Бір шыншыл мен бір суайт жүретұғын жолы бірге болғандықтан, жорықтас болып жол жүріп келе жатып көрген әңгімесі. Шыншыл қайда барса, сөзінің шындығы төрге отырғызып, ішпегенін ішкізіп, жемегенін жегізіп, ел көзіне сүйікті көрсетеді екен де, ілгері баса береді екен. Суайт қайда барса, өтірігі бетіне шығып, жұртқа жексұрын көрініп, көтінен кері кете береді екен.
Екеуі бір қорқынышты, қауіп-қатерлі шөлге шығып кетті дейді. Бұрын жүрмегендіктен, жол жайын білмегендіктен, солай болатұғындығы үшін бұрынғы қазақ қариялары айтқан: «Көрген жер — бостан, көрмеген жер — көрстан» - деп.
Ол шөл сондай шөл екен: желі ыстық оттай бетке ұратұғын, топырақ-құмы борандай борайтұғын, бетке қадалар бетеге жоқ, көздің жасындай суы жоқ, түкіріктен басқа дым жоқ, жанды нәрсе күнелтіп, тірілік қыла алмайтұғын, «Тозақ шөлі» атанған аты-шулы жан жүрмейтұғын шөл екен. Бұлар мән-жайын білмегеннен абайламай жүріп кетіп душар болыпты. Шыншыл:
— Не болса, Құдайдың бізге берген нәубеті. Мұны берген Құдай бұл бейнеттің рақатын бізге көрсетер, «мехнат түбі — рақат» - деп, қуана береді екен де, Суайт:
— Құдай білгіш дейді, бәрін біледі дейді, кәне, білгені?! Білгіш болса, осындай жер дүние жасай ма?! Құдай күшті дейді, қайда күштілігі?! Мұның жерін жаратуына шамасы келсе де, су жаратуға мұршасы келмей қалған ғой! - деп, аузына келгенін шата береді дейді.
Шыншыл:
— Маған мұның бейнеті ауыр емес. Осындай қиын-қыстау тар жерде сен сықылды жолдас берген Құдай маған не бермес дейсің?! Ырзамын Құдайға, шүкір, шүкір!- дей береді дейді. - Сұмырай күнде, сұм жұлдызда тудық па? Әлде маған сондай күнде кез болдың ба? - деп, тәубе тізіруух Құдайға жалынуда болады екен.
Суайт аузына келгенін шатып, Құдаймен арпалысуда болады екен.
Ес кетті, жан шықты дегендей болып, шөл таусылып, бір дарияның жағасына жетті дейді. Дарияның жағасына келсе, жыбырлаған кеме, қыбырлаған жан, күллі қоры-дағы жұрттың кемемен дариядан әрі өтетұғын күніне кез болған екен. Жұрт жабырласып ақырғы кемеге жанталасып мініп жатыр екен. Бұлар кемеге сыймай қалып бара жатқан соң, кемешілер екеуіне бір қайық беріпті. Екеуі бір қайыққа мініп, арқанын бір зор кемеге тіркеп, су жүзімен жүріп келе жатса, дария да неше күн, неше түн жүрсе, таусылмастай болған соң, суайт шыдай алмайды дейді:
— Япыр-ай, жұрт: «Құдай, Құдай» - дейді. Шөл болса, оған бір тамшы су орнастыра (орналастыра) алмай, су жасаса, алақандай құрғақ жер орната алмапты. Анауы - анадай, мұнысы - мұндай: сондай Құдайды «Құдай, Құдай!»- деп, аузыңнан тастамайсың. Мен кісі танысам, сенің өзің шын оңбаған сұмырайсың ғой! - деп, шыншылға ұрсады дейді.
«Бірдікі — мыңға!»- деген бар емес пе?! Суайт залымның кесапатты кесір тілінің сұмдығынан көп кеме толқынға килігіп, Құдай пана берсін, су тас-талқан, кеме быт-шыт, біреу олай, біреу былай (бұлай) басымен қайғы күн туып[ты]. Суайт мұндай зор күнге ұшырап қалған соң, жағы қарысып, шыншыл:
— Қой, жаным, айта көрме! - деп, онымен арпалысып, бір жағынан Құдайға сыйынып, - «Сақта, Құдірет, сақта!» - деп, жалынып-жалбарынып, ақ жүрекпен айтқан наласы қабылдай болып, күн жаймашуақ, жадағай боп ашылып, толқын басылып, дария ортасында көздеріне бір қара көрінді дейді.
Сол көрінген қараға қайықтарын жел айдап, аман-есен келсе, бір жасы[л] байтақ кең арал екен. Құм топырақ бір араға жиылып, үйіліп, кең сахара дала болып, үстінен ағашлар өсіп, өзіне-өзі келіп, бір жетіліп тұрған жай екен. Қайықтарын бір ағашқа байлап, құрғақ дүниенің жүзіне шығып аралап келе жатса, суы мөлдіреп, түбі күмістей жылтырап жатқан бір бұлаққа кез болыпты. Басында бір тас. Тасқа жазу жазылған. Жазуы қазылған тасқа таңба басқандай, қиямет-қайым болмай жоғалар жазу емес. Екеуі де танып оқыды - тасқа жазылған сөзі: «Кімде-кім бұл бұлаққа кез келсе, өмірінде өтірік айтпаған шыншыл кісі бұл бұлақтан бір жұтса, мейірі қанады, көзі шырадай жанады. Толық бір айға шейін ас-су іздемей, тойған қозыдай томпиып, дәнемеге пейілі (милы) шаппай қалады. Егер өтірікші, жалғаншы ішсе, мейірі қанбайды, көзі шырадай жанбайды. Оның тоқтығы - ай, отыз күн түгіл, үш күнге бармайды. Қанша ішкенмен, өмірінде сусыны қанбайды және тағы мұнан ішкен соң, аузынан бір өтірік сөз абайламай шығып кетсе, табанда қарны кеуіп кетіп жарылып өледі. Ана көрініп жатқан дария суы ащы, ауызға ұрттап алғысыз. Бұл маңайда мұнан басқа көздің көлеміндей де су жоқ. Ішсе де ерік өзінде, ішпесе де ерік өзінде. Және бұл айтылған ішу шартынан басқа шомылу шарты бар. Өтірікші бұл суға түссе, денесіне тиген жері өртенеді. Отқа күйгенге жазылу бар, бұған күйгенге жазылу жоқ. Шыншыл шомылса, жаны сая табады, денесі рақатланады. Көзін жұмсын, құлақ-мұрнын тығындасын, бір сүңгіп, басын көтеріп алсын.
Сонда көзіне не көрінсе, жанға аузынан шығармасын, өзіне-өзі ие болуға жараған жан шомылсын!» - деп жазыпты( иазыпты). «Және бұл суға құлаш ұрып жүзіп малтимын демесін. Егер ондай қыламын десе, етпетінен (екбетінен) суға жабысып жатып қалған бойымен жатып қалады!» - депті.
Суайт мұнан ішерін де білмеді, ішпесін де білмеді. Өзін әрі аштық, әрі сусағандық жетесіне жетіп, титығын құртқан.
— Енді бір ауыз өтірік айтпасқа тәубе қылдым!
Шын Құдайдан қорқып, қылған тәубе емес, амалсыз, шарасыздықтан тәубеге келіп, ішіпті, шыншыл әуелі дәрет алды, шүкірүзу намазын оқыды. Ол намаз оқып жатқанда, суайт шомылайын деп ойланып, суға қолын тигізіп еді, қолы ду (дау) ете түсті. Шегініп тұра қалды. Шыншыл намазын оқып болған соң, қаннен қаперсіз, дәнемеден сескенбей, ұят жеріне белдемше байлап, суға кірді. Ол балық есепті болды, су оған жан есепті болды. Өмірінде көрген бір рақаты болды. Жаны жай тапқан соң, денесі сүйсінген соң, суға бір сүңгіп, басын көтеріп алса, манағы шешініп суға түскен жер емес, басқа бір бөтен дүниеден шықты. Әдемілігін, оңдылығын ауызбен айтып түсіре алар емес. Жалғанның жарық сәулесін жаңа көрді. Судан қырға шығып еді, қылқын (құлқын) кескендей қырық қыз сұлулықта бірінен-бірі өтеді. Бірінің қолында орамал, бірінің қолында сүлгі, қолы бос ешқайсысы жоқ. Жалма-жан етін құрғатып, торғын төсеп, атлас жайып, бастан-аяқ киіндіріп, бірі қолынан ұстап, бірі қолтығынан сүйеп, сандал ағаштан салынған сарайға алып барысып, бұл өзіне де ие бола алмай қалды, ісіне де ие болмай қалды. Ол сандал үйде сандал ағашынан алтындатып жасатқан бір тақ. Тақ үстінде бір қыздың суреті. Мына жанды қыздардың бәрі де ол суреттің қасында дәнемеге тұрмай қалды. Жалғанда мұндай сұлуды жаратқан Құдай қалай шебер?! Құдайдың жаратқан қалпын аудармай өзіндей қылып салып алған суретші қалай шебер?! Сол суретті көргенде, есінен адасып жығылды. Қырық қыздың басшысы Шәрігүлрух жалма-жан басына келіп, отыра қалып, бетін бетіне тигізгенде, жансыз денеге жан салғандай болып, көзін ашып мұны көрді де, ананы ұмытты. Басын көтертуге жараған, өзін тұрғызуға жарамай ма?! Қолынан ұстап, құшақтасып, қойындасып жоғары таққа алып шықты. Шәрігүлрух етіне еті, бетіне беті үйренген [соң], айттырып алған жарынан артық «жайылып жастық, иіліп төсек» - болып, бүркіттен қырағы, байғыздан зерек, маймұннан (маймылдан) ойыншы, мысықтан ебі асып, құшақтасып, сүйісіп, ыржақтасып күлісіп, қырық қиылып, отыз үйіліп, он екі бұралып, мойнына оралып, әуліктіріп, еліктіргені былай (бұлай) тұрсын, алма дейсің бе, анар дейсің бе жегізіп, шырын, шәрбат, қызыл арақ қосқан арап пен сарапты (шарапты) ішкізіп, әуелі өзі ұрттап, өзі ұрттаған жерінен жігітке ұрттатып, ғақыл-естен тандырып, көзін шырадай жандырып, аса жанындай жақсы көргендігіне қылық, қызметімен нандырып, жігіт те күйіне түсіп, көңілі көтеріліп өсіп, екі көзі мөлдіреп, қадалғаннан қадалып, қыздың өңменінен өткендей тиісіп, ұят-ардан кешіп әйел жынысынан еркектің ерік әліне (алдына) қоймай, керек қылғанын дәметіп, жалынып-жалпая бастады. Құшақтаса, қымсынбайды; сүйсе, шімірікпейді. Қалай уқаласа, уқалауына көнді.
— Бірақ бүгін маған аял бер. Ертеңгі күннің таңы атсын! Тайдай тал түсте адал неке, ақ жолмен қосылайық. Бұл жер аса адалдықты ұнатады. Иненің көзіндей арамдыққа (арамдықға) басуға жол жоқ. Бір соқырдың қобалжығанына қозғалып, жігіт болсаң, менің етегімді былғама! «Асыққан - жетпес, бұйырған - кетпес» - деген бар емес пе?! - деп, о да жалынды дейді. Мұның бойын әбден билеп жеңіп кеткендігі сондай, айтқан сөз құлағына да кірмейді, өзі ес-түсін де білмейді. Екі көзі қыздың бетінде, екі қолы емшек, тамақ сықылды жоғарғы дене етінде. Сабыры қалмағаннан шыдай алмай, қолды төменгі жаққа соза бастады.
Қыз жалынып:
— Бір жұмысқа кірмей, өзіңді тоқтата алмайтұғын болсаң, өзімнен де артық бір сұлуды қойныңа салайын! - деп, Сыросминсақ деген бір қызды шақырып алып:
«Мал — жан садақасы, жан — ар садақасы», - мен саған жанымды қинамайын. Бір түнге шыдай алмағандығыңа арымды қимаймын! - деп, жалынып-жалпайып Сыросминсақты қойнына салып, өзі тұрып кетті дейді. Бұл өз билігінен айрылып, соқырдың билігінде қалған кісі, ойына алғанын қылып, көңілі дауалап тынып жатты да қалды. Ағарып таң атты, жарқырап күн шықты. Бір мезгілде оянып, есін жиып, көзін ашты. Ғақыл-есіне келген соң, жындылық мінез бәрі бойдан қашты. «Ұрылған екенмін ғой! Құдай мені неден мұндай масқара қылды?!» - деп өкініп өзіне-өзі пұшайман болып: «Суға шомылып адалданайын!» - деп, оңашаланып барып суға бір сүңгіп, басын көтеріп алғанда, манағы жолдасының қасынан шықты. Қайта сүңгиін десе, су жоқ. Не қыларын білмеді. Хайран-асыр, таң-тамаша, мең-зең, сал-сал, ессіз-түссіз, дал-дал. Көз басқа нәрсені көруден қалды, тіл бөтен сөзді сөйлеуден қалды. Алғашқы көрген қыздың суретін (сортын) бір ойлайды, ол көз алдына бір елестейді. Онан соңғы өзін әлпештеп аялаған қыздың қылық-қызметін ойлайды. Ол көз алдына бір елестейді. Онан соңғы көңілін дауалатқан қыздың етінің жұмсақтығы ойына түседі. Ол көз алдына бір елестейді. Бұ жалғанда мұндай зор пәлеге ұшыраған кім бар дейсіздер?! Әзер зорға киімін киініп, аяғын басарын да білмейді, баспасын да білмейді. Оның үстіне және таста бір жазу сайрап тұр: «Бұл жерге кімде-кім кез келсе, суға бір шомылған соң, титтей (биттей) кідіріп тұрмасын, олай-былай (пұлай) мойнын бұрмасын! Не дию пері өлтіреді, не жайын, не айдаһар жұтады. «Бас аман, жан сауға!» - деп, жөнелсін!» - деген.
«Өлейін десе, жан тәтті; өлмейін десе, дерт қатты». Амалсыз аяңдап жөнеле берді. Жолдасы да хайран-асыр. «Аттан жығылғанды пері аңдиды - деген осы екен-ау! Не қылса да, судан бұған бір нәрсе жабысты. Жын соғып кетті ме, пері соғып кетті ме?!» - деп, ол олай ойлап, бұл былай (бұлай) ойлап, екеуден-екеуі елсізде бір-біріне тіл қағысып, сөйлесуден де қалды. Шыншыл өз көргенімен хайран-асыр, суайт мұны көріп хайран-асыр қайыққа мініп, дарияға түсіп келе жатып, бір зор кеме көрінді. Кемеге келсе, іші лық толған сандал ағашы. Тірі жан қырылған, жанды қарға да жоқ. Бұлар иесіз қалған кемеге келіп ие болды. Бұл кеменің жайы: бұл дария мұхит екен, һиндстанға (үндістанға) астасқан жағы екен. Мұнан құрғаққа шыққан һиндстаннан шығады екен. Ол заманда һиндстанда бір Хысырау патша бар екен. Соның жалғыз қызы болған екен: заманасының сұлуы екен. Көрген кісі талып, өліп қала береді екен. Сол қыз басы айланып (айналып), көзі қараятұғын бір ауруға ұшырап, дүниедегі бақсы, балгерлерді жинаса да, еш дауа қыла алмай[ды]. «Бұған сандал ағаштың исі жақсы» дегенмен, патша жұртқа жар салған екен: «Сандал ағаштың бір тұтамын бір алтыннан аламын!» - деп.
Қызына сандал ағаштан үй жасатпақ болып, соған сандал ағаш алып, тиеп (түйе) келе жатқан бір керуен екен. Өздері су соғып, дерт тиіп, қырылып мүкәммалдары иесіз қала берген екен. Шыншылдың ay, әуеден басқа дәнемемен ісі жоқ. Суайт көп дүниені көрген соң, тыңайып кетті. Өлген жанның бәрін дарияға тастады, жалғыз өзі иеленді. Ақыры келіп құрғаққа бір шықты. Сөйтсе, һиндстан патшасы Хысырау хан дария жағасында сейілге шығып жүр екен. Кемені көрісімен, кісі шаптырды. Екі кісіден басқа жан жоқ. Шыншылға:
— Жүр! - деп еді, басын шайқады:
— Менен аулақ, аулақ. Анау барсын! - дейді.
Суайт: «Құдай берді ғой!» - деп қуанып, «Бұған бір өтіріктің суын ағызып, майын тамызайын!» - деп, ханның жіберген кісісіне еріп, ханға барды.
— Жаным, кімсің?- дейді.
— Қыр қыдырған, су сыдырған, тау асқан, тас басқан, жүрген-тұрған жерімнен жын-шайтанның ұясы қашқан «Хожай саудагер» деген саудагермін! - дейді. - Дария ішінде келе жатқанда, қызыл жел ескектеп, құл-күңім бәрі қырылып, жалғыз-ақ құлым қалды кемеде, малдың басында. Артқан-тартқан жүгім сандал ағашы!- дейді.
Патша:
— Іздеген жоғым табылды! - деп қуанды.
Әлгі сөз аузынан шығуы мұң екен, ісіп, кеуіп, киіміне сыймай, кеу[десі] жарылып өлді. Патша өмірінде көрмеген нәрсесі болған соң, жаман шошып кетті. «Мұны жуып көміңдер!» - деуге де аузы бармады, өлген жерінде қала берді. Ол жерден өздері былай қашып кетіп, кемеде қалғанына кісі жіберді. Шыншылды дедектетіп алып келді. Ол кіріп келгеннен-ақ көрген жұрттың бойы иіп, еміреніп, сүйсініп, қарасын көрумен көңілдері тойып қалды. Оны сөйлетіп еді, онда бір мүлтік өтірік бола ма? Иесіз кемеге өздерінің қайықпен келіп киліккенін сөйлеп, айдан жарық, күннен раушан қылып айтып берген соң, патша да мұның шыншылдығына ден қойып, аузынан шыққан сөзіне тойып:
— Жаным, бізден қалағаныңды ал, көңілге алғаныңды айт! - дейді.
— Уай, тақсыр-ай, сізден не қалайын, не сұрап алайын?! Елім-жұртымнан айрылып келіп түстім қолыңызға, ғазиз тәнде шыбын жаным пида болсын жолыңызға! Сіз патша да, біз құл. Қарақан басыма азаттық берсең, Құдайға құлшылық қылып, Жасаған Иемнен сізге өмір тілеймін! Тілеуқорыңыз болуға жарасам, соның өзі маған бақ та, тақ та! Міне, шындығым! - деп, жер сүйді дейді.
Патша мұның сөзіне еріп-елтіп кетті. Қасына алып, уәзір етті. Онымен де қоймады. «Алмаймын!» десе де, зорлап ықтиярсыз қызын қосты. «Қожаны жықпас па, аузына тықпас па» дегендей қылып, ақ некені қиды, ал шымылдық құрды, алаша, төсек салды. Патша қызы қолына емін-еркін бір бай тиген соң, қуанып қалды. Мұның әлі қызбен ісі жоқ, ұялғаннан түзу де қарай алмайды. Есі-дерті баяғы бір қиялда жүр. Патша қызы мұнан мән-жайын сұрады. Бұл бастан кешкен, көрген-білгеннен түк қалдырмай сөйледі. Патша қызы:
— Жарайды, Құдайдың бір заманда бір түзу жаратқан жаны екенсің! Сол түзулігіңнен Құдай саған не берсе де, шын берген екен. Енді мен сөйлейін, сен тыңда! - дейді.
— Құдай Тәбәрік Отғылы әр заманда бір сұлу жаратады екен де, жан біткенді оның бетіне үңілтіп қаратады екен. Сонда оны: «Жалған дүниенің жүзіне бір жақсылық берсін!» - деп, жаратпайды екен. «Біреудің ажалына, біреудің бейнетіне себеп үшін жаратады екен. Адамзаттан өлгеннің ұшы-қиыры (ғұйыры) жоқ. Бір жын патшасы маған ғашық болыпты. Қанша андып келгенмен, ұрлап алып кете алмай, маған қосылуға қолы жете алмай, басымды әңкі-тәңкі (әңгі-тәңгі) қылып, құлағымды азан-қазан қылып шулатып, есім ауып талып қалатұғын бір ауруға душар қылып кетіпті. Сонан соң атам балгер, бақсы, не қожа, молда тәуіпті, жинатып ем-дом қылса, бірде-бірі қонбапты. Ең ақырында дағдарғанда, жұрттың тапқаны, тауып айтқаны сол болыпты: «Сандал ағашын тұтатса, талған кісі есін жиюшы еді. Бұл қызыңызға сандал ағашынан үй салдырып, соның ішіне бақтырыңыз!» -дегенменен менің атам бар қазынасын аямай жұмсап, сандал ағаштан үй салдырып, ойына келгенін қылыпты. Сонан кішкене серпіліп, тәуір болыппын. Болғанмен де анық жазылмасам керек. Анда-санда жын-перінің қанатының суылдағаны, өздерінің улаған-шулаған дауысы құлағыма естіліп тұрады. Сол жын патшасы маған ғашықлықпен атам салған сандал сарайды о да өз жерінде салдырыпты. Оның ішіне менің суретімді (суретімні) орнаттырыпты. Оның күтушісіне қырық қыз қойыпты. Құдай айдап, онда барып, сенің көріп ғашық болып жүргенің түнде көрген түс емес пе? Сені сонда айдап барған Құдай мұнда айдап келіп, міне, көріп отырғаның өң емес пе?! Өң мен түс екеуінің арасы жер менен көктей емес пе?! - деген соң, бәрі өзінің бастан кешкен, жүрген-тұрған әңгімесінің шешуіндей болған соң, Құдайдың қуатына хайран-асыр қалып, қыз сөзіне әбден сеніп наныпты.
Еркек пен ұрғашының арасында болатын қолқаны бірінен-бірі емін-еркін алып, барша мұрат басына, сақалы көтіне жетті дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі