Назар аудар:
Қазақ поэзиясының кемеңгер ақыны- ұлы Абай атамыздың жақұт жырлары мен ғибратқа толы қара сөздері – күллі әдебиет тарихында бұрын-соңды болмаған соны құбылыс. Ақын өлеңдерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың барлығы адам баласын ойландырмай қоймайтын өсиет-өнеге толы. Сондықтан да Абай өлеңдерінде тәрбиелік арналар аса мол деп сеніммен айта аламыз.
Әсіресе, ақын шығармашылығындағы қоғамдық, әлеуметтік, саяси тақырыпқа жазылған бірқатар өлеңдерден барша халықты адамдық асыл қасиеттерге үндейтін ізгілікті ойларды көптеп кездестіреміз. Оған алдымен, ақын ұраны іспеттес «Ғылым таппай мақтанба!» өлеңі дәлел. Ондағы:
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге» ,- деген жолдардың өзінде қаншама тәлім-тәрбие жатыр?! Абай атамыз адам болам дегендерді өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, мал шашпақ тәрізді қасиеттерден аулақ болуға шақырса, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сынды бес қасиетті бойға сіңіруге үндейді. Сонымен қатар, «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» шығармасында да ақын ер-азаматтарға «кімді сүйсең де, шын көңілмен сүй, талапты болып, әр түрлі өнер, жақсы қылықты бойға сіңір, бір-біріңмен тату бол, біреуді сыртынан ғайбаттама» деп ақыл айтады. Ойшыл ақынның берер өнегесі мүнымен тоқтап қалмайды. «Әуелде бір суық мұз- ақыл зерек» өлеңінде:
«Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста
Сонда толық боласың елден ерек» ,-деп, өзгелерден жоғары тұру үшін ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау керектігін ескертеді. Расымен де, осы үш қасиетті бойына тоғыстыра білгендер кез-келген қиындыққа тайсалмай төтеп берері анық. Осылайша, ақын әрбір адам бойынан табылуы тиіс рухани құндылықтарды тізбектей келе, гуманизм идеясын асқақтата түседі.
Сонымен, Абай өлеңдерін талдай келе, онда тәрбиелік арналардың қайнар көзі жатқандығына көз жеткіземіз. Ұлы ақынның әрбір айтқан сөзі -есті адам үшін өсиет-өнегенің таптырмас үлгісі. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, таңырқа!» демекші, өмірге азық боларлық асыл ойлардың Абай жырларында тұнып тұрғаны баршаға мәлім.
Назар аудар:
Абай Құнанбаев - Абайдың қара сөздері (1-45)
Айтпанбет Шынар
Өте керемет жазылған
Myrza
Өте керемет
Аймерей
Кушти аитылган