Түнде не болып еді өзі?

Жүгіріп отырып қонақ үйге келді. Сұрастырмақшы болып, кеңсеге қарай жүре беріп еді, бүйірінен біреу нұқып қалып, Джек ұшып түсе жаздады. Ашуы келіп, жалт бұрылып еді, күлкіге булығып, демін ала алмай тұрған ақ шашты қарт джентельменді көрді.

— Мені күтпеп пе едің, бала. Күтпегенсің ғой, сірә?— деді әлгі кісі.

— Мә саған, мынау Джордж нағашым ғой, мен сізді ит арқасы қиянда, Италия ма, бір жерде жүрген шығар десем.

— Е-е! Олай емес. Өткен түні Дуврға келіп түскемін. Қалаға машинамен бара жатқан соң жолдан соға кетейін деп бұрылғанмын. Байқасам, мұнда түнемеген сияқтысың ғой, солай ма? Жүрісің тым ширақ екен...

— Джордж аға,— деді Джек нағашысының сөзін бөліп.— Сізге айтатын бір төтенше әңгімем бар. Сіз оған сенбейтін де шығарсыз.

Джек әңгімесін бастан аяқ айтып берді де: «Олармен не болғанын бір құдайдың өзі білсін»,— деп сөзін аяқтады.

Нағашысының жүрегі жарылып кетуге аз-ақ қалды. «Құмыра», деп айқайлауға шамасы әрең келді, ақырында.

— Көк құмыра! Оған не болды?

Джек дым түсінбей, нағашысына аңырайып қарап қалды. Бірақ түйдек-түйдегімен шыққан сөзден ол енді-енді ғана бірдеме түсіне бастады.

Тоқталмай ағытылып: «Мин дәуірінен келе жатқан... өте сирек кездесетін... қоллекциямның сәні еді... ең кемінде он мың фунт тұратын... Американдық миллионер Хоггенхаймер сатып аламын деп ұсыныс жасап еді... бүкіл дүние жүзінде бір-ақ дана еді... Сайтан алғыр, сэр, менің көк құмырамды қайда жібердің?

Джек кеңсеге жүгіріп кірді. Ол Лэвингтонды табуға тиісті. Қеңседегі жастау әйел оған салқындау көз тастап: «Дәрігер Лэвингтон кеше түні машинасымен жүріп кеткен. Ол сізге хат тастап кетті»,— деді.

Джек конвертті жыртып ашты. Өте қысқа, тоқ етерін ғана жазыпты.

«Құрметті жас дос!

Елесті күн артта қалды ма? Әлі қала қойған жоқ шығар. Әсіресе, қазіргі ғылымның тілімен алдап соққанда солай болады. Фелизеден, жарымжан әкесінен және өзімнен үлкен сәлем жолдаймын. Аттанып кеткенімізге он екі сағат болды, бұл бізге әбден жеткілікті.

Сәлеммен, Эмброуз Лэвингтон, жанды емдейтін дәрігер».


Пікірлер (1)

Кымбат

Кім аударды осы әңгімені?

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз